Бүгін түс қайта Шымкенттегі 11-ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 10 жастағы баланың денесі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Куәгерлердің сөзінше, баланың шекесіне сынған ағаш тиген. Оқиғаны алғаш болып аула тазалаушылар көріп, жедел жәрдем қызметін шақырған. Артынша полиция келген. Бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Баланың денесін полицейлер оқиға орнынан мәйітханаға алып кетті.
«Отырар» телеарнасының түсірілім тобы оқиға орнына барған. Онда сынған ағаш пен қар бетінде қан іздері жатты. Куәгерлердің айтуынша, бала сол маңдағы үйлердің бірінде отбасымен бірге тұрады. №36 мектептің 4-сынып оқушысы болған. Отбасында үш баланың ортаншысы.
Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні жаңбыр жауып, арты қарға ұласқан. Қалың қардың салмағын көтере алмаған ағаштар бірінен соң бірі сынып жатыр.