Екінші ұрпақ тотемі

(Сұлтан Раевтың «Көкжал» хикаяты хақында)

Екінші ұрпақ тотемі
610

Бөрі туралы біз дәл осы ғасырда не ойлай алуымыз мүмкін? Таң ағарып келе жатқанда мұнартып көрінген Алатауға қарап, онда шатқалдарды кезіп, сайларды сүзіп бөрілер жортып жүргендей сезіле ме? Біз, сірә, бөріден тым алыстап кеткен жоқпыз ба? Ескіде бөрімен қаншалық жақын болдық? Табиғат, мифтер философиясын ашқан сайын бармақ шайнайтынымыз қалай?

Сұлтан Раевтің «Көкжал» хикаятының соң­ғы бетін жауып болып, менің санама ен­ген ойлар тізбегі осылай болды. Ал шы­ғар­­­­маның жазылу стилі маған С.Раевтың жаңа қырын ашып бергенін түсіндім.
Шығарманы Әсем Ережеқызы қазақ ті­­­ліне өте тамаша  аударыпты. Тілі шұ­рай­лы, жатық. «Манасты» тудырған елдің ба­ла­сы жазғанына шек келтірмейсіз. Бірақ көп сөзділіктен ада, шұбалаң метафоралар шек­теуге ұшыраған секілді. Бір сөзбен айт­қанда, шығарма тілі Фолкнердің «өрнекті сөй­лемін» еске түсіреді. Модернистік про­за­ның тілге қоятын талаптарына сәйкес, сер­гек, салмақты, нақты, сенімді, сезімтал сөй­лемдер көңілді иіте береді. 
Шығарма бөрі туралы. Көкжал есім­ді арлан бөрінің бастан өткен ғұ­­­­­­­мырнамасы. Жан алып, жан беріскен кү­­рес­ке толы сәттері, азабы, ызасы, кегі... се­­зім-сүйіспеншілігі. Автордың өзі шы­ғар­ма­да нақтылап отырғанындай – бөрі тағ­ды­­ры. Әкесінің аты – Шоңтабан, анасының аты – Оқжетпес, өзінің аты – Көкжал. Әри­­не, бұл есімдерді сол қасқырлардың жау­­ла­ры – адамзат баласы қойған. Олар өз­дерінің аты кім екенін білмейді. Оларға бө­рі заң­дары ғана маңызды. Шоңтабан – сирағы шоқ­пардай әлуетті арлан, Оқжетпес – көз ілес­пейтін жылдам, қайсар өлекшін. Көк­жал жеті жетімектің ең кенжесі, тірі қалған жал­ғыз бөлтірік. Шығармада адамдардың бір­де-біреуінде есім жоқ. Екі аяқтылар не­месе адам деп, көбіне олардың портрет ерек­шеліктеріне қарай атау беріп ерек­ше­леп өте береді. 
Жалпы, әлем әдебиетінде экокрицизм ба­ғытында жазылған шығармалар көп. Гер­ман Мелвиллдің «Моби Дик» романы көш бастаған бұл лекке Фолкнердің «Аюы» мен Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» қо­сыл­ған соң қуатты, арналы дарияға айнал­ған­дай сезім берді. Жазушылар солай табиғат пен адам арасындағы байланыстың құпия­ла­рына үңілді, табиғат пен адам арасын­да­ғы қайшылық, қақтығыстардың себебі мен ше­шу жолдарын іздеді.  Адамдардың «Эво­лю­ция теориясымен» өзін ақтау әре­кет­тері­нің астарында бәрібір антропоцентризм жат­қаны айқындалды. Есесіне психоло­гия­ның тереңдей дамуы адамның табиғаттың ала­қанынан шығу мүмкіндігінің қазірше жоқ екенін көрсетті де, осыған дейін неше мың­даған жыл бойы жасалған дамудың қаң­қаға барынша бағытталғаны әшкере болды. Бұл жағдайлар біздің осыған дейін табиғат алдында алған жеңістіктеріміздің тым күлкілі характерін мойындауымызға мәж­бүр етті. Дәлірек айтқанда, табиғат пен адам арасында дуалистік қатынас жоқ екен. Табиғат – Құдай, біз – шайтан немесе азғын періш­те ғана екенбіз. Шайтанның Құдай ала­қанынан шығып кете алмайтыны секіл­ді, біз де табиғат аясынан аулақтауға мүмкін­­ді­гіміз жоқ екен. 
Дәл осы ақиқатты бұл жолы бізге «Көк­жал» ашып берді.
Сұлтан Раевтің «Көкжал» хикаяты ав­тор­дың «Жанжаза», «Топан» романдарымен қа­тар аталатын үздік шығармасы. Шыным­ды айтсам, автормен таныстығым «Жан­жа­за» романы арқылы басталған еді. Содан кейін Раев десе көңіл бөлмей өте шығу мен үшін жат болғалы біраз уақыт өтіпті. «То­пан­ды» оқыған соң, мен өзімді Сұлтан Раев­ты танитын оқырман қатарына қосып та қой­дым. Бірақ қолыма «Көкжал» хикаяты түс­кенде бұл ойымның мүлдем қате еке­ніне көзім жетті. «Көкжал» стильдік тұр­ғы­дан болсын, мазмұндық тұрғыдан болсын атал­ған екі романнан басқаша туынды. Бө­лекше немесе өзінше ізденістің жемісі бо­лып шықты. Мәселен, «Жанжаза» романы «Қа­сиетті кітаптағы» Мұса пайғамбардың ев­рей қауымын шөлде қырық жыл айнал­дыр­ған аңызының сюжетін түрлендіріп, же­ті кейіпкерді буддизмнің самсара та­ны­мы бойынша немесе реинкарнация ұғымы бойынша жасақтап шыққан. Яғни, ро­ман­дағы жеті жынды заманақыр болатынын бол­жап, жүйке ауруларын емдейтін ауру­ха­надан қашып шығып, шөлдегі ұзақ сапа­рын бастайды. Бар ойлары «Киелі жерді» тауып, Құдайдан кешірім өтініп, күнәларын жумақ. Жеті кейіпкер –  Император, Шың­ғысхан, Ескендір Зұлқарнайын, Лир, Тайс Афи­ниская, Клеопатра, Қозышақ. Оқырман кейіпкер есімдеріне қарап олардың тарихи кейіпкерлермен қандай байланысы барын болжап үлгерді деп ойлаймын. Иә, бұл атал­ған жетеуі тарихтағы айтылмыш жауыз би­лік иелерінің өмірге қайта келіп, күнә­ла­рын жуып жүрген бүгінгі бейнелері, жа­за­сын алып жүрген рухтары. Олар өткен өмір­лерін өздері білмейді, тек жынды­хана­да токқа соқтырып емдеу барысында өткен өмір елестерімен бұлдыр-бұлдыр ұшы­ра­са­ды. Бұл кейіпкерлердің бәрі күнәға бел­шеден батқан жандар, соған орай, тарихта жасаған қылмыстары үшін осы өмірде жа­заларын өтеп жүр. Жанжаза сөзі жан­дары жаза кешіп, дүние тозағына күйіп жүр­ген сол бейбақтар күйінің ең түйінді атауы болып тұр. 
Роман мыңдаған жыл бойында адам­зат­пен бірге жасап келе жатқан күрделі мә­селелерге философиялық тұрғыдан жауап беруге тырысады. Шығарманың сти­лі де, мазмұны да күрделі. Оқырман үшін жаңа кеңістік сыйлайды, бағзы һәм мәңгі проб­лемалармен, күңгірт те қатал бір сезім­дермен ұшырасасыз. Сюрреализмнің ерек­ше мүмкіндіктері шығарма үшін өзін­ше ретімен сап түзеп қызмет етіп тұр. 
«Топан» романы да өзегін «Қасиетті кі­тап­қа» бағыттайды. Яғни, «Топан су» мифі ро­манға өзек болады. Аңыз бойынша жер бе­тін күнә жайлап, адамзат былыққа әбден бат­қандықтан, Құдай топан су жіберіп жер әлем­ді күнәһар адамзаттан тазартады. Тек Құ­дайға сенімін жоғалтпаған Нұх пайғам­бар ғана отбасымен тірі қалады. Нұхтың кемесі жер бетіндегі ең биік таудың басына (қазақ аңызы бойынша Қазығұрт тауы) тоқ­тап, адамзаттың, жер бетіндегі тірші­лік­тің үміті сол жерден тыңнан өркен жаяды. Осы мифтік, классикалық желіні Сұлтан Раев «Топан» романы арқылы бөлекше бол­мыс бітіріп, өзгеше образ арқылы мо­де­р­нис­тік мәтінге айналдырып, бізге жаңар­тып, жаңғыртып қайтадан ұсынады. Ро­ман­дағы жер бетінде қалған соңғы отбасы  – Кхе және оның жұбайы Ман, ұлы Этих, қызы Дуна. Кхе – жер бетіндегі дінге сенетін, Құ­­­­дайға құлшылық қылатын соңғы еркек. Әйе­лі Ман – жасанды адам жасайтын ге­не­ти­калық институттың ғылыми қызметкері. Нұх пайғамбар мифінде Нұх пайғамбардың кемесі зоологиялық парк еді, яғни, кемеге жер бетіндегі барлық аң мен құс әрқайсысы бір жұптан сыйған болатын. Солайша олар да тыңнан тіршілік жалғаған. Ал С.Раевтың романында Кхенің кемесінде адамнан өзге жан иесінен тек бір тал бит қана болады. Ол да кемеге жоспар бойынша шықпайды. Жай ғана адамның қанын қорек ететін та­биғатымен кеме ішіне енеді. Топан су Кхе­ні жасанды адамдар ағашқа таңып жат­қанда басталады. Бұл тұс енді тура Иисус Христостың креске шегеленуінің жаң­ғы­ры­ғы. Топан су аяқталған соң бұлар да жаңа тірлік бастайды. Дегенмен Кхенің дін­дарлығы мен сенімі балаларына жұқ­паған болатын. Тіпті, оның балалары да жасанды адамдар еді. Ер жете бастаған Этих ал­дымен шешесіне зорлық жасайды. Онан соң қарындасымен қосылып балалы бо­ла­ды. Олардан мүйізді бала дүниеге келеді. Хрис­тианда шайтан мүйізді теке бейне­сін­де суреттелетін. Осыған қарап мүйізді ба­ла­ның символы не екенін аңғару қиын емес деп ойлаймын. 
Кхе ең соңында бәрібір ағашқа таңы­ла­ды. Бұл жолы оны ұлы мен мүйіз­ді немересі таңады. Үміті үзілген Кхе екі аз­­ғын зәузатының қолынан өлуге намысы жібермей, ағашқа таңулы күйінде өзін теңізге лақтырады. 
Қысқаша меңземе жасалған екі ро­ман­ның да айтары әлемге ортақ тақырып, фор­малық жақтан адамзат баласына ортақ ар­хетиптер жүйесін, баршаға мәлім сю­жет­тік ерекшеліктерді өз бетінше жаңғырта пай­даланады. Діни-философиялық мәң­гі­лік ойлар мен типтік кейіпкерлер арқылы адамзат дүниесінің раевтық нақыштағы ша­ғын да күрделі ғаламын құрастырады. Жиып келгенде бұл екі шығарма да ав­тор­дың интеллектуалдық эксперименттермен үзеңгілес болмысқа ие модернист жазушы еке­нін қапысыз айғақтайтын, жұмбағы мен жаңалығы бірдей көз тартатын қуатты туын­дылар.
Сұлтан Раевтың «Жанжазасы» мен «То­па­нын» оқығаннан кейін авторды космо­по­литтік бағытқа адал, Орталық Азияның ше­гінде қалуды жөн көрмейтін жалпақ әлем­ге ортақ, адамзаттық асқақ мұраттар жүйе­сіне қызмет ету жолындағы алғадай тұл­ға деп ұққаным есімде. Әрине, мұнда шы­ғармашылық қуат қанша жерден әлеует­ті болсын, адам өз топырағының уысынан шы­ғып кетуі мүлде мүмкін емес еді деген дү­дәмал кейіппен де іштей жүздескенімді мойындауыма тура келеді. Осы дүдәмал ойым бүгін өзін ақтады. «Көкжал» мені Ала­тауға, көшпенділердің ұлы даласына же­телеп әкелді. 
Бөрі – көне түркілердің ең әйдік то­тем­дерінің бірі. Аңыз бойынша түр­­­­кі­лердің ата-бабасы бөрінің құртқасын еміп тірі қалады. Сонан кейін өсіп, өркен­деп, ұлы империяға айналады. Мынау кең өлкенің сәні тек дүркіреп шапқан жылқы немесе ақ шағаладай тізілген ақ ордалар ғана емес, айлы түнде қыр басына шығып, түн­гі жұлдызды аспанға тұмсығын тіреп тұрып ұлитын топ бөрілер де бар еді. Дала ұландары бөрімен қоян-қолтық араласып өмір сүрді. Күресті, жауласты, аңдысты, ша­бысты. Осы барыс көшпенді ұлына бө­рі­ні мықтап жақыннан таныстырды. Бөрі мінезі, бөрі болмысы, бөрі заңнамасы түркі баласының бөріні кие тұтып, бөріге ықы­ла­сымен иіп, бөрімен туыстық, байланыс ны­шандарын ойлап табуына жол сілтеді. Бө­ріні бағалады, қадірледі. Жалпы, көш­пен­ділердің дәстүрлі дүниетанымы таби­ғат­пен, жаратылыс әлемімен етене, оған тәуел­ді сипатта көрініс табатыны бұл күн­де жасырын емес. 
Дегенмен С.Раев «Көкжалда» бөрінің то­темдік ерекшеліктерін саналы түрде ат­тап өтеді. Саналы түрде аттап өте отырып, бө­рінің неліктен соншалық қадірлі болып саналуының көрінеу де, көмескі де себеп­те­рін шығарманың бүкіл өн-бойына ша­шып, сіңіріп жібергенін аңдамай да қала­сыз. Әйтпесе, шығарма басында Шоңтабан да, Оқжетпес те өлім құшқан соң, аңшылар апан түбіне тығылған бөлтіріктерді бір-бір­леп алып шығып, тасқа ұрып өлтіріп жат­қандағы сақаудың сөзі көп нәрсені аң­ғар­туға тиіс. 
– Білмегенде ше?! Сен немене мені та­ми-тегі жоқ құл деп пе едің? – деген сақау қы­зылбетке қарай ұмтылып қойып, кө­кі­регін қағып. – Мен бойи, бойи руынан бо­ла­мын. Мен адамның бойисімін, ал бұлар хайуанның бойисі. Біздің айыймамыз – осы.
Апаннан тағы бір бөлтірікті суырып алып шыққан адам сақауға қарады да::
– Мә, ал адам бойи. Мықты болсаң, миын шашып жіберші. Кәне, бөрісің бе, жоқ па, көрейін, – деді. 
Осы эпизодтан аңғаруға болатын түйт­кіл мүлде қарапайым жайт емес. Адам (көш­пенді) мен бөрі, адам мен табиғат ор­та­сындағы дәстүрлі қарым-қатынастың ір­ге­сі сөгілгенін байқау қиын болмаса ке­рек. Дәстүр бойынша «Иттің иесі болса, бө­­­­рінің Тәңірісі бар» дейтін таным шегінде, бө­ріні Тәңірдің елшісі, адам мен Тәңір ор­тасындағы табиғи дәнекер ретінде қарас­ты­ратын көшпенділердің бөріге осыншама оспадарсыз жаулық қылуы мүмкін емес болатын. Оның үстіне жендеттің бірінің руы – бөрі екен. Бұл дәйек негізінен бөріні миф­тік наным бойынша ата тұтатын әулет­тердің басты белгісі есептелетін. Автор осы сілтеме арқылы осы арада көшпенділер дүниетанымының күйрегенін, дәстүрлі тү­сініктердің деградацияға ұшырап тоз­ғанын аңғартты деп ойласақ қателеспейміз деп ойлаймын.  
Жалпы, экокрицизм ағымы осы за­манғы көркем әдебиеттегі ар­на­лы, салмақты бағыт. Бұл тарапта тақы­рып көтеріп, шығарма жазу үшін аталған та­қырып аясы бойынша аса терең білім мен зердені қажет етеді. Бұл жағынан біз­дің автор «Көкжал» үшін маңдай терін ая­ма­ғанын шығарманы оқыған оқырман бір­ден мойындайды. Мейлі, көкжалдың тір­шілік дағдылары, бөрілік ұстаным, қа­ғи­даттарының шығармада ашылу про­це­сіне қарасаңыз да, мейлі,  оның күйек мезгілі немесе бөрі ойнағы туралы шабытқа толы бейнелеулері болсын,  жанды тіл мен се­німді нақыштың күші менмұндалап тұ­ра­­ды. Сірә, оқырман көкжалмен бірге жүр­ген серіктердің біріне айналғандай сезім құ­шағында болады. Шығарманың ең ға­жайып ерекшелігінің бірі осы секілді –  оқу­шы шығарманың кеңістігіне біртіндеп еніп, шығармада суреттелген көріністерге, бо­лып жатқан оқиғаларға, көкжалға, адам­дарға табиғаттың көзімен, бөрінің көз­қа­расымен қарай бастағанын сезбей де қа­ла­ды. Шығармадағы адам кейіпкерлерде ар­тық немесе кем сипаттаулар жоқ. Өмірде бар, бөрілерге дұспан қарапайым жандар. Әри­не, бөрілер адамдардың малын қырады, бе­рекесін ұшырып, тыныштығын алады. Шы­ғарма жалаң жан басудан ада, қасқыр­лар­дың қанға ғашық болмысын жасыр­май­ды. Тіпті, олардың адамға ауыз салудан тайынбайтын жойдақсызын да әсіре бояу­сыз кескіндеп, көз алдымызға көлгірліктен таза реңмен тартады. Бірақ дәл осылай бол­са да, біз шығармадағы адамдарға бөрі кө­­зімен қараудан бір сәтке арыла ал­маймыз. Керісінше, оқушыға шығармадағы адам кейіпкерлер жат, адам кейіпкерлер жүгенсіз, адам кейпкерлер әділетсіз сезіл­ген­нен танбайды. Бөрідегі әділетшіл рух, қай­сар мінез, қайырымшыл жүрек там­сан­дырады, бөрінің адам алдындағы әлсіздігі, түс­кен қорлығы, ыза мен торығуға мел­дек­теп тойған хайуандық шынайы кейпі ішті жан­дырады, бармақ шайнатады. Бөрі қан­ша жерден қайратты, жігерлі болса да, сол мыңдаған жыл бұрынғы азу тісімен, сол бо­лат тырнағымен әлі жүр. Арқасына мыл­тық асқан жоқ. Бар болмысы сол, табиғат оны қасқыр етіп жаратқан, ол ешқашан адам бола алмайды. Ыстық қан ұрттау құ­мар­лығынан тиылып, шөп жеп, жеміс теріп кетуі мүмкін емес және осы жолда өлім құ­­­шудан тайынбайды. Ішімізде оның бол­мысына терең түсіністік ниет оянып, адам кейіпкерлерге қыжылымыз өзімізді сауал бесігіне тербетуге жетеді. Зайыры, Джон Гард­нердің «Үздік баяндау шеберлігі оқыр­манды оқиғаның көзбен көрген куәгеріне айналдырады» дейтін сөзінің мәнісі осы болса керек.
Иә, шынымен, қасқыр – сол мың жыл бұ­рын­ғы қасқыр. Ал адам ше? Адам бала­сын­дағы мыңдаған жыл бойы өзгермес, адам баласының бәрі қия өтпес заң қайсы? 
Өлекшіні Оқжетпесті құтқару үшін Шоң­табан оқ тиген артқы сирағын жерге нық тіреп аңшыларды қасқайып күтіп тұ­ра­ды. Аңшылар оған салиқалы ажалды да қи­майды, ауызына ағаш тығып байлап алып кетеді. Ал Шоңтабанның күткені бір тал оқ пен Оқжетпестің адам көзін адас­ты­рып кетуіне жетерлік кішкене уақыт қа­на болатын. 
Шоңтабанның кегін алуды көздеп ауыл­ға кірген Оқжетпес күйеуі қалаға кет­кен бір әйелдің қайнысының төсегінде арам нәпсіге мас болып жатқанын көрді. Бір­ақ тимеді. Керісінше, кейін бөрі ойнақ са­лып, мауығын басып жатқан арлан мен қы­лықты құртқаны адамдар екі оқпен жай­ратып салғаны адам ақылына қонса да, сол оқиғаға куәгер болған көкжалдың миына сыймаған болатын. 
Баламен бірге ойнап өскені үшін, бала­ның ауылда, өзіне талай қорған болғаны үшін сол баланы (әлдеқашан мылтық асын­ған жігіт болған) кейін қасындағы алты қас­қырдан қорғап, құтқарып жібергені көк­жал үшін адамгершілік пе, қасқыргер­ші­лік пе? Ал содан көп өтпей, сол алты қас­қыр салған жарақаты асқынып, құздың басынан өзін тастап өлмекке шыққан қарт көкжалды дәл сол бала кездегі жолдасының, құздың жиегіне жарты қадам қалғанда бастан атқанын қандай өштікпен, қандай ұғыммен түсіндіруге болады?
Шығармада мұндай оқушы жанын қа­рып өтер оқиға, детальдар аз емес. Сол ар­­­қы­лы көкжал қайтадан «тотемге» айна­ла­ды. Бұл еш мұғжизасы жоқ екінші ұрпақ то­тем болатын. Бар болғаны – бөрі заңы. Бөрі заңын  саналы түрде жүрек көзінен өт­кізу процесі. Біз үшін бұл жеткілікті се­беп те. 
Бөрі болмысы – табиғат, адам болмы­сы – табиғаттың мәңгілік шеңбері­нің ішінде табиғатпен қайшыласуға ұм­ты­лыс. Дарвиннің «Табиғатқа бағынғанда ға­на табиғат алдында жеңіске жетуге бо­ла­ды» деген пікірімен, әлбетте, кереғар. 
Эсхилдің: «Әлдебір жақсы әңгіменің кү­ші, барлық аргументтің күшінен әлде­қай­да артық» деген әйгілі сөзі болушы еді. Адам­заттың идеялар мен теориялардан гөрі, үздік өнер туындыларына жақыны осы­­­­дан болса керек. Әрине, бұл өнердің мәні мен қуаты туралы да тамаша меңземе. Эко­логизмнің, экокрицизмнің даму жо­лын­да қаншама теория мен дерек, мәлімет, статистика көпке ұсынылғаны туралы ештеңе айта алмаспыз, неше миллиондап са­налар. Алайда жазылған шедевр шығар­ма­лар туралы оқырман қауымның ақпара­ты аз емес екені анық. Осы қатарда «Көк­жал­дың» да бәсі өрлей беретіні көрініп  тұр. Хи­каяттың жақсы әңгімеге жататыны бір төбе де, хикаяттың әлем үшін шамалы бей­таныс өлкеден туғаны, кезінде көшпенділер қағанат, империялар құрған жұмбақ Орта­лық Азия туындысы екені бір төбе. Бұл тұр­­­­ғыдан «Оқиға туған орын – оқиғаның өзі» дейтін сөз айтпақшы ойымның мәнін бұл­тақсыз әшкере ете алады деп ойлаймын. Ор­талық  Азия, көшпенділер өлкесі, ежелгі Жі­бек жолы... Бөрі тотемді түркілер бөрі тура­лы осылай биік һәм тартымды жазуға тиісті де. 
Иә, сүйтіп айрықша сезім мен әсер иірі­мін көкжалдың өз жазбасын оқығандай қа­ғажу қамаған көңілмен жүрек көзінен өт­кізуге болады. Біз бұл қатарда атын ата­масақ, айып болатын бір шығарманы еске ал­масақ болмайды: ол – қазақтың алып жазу­шысы Мұхтар Әуезовтың «Көксерегі». Әри­не, Әуезов реализмнің ақтаңгері, Раев бол­са модернизмнің, авангардизмнің тай­бурылы. Ортадағы үндестікті Олжас Сүлей­меновтің: «Сұлтан Раевты мен Мұхтар Әуе­­­­­­зовтің, Шыңғыс Айтматовтың ізіндегі жа­зушы деп білемін» деген лебізі арқылы бір жағынан нақтылап отырып, бір жағы­нан сеніммен түсіндіруімізге болатын се­кіл­ді. Екі шығарма да – Орталық  Азия әде­биетіндегі экокрицизмнің озық, өкілдік үлгі­лері. Екі шығарма да адам мен бөрі, адам­зат қоғамы мен табиғат арасындағы қай­шылықты тақырып ете отырып, адам баласының зорлықшыл, менмен пиғылын айыптауды идея тұтады. 
Жалпы, автор Сұлтан Әкімұлы Раев – қа­зір де Орталық Азиядан әлемдік әдебиет кеңістігіне танылып үлгерген санаулы қа­ламгер тұлғаның бірі. Ол тек қана жазушы емес, «Антистандарт» атты өлеңдер жинағы шыққан ақын. Сонымен қатар драматургия саласында да өз әлеуетін мойындатып үл­гер­ген мықты драматург. Қырғыз Респуб­ли­касының мемлекеттік жазушысы, «Тоқта­ғұл» атындағы Қырғыз мемлекеттік сый­лы­ғының иегері. 2002 жылы Ұлыбритания патшайымының Лондондағы мерейтойына әлемнің біраз елінен қатысқан мәдениет пен өнер саласының қайраткерлерімен қа­тар «Әдебиетке поэтикалық жаңалық әкелгені үшін» деген марапатпен қатысқан екен.  Раевтың «Топан» романы 2017 жылғы Сток­гольмде өткен отыз сегіз елден үміт­керлер қатысқан халықаралық әдеби кон­курста Гран-при жүлдесіне ие болып, Но­бель сыйлығының лауреаты Генрих Сен­ке­вич атындағы сыйлықтың иесі атаныпты. Бұ­дан тыс Кореяның, Түркияның халық­ара­лық деңгейдегі конкурстарының жүлде­гері болыпты. 
Еңбегі жанып келе жатқанына бір қырынан осылай да дәлел келтіруге болар. Әрине, ең бастысы қырғыз қаламгері Сұлтан Раев Орталық Азиядан, түркі жұр­тынан шыққан жалауы биік жазушы екенін біз білеміз. Оқырмандары біледі.
Сөзіміздің соңын мақаланың басын­да­ғы соңғы сұраққа жауап берумен аяқта­ға­ны­­мыз жөн көрінеді. Табиғат, мифтер фи­­­ло­софиясы ашылған сайын бармақ шай­­найтын себебіміз, көбінде жұмбақтар­дың шешімі сенім құлаған соң барып табы­лады екен. Бейне көкжалды атарын атып тастаған соң барып таныған көкжалдың ба­ла серігінің, көзсіздікпен, жүгенсіздікпен атқан оғының құтқарушысына тигенін біл­гендегі құзды жаңғырта өкіріп жыла­ға­ны секілді. Осы арада оның өкіне алғанына шүкір деуге тиіс емес екенімізге сенуге рұқ­сат беріңіз, мәртебелі оқырман.

Арман Әділбек

Серіктес жаңалықтары