Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қою Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мырзаның қатысуымен ТМҰ-ға қатысушы елдердің денсаулық сақтау министрлерінің 5-кездесуі шеңберінде өтеді деп жоспарланған.
Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ынтымақтастығы стратегиясының жобасын талқылады.
Маңызды құжатты талқылауға министр Ақмарал Әлназарова, ДДҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Скендер Сыла, ДДҰ-ның Алматы қаласындағы МСАК жөніндегі Еуропалық орталығының басшысы Мелита Якаб және ДДҰ Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова қатысты.
Елдік стратегия ДДҰ-ның және Еуропалық орталықтың жұмыс бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы нәтижелерді жақсартуды және жүйелерін нығайтуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау саясаты мен даму мақсаттарын қолдау үшін әзірленген.
Министр Ақмарал Әлназарова бұған дейін ДДҰ-ның 2028 жылға дейінгі XIV жалпы жұмыс бағдарламасының шеңберінде алты стратегиялық басымдық келісілгенін атап өтті. Олар климаттың өзгеруіне ден қою шараларына, денсаулықтың бұзылуының негізгі себептеріне, МСАК-тың прогрессивті тәсілдерін ілгерілетуге, денсаулық сақтау және қаржылық қорғау қызметтерімен қамтуды кеңейтуге, денсаулық үшін қауіптерді азайтуға, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою шараларына қатысты.
– Денсаулық сақтау инфрақұрылымы сапалы медициналық қызмет көрсетудің негізгі элементі және төтенше жағдайларға дайындық пен жауап берудің негізі саналады. Сондықтан пандемия кезінде жинақтаған тәжірибені негізгі инфрақұрылымды тұрақты түрде жақсарту үшін қолдану өте маңызды, – деді Қазақстандағы ДДҰ өкілі, доктор Скендер Сыла.
Ұсынылған стратегияда одан әрі ынтымақтастықтың негізі ретінде семіздік пен тамақтану проблемаларына қарсы күрес жөніндегі бағдарламаларды кеңейту, денсаулық сақтау қызметтерін цифрландыруды ілгерілету, аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту сияқты бағыттар алынды.
Кездесу барысында тараптар белсенді пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдап, бірлескен күш-жігермен құжаттың соңғы нұсқасын бекітуге келісті.
Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қою Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мырзаның қатысуымен ТМҰ-ға қатысушы елдердің денсаулық сақтау министрлерінің 5-кездесуі шеңберінде өтеді деп жоспарланған.
А.Жолдасбекқызы