Google ЖИ-ге дұрыс сұрақ қоюды үйрететін 68 беттен тұратын тегін нұсқаулық шығарды.
Жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану – XXI ғасырдағы жаңа сауаттылық. Осыған орай Google компаниясы нейрожелілермен жұмыс істеу мәдениетін арттыру үшін арнайы тегін гайд (нұсқаулық) әзірледі. Құжат 68 бетті қамтиды және кез келген адамға пайдалы бола алады.
Нұсқаулықта қарапайым сұраныс құру ережелерінен бастап, "ой тізбегі" (chain of thought) сияқты күрделі әдістерге дейін қамтылған. Бұл техника арқылы, мысалы, ChatGPT немесе басқа да нейрожелі модельдер сұрақтарға жауап бермей тұрып, ішкі логикалық шешімдер тізбегін құрастырады.
Google сарапшылары мұндай тәсілдер модельдердің күрделі мәселелерді түсінуі мен шешу сапасын арттыратынын айтады. Нұсқаулықта мәтін генерациясы, код жазу, классификация, мазмұнды қайта жазу және т.б. бағыттардағы нақты мысалдар мен кеңестер келтірілген.
Бұл бастама білім алушыларға, мұғалімдерге, ІТ саласы мамандарына және шығармашылықпен айналысатын тұлғаларға нейрожелілерді тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Нұсқаулыққа онлайн қол жеткізуге болады – оны Google ресми сайтынан немесе әзірлеушілер бөліскен сілтемелер арқылы жүктеп алуға болады.