"Ала кет, не болса да көшіңе ерем"

/
"Ала кет, не болса да көшіңе ерем"

Ешбір ақын өзіне-өзі «маған ақындық қалай қонды?» деп сұрақ қоймаған болар. Бірақ іштей өз ішіндегі басқа бір әлемді сезініп жүретіні анық. Тіпті бәлен кітаптың авторы болғаннан кейін де ақын деген атаудың өзіне қарата айтылатынына бой үйрете алмай жүретін кездері де болады. Тек «Аялда, өкпелетсем, кешір, өлең//Ала кет, не болса да көшіңе ерем» деп қана айта алады. Тәуекел етеді. Өйткені ақындық оқып-оқып, жүгіріп-жүгіріп диплом алып шығатын мамандық емес. «Ғайыптан Аллам берген несібем ең, Сенен қап тірлік кешем несіне мен?» деп қана жорамал мәндес тұжырым жасалады. Содан болар, нағыз ақын көп жағдайда өзін-өзі ақын деп жарияламайды, оны өзгелер айтады. Поэзиясы айтады.

Алғаш өлең жазған күнінен бастап, бүгінге дейінгі жазған жыр жолдары айтады. Біз де Жанат Әскербекқызының уақыт сы­ны­нан өткен жырларын оқып отырып, «ғайып­тан Алла берген несібесінің» нағыз ақын­дық болып шыққанына да, «Ала кет, не бол­са да көшіңе ерем» дегенінен ерген көші­нің көлікті болғанына да сүйсіне қарап қа­ла­­мыз. 
Жанат Әскербекқызымен алғаш рет поэ­зиясы арқылы таныс болдым. «Жас Алаштан» ба екен, «Өксіді аспан... өксідім мен...» деген өлеңіндегі:
Қыл көпірде қырық түрлі ой,
Құбылады үмітті үрлей.
...Қайда бастап бара жатыр,
Жұмағында құлып тұр ғой, – деген жол­дар­ды оқығанда, жастау кезіміз ғой, ең алды­мен жұмақтың есігіндегі құлып тура ма­ғы­на­сында елестей қалды, әрине. Жұмағына құ­лып салып қоятындай бұл Жаратқан Ие­міз­ге не көрінді деп ойлай жаздап, сәлден кейін қайтадан оқысам, мәселе басқада екен. Бұл жолдардың ұшы мен қиыры кең ұғым­нан елес берді. Тірі пенденің бәрі сол құлып­тың ашарын іздеп кетердей екенбіз. Тіпті кі­нәліні іздегіміз келетіндей. Ал дұрысында – бұл тұста мәселе жұмақта емес еді. Тіпті мұнда жұмақ туралы әңгіме жоқ. Мұндағы құлып концепциясы – қоғамдағы аласапыран, қым-қиғаш қателіктер мен озбырлықтар кешені болар, бәлкім. Жұмақты іздеу – өзіңді тану жолы шығар. Мүмкін, жұмақ әркімнің қол жеткізуі мүмкін емес кеңістік, әлде жай ғана сезіне білу ме екен? Қалай болғанда да жұ­мақтың есігіндегі құлып – тың ой түйін­деріне жол бастайтын өзіндік генеративті мо­дель екен. Біздің жай тіршілік иесі ретін­де­гі ұғымымызда жұмақ ешкімге уәде етіл­мей­ді, сыйға тартылмайды. Ал ақынның нұс­қауындағы жұмақ адамдық формула­сы­мен ұштасып жатқан шексіздік болса керек. 
Жанат ақынды алғаш рет осылай та­нып, кейін өзімен бір универси­тет­те қызметтес бо­лып, жақын таныстық. Бұл таныстығыма да академик ұстазым Рым­ғали Нұрғали се­беп­ші болды.  Тағы бір се­бепші болған адам – профессор Алма Қы­раубаева. Алма апай менің кандидаттық дис­сертацияма жетекші ретінде тағайын­дал­ған күні оңаша шақырып алып, ғылым жо­лының мәнін, тереңірек барғандағы ма­ғы­насын түсіндірді. Сосын айтқаны «фи­ло­ло­гия­дағы Жанатты білесің ғой. Талантты ақын және өте білімді қыз. Ғы­лымның жолы саған да қиын бола қой­мас» деді. Про­фес­сор­дың осы бірауыз сөзінің өзі менен әл­деқайда жас болса да, ғы­лымға бұрынырақ келген Жанат Әскер­бекқызының ғалымдық портретін жеткізіп тұрды. Бұл күнде ол «Ға­рыш билер ғұмырымды» (1999), «Қаракөз бұ­лақ» (2001), «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001), «Көктүріктер әуені» (2002), «Қаз қа­натындағы ғұмыр» (2007), «Миф-о-поэ­зия» (2022) жыр жинақ­тарының, «Миф дү­ниесі жә­не көркемдік әлем» (2004), «Көр­кемдік өріс» (2008), «Мифтің поэтикадағы қызметі» (2010) атты ғылыми-зерттеу ең­бектерінің авторы.   
Ақындық пен ғалымдық бір адамның бойындағы екі бағыт сияқты болғанымен, те­реңірек бағамдасақ, екеуінің түп негізі бір та­мырдан тарайтынына көз жеткізер едік. Және бұл екеуінің бір адамның бойынан табылуы – ғылымға да, поэзияға да ерекше құбылыс береді. Поэзияға тереңдік береді, ғы­лымға көркемдік береді. Осы қиырынан кел­сек, Жанаттың бойындағы табиғи талан­ты екі ұлы арнадан ой суырады. Ғалымдығы дәлдікке ұмтылса,  ақындығы оны сезіммен көркемдеп, қазіргі заманның жасанды ин­тел­лектісі сияқты эффектілермен көркем­дей­ді. Ғалымдығы өлшейді, ақындығы мең­зей­ді. Ғалымдығы салмақ береді, ақындығы са­ғынышты саз береді. Ғалымдығы – тео­рия­лық-философиялық формулалар парадында сал­танат құратынында, ақындығы – ме­тафораның тылсымдарында өрнек салып жү­­­ретінінде. Екеуіндегі ұлы мақсат – бол­мыс­тың шындығын іздеу, болжап айту. «Қоңыраулы намыс қаруы болған еркін ел//Ты­нысыменен жерұйық болып жер түлер.//Ба­балар жолы қазына болған даламда,//Қа­зақтық қана Азаттық сәнін келтірер! – деп, «қа­зақтық» деген бір ауыз сөздің мән-ма­ғы­насын адамзаттық арманның айқындауышы деңгейіне дейін кеңейтіп алып шығады. 
Метафора демекші, метафорасыз поэзия бола ма?!
 Сіз – ғұмырлық шер болдыңыз,
 Күлкі, мұңға тел болдыңыз.
 Көз жасымнан көл жасағам –
Қайық болып тербелдіңіз! – дейді ақын. Көз алдыңызда не пайда болды? Әрине, қара сөз­бен түсіндіруге көнбейтін алыс көк­жиек­ке қарай кетіп бара жатқандай күй кештіреді. Автор – ішкі толқынысты табиғат көрінісіне айналдырудың шебері. Әдеби зерттеудің тілі­мен айтсақ, бұл – гиперболалық мета­фора. Сырттай қарағандағы бір адамның ба­сындағы жағдайды кең мағыналы кө­рі­ніске айналдырудың өзіндік тәсілі.  Ин­тел­лек­туалдық ішкі мән қолдан жасалмайды. Ол – табиғи нәрсе. Ол хаостан мағына жасай алады. Сөздің де экологиясын сақтап, байы­тып тұратын күшке ие етеді. Ақиқатты бөл­шектеп танытады, деректер арасындағы жа­сырын заңдылықтарды аңғартады:
Жайлау-жаным құлазыр ел көшкендей,
Өтірікке ешбір жан сенбес мендей.
Теңселемін тірліктің толқынында,
Жалғандықты тек жалғыз мен кешкен­дей, – деп жалғандықтың тіршілікпен жарыса жүрер табиғатына ой ұшқынын жібереді. 
Поэзияға тумысынан цифрлылық тән ғой. Әрине, ол бір, екі, үш деген емес екені тү­сінікті. Цифрлылық деген – сансыз қиы­лыс­тар мен құйылыстардың әлемі. «Көкірек­ті тырнаған шер, Көз жұмады ұлып-ұлып» деп те көрінбейтінді көрінетін етеді. 
Жаныма да ие бол, жүрекке де,
Мен боп жалған дүниеге бір өкпеле.
Мен боп кейде егіліп болмашыға,
Мен боп кейде сұмдыққа дір етпе де! – дейді. Ғылыми зерттеуде аналогия деген ұғым бар. Яғни, кейбір таныс емес тұжырым­дард­ы танытудың амалы. Қаланың асфальт жолынан жалыққан көңіл кейде даланың қара жолымен жүргісі келетіні сияқты, ана­логиялар мәннің астарын іздеудің ләззатын сый­лайды. Тіпті кеңірек айтсақ – әлем ана­логия арқылы өзін таниды. Сол тұрғыдан кел­генде Жанаттың жырлары ақындықтың бол­мысына сілтеме іспеттес. Поэзия мәсе­ле­ні тікелей айтатын ережелердің аумағына сыймайтынымен көркем. «Мен боп кейде егіліп болмашыға//Мен боп кейде сұмдыққа дір етпе де!» деп ақын басқаны меңзеп тұрып өзін айтып немесе өзін айтып тұрып, бас­қаны меңзеуі поэзиядағы тереңдіктің мәнін ұғындырар еді. 
Ал, сен болсаң, мүлде есіңнен шығардың,
Мен туралы ойламайтын, Өткенім, – деп, айта берсе таусылмай, эмоциясы асып-тө­гілер өткен шақ та адам кейпіне айналып, «Өткенім» болып, бір ғана сөзге сыйып тұр. Поэзияның көп сөйлемейтіні – оның ішкі психологиялық ұстанымы. Өлеңді сөз басып қал­са, ол өзінің ішкі-сыртқы қуатынан айы­ры­лады. Ақын әңгімелемейді, тек сендіреді және сездіреді.  Табысу мен айырылысуды жеке-жеке бөліп айтпайды, оны өткен шақ­тың образына айналдырып жеткізеді. Осы қиырдан көз салсақ, аналогия да, метафора да өлеңді төзімді ету үшін керек. Сөздің тү­бірлері де өзіндік бәсекелестіктің ешқашан біт­пейтін ішкі майданында екені мета­фора­лардан байқалады. Бұл да бір ғажайып ат­трак­цион сияқты көріністер. Ақынның ше­берлігі дегеніміз де сол. Жанаттың поэ­зия­сында жиі кездесетін риторикалық сұ­рақ­тардың да орны бөлек. Сұрағында жауа­бы тұратын ерекше құрылым. 
...Ал, өзің ше, санаңда шөгіп қалған,
Жалқы сәтпен қауышып көріп пе едің?! – десе, оған жауап іздеп кетпейтінің түсінікті. Бірақ:
Сұрғылт дүние... Менің жаным үйлескен...
Мен ғана ма дәл осындай күй кешкен?! – де­се, оған «иә!» деп жауап бергің келеді. Өйт­­кені саған соншалықты жақын әрі тол­ған­дыратын сұрақ-жауап. 
Сыңар құстай сырт жүрген бір-бірінен,
Біздің жазмыш өзгеден неге бөлек?!
Өміріңе неге ендім – өзімде мін,
Өміріме неге ендің өзің менің?!
Есіндегі естелік есін алған,
Жүген-құрық сала алар сезімге кім?! – десе, белгілі нәрселерді бейнелеп айтудың әсеріне елти жөнеліп, келесі өлеңдегі: 
Қарасу бойын жағалар жаным,
Не деймін енді саған, ардағым?.
Түс көрем әлі өңге бергісіз,
Сол түстің бәрін саған арнадым, – десе, біреуге арнап түс көру дегенді тек ақын ғана айта алатынын мойындайсың. 
…Бабам тіккен алты қанат үй қайда?
Мен сол үйдің үзігі ем, – десе ше?
Алты қанат үйдің үзігі деген ұғымды киіз үйде өскендер біледі. Жанат киіз үйде өсті ме, өспеді ме – білмеймін, бірақ мен – өстім. Со­­дан болар, мына жолдардағы фи­ло­со­фия­ны автордың өзінен де терең түсіне аламын. Үзік – уық пен туырлықты бастыра жабы­ла­тын, киіз үйдің керегелерін неше қанат бол­са да қапсыра құшақтап тұратын жаб­дықтарының ішіндегі ең үлкені. Поэтикалық көзбен қарасақ, киіз үй формуласы – бірінсіз бірі толымды болмайтын алгоритм. «Бабалар тіккен алты қанат үй» – ұлттың өшпейтін де­рекқоры. Автор үзікті сол дерекқордың ко­ды қызметінде қарап, тұтастанудың арғы бір­лігін іздейтініне  сілтеме жасаған екен.
Алтайдың асуын асқан кім?
Ертістің кешуін кешкен кім?
Балқан тау шалғынын басқан кім?
Құрлықты айналып көшкен кім? – деген риторикалық сұрақпен басталатын жырдағы тарихтың көші қоңырауын қағып көз ал­дыңда өте бастайды. Сұраққа жауап іздеу ке­рек сияқты. Осынау тарихи асулардан кімдер асуы мүмкін өзі? Алтай асып, Ертіс ке­шудің азапты жолы эмоционалды шие­леністі тудырып, тыңдаушыға тікелей жүгі­ніп, шығарманың диалогтік сипатын көр­сетеді. Бірақ жауап күтіп тұрмағаны анық. Демек, халықтың қаһармандық жады мен ұлы­лығын растау үшін баяндау мен сұрақ жа­рыса шығып, есте қалмағанды еске түсіру­дің динамикасын арттыру процесін көреміз.
Тақымын ер қажап,
Дидарын жел қажап,
Жүрегін шер қажап
Еркіндік іздеген ер – қазақ! – дейді. Иә, жауабы осы екенін жобалағанбыз. «Ердің», «жел­дің», «шердің» заттық күйінен шығып, бірін-бірі кимелей, қазақ деген халықтың анық­тамалығының қызметін атқарып кетуі­нің көркем көрінісі. Бұл өлең оқылады де­ген­­нен гөрі, естіліп тұрады деуге келіңкірейді. 
Поэзия – кейде белгісіздікке саяхат сияқ­ты. Ақын бұл жолда тәуекелге барады, сәттілігін тілейді. Риторикалық сұрақтарға жүгінеді. Қарапайым адам барды бар деп, жоқ­ты жоқ деп түсінсе, ақын ол екеуінің ара­сынан ұқсастық тауып жүреді. Кейде сая­сат туралы болып басталған өлеңі махаббат туралы болып шығуы мүмкін. «Сонда ақын­ның ақын еместен айырмашылығы неде?» деген сияқты риторикалыққа жуық сұрақ қойып қалсаңыз, ол былай: мына сіздің көз алдыңызда тұрған адам – оның дәл өзі емес. Бұл – оның қарапайым пенде ретінде көп­шілікпен араласып-құраласатын, кәдімгі алас-күлес тіршілік ортасындағы сыртқы бей­несі ғана. Ал нағыз өзі –  поэзиясында. Оның шынайы өмірі соның ішінде. Кумирі – сөз, бірақ жұртқа ақыл айтып, жамырап жүрген жай сөз емес. Ол мінезге де байланысты болар, бәлкім. Жалпы, ақынның мінез-құлқы жайында жазайын десең, оны бір ізге түсіре алмайсың. Құбылмалылығынан емес. Ақындық мінездің полюстері шартараптан естіліп тұратынынан. Басқалар Жаңа жыл кел­ді деп у-ду боп жатқанда, ол көне дәуірде жү­реді. Артта қалғанынан емес. Болмыстың ежел­гі мәнін келіп жатқан Жаңа жылмен са­лыстырудың сапарында жүретінінен шы­ғар. Не болмаса, болашақты болжамақ бо­лып, сен үшін де, мен үшін де сан түрлі сұрақ­қа жауап іздеумен әлек болады. 

Оңайгүл ТҰРЖАН

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары