Есіл суын Аралға бұру керек пе?

Есіл суын Аралға бұру керек пе?
сурет: istockphoto.com
192

Көктемде қар еріп, Есілдің арнасы таситыны мәлім. Осы суды Арал теңізіне арнайы арна арқылы бұру керек деген ұсыныс айтылып жүр. Бірнеше жылдан бері талқыланып жүрген осы идеяның маңызы қандай? Оны жүзеге асыруға бола ма? Белгілі жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы талай жылдан бері Арал мәселесін терең зерделеп жүр. Бұл тақырыптың қыр-сырын жақсы білетін қаламгердің мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Су – өмір кепілі. Ал өзен бастаулары сырттан келетін аймақтарымыз үшін сындарлы су саясаты – аса маңызды тір­шілік тетігі.
Өткен жылдың аяғында, Орталық Қа­зақ­стан аумағының суларын біраз зерделеп, есі­ліп аққан Есіл иініндегі Жарқайың ау­да­ны, Торғай өзені бойындағы Аманкелді, Тор­ғай аудандары тұрғындарымен кездесіп, жол соңында ат басын Аралға тіреген бір жұ­­­­мысшы топ осы талаптың қарлығашы ре­тінде – жақсылық хабаршысы деп қабыл­дан­ды. Ресми түрде, «Каспий-Арал алабын­да­ғы экожүйені қалпына келтіру және тас­қын суларды игеру Халықаралық қоры» ж­ә­не «Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ» өкіл-ма­мандарынан құралған ынталы тобы еді бұл бастамашылар. Елге ұсына келген идеялары: «Есіл өзенінің орта ағынындағы тасқын сулар­дың бір бөлігін Торғай өзені мен Арал теңі­зіне бағыттаудың» техникалық-эко­но­ми­калық негіздемесі. Топ басшылығында Қордың өкілі Арман Тоғатаев, атал­мыш ҒЗИ ғалымы Оразхан Қарлыханов сияқ­ты белгілі азаматтар бар.
Арал жұртшылығы бұл ақжолтай ха­бар­ды қуана қабылдады. Және бір оңды жайт – жоғарыдағы Жарқайың тұрғындары, бергі, Тұран ойпатына бейім Торғай, Аманкелді ауданының халқы Есіл-Торғай суларын игеру және сол ағынның бір бөлігін Аралға бағыт­тау ұсынысын бір адамдай қолдаған екен. Бұл ағайындық көңілге экология мәселесінің ортасында жатқан Арал жұртшылығы аса разы болды.
Қазақтың төл өзені Есіл Сарыарқа төсін кес­телей ағып, Тұран өлкесіне тым таяп кел­ген тұста, кілт ары бұрылып, теріскей бет­­ке аунап кетеді. Сол иінде Жарқайың ау­­­­­да­­нының жері жатыр. Орталығы – Держа­винск қаласы. Осы бұрылыстан берідегі Торғайға құятын Қарынсалды өзенінің ара­сы 40 шақырымдай ғана еді. Міне, бола­шақ Есіл-Торғай-Арал арнасының ең ұрым­тал тұсы – осы жер. Екі араны жалғайтын ар­на­ның ұзыны – 42 шм., ең терең қазылар тұсы 67 метр болады екен. Жоғарыдағы топ ма­мандары осы «кілтті» дұрыс тапқан. Бұл тұс­қа, Есіл суын биігірек деңгейдегі Тері­сақ­қан құйылысынан да жеткізуге болады. Сөйткенде, екі араға қазылатын арна 67 метр тереңдіктен біраз тайыз шығуы мүмкін. 
Біз бұл идеяны талқылау кезінде, осы нұс­қаға ой қосу мақсатында, Есілдегі Дер­жавинс­кіден төменірек, Бұзылық ауылы маңында салынғалы жатқан жаңа су қой­ма­сынан, болашақ арнаны Дәмді өзені арқылы Сарыөзен-Сарықопа жүйесіне тіке тартса қа­лай болады? деген ой айттық. Ол қойма­ның факторы Торғайға су тастаудың тұрақты кепілі болады әрі Сарықопаға түсетін көлемі 7,5 млрд.т.м. су тоспасына түсер еді. Маман­дар бұл бағытта ойланатын сыңай­лы. Ел-жер үшін игілігі анық бұл баста­маның төңірегінде сол кездесуде көптеген оң тілек айтылды. Берер пайдасы мол және ұтымды шешім болуы мүмкін ойлар ұсы­нылды.
Техникалық-экономикалық негіздеуде бұл игілікті бастаманың бірнеше жолдары қарас­тырылған. Қаржылық-экономикалық пайда-қайтарымы тыңғылықты есептелген. Ең бастысы, бұл – ғасырлар бойы Солтүстікке кетіп жатқан біздің біраз өзен-ағынымызды, шын мәнінде, тиімділікпен игере бастаудың, Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арна­сынан кейінгі, бір оңды бастамасы болғалы тұр. Арысы – Ертіс, бер жағы – Есіл, Тобыл: көп көлемді суымыздың теріскей көрші же­рі­не кетіп жатқаны – басы ашық жайт. Оң­түстікте осы күні әр тамшысы алтынға ба­ға­ланып отырған су саясатымен салыстыр­сақ, бұл кетіп жатқан ырғын ағын сондай ақталымсыз ысырапшылдықтың өзі деуге болар еді. Осыны біз БАҚ-та көтеріп, айтудай-ақ айтып келеміз. Халық пен шаруа­шылық ауқымы қарыштап өсіп келе жатқан Орталық Қазақстан аумағында су тапшы. Оның бер жағында, Арал басындағы ахуал әлем­ге жария. Осындай жағдайда, іргедегі сонау мол судың іздеусіз-игерусіз кете беруі қа­лыпты жайт деуге бола ма?
Есіл өзеннің көктемгі адуын мінезін ауыз­дықтау, сонан кейін бұл өзеннің жыл он екі ай бойғы қалыпты, кепілді ағы­ны­ның тұрақтылығы осылай жүзеге асуы мүмкін.
Талқылау барысында, біз жобаның 
«...тас­қын суларды игеру» деген анықтауыш-бөлігіне назар аударып, төмендегі ойларды ортаға салдық: Әлемдік климат «өр­теніп-жанып» бара жатыр десек те, табиғаттың «мүшел» айналымының ылғалды жылдары келіп, жерімізге қар мен жаңбыр түрінде өз игілігін беріп жатқаны соңғы жылдары байқалып отыр. Осы игілікті суға зәру өлкелеріміз орнықты, ұтырлы ретпен игере алса, ол – молшылық ризық, қалауын таба алмай, қиындықтарға жол беріп қойса, ол – апат, проблема... 
Сусаған жерімізге жыл сайын ақ басқын қар, ағыл-тегіл жаңбырды табиғат үйіп-төгіп қайта-қайта бере де бермес. Бірақ қандай жағдай болғанда да, бұл ұсынылған жобаның болашағы кең, кесімі мен шешімі пайдалы, опалы деген ой бар. Кешегі КСРО, онан бері­де, Ресей-көрші батпаққа малшынған Сібір­ден, бұрынғы одақ міндетімен де, бүгінгі иман­дылық принципімен де, су күткен кең-байтақ Оңтүстік, қиналған Арал үшін ыл­ғал беруге аса құлшыныс танытпады. Мо­раль тұрғысынан да сол су мұнда келуі тиіс еді. Бірақ кей жағдайларда «мораль» де­ген имандылық шарты қадірсіз ғой... Де­генмен бері қарай су берудің тарихи қа­жет­тілік екенін, осы күні олардың өздері де іші­нара мойындай бастағаны байқалады. Жүз толғанып, мың ойланудың мұндай да дү­бәрә кезеңдері өтер... Ал мына ұсынылған жоба қалай да жүзеге асуға тиіс! Тіпті, таби­ғат­тың әлгі «тасқындары» болмай қалған жағ­дайда да! Бұл ойдың негізі былай: Көп суы­мыздың Солтүстікке кетіп жатқанын айттық. Жай ғана кетіп жатқан жоқ, ең құр­ғақшылық деген жылдың өзінде де, әсіресе, Есіл-су теріскей өлкеміздің біраз жерін – Солтүстік Қазақстанның Таранкөл, Сергеев аймақтары, әсіресе, Қызылжар-шаһар ау­мағын жылда қызылсумен тоғыта, көп әбі­гер салып өтіп тұр. Бұл жағдайлар Тобыл, Ертіс алаптарында да байқалады. Мәлім жайт: қа­лыптасқан табиғи дәстүр бойынша, көк­тем­нің бірер айында Орталық Қазақстан сула­ры­ның 80 пайыз ағыны бұрқап, жөңкіле ағып өтеді. Демек, мұндай ахуалда, әлгі ұсы­нылған жоба болашағы «тасқындар» де­ген ерек жайттарға сонша байланбаған, тәуел­сіз болашақты іс болмақ. Көктемгі адуын сулар қалай да жуасытуды, игеруді қа­жет етеді. Қандай да бір жыл мінезінде де бұл ұсыныс болашақты, ғұмырлы болады деп отырған себебіміз сондықтан.
Мұның сыртында тағы бір ойлар бар: Қа­зақ даласының шөлін қандырып жатқан Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арнасы (ЕҚА) – жеріміздің құты. Есілдің бастауына ірге тепкен Астанамыздың қажеті үшін осы арна бойындағы Молодежный көтермесінен Астана қоймасына су айдалады. Есіл суын тағы бір үстеулеуші бұл фактор бас қала қа­жет­тігінен туындайды. Ал негізі өзімізде өніп, жылдық ағыны 30 млрд.т.м. құрайтын Ертіс суын қарымды игеру ел мүддесінің тала­бы. Мұның жолдары көп және ол маман­дар есебінде екені даусыз. Бізден қажеті бо­лар деген бірер ой: ЕҚА-ның алғашқы бөлігін кеңейте күшейтіп, көлемі артқан Шідерті су қоймасынан Ерейментау қаласына тың арна тарту керек. Ал Ермен-биік кезеңінен асқан сол су бас қалаға солтүстік-шығыстан 130 ша­­­­­қырым арна арқылы өз ағынымен жете алады. Бұл арна ЕҚА-дан 150-200 метр төмен жағдайда Астанаға жетеді, демек, судың өзіндік құны да біраз төмен болмақ. Бұл Аста­наны, Орталық Қазақстанды арзан сумен қамтудың тағы бір нұсқасы. Және Есіл ағынын икемді реттеудің тағы бір тетігі. Және көктемгі бұрқағы өткен Есілдің қалған уақыттағы тұрақты ағынының бір кепілі болмақ. (Бұл орайдағы ойлар Egemen Qazaqstan газеті, 02.10.2019ж., 05.11.2021ж. және «Сыр бойы», «Халық» газеттері, 27.05.2010ж., 03.10.2019ж. және басқа басылымдарда бірнеше рет жарияланған).
Есепті көрші өзінің Объ-суын Ени­сей­мен үстеулей ме, әлде, Ертісті Алтай тау­ларында Қа­тын өзенімен демей ме – ол жағын өзі ой­лас­тырар. 
Осы сөздің ретінде еске ала айта кетсем болар: бұл идея нұсқасын мен, автор ретінде, сонау 1967 жылы республикалық «Білім және Еңбек» журналында, біраз ой тарқата, жоба-схемасын сызып бергенмін. Ол Аралдың енді бастап қайта бастаған уағы еді. Арал тағдырының болашағы осылай шығады деген біраздың қаперінде жоқ жайт еді. Сол кездегі журнал редакторы Абдул-Хамит Мархабаев (кейін бізге ҚазГУ-де сабақ берген ұстаз) нағыз патриоттық тұғырда, сол мақаланы журналда жариялап жіберді. Мақаланың алғашқы аты «Аралды қайтсек сақтаймыз?» болатын. Бірақ сол кездегі «қызыл цензура» дегеннің шеңгелі қатты болды ма, редактор ағамыз «Арал суы молайса» деген «жұмсақтау» атпен ол ойды өткізе алған сыңайлы. Қиын уақыт еді ғой. Сол кездегі біздің балаң тілектің «прожектісі» еді ол. Сонан бастап, Арал тақырыбы менің тағдырыма айналған еді дей аламын...
Сонан бері де, біздің шығармашылық-адами әлеуеттің көп бөлігін алған Арал мәселесін тынбай айтуда, дәл осы бағыттың кеңейтілген, тереңдетілген, дамытылған біраз нұсқасы Egemen Qazaqstan, «Қазақ әдебиеті», Turkistan, Aiqyn газеттерінде бірнеше рет жарияланды. Бұл жылдардың біраз ойлары Арал-Сыр бойында жүзеге аса да бастады... (Бұл ойларды мен «Қазақстан арнасы» деген жалпы атаумен ондаған жыл материалдарын жинақтаған топтамамда сақтадым. Ондағы негізгі ой: Сібірден бері тартылуға тиіс үлкен арна мәселесі шешілмей тұрғанда, біз, Қазақстан өз тірлігімізді істеп, өз суларымызды батыл игере беруіміз қажет деген ойды бекемлеу еді). Міне, жоғарыдағы сол ұсыныс, араға 57 жыл салып алдымнан шыққан соң, мен енді неге қуанбайын! «Ештен кеш жақсы» деген. Бұғанасы бекіген ел саясаты бұл мәселеге енді бет бұра бастағаны ғой!
Бір мәлімет бойынша, әзір, Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 млрд.т.м. шамасында су «ұйықтап» жатыр. Демек, биыл да біз үшін тасқын қауіпі елеулі екінші жыл болғалы тұр. Сол молшылық – зиян қатері емес, игілік көзіне айналғай! Осының бір болашақты, бекем тетігі «Есіл (арысы Ертіс)-Торғай-Арал» жаңа су жолы болмақ. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, тасқынсыз жылдары да өз қызметін сенімді дәстүрде жалғастыра алады. Ең алдымен, Орталық Қазақстанның су мәселесіне оң әсері болады. Есіл бойында жылда ие бермей тұрған тасқындарды реттейді. Торғай, Сарыөзен алабын суландырып, осы өзендер экожүйесін оңалтады. Арал маңы Қарақұмының берекелі жайылымдарына дем береді. Арал, Қазалы аудандары шөлін қандырып отырған «Толағай» су кенішін жер астынан қуаттандырады. Ең ақырында, ол ел тілегімен көтеріліп жатқан біртұтас Солтүстік Арал теңізін қолдауға келетін жаңа су көзі болмақ. «Есіл(арысы Ертіс)-Торғай-Ырғыздың бір арнада тоғысатын бөлек ағыны аз су болмасына сенім зор.
Арна жүйесінің жалпы құны (2024ж. бағаммен) – 260,373 млрд теңге. Жұмыстың біту уақыты, биылғы жылмен санағанда – 2027 жыл. Қаржылық-экономикалық қайтарымы нақты есептелген. Бұл су жолының экономикалық, әлеуметтік, экологиялық күтулі игіліктері көңіл қуантады.
Еліміздің орталық алабынан бері түсетін бұл арна біздің Оңтүстіктен келетін дәстүрлі дариялар ағынына еш кері әсер беруге тиіс емес. Оңтүстіктегі сыбағалы суларымызға еш балама жоқ!
Жақында айтылған бір телеарна мәліметінде «Каспий-Арал ала­бын­дағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры» және «Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ» баста­масымен ұсынылған осы жаңа су арнасы идеясы Республика Үкіметінің дәргейінде қарала бастады деген хабар жетті. Бұл – осынау арна игілігін күткен өлкелер үшін оң лепес. Енді бұл игілікті бастама Республика Су ресурстары және ирригация министрлі­гінде қолдау табады деген сенім бар.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, 
жазушы, көсемсөзші-эколог

Серіктес жаңалықтары