Бір тәулік ұйықтамаудың өзі иммундық жүйені әлсіретеді – зерттеу
Ғалымдар қан құрамында қабынуды күшейтетін және созылмалы ауруларға байланысты неклассикалық моноциттер деңгейінің жоғарылағанын анықтады. Бұл – денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін белгі.

The Journal of Immunology журналында жарияланған зерттеу ұйқы сапасының нашарлауы мен иммундық жүйенің өзгерісі арасындағы тікелей байланысты анықтады. Ғалымдар моноциттер деп аталатын арнайы иммундық жасушалардың өзгеріске ұшырап, денеде кең ауқымды қабыну процестерін тудыратынына көз жеткізді.
Кувейттегі Dasman Diabetes Institute зерттеушілері ұйқының жетіспеушілігі қабынуды күшейтетін "неклассикалық моноциттер" (NCMs) деңгейін арттыратынын дәлелдеді. Таңқаларлығы, бұл өзгерістер адамның салмағына тәуелсіз жүреді. Яғни, арық және дені сау адамдар да ұйқының бұзылуынан қабыну қаупіне тап болуы мүмкін.
Зерттеу көрсеткендей, бар болғаны 24 сағатты ұйқысыз өткізген дені сау адамдардың иммундық жүйесі денсаулығында қандай да бір проблемасы бар адамдардың иммундық жүйесіне ұқсас бола бастайды. Ғалымдар қан құрамында қабынуды күшейтетін және созылмалы ауруларға байланысты неклассикалық моноциттер деңгейінің жоғарылағанын анықтады. Бұл – денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін белгі.
Алайда, жағымды жаңалық та бар: қалыпты ұйқы режиміне оралған жағдайда, иммундық жүйе қайта қалпына келеді екен.