сенбі, 12 сәуір, 2025

«Сауда соғысының» салқыны

/
сурет: istockphoto.com

2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 150-ден астам елден келетін импорттық тауарларға жаңа баж салығы салынатынын мәлімдеді. Осыдан соң әлемдік нарықтар күрт құлдырады.   
Сарапшылар әлем экономикасы баяулап, тіпті рецессияға ұшырауы мүм­кін деген үрейлі болжамдарын жа­риялай бастады. Осы әуре-сарсаң мен дүрмектің әсерінен Brent маркалы мұнай бағасы 65 доллардан түсіп кетті. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі көр­сеткіш. Теңге бағамы да құбылды. 

Пекин «өліспей беріспеймін» деп отыр

Трамп бұл шешімді экономикалық тең­сіздіктерді реттеуге қажет «ем-дом» деп атады. Алғашында АҚШ әкімшілігі Қы­тайдан келетін тауарларға – 34 пайыз, Еуроодақ тауарларына 20 пайыз мөлшерінде салық салатынын мә­лімдеген болатын. Ал басқа елдерге са­лы­натын баж көлемі сауда тапшы­лығына байланысты әр елге жеке-жеке есептелген. 
Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ-тан келетін барлық тауарға 34 пайыз кө­лемінде тариф енгізетінін хабар­ла­ды. Сейсенбі күні Ақ үй Қытайдан әке­­­­лінетін тауарларға салынатын им­порттық баж салығын тағы да 50 пайыз­ға көтеру туралы шешім қабыл­да­ғанын мәлімдеді. Осылайша, бұған дейінгі тарифтерді есепке алғанда, жалпы салық 104 пайызға дейін жетті. Пекин де «өліспей беріспейтінін» мә­лімдеді. 

Еуроодақ жауап ретінде АҚШ-тың еті, дәнді дақылдары, шарабы және киім-кешегіне қарсы баж салығын енгізу мүмкіндігін қарас­тырып жатыр.

Жирен аққу

Осы оқиғаның барлығы жаһандық қаржы нарықтарына айтарлықтай әсер етті. Азия нарықтары күрт төмендеді: Жапониядағы Nikkei индексі шамамен 8 пайызға, ал Гон­конг­тағы Hang Seng – 9,4 пайызға төмендеді. 
АҚШ қор нарықтарында да құлдырау байқалды. S&P 500 индексі жыл басынан бері 15 пайыздан астам, ал Nasdaq Composite ин­дексі шамамен 21 пайызға төмендеді. 
Сарапшылар тарифтердің өсуі жаһандық экономикаға кері әсер ететінін айтып, алаң­дау­шылық білдірді. Экономика өсімі баяулап, жұ­мыссыздық жайлайды деген қауіп бар еке­нін ескертті.
Осылайша, бұл жолы экономикаға «қара аққу» емес «жирен аққу» келді. Инвесторлар қауіп­сіз активтерге көшіп жатыр. Бұл ретте, ал­тын құны тағы тарихи рекорд жаңартты, дол­лар да күшейе түсуде.

Мұнай арзандап, теңге әлсіреді

«Қара алтын» құны 2025 жылғы 7 сәуірдегі жағ­дай бойынша бір аптада 14,1 пайызға тө­мендеп, барреліне 65 доллардан төмен түс­ті. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі көр­сеткіш. ОПЕК+ ұйымының шешімі және Азия елдеріне барлық мұнай маркасының бір бар­релін 2,3 долларға төмендететіні туралы Сауд Арабиясының мәлімдемесі мұнай баға­сы­на қосымша қысым түсірді. Теңге де осы жағ­дайлардан «соққы» алып, біршама әлсіреді.
Трамптың тосын шешіміне не түрткі бол­ды? «Сауда соғысының» салқыны бізге қалай әсер етеді? Мұнай бағасының арзандауына алаңдау керек пе? Теңге тағы құбыла ма? Осы сұрақтарға қатысты сарапшылардың пікірін білген едік. 

