Тілі шықпаған балаға цифрлық серік

/
Тілі шықпаған балаға цифрлық серік

Aйнұр Нұрәділ негізін қалаған AR Sana стартапы – тілі кешеуілдеген ба­ла­ларға арналған Қазақстандағы ал­ғаш­қы толықтырылған шындық (AR) тех­нологиясымен жұмыс істейтін қо­сым­ша.

Қазақстанда тілі кеш шығатын бала­лар­дың саны соңғы екі жылда екі есеге өскен. Бү­гінде 19 мыңға жуық бүлдіршін арнайы бақылауда. Осындай балаларға көмектесу үшін Айнұр Нұрәділ Ar Sana атты ерекше цифрлық қосымшаны жасап шықты. Жасанды интеллектке негізделген бұл жоба логопедтердің кәсіби қолдауымен әзір­ленген. Бағдарламада бала виртуалды кейіп­кер­мен бірге қызықты тапсырмаларды орындай отырып, тілін дамытады. Мұның бар­лығы ата-аналар мен логопедтерге ба­ла­ның даму барысын бақылауға мүмкіндік бе­ре­ді. Мұндай қосымшаны шығаруға Айнұр­дың балаларға деген ерекше мейірімі, сүйіс­пеншілігі түрткі болған.


– Бәрі балаларға деген сүйіспеншіліктен бас­талды. Кейін ерекше қажеттіліктері бар ба­лалардың ата-аналарымен сұхбат жүр­гіз­ге­німде оларды мазалайтын өзекті мәселе – балаларының тілінің кеш шығуы екенін көр­дім, – дейді Айнұр Нұрәділ.
Жоба авторының айтуынша, ол бала ке­зі­нен мультфильмдерді және балалармен жұ­мыс істегенді жақсы көрген. Нью-Йорк уни­верситетінде (New York University) оқып жүрген кезінде ол медианың баланың да­муы­на әсерін зерттей бастаған.
Кейін Қазақстанға оралған соң, ерекше қа­жеттіліктері бар балалардың ата-ана­лары­мен 50-ден астам сұхбат жүргізген. Дәл осы зерттеу Айнұрдың AR Sana жобасын жү­зе­ге асыруына итермелеген.
Зерттеу барысында көптеген ата-ана ло­гопедке жүйелі түрде баруға мүмкіндіктері жоқ екенін немесе көмекке тым кеш жүгі­не­тіндерін айтқан.
– Мен көптеген балада аутистік спектр­дың бұзылуы, церебральды сал ауруы (ЦП) және басқа да ерекшеліктердің алғашқы бел­гілерінің бірі – тіл шығуының ке­шеуіл­деуі екенін байқадым. Сол сәтте осындай ба­ла­лардың қорықпай, еркін дамуына кө­мек­тескім келді, – дейді ол.
AR Sana-ның басты ерекшелігі — толық­тырылған шындық технологиясын (AR) пай­далану. Ойын бағдарламасын ашқанда ба­ланың бөлмесінде 3D кейіпкер – Сана есім­ді қыз пайда болады. Ол балаға ойын ар­қылы сөз жаттығуларын орындатады.
– Көп бала логопедтен қорқады, бұл сөй­леуді қаламағандықтан емес, бейтаныс адам­нан қорыққандықтан. Сондықтан біз кейіп­керді дәл баланың өз бөлмесінде пайда бол­атындай етіп әзірледік. Осылайша, бала өзін қауіпсіз сезінеді және стреске түспей сөй­леп үйренеді, – деп түсіндірді Айнұр.
Қысқа AR-көріністен кейін бала вир­туал­ды бөлмеге өтеді, онда сөздер мен сөй­лем­дерді қайталап, жаттығулар орындайды. Әр сабақ баланың жасына және даму дең­гейі­не бейімделеді.
AR Sana толықтай қазақ тілінде жасалып жа­тыр. Қазақстанда балалардың дауыс дерек­тері бойынша дайын зерттеу базалары бол­мағандықтан, команда 3-7 жас аралы­ғын­дағы балалардың дауысын өздері жазып, де­ректер жиынтығын (датасет) қолмен жи­науда. Бұл мәліметтер кейін өздерінің сөй­леу тану моделін үйретуге қолданылады.
– Басқа елдерде бұл деректерді жай ғана са­тып алуға болады. Ал бізде ондай база жоқ. Сондықтан бәрін нөлден бастадық. Ата-аналар мен логопедтер «Бізге қазақ тілі керек» дейді. Сол себепті біз жеңіл жол ізде­мей, күрделі болса да бәрін өзіміз жасауды ұйғардық. Біз логопедтерді алмастырмаймыз. Логопедтер физикалық бөліммен – массаж, ұсақ моториканы дамыту сияқты жұмыс­тар­мен айналысады. Ал бала сөздерді қайта­лап, тілін үйде біздің қосымшаның көмегі­мен жаттықтыра алады, – дейді жоба ав­торы.
Команда AR Sana логопедтердің орнын алмастырмайтынын, тек олардың жұмысын толықтыратынын атап өтті. Жоба қазір Ұлттық балаларды оңалту орталығының логопедтерімен бірге тестілеуден өтіп жатыр. Мамандар әр кезең бойынша кері байланыс беріп отырады.
– Бұл – менің алғашқы жобам, тиісінше ма­шақаты көп. Десе де, бұл жоба бірнеше баланың сөйлеп кетуіне көмектессе, демек, ең­бегіміздің зая кетпегені, – дейді Айнұр Нұрәділ. 
AR Sana – сыртқы инвестициясыз да­мып келе жатқан әлеуметтік жоба. Барлық шы­ғынды әзірге жобаның негізін қалаушы өз қаражатынан өтеп отыр. Astana Hub ко­ман­дасы мен Әзербайжан университеті ұйым­дастырған акселерациялық бағдарла­ма­лардан өтіп, жоба ресми түрде әлеуметтік кәсіпкерлік ортада танылды.
Қосымшаның алғашқы нұсқасы 2026 жыл­дың мамыр айында іске қосылмақ. Бірін­ші кезеңде оған алдын ала тапсырыс бер­ген ата-аналар мен логопедиялық орта­лықтар қол жеткізеді.

Айана Жөлеуова,
Астана IT университеті, 
Креативті Индустрия мектебінің студенті

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары