Түркиялық танымал футбол агенті Али Емре Қазақстан құрамасы мен алматылық "Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбековке қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық голкиперді Түркия Суперлигасының белгілі клубы "Фенербахчеге" лайық кандидаттардың бірі деп атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Футболшыларды түрік клубтарына ауыстырумен айналысатын агент Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Фенербахчеге" қандай қақпашы қажет екенін түсіндіріп, Темірлан Анарбековтің есімін атап өтті. Айта кетейік, "Фенербахче" 2025/26 маусымында Түркия Суперлигасында екінші орын алған.
Али Емренің айтуынша, клубқа тек қақпа сызығында тұратын емес, қорғанысты басқара алатын, қақпадан шығып ойнайтын және шешуші сәттерде командаға сенімділік беретін қақпашы керек.
"Біз "Сити", "Бавария", "ПСЖ" немесе "Барселона" емеспіз. Бізге шабуылды өз қақпасынан бастайтын қақпашы қажет емес. Бізге қақпа сызығына байланып қалмайтын, қақпадан тыс жерде де жақсы ойнайтын және қорғанысқа жетекшілік ете алатын голкипер керек. Мен үшін бірінші нұсқа – Цолакис, одан кейін Темірлан Анарбеков тұр. Бізге Муслера секілді матч тағдырын шеше алатын қақпашы қажет", – деп жазды агент.
Алматылық "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы сәтті ойындарынан кейін Темірлан Анарбековтің болашағы жанкүйерлер мен мамандар арасында жиі талқылана бастады. Көпшілік жас қақпашының еуропалық деңгейдегі клубтарда өнер көрсетуге мүмкіндігі бар екенін айтып жүр.
Дегенмен әзірге Темірлан Анарбековтің трансферіне қатысты ресми ұсыныс түскені туралы ақпарат жоқ.