"Атыраулық хакерге" қатысты сот үкімі шықты

/
"Атыраулық хакерге" қатысты сот үкімі шықты
polisia.kz

Әлеуметтік желіде "Атыраулық хакер" деген атпен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 12 адамды алдап, 13 миллион теңгеден астам шығын келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Алайда сот рақымшылық туралы заңды қолданып, оның жазасын қысқартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы 26 қарашада Атырауда алаяқтық ісі бойынша сот процесі аяқталды. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2022, 2024 және 2025 жылдары ақпараттық жүйелерді пайдаланған 12 азаматты алдаған.

Сот мәліметінше, Нұрлан Жаңбырбаев азаматтарға түрлі қызметтер көрсетуді және ақша табуға көмектесуді уәде еткен. Атап айтқанда, ол IT курстарын ұйымдастыру, бұғатталған әлеуметтік желілерді ашу, әлеуметтік желідегі аккаунттарды қалпына келтіру және тұрақты табыс табу жолдарын үйрету туралы ұсыныстар жасаған. Сондай-ақ азаматтарға инвестиция арқылы пайда табуға, Jetu такси қосымшасына салынған ақшаны көбейтуге және интернет алаяқтарына алданып қалған қаражатты қайтаруға көмектесетінін айтқан. Алайда сот бұл әрекеттерді алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін иемдену деп таныды.

Соттың анықтауынша, айыпталушының әрекетінен 12 жәбірленушіге жалпы 13 361 000 теңге материалдық залал келген. Сот процесі барысында оның жәбірленушілерге 10 392 000 теңгені қайтарғаны белгілі болды.

Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының жасаған ісіне өкінгенін, келтірілген шығынның едәуір бөлігін өтегенін және асырауында бес кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Бастапқыда Нұрлан Жаңбырбаевқа 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Сот "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қолданған. Соның нәтижесінде тағайындалған жаза төрттен біріне қысқартылды. Осылайша, сот Нұрлан Жаңбырбаевқа түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары