Александра Мыскина: Алғыс – адамдарды біріктіретін ұлы сезім

Көктемнің алғашқы күнінде елімізде Алғыс айту күні тойланады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, тіл жанашыры, «Үйде сөйле» жобасының бастамашысы Александра Мыскина осынау шуақты мейрамның маңызы мен мәні туралы ой бөлісті.
Александра Мыскинаның айтуынша, бұл мейрам – қоғамдағы татулық пен сыйластықты арттырады.
– Елімізде осындай жылылыққа толы мереке бар екеніне аса қуаныштымын. Алғыс айту күні – тек бір күнгі мейрам емес, адамдардың бір-біріне деген шынайы ризашылығын білдіретін, қоғамдағы татулық пен сыйластықты арттыратын маңызды күн. Бұл мейрам Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келіп, бір-бірін толықтырып келеді. Осы екі оқиға да көктемнің алғашқы күнін одан әрі көркемдей түседі, – дейді ол.
Түрлі әлеуметтік жобалардың авторы әрі ұйымдастырушысы ретінде ол еліміздегі достық пен бірлік ұғымдарының маңызына ерекше мән беретінін айтады. Оның айтуынша, алғыс – адамдарды біріктіретін ең асыл сезімдердің бірі.
– Алғыс – адамдарды жақындастыратын сезім. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты қағидаты да осы шынайы ризашылық пен жүректен шыққан алғысқа негізделген. Біздің елдегі бейбітшілік пен келісімнің іргетасы да осы. Әрине, жан-жағыңдағы адамдарға, жақындарыңа алғыс айту тек бір күнмен шектелмейді. Біз оны жыл бойы, әр күн сайын айтуымыз керек. Дегенмен, дәл осы сезімге арналып ерекше күн белгілеу – өте тамаша идея. Мен бұл бастаманы толық қолдаймын, – деп өз ойын бөлісті ол.
Александра Мыскина үшін ризашылық білдіру – күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Ол айналасындағы адамдарға, табиғатқа, тағдырына алғыс айтуды өмірлік ұстанымына айналдырған.
– Өзім де күн сайын айналамдағы адамдарға, табиғатқа, тағдырыма алғыс айтамын. Тіпті өмірдегі сынақтарға да ризамын, өйткені олардың барлығы біздің рухани өсуімізге ықпал етеді. Алғыс айту – бізді жақсылыққа жетелейтін, жүректерді жылыта түсетін ерекше күшке ие сезім, – деп түйіндеді ол.