Елордадағы кофеханаларға қазақша кітаптар таратыла бастады

/
Елордадағы кофеханаларға қазақша кітаптар таратыла бастады
Facebook/Бауыржан Бабажанұлы

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы елордадағы кофеханаларды қазақ тіліндегі кітаптармен қамтамасыз ету бастамасын қолға алды. Жоба тұрғындардың, әсіресе жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы "TÚRKISTAN" газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығы шыққалы бері елімізде көп шаруа атқарылып жатыр. Мысалы "Кітап оқитын ұлт" жобасы кең қанат жайды.

Жалпы жұртшылықты, соның ішінде жастарды кітап оқуға ынталандыратын барлық мүмкіндіктерді пайдаланған абзал. Мысалы біз – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы – елордадағы кофеханаларға кітап тарату ісін қолға алып отырмыз.

Неге кофеханаларға?

Өйткені қазір кофе ішпейтін адам аз. Күн суықта кофеханаға кіріп, бой жылытып отырған адам көз алдында жатқан кітапқа еріксіз назар аударары хақ. Кейбір кітаптың атауы, екіншісінің дизайны назар аудартуы мүмкін. Кофехана иелері де келген адамдардың көзі бірден кітапқа түсетінін айтады. Бірақ оларда қазақ тіліндегі кітаптар жоққа тән екен.

Кофеханада кітап оқудың өз қызығы бар. Бір кітапты бастап, аяқтай алмай кеткен адам екінші рет дәл сол кітап үшін дәл сол кофеханаға келуі мүмкін. Немесе сол кітапты іздеп тауып алуы ғажап емес.

Біз басқармамен бірлесе отырып, әуелі 40 шақты кофеханаға он-он бестен кітап таратып көрдік. Нәтиже жаман емес. Сосын жан-жақтан кітап жинай бастадық. Жазушылар үйіне келетін адам әдетте кітап қолтықтай келеді. Соны пайдаландық. Кейбір қаламгерлерге шықтық. Әке-шешесі оқыған, бірақ бүгінгі ұрпағы оқи қоймайтын кітаптарды сұратып алдық. Қазір 1 500-ге жуық кітап жинадық. Енді соны таратып жатырмыз.

Әу баста бұл әрекетімізден ешқандай нәтиже болмай қалса қайтеміз деген күдік болды. Сосын да көп жариялай қойған жоқпыз. Нәтиже көзге көріне бастады. Қазақша кітаптар оқылады екен! Кофехана иелері де әу баста тосырқай қарағанымен қазір бізді іздеп тұратын болды", – деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.

Жобаны кеңейту үшін ұйымдастырушылар қаламгерлерден, зиялы қауым өкілдерінен және тұрғындардан кітап жинауды бастаған. Нәтижесінде қазіргі уақытта 1500-ге жуық кітап жиналған. Бұл кітаптар біртіндеп елордадағы кофеханаларға таратылып жатыр.

"Сосын да бүгін Жазушылар үйінде Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп екеуміз журналистерге осы шаруа жөнінде әңгімеледік. Сосын олар бірнеше кофеханаға кітап тапсыру сәтіне куә болды.

Енді күллі қаламгерлерге, зиялы қауымға сауын айтқалы отырмыз. Үйлеріңіздегі артық кітаптарыңызды бізге өткізіңіздер. Әрине, өзіңізге қажет кітапты бер демейміз. Бірақ бір кезде оқыған, енді біреуге сыйлауға болады деген кітабыңыз болса, басқаға емес, бізге беріңіз!

Астанада 1 мыңға жуық кофехана бар екен! Біз 200-ге жуығымен байланыс орнатып үлгердік. Әлі 800-ге жуығы бар. Соның бірінде сіздің немесе сіз ұсынған кітап жатса, ғажап емес пе? Сауабы да сізге тиер еді! Өз еліміз, өз астанамыздың кофеханасында өз кітабымыз тұрсын!" – деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары