Әділғазы Қайырбеков: Музейлер ғылыми-зерттеу орталығына айналуы қажет
Қаламгерлер жеке шығармашылық жұмысынан өзге әдебиетке, мәдениетке қатысты шаруалардың да басы-қасында жүретіні таң емес, десе де, олардың бұл қызметі назар аударарлық дүние. Сондықтан ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты және ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ширек ғасырдай уақыт Алматыдағы С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы болған Әділғазы Қайырбековпен сұхбатымызда қазақ әдебиеті алыптарының шығармашылық ғұмырының жаршысындай екі бірдей музей жайында әңгімелесіп, ойларын жазып алған едік.
– Әділғазы аға, о баста сіз ақын ретінде танылсаңыз да жұрттың көбі сізді біраз жыл Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов әдеби-мемориалдық музейінің басқарған адам ретінде біледі. Бұл қызметке қай кезде, қалай келдіңіз?
– Мен 1978 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғой) Филология факультетін бітіріп, әдеттегідей, бізді жан-жаққа бөліп жатқан кезде ұстазымыз профессор Тұрсынбек Кәкішев мені шақырып алып: «Алматыда қалғың келе ме?» деп сұрады. «Ойбай-ау, ол арман ғой» деп едім, «Осында қалып еңбек еткің келсе, Алматыда Сәбит Мұқановтың музейі ашылайын деп жатыр, директоры Хәкім Бекішов деген отставкадағы әскери кісі. Соған мен айтты деп барасың, сені жұмысқа алады» деді. Содан расымен Алматыда қалар ма екенмін деп сенер-сенбес күйде музейге келдім. Сөйтіп, оқу бітіргеннен еңбек жолым Сәбит Мұқанов музейінде басталды. Ол кезде музейдің экспонаттары әлі толық жиналып бітпеген, толықтыру үстінде болатын. Сөйтіп, музей 1978 жылы 21 қарашада салтанатты түрде ашылып, алғаш экскурсиясын жүргіздім.
– Содан бері осында жұмыс істеп келесіз бе?
– Мен алғашында музейде бір жылға шамалас жұмыс істедім. Пәтерде жүрдік. Ол кезде әйелім жұмыс істемейді, үйде жас баламен отырды. Музейден алатын айлығым бала-шаға асырауға жетпейтін болды. Сосын амалсыз телевидениеге ауысып кеттім. Содан журналистикада жүрдім біраз жыл. Оның ішінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде он жыл, «Халық кеңесінде» алты жыл, «Қазақ елі» мен «Шалқар» басылымдарында үш жылдан – алты жыл, жиыны жиырма екі жыл баспасөз саласында еңбек еткен соң музейге қайта келдім. Сол тұста Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы өткелі жатқан еді, Сәбеңнің жұбайы Мәриям апай мені музейге жұмысқа шақырды. Себебі ол кезде музей директоры – Сәбеңнің немере қызы күйеуінің жұмыс жағдайымен Америкаға көшетін болып жатқан екен, соның орнына апай менің келуімді қалады. Сөйтіп, музейге келіп, 2000 жылы С.Мұқановтың, 2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдықтарын абыроймен өткіздік. Солайша өткен жылдың соңына дейін 24 жыл С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде қызмет атқарып, басшылықты жастарға тапсырып, өзім ғылыми қызметкер болып жұмысымды жалғастырып жатырмын.
Сәбеңнің музейі 1978 жылы ашылса, Ғабеңнің музейі 1987 жылы ашылған. Ғабит Мүсірепов музейі басында Орталық музейдің кішкене бір бөлімі ретінде құрылған. 1999 жылы екі музей басқару жағынан біріктіріліп, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені деп аталды.
– Енді музей жұмыстары жайында кеңірек айтып берсеңіз. Сіз еңбек етіп келе жатқан музейлердің өзге музейлерден қандай өзгешелігі бар?
– Ең бастысы, бұл екі музей де жазушылардың музейлері ғой. Жалпы, республикада мұндай музейлерді саусақпен санап шығуға болады. Алматыда Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ахмет Байтұрсынұлының музейлері болса, Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың, Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің, Қарасазда Мұқағали Мақатаевтың, Семейде Абайдың, Астанада Сәкен Сейфуллиннің музейі деген әдеби музейлер бар. Бұл типтегі музейлердің басқа музейлерден ерекшелігі – мұндағы негізгі байлық, негізгі қор – кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттер мен хаттар. Екі музей де, қаламгерлердің өздері тұрған үйлерде ашылғандықтан тұрғын үйлердің ішінде орналасқан. Мәселен, Сәбит Мұқанов музейі Мұқан Төлебаев көшесіндегі 125-үйдің екінші қабатында болса, Ғабит Мүсірепов музейі осы көшенің 13-үйінің үшінші қабатында орналасқан. Бұл үйлерде тұратындар да өзгелер секілді тыныштықты қалайды. Сондықтан музейлерге оқушылар, студенттер қаптап келіп жатқанын ұнатпайтындар да бар. Бірақ соған қарамастан екі музей де көп жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатыр. Негізінен, жазушының мұрасын насихаттайды, ағартушылық жұмыстар жүргізеді.
– Музей қызметкерлерінің атқарған жұмыстары жайында айта кетсеңіз.
– Біз – Мұқанов пен Мүсірепов музейі қызметкерлері жазушылардың кітаптарымен, қолжазбаларымен жұмыс істейміз. Бұл жерде мынадай ерекшелік бар: әдеби музейлер – ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейім болуы керек. Көп жерде осыған көңіл бөліне бермейді. Мәселен, Мұхтар Әуезов әдеби-мемориалдық мұражай үйі – ғылыми орталық деп есептеледі, Әдебиет институтына қарайды. Ал басқа музейлерде ондай мәртебе жоқ. Сондықтан Сәбит пен Ғабит музейлерін ғылыми орталыққа айналдыру менің арманым болды. Бірақ әлі оған мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен біз мұнда ғылыми жұмыстармен айналыстық. Ғабит Мүсіреповке арналған жырлардан «Ғажайып Ғабең», Сәбит Мұқановқа арналған өлеңдерден «Кәдімгі Сәбең» деген атпен екі кітап құрастырып шығардық. Одан кейін мені қызықтырған екі жазушының хаттары болды. Оқырмандардан ең көп хат алған жазушының бірі – Сәбит Мұқанов. Сәбең көзі тірісінде Орталық архивке хабарласып, «Маған келген хаттар үйіме симай жатыр, соны алып кетсеңдер қалай болады, сіздерге тапсырайын деп едім» депті. Содан архивтен адамдар келіп әлгі хаттарды бір жүк машинасына салып әкетіп, бес-алты айдан соң Сәбеңе өздері алып кеткен хаттардың 141 том болғанын айтқан екен. Орталық архивте С.Мұқановтың да, Ғ.Мүсіреповтің де жеке қорлары бар. Соны іріктеу, сұрыптауды ойластырып, жұмыс істеуге бел будық. Оның бәрін жинау да оңай шаруа емес. Оларды архивтен, жеке қорлардан алу, реттеу, сұрыптау қажет. Ол хаттар өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап жазылған. Олардың біразы Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасы негізінде жасаған төте жазуымен, кейбірі 1929-1940 жылдар арасында қолданылған латын негізді қазақ графикасымен жазылған. Оның бәрін оқып, қазіргі жазуға түсіру, іріктеу деген біз үшін үлкен жұмыс болды. Соның нәтижесінде 2018 жылы «Мұқановтың хатханасы» («Письмотека Муканова»), 2022 жылы «Мүсіреповтің хатханасы» («Письмотека Мусрепова») атты әрқайсысы 25 баспа табақтан тұратын екі кітап шығардық. Хаттардың қазақша жазылғаны қазақша, орысша жазылғаны орысша берілді. Бұл хаттарда екі жазушының өзгелермен қарым-қатынасын танытатын, әдебиет, мәдениет, қаламгерлер, ұлт туралы көптеген құнды ойы бар.
Бұрынғы жазушылар эпистолярлық жанрға қатты көңіл бөлген ғой, өзгелерге жазған хаттарының ешбіріне жүрдім-бардым қарамаған. Әдеби шығармалар сияқты оқылады. Содан болар, С.Мұқанов көзі тірісінде өзінің өзгелерге, өзгелердің өзіне жолдаған хаттарын кітап қылып шығарғысы келген сияқты. Осыған байланысты ол 1965 жылы 30-сәуірде досы, сол кездегі белгілі татар қаламгері, Башқұрстанның халық ақыны Сайфи Құдашқа жолдаған хатында: «Көп жылдан бері Сізден алған хаттарым, қазақша айтқанда, «Қоржынның екі басына сыймайтын болды. Сіз маған ылғи араб әрпімен жазасыз. Мен оларды татар тілін де, башқұрт тілін де жақсы білетін – Майра-ханум Жансаеваға орыс әрпімен бастырып қоямын. Сізге мен, қазақтың арапша емлесін білетін башқұрт машинисткасы барын білмегендіктен орыс әрпімен...
Әлі де сөйте беруіңізге болады.
Менің «Хаттар және хаттасулар» деген атпен қалың кітап жасау ниетім бар. Сізбен жазысқан хаттардың біразын соған кіргізбекпін» деп жазған екен. Әрине, ол арманы Сәбеңнің көзі тірісінде орындалмады, 16 томдық шығармалар жинағына да хаттары енген жоқ. Оны, жоғарыда айтып өткенімдей, біз – музей қызметкерлері кітап етіп шығардық. Әрине, біз екі қаламгердің барлық хаттарын қамти алмадық. Тек, негізінен бұрын жарияланбағандарын кітапқа енгіздік. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқановтың мұражай үйі де жазушының хаттарынан кітап құрастырып шығарды.
Одан кейін біздің тағы бір елеулі жұмысымыз – өткен жылы басылып шыққан 47 баспа табақтық «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы болды. Оны музей қызметкерлерімен бірге құрастыруға 10 жылдай уақытым кетті. Осы жылдар ішінде музей қызметкерлерін Орталық архивке, Ұлттық кітапханаға, сирек қорларда жатқан жазбаларын жинауға жіберіп, материалдарды топтадық. Кезінде Ғабаң өзінің 3 томдық, 5 томдық шығармалар жинағын шығарды ғой, бірақ оған туындыларын сұрыптап енгізгендіктен қаламынан шыққандардың, ол туралы жазылған нәрселердің көбі жұртқа белгісіз еді. Сондықтан біз атаулы энциклопедияда ол туралы айтылған, жазылғандардың бәрін де қамти алдық деп ойлаймын. Тіпті, 1937 жылы 15 қазанда «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған Ғабит Мүсіреповті «жау пиғылдағы адам» деп қаралаған «Халық жауларының жетегіндегі жазушы» деген (авторы белгісіз) мақала жайында да түсінік берілді.
– Ғабит Мүсіреповке қарағанда Сәбит Мұқанов ертерек танылған, жасы үлкен және артына қалдырған мұрасы да мол қаламгер ғой. Неге алдымен «Сәбит Мұқанов» энциклопедиясын шығармадыңыздар?
– Әрине, бұл сұрағың орынды. Сәбит Мұқановтың ұрпақтары да маған осыны айтқан. Ғұмыр болса көрерміз, менің қолымнан келмесе оны жасап шығатын өзге де адамдар табылар. Дегенмен алғашында Сәбит Мұқанов туралы энциклопедия жасағым келген. Мұндай кітап жасауда алдымен атқарылатын жұмыс сөзтізбе жасау ғой, оған біраз уақыт кетеді. Сәбең туралы материалдар ұшан-теңіз. Хаттарының өзінің қанша көлемде екенін айтып өттім ғой. Сосын ол кісінің шығармалары әр кезде әртүрлі атпен шығып отырған. Мысалы, «Мөлдір махаббат» романы алғашында «Адасқандар», «Ботагөз» романы «Жұмбақ жалау» болып шыққан. Шығармаларының қолжазбасының өзінде екі-үш вариант болған. Сондай-сондайларды түгелдеп, сипаттап шығуға өте көп уақыт керек. Ал Ғабеңде ондай емес, қолжазбаларының бір-ақ варианты бар. Туындыларының бәрі бір мәтінде. Ғабаң қара қаламмен жазған ғой, жазып жатқан кезде қате кетсе, не өзгерту керек болса, ондайларын өшіргішпен өшіріп, түзеп, жазып отырған. Сондықтан ол кісінің мұраларында бірінші, екінші нұсқа деген жоқ, барынша ықшам. Ал Сәбеңде ондай емес, көпнұсқалы және ол кісінің шығармаларында кеңестік идеология, тап күресі деген нәрселер бар. Оның бәрі бүгінгі оқырманға қажетсіздеу нәрселер. Бірақ Сәбең шығармашылығы жаңағыдай саясат ыңғайында жазылған нәрселерін қоспағанның өзінде, кезінде халыққа өте жақын, оқырманы көп қаламгердің бірі болды. Сондықтан ол «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне!» деп батыл айта алды деп ойлаймын. Қазір оның осы сөзі музейінің кіреберісіне алтын әріптермен жазылып тұр.
Сәбеңнің қазақтың болашақ қаламгерлеріне тигізген әсері мол. Мәселен, қазақтың белгілі жазушысы, марқұм Рахымжан Отарбаев осыдан он жыл әріде берген бір сұхбатында өзінің қаламгерлік жолындағы Сәбит Мұқановтың әсері туралы: «Атырау облысы Құрманғазы ауданының Приморье ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқып жүргенімде Сәбит Мұқановтың 16 томдық қалың-қалың көк жолақ кітабы жарық көрді. «Менің мектептерімнен» бастап түгел оқып тауыстым. Керемет әсерлендім. Алдымнан ақтабан жол шыққандай, сәуірдің шипа самалы ескендей күй кештім. Сол сәттен бастап жазушы болсам деген ой көкейіме мықтап орныққан. Қазірде көп насихаты жоқ осы нағыз халықтық қаламгерге деген құрметім шексіз. Мынау алды – сағым, арты сағыныш тірлікте басыма сана, тіліме бояу берген Алла болса, қолыма қалам ұстатқан сол алып тұлға деп білемін» депті. Тізе берсек, мұндай мысалдар көптеп табылады. Демек, Мұқанов шығармашылығына біржақты баға беруге болмайды деп ойлаймын.
Сәбең «Сұлушаш» сияқты тамаша дастаннан кейін прозаға кетіп, бірден екі жастың арасындағы махаббат трагедиясын суреттейтін «Адасқандар» деген роман жазып, елдің ықыласына бөленген жазушы. Кейін оны «Мөлдір махаббат» деген қалың роман қылды. Алғашқысы – саясаттан ада таза шығарма еді, оны оқыған көнекөздер қазір азайып қалды ғой, бұрынғылар «Адасқандарды» бағалайтын. Сондықтан «Адасқандар» романының 1931 жылғы алғашқы нұсқасы біздің дайындауымызбен 1999 жылы «Елорда» баспасынан қайта жарық көрді. Одан кейін бұл роман тағы да қайта басылып шықты. Сондай-ақ Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» туындысы, «Халық мұрасы» кітабы қайта-қайта басылып шығып, оқырманға рухани азық болған шығармалар.
– Музейде ширек ғасыр табан аудармай жұмыс істеу өз шығармашылығыңызға қалай әсер етті? Ыңғайлы болды ма?
– Әрине, жеке шығармашылығыма көп пайдасын тигізді дей аламын. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдықтарын өткізген соң 2002 жылы тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы поэзиялық шығармалар жайында кандидаттық диссертация жазуды бастадым.
Біз, музей басшылары, әр тоқсанда бір рет Мәдениет министрлігі өткізетін жиынға қатысып тұрамыз. Сол тұста Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Музейді ғалым адам басқарғаны дұрыс. Музейдің басшысы кемінде ғылым кандидаты немесе ғылым докторы болуы керек» деген еді. Содан мен ойланып қайттым. «Қазақтың екі классик жазушысының музейін бір ақын басқарып отыр, ғылыми атағы жоқ» деген әңгіме болып жүрер деп, ғылыммен айналысуға бел будым. Алматыға келген соң тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қазақ поэзиясы туралы жазсам қайтеді деген ойға келдім. Сөйтіп, газет-журналдарда шыққан шығармаларды қарап, Ұлттық кітапханаға барып, 1991-2001 жылдардағы кітаптарды қарап, зерттеп, ғылыми жұмысымды жаза бастадым. Жазып көріп ем, материалдар көбейіп, жұмысымның көлемі ұлғайып бара жатыр. Сосын, қой, мен Әдебиет институтына барайын, жұмысым жайында сөйлесейін деген шешімге келдім. Сондағы ғалымдарға жолығып, ғылыми жұмысым жайында айтып едім, академик Серік Қирабаев ағамыз: «Бұл тақырып біздің институтта әлі қозғалған жоқ, сен айтып отырған кезеңдегі проза, поэзия, драматургия жайлы ғылыми еңбек жоқ. Сенің тақырыбың жақсы екен, жаз, мен өзім саған ғылыми жетекші болам» деп қолдау білдірді. Сөйтіп, тақырыбым бекітіліп, екі жылдың ішінде ғылыми диссертациямды жазып, қорғап шықтым.
Мен тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядан кандидаттық қорғаған соң әдебиеттің әр жанр бойынша зерттеліп, ғылыми диссертациялар қорғала бастады. Кейін он томдық қазақ әдебиеті тарихы шыққанда, соның 10-томына менің тәуелсіздік жылдарындағы қазақ лирикасы туралы жазылған ғылыми еңбегім бір тарау болып енді.
Музейде еңбек етіп жүріп өзімнің әдеби шығармаларымды жаздым, Мұқанов пен Мүсірепов туралы көптеген республикалық, халықаралық конференцияда баяндама жасадым. Сол баяндамаларымның өзі бір кітап болды. Солайша осы жерде қызмет атқарғанымның арқасында ғылым кандидаты болдым, Мұқанов пен Мүсіреповтің шығармашылығын зерттедім. Бірнеше жыр жинағым жарық көрді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қазақ поэзиясын зерттегенде неге көз жеткіздіңіз? Сол кезеңдегі поэзияның қандай ерекшелігі бар екен?
– Ол жайында «Тәуелсіздік және қазақ поэзиясы» зерттеу кітабымда кең түрде айтылған. Басты ерекшелігі – кеңестік кездегі саяси ұранға елту, мадақтау жоқ. Цензура жоқ. Ақындар барынша еркін. Ұлт, тарих туралы батыл ойлар мол кездеседі. Лирика нағыз ұлттық сипат алған. Поэзия өзге жанрлардың алдына түсіп кеткені айқын көрінеді. Жақсы ақындар, жақсы кітаптар көп.
Тек ол кездегі поэзия халыққа кеңірек тарала қоймаған сияқты, өйткені кітаптардың тиражы көңіл көншітпейтін, әркім кітаптарын өз күшімен шығарып, аз таралымда болғандықтан ақындардың бірін-бірі терең білуге, оқуға мүмкіндігі аздау болды деп ойлаймын.
Мен ол кездегі поэзия туралы жазғанда, сол тұста шыққан кітаптардың бәрін оқып шығуға мүмкіндік бола қоймады, шыққан кітаптардың бәрі бірдей кітапханалардан табылмайтын. Сондықтан мен негізінен зерттеуіме газет-журналдарда шыққан шығармаларды алдым.
– Өз шығармашылығыңыз туралы айтыңызшы, қандай кітаптар шығардыңыз, ақындығыңыз өзінің лайықты бағасын алды деп ойлайсыз ба?
– 1980 жылы «Бастау» атты алғашқы жыр жинағым шыққаннан бергі жерде 6-7 өлең кітабым жарық көрді. 1998 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Шер шертер» атты кітабыма халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Ол кезде бұл сыйлыққа түсетін кітаптар қатал сүзгіден өткізіліп, сарапталатын. Сондықтан мұны мен ақындығымның бағалануы деп санаймын.
Алпысқа толғанымда мерейтойымды өткізіп, той тойламадым. Есесіне 10 томдық шығармалар жинағымды шығардым. Соның алғашқы үш томына поэзиялық туындыларымды енгіздім.
Жоғарыда 20 жылдан аса уақыт түрлі басылымдарда журналистік қызметте болғанымды айтып өттім ғой, қазір қарап отырсам, бәрінде әдебиет және өнер бөлімінде еңбек етіппін. Сондықтан ол жерлерде жүріп жазғандарымның саясатқа қатысы жоқ, түгелге жуығы әдебиет пен мәдениетке қатысты екен. Ал ол тұрғыдағы материалдар уақыт сынына төтеп береді, көптеген жылдан соң да қайта оқуға жарайды. Мысалы, ертеректе жазған «Ақтоты және Мақпал» деген шағын мақалам бар. Ол музыка мектебінде бірге оқыған композитор Ақтоты Райымқұлова мен белгілі әнші Мақпал Жүнісова туралы. 11-сыныпта оқитын олардың біреуі ән жазса, екіншісі ән салған. Қазір оның өзі өнер тарихына қатысты бір материал болып қалды. Міне, осындай танымдық мақалаларым мен сұхбаттарымды, зерттеу еңбектерімді, рецензияларымды 10 томдығыма енгіздім.
Екі баламның біреуі дәрігер, біреуі заңгер. Олар кітап оқығанымен әдебиетпен айналыспайды. Ал немерелерімнің ішінен әдебиетке қызығатын біреу шығып, ол менің жазғандарымды қай уақытта жинап, түгелдейтінін Құдай білсін. Сондықтан күшімнің барында жазғандарымды өзім жинақтап кетейін дедім. Ол өзі тәжірибеде бар нәрсе. Әркім-ақ өз шығармашылығын өзі жақсы біледі ғой.
– Музей деген руханият ордасы ғой, дамыған елдерде өте жоғары бағаланады. Қазақ музейлерін дамыту туралы қандай ойыңыз бар?
– Әрине, музейдің рухани атмосферасы ерекше ғой, әсіресе, әдеби музейлердің орны бөлек. Өзің туындыларын оқып сүйсінген қаламгерлердің музейіне барғанда оның отырған жерін, шығармаларын жазған кабинетін, қолжазбаларын көргенде ерекше күй кешесің, ол еңбек еткен дәуірді көзбен көргендей боласың. Танымың тереңдейді, көкжиегің кеңейе түседі.
Әдеби музейдің құны, қадірі оны көруге келген оқушылардың, студенттердің санымен бағаланбауға тиіс. Музейге барған адам бірдеңе алып, танымын байытып қайтуы керек. Ол үшін ең алдымен әдеби музейлер ғылыми орталыққа айналуы қажет. Онда зерттеу жүргізуге қабілетті адамдар қызмет атқарса, оларға жағдай жасалса, көп пайдалы іс жүзеге асар еді.
Мысалы, мен «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясын жасап жүрген кезде Алматының Мәдениет басқармасының бір басшысы (олар жиі ауысып жатады ғой) «Энциклопедияда не шаруаң бар, оны керек болса анау Қазақ энцилопедиясының бас редакциясы, әдебиет институты жасасын» дегені бар. Мен «Мүсіреповке қатысты нәрсенің бәрі осында тұр, оны неге сырттан келіп біреу жасауы керек» деймін. Ал олар тыңдағысы келмейді. Бірақ оған құлақ аспай өз шаруамды атқара бердім. Әлгіндей жаратпағандардың кесірінен ол энциклопедияны жасап шығару біраз уақытқа созылды. Сондықтан музей секілді мәдениет ордаларына басшылық жасайтындар кедергі келтірудің орнына әрдайым қолдау білдіріп отырса екен деймін. Ғылым барлық жерде дамып, тиісті адамдар қажетті шаруаларды атқарып жатса, оның несі жаман?
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