бейсенбі, 3 сәуір, 2025

Ғалымдар тілдерді түсінудің 3 түрлі механизмі бар екенін анықтады

/
сурет: istockphoto.com

Адамдардың тілді түсіну қабілеті бірыңғай емес, үш түрлі когнитивті механизмге негізделеді. Бұл туралы npj Science of Learning  журналында жарияланған зерттеу нәтижелері көрсетті.

Ғалымдар тілді меңгеруге қиналатын 18 мыңға жуық баланы зерттеп, олардың тіл түсіну дағдылары үш бөлек категорияға бөлінетінін анықтады.

Зерттеуде қатысушылардың тілдік қабілеттері үш негізгі топқа жіктелді. Бірінші топ – қарапайым бұйрықтарды орындау, өз есіміне жауап беру және мақтауды түсіну. Екінші топ – түстер, өлшемдер мен сандар сияқты сипаттамалық сөздерді түсіну. Үшінші топ – кеңістіктік қатынастарды, етістіктің шақтарын және күрделі әңгімелерді түсіну дағдыларын қамтиды.

Бірінші механизм адам мен маймылдарда ортақ болуы мүмкін, ал екіншісі шамамен 2 миллион жыл бұрын Homo түрлерінде пайда болған. Үшінші, ең күрделі механизм 70 мың жыл бұрын дамыған және толыққанды тілді меңгеруге мүмкіндік берген.

Зерттеу авторы, Бостон университетінің нейробиологы Андрей Вышедскийдің айтуынша, бұл жаңалық тілдік бұзылыстары бар балаларға арналған терапия әдістерін жетілдіруге көмектеседі. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері тіл эволюциясы, когнитивті даму және нейролингвистика салалары үшін маңызды болмақ.

Бөлісу: