«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 мың шақырым желі жаңартылып, 5 мың шақырым су құбыры желілерін жөндеуден өткізу жоспарға енген.
Ғылыми зерттеулер нәтижесі жер шарының 74 пайызын су алып жатқанын көрсетеді. Алайда соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы өзекті мәселе қатарынан түспей тұр. Ал халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету де толық шешілмеген мәселе. Бұл – біздің елімізге қатысты жағдай.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Жалпы, ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», – деген еді. Осыған орай, Қазақстан Үкіметі 2025 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен ауылдарды сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету жолында қарқынды жұмыс жүргізуде.
Осы аптада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков елді мекендерді ауызсумен қамту және инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарының қалай жүріп жатқаны жайлы баяндады.
Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, соңғы жылдары халықты ауызсумен қамту деңгейі айтарлықтай артып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, қалаларда халықтың 99,4 пайызы, ал ауылдарда 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген және халқы тығыз орналасқан ауылдарға басымдық берілген. «Нәтижесінде, 10 өңірдегі қалалар мен Маңғыстау облысының ауылдары толықтай ауызсумен қамтылды», – деді Б.Жүнісбеков.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін биыл мемлекеттік бюджеттен қосымша 176 млрд теңге бөлініп, 410 жоба жүзеге асырылуы тиіс. Оның ішінде қалаларда 89 жобаға 71 млрд теңге, ал ауылдарда 321 жобаға 106 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен бірге тұрғындары аз ауылдарға суды тиімді жеткізу үшін шағын су тазарту модульдері орнатылып жатыр. «Тек кейбір ауылдарда тұрғындар жеке құдықтары мен ұңғымалары бар болғандықтан, орталық су жүйесіне қосылудан бас тартуда. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, су сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді комитет төрағасы.
Қазақстан бойынша су құбырларының жалпы ұзындығы – 106,7 мың шақырым, олардың 39 пайызы жөндеуді қажет етеді. «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 мың шақырым желі жаңартылып, 5 мың шақырым су құбыры желілерін жөндеуден өткізу жоспарға енген.