Нидерланд суретшісі Винсент ван Гогтың «Гүлдеген талшын ағашы» (Châtaigniers en fleurs) картинасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында 173 миллион еуроға (190,4 миллион доллар) сатылды. Бұл – суретшінің ең қымбатқа сатылған туындысы. Картина әлемдегі аукционда ең қымбатқа сатылған өнер туындыларының арасында төртінші орынға шықты. Бұл туралы Euronews хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Картинаны Ван Гог 1890 жылдың мамырында Францияның Овер-сюр-Уаз қаласында салған. Бұл – суретшінің өмірінің соңғы екі айында дүниеге келген туындыларының бірі. Ол сол жылдың шілдесінде 37 жасында қайтыс болды.
Туындыда гүлдеп тұрған каштан ағаштары, олардың арасындағы жол мен шағын үйлер бейнеленген. Қанық жасыл, көк және қызғылт сары түстер суретшінің соңғы кезеңдегі ерекше қолтаңбасын көрсетеді.
Бір қызығы, картинаның рекордтық бағасынан бөлек, оның өткеніне қатысты дау да қоғам назарын аударды.
1909 жылы туындыны Германиядағы белгілі баспагер, еврей ұлтынан шыққан Самуэль Фишер сатып алған. Алайда 1936 жылы, Германияда нацистік режим орнағаннан кейін, оның отбасы картинаны сатуға мәжбүр болған.
Фишердің ұрпақтары картинаның сатылуы ерікті шешім болмағанын алға тартқан. Олардың пікірінше, отбасы нацистік қуғын-сүргін салдарынан қаржылық қиындыққа тап болып, құнды өнер туындысынан айырылған.
Ал картинаны 1975 жылы сатып алған Аргентинадағы Блакье-Арриета отбасы оны жарты ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келген.
Аукцион қарсаңында Фишердің мұрагерлері Sotheby's компаниясынан 1936 жылғы мәміленің әділ жасалғанын дәлелдеуді талап еткен. Олар картинаның сол кездегі нарықтық бағасына сәйкес сатылғанын және отбасы нацистік билік болмаған жағдайда да оны сатуға келісетінін растайтын дәлел сұраған.
Нәтижесінде 17 қарашада, аукционға бір күн қалғанда, екі отбасы өзара келісімге келген. Sotheby's бұл келісімнің жасалғанын растады, бірақ оның қаржылық шарттарын жарияламады.
18 қарашада картина аукционға шығарылып, 190,4 миллион долларға сатылды. Оның бастапқы ұсынылған бағасы шамамен 180 миллион доллар болған. Сауда барысында жеңімпаз ұсыныс 165 миллион долларға жеткен, ал аукциондық комиссиялар қосылғаннан кейін түпкілікті баға 190,4 миллион долларды құраған.
Бұған дейін Ван Гог туындылары арасындағы рекорд «Кипаристері бар бақ» (Orchard with Cypresses) картинасына тиесілі еді. Ол 2022 жылы Christie's аукционында 117,2 миллион долларға сатылған.
Осылайша «Гүлдеген талшын ағашы» бұрынғы рекордты шамамен 62%-ға жаңартты.
Айта кетейік, Ван Гог көзі тірісінде суреттерін сатудан айтарлықтай табыс таппаған. Ал бүгінде оның туындылары әлемдегі ең қымбат өнер шығармаларының қатарында.
Суретшінің өмірінің соңғы айларында салынған «Гүлдеген талшын ағашы» енді көркемдік құндылығымен ғана емес, нацистік кезеңдегі даулы тарихымен және рекордтық бағасымен де есте қалмақ.