Абзал Нарымбетов,
Мұнай-газ саласы сарапшысы:

Бюджетке ауыртпашылық түседі

– Бюджетке ауыртпашылық түсетіні айдан анық. Өйткені еліміздің бюджеті мұнай өнімдері мен мұнай бағасына тіке­лей тәуелді. Қазір біз мұнай өндірі­сін арттырғанымыз үшін ОПЕК+ ұйы­мы тарапынан қысымға ұшырап отыр­мыз. Осыған байланысты мұнай бағасы тө­мендеп келеді. Ал бұл жағдай мемле­кет­тік бюджетке тікелей әсер етеді.
Екінші мәселе – ықтимал жағымсыз сценарийлер. Егер Ұлттық қор­дан қосымша қаражат алынбаса немесе теңгені ұстап тұру үшін қа­жетті шаралар қолданылмаса, ұлттық валютаның құнсыздану қаупі туын­дайды. Бұл жағдайда теңгені тұрақтандыру үшін қосымша қаражат бөлуге тура келеді. Жалпы алғанда, қазіргі экономикалық сценарий оң емес.

Асылхан Андашов,
экономист:

«Сауда соғысы» біздің араласуымызды қажет етпейтін жағдай

– АҚШ әлемнің 180-нен астам еліне баж са­лы­ғын енгізді. Қазақстанның ең ірі сауда әріп­тестері қатарында АҚШ жоқ. Біздің негізгі сырт­қы саудамыз негізінен Ресей, Қытай және Еуро­па­лық Одақпен байланысты. Оған қоса, Қазақ­стан­ның АҚШ-қа сататын тауарларының басым бө­лігі шикізат екенін, сондай-ақ Трамп әкім­ші­лігі­нің бірнеше шикізатқа баж салығын салмау туралы шешім қабылдағанын ескер­сек, Қазақстанға одан келетін әсер жоқтың қасы десек болады. Тек қысқа мер­зімде ғана АҚШ бастаған «сауда соғысы» мұнай сияқты шикізат бағаларына кері әсерін тигізбесе, одан артық Қазақстанға енгізілген баж салығынан қауіп жоқ. Ұзақ мерзімде де екі ел арасындағы сауда көлемі аз және Трамп шешімдерінің аяқ асты қабылданып, тура солай аяқ асты қайта қайтарыла салатынын ескер­ген­де де әсері төмен болмақ.
Қазақстан сыртқы саудада АҚШ-қа жауап беруге тырысудың қажеті жоқ. Ол жауап­ты біз де сезінбейміз, әлемнің ең ірі экономикасы саналатын АҚШ та сез­бейді. Оның орнына әлемдегі ірі және тұрақты экономикалық саясат жүргізетін елдер мен экономикалық одақтармен байланысымызды нығайту керек. Мысалы, Еуро­палық Одақ, Қытай, Жапония, Корея Республикасы немесе Таяу Шығыс ел­дері. Ал ірі экономикалар (АҚШ, Еуропалық Одақ, Қытай, Канада және басқа­лар) арасындағы «сауда соғысы» біздің араласуымызды қажет етпейтін жағдай. Керісінше, Қазақстан тұрақты әріптестермен әрі қарай жұмыс жасауын жалғас­ты­рып, ірі экономикалар өзара келісуін күтуге тиіс. Ірі экономикалар алдағы уақыт­тағы өзара «сауда ережелерін» келіскен соң, соған қарай сыртқы сауда­мыз­ды ары қарай дөңгелеткен жөн. «Санкциялар соғысы» заманында Ресеймен бір­­­лестіктерді нығайту керек деу де қате болады. Оның үстіне, онсыз да эко­номикамыз Ресейге айтарлықтай тәуелді. Сол себепті бастысы – күту және тұрақ­ты әріптестермен сауданы нығайту.

Жәнібек Айғазин,
AERC қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының бас директоры:

Трамп тәуелді болғысы келмейді

– 2024 жылғы 2 сәуірден бас­­тап Трамп жаңа тарифтер ен­­гізді, олар негізінен төтенше ша­­ралар ретінде қарастырылады. Бұл тарифтер Дүниежүзілік сау­да ұйымының талаптарына сәй­­­кес келмеуі мүмкін, дегенмен олар күшіне енді. Мұндай ше­шім­­нің артында Трамптың өндірісті АҚШ-қа шоғырландыру, яғни отандық өндірісті ұлғайту мақсаты жатқаны анық.
Бұған дейін постиндустриялық қоғамның жаһандық пара­диг­масы үстем болды. Бұл парадигма бойынша, дамушы елдер ар­зан жұмыс күші есебінен өндірісті жүзеге асырады, ал дамыған ел­дер технологиялар, білім және ноу-хау жасайды. Бұл модельде өн­діріс тізбегіндегі ең жоғары қосымша құн өнімді құрастыратын елдерде емес, технология жасалатын елдерде шоғырланады.
Мысалы, АҚШ пен Еуропа – iPhone және автомобиль секілді өнім­дерді ойлап тауып, дамытатын технологиялық инно­ва­ция­лардың көшбасшылары. Бағдарламалау да көбіне дамушы елдерде, мы­салы, Үндістанда жүзеге асады. Осылайша, өнімді құрастыру ар­зан жұмыс күші бар елдерде жүргізіледі, ал негізгі пайда тех­нология жасалған елдерде қалады.
Бұл жағдайды «құн қисығы» немесе «индустриялық қисық» деп аталатын ұғыммен сипаттауға болады. Бұл – өнім өндірісі мен тарату кезеңдерінде қосылатын құн үлесі сипатталады. Мы­салы, технологиялық бағдарламалар АҚШ-та жасалады, ал өнім сату мен тарату Amazon сияқты платформалар арқылы жүзеге аса­ды – мұнда ең көп құн шоғырланған. Ал өндірістің өзі жаңа тех­нологиялар жасауды қажет етпейтін, бар технология мен жаб­дықты пайдалануға болатын елдерде жүргізіледі.
АҚШ экономикасына қайта оралсақ, Трамп өндірісті елге қай­таруға тырысып жатыр, бұған жаңа тарифтердің енгізілуі дә­лел. Бұл тұрғыда АҚШ өз экономикасын дамушы елдердегі ар­зан өндірушілерге тәуелді болудан арылтқысы келеді және өз ау­мағында жұмыс орындарын ашқысы келеді. Бұл шешім әлемдік саудаға, әсіресе Қытайға белгілі бір әсер етеді. Қытай, мысалы, қо­сымша баж салығынан құтылу үшін өндірісінің бір бөлігін Вьет­намға көшіруде. Өз кезегінде Қытай АҚШ өнімдеріне салы­натын тарифтерді өсіру арқылы немесе юаньды құнсыздандыру арқылы жауап қайтара алады.
Бұл шешімдердің кері әсері әлемдік экономикадан айқын көрі­не бастады, әсіресе қор нарықтарында құлдырау байқалып отыр. АҚШ-та рецессия ықтималдығы артты, бұл өз кезегінде басқа елдердің экономикасына да қысым түсіреді. Қазақстан да жаһан­дық экономиканың бір бөлігі ретінде осы үдерістердің сал­дарын сезінуі мүмкін, әсіресе мұнай мен басқа да шикізат тауар­лары бағасының өзгеруі арқылы. Мұнай бағасының төмен­деуі Қазақстанның Ұлттық қорына түсетін кірістерге әсер етуі мүмкін, себебі мұнай бағасы елдің экономикалық көрсет­кіш­тері­мен тікелей байланысты.
Сонымен қатар тарифтердің өсуі және Ресейдегі рубльдің құн­сыздануы теңге бағамына әсер етуі ықтимал. Қазақстан – ша­ғын әрі ашық экономика болғандықтан, сыртқы баға трендтерін бақы­лауға қабілетсіз. Сондықтан әлемдік мұнай бағасының төмен­деуі мен Ресейге салынған санкция қысымы теңгеге әсер етеді. Бұл үдерістерге Қазақстан әсер ете алмайды. Жағдайды тек сырттан бақылап тұра аламыз, себебі біз price және shock taker елміз.

Қорыта айтқанда, Трамп тарифтері елімізге тікелей ықпал етпейді. Бірақ жанама салқыны тиетіні анық. Сарапшылардың пікірінше, шағын экономика ретінде жағдайды тек сырттан бақылап тұра аламыз, дегенмен сыртқы сауданы нығайтуға күш салу қажет.
 

Бөлісу: