Көрінбейтін шындық: боран бүркеген тағдырлар

/
Көрінбейтін шындық: боран бүркеген тағдырлар

Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романына әдеби-философиялық талдау

Қазіргі қазақ прозасы жанрлық ізденістер мен мазмұндық тереңдіктің жаңа белесіне шықты. Осы үрдістің алдыңғы шебінен көрінген Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы – оқырманға жай ғана детективтік хикая емес, адам жанының иірімдері мен қоғамның көлеңкелі тұстарын айна-қатесіз бейнелейтін психологиялық реализмнің соны үлгісін ұсынды. 

Автор детектив жанрының классикалық ка­нондарын негізгі мақсат емес, нысанды аша­тын құрал ретінде ғана қолданады. Шығарманы парақ­тай отырып, біз тек қылмыскердің ізіне түс­пейміз, керісінше, өзіміз өмір сүріп жатқан ор­таның «ішкі ағзасын» рентгенге түсіргендей күй кешеміз. Бұл – қылмыс пен жаза туралы баян­нан гөрі, қоғамның ішкі деструкциясы мен адам рухының эрозиясын зерттейтін терең әлеу­меттік рефлексия. Автор бізге жұмбақ оқи­ғаны ұсына отырып, сол қылмыстың тууына мүм­кіндік берген ортаның қасіретін көрсетеді.

«Боран» метафизикасы және лиминалдық кеңістік

Шығарма Қызылшың ауылында он алты жас­тағы Гүлмираның жоғалуымен басталады. Мұн­дағы Қызылшың – жай ғана топоним емес, мем­лекеттік бақылау мен стихиялық бере­кесіздіктің арасындағы «лиминалдық кеңіс­тік­тің» көрінісі. Ақ түтек боран құрсауындағы ауыл сыртқы әлемнен үзілген «жабық кеңіс­­тік­ке» айналып, адамдардың жасырын сырлары мен ішкі үрейлерін сыртқа шығарады. Бұл жер­де Боран – Альбер Камюдің «Тала­пайын­дағы» індет секілді метафизикалық үнсіздіктің, жап­пай соқырлықтың белгісі. Ол қоғамның амо­ральдық күйін бүркеп, қылмысты «заң­дас­тырады», өйткені ақ түтекте із де, кінә де тез өше­ді. Бұл жерде әркім өз боранымен жалғыз қал­ған: «қазаны бөлектің – қайғысы бөлек» де­ген ұстаным мен ұжымдық үнсіздік қоғам­ның моральдық эрозияға ұшырағанын көр­сетеді.
Тергеуші Бағылан әр есікті қаққан сайын, қо­ғамның бетпердесі сыпырылып, жан­түр­ші­гер­лік шындықтардың ұшы шығады. Автор осы ат­мосфера арқылы: «Біз шындықты көре ал­май­мыз ба, әлде көргіміз келмей ме?» деген фун­даменталды сұрақ қояды. Боран мұнда – кейіпкерлерді өз ар-ұжданымен бетпе-бет келуге мәжбүрлейтін катализатор. Соңында Ар­ман Әлменбет оқырманды экзистенциалды таң­дау алдына қояды: боранды сылтау етіп шын­дыққа көз жұма қараймыз ба немесе Ба­ғы­лан секілді сол қараңғылықты тіліп өтеміз бе?

Бағылан: Жүйедегі «Сизиф» және соңғы идеалист

Басты кейіпкер, капитан Бағылан Сейіткен – біз үйренген «суперқаһарман» емес. Ол – зейнет жасына жақындаған, басында несиесі, мой­нын­да отбасылық тауқыметі бар, жұмыс пен үй ара­сында сабылған кәдімгі тірі жан. Автор оны идеалдандырудан саналы түрде бас тартып, шар­шайтын, күмәнданатын кейіпкерді ұсы­нады. Алайда Бағыланның құрғақ «функция» болу­дан бас тартып, «адам» болуға талпынуы оны экзистенциалды деңгейге көтереді. Оның об­разы – грек мифологиясындағы Сизифтің за­манауи көрінісі: ол өз тасы – ар-ұжданын, тіпті оның қайта құлайтынын сезсе де, биікке до­малатуды бір сәт те тоқтатпайды.
Гүлмираның жоғалуы оның ішкі әділдік та­ра­зысын соңғы рет сынаған іс болды. Бағы­лан­ның әрекеттері жай ғана кәсіби міндет емес, бұл – оның «моральдық релятивизм» дәуіріндегі же­ке этикалық таңдауы. Оның ішкі әлемі сырт­қы ортасынан әлдеқайда кең: пеш жанындағы үн­сіздігі мен ішкі монологтары арқылы біз тер­геушінің суық санасын емес, жанашыр жү­ре­гін көреміз. Ол Шерлок Холмс сияқты «ло­гикалық машина» емес, көбіне Жорж Си­ме­нон­ның комиссар Мегрэсіне жақын; қылмысты фак­тілермен емес, адамның болмысын сезіну арқылы шешеді. Оның қызметтестері мен бас­шылығы формалдылықпен айналысып жат­қанда, ол күмәнданады, іздейді және ақиқатқа ұм­тылады. Сыртқы киімі жүйенің шекпені бол­ғанымен, Бағылан нәтижеге емес, процеске – кез келген жағдайда адам болып қалуға жауапты заманауи Сизиф.

Қоғамның «кішірейтілген моделі»

Романдағы кейіпкерлерді автор «ақ пен қара» деп бөлмейді, мұндағы әрбір тұлға – өз шын­дығының тұтқыны. Біз олардың ішкі әле­мін автордың дайын анықтамаларынан емес, үнсіздігінен, кездейсоқ қимылынан немесе қыс­қа қайырған диалогтарынан танимыз. Он алты жастағы Гүлмираның жоғалуы – қоғам­дағы қорғансыздықтың символы болса, оның айналасындағылар сол трагедияны әрқилы қабылдайды. Ауыл байларының бейнесінен біз «жабайы капитализм» мен феодалдық сананың сұрықсыз синтезін, күштінің әлсізге көрсететін символикалық зорлық-зомбылығын көрсек, Альфия мен Владимир, Жәния сияқты кейіп­керлер – Пьер Бурдье айтқан «әлеуметтік шет­те­тілудің» құрбандары, «көрінбейтін адамдар».
Автор шығармадағы әр кейіпкер арқылы за­манауи қазақ қоғамының панорамалық кө­рінісін ұсынады. Онда біреулер үшін «крес­ло­ның амандығы» мен «шу шықпауы» маңызды бол­са, енді бірі үшін татулық пен тыныштық – тек бей­ресми келісімдердің жемісі. Арман Әлмен­бет осы «көрінбейтін» қабатты жарыққа шы­ғару арқылы оқырманды «біз кімбіз және қайда бара жатырмыз?» деген сұрақпен бетпе-бет қалдырады. Мұндағы әрбір кейіпкер – біздің ру­хани жұтаңдығымыз бен моральдық эро­зиямыздың бір-бір бөлшегі.

Қылмыс пен жаза: технология мен түйсік

Романдағы тергеу амалдарының заманауи си­паты шығарманың реалистік қуатын арт­тырып тұр. Автор «биллинг» жүйесін, телефон қоңырауларын қадағалау мен қазіргі по­ли­цияның күнделікті жұмыс тәртібін детектив жан­рының қатаң талаптарына сай, өте дәл әрі нақ­ты суреттейді. Бұл детальдар оқырманның оқи­ғаға сенімін нығайта түседі.
Алайда Арман Әлменбет бұл жерде маңыз­ды бір парадоксты алға тартады: ең озық тех­н­о­логия да адамның түйсігі мен жанашырлығын ал­мастыра алмайды. Бағылан – заманауи гад­жеттер мен құрғақ цифрларға ғана сүйе­не­тін «технократ» емес. Ол техника беретін дерек­тер­ден гөрі, өз көзімен көрген, көкейімен түй­ген және адам табиғатының иірімдерінен тап­қан шындыққа көбірек сенеді. Автор осы ар­қылы «жансыз жүйе мен тірі жанның» ара­сындағы айырмашылықты көрсетеді.
Бұл логика қылмыстың ашылуында ше­шуші рөл атқарады. Сюжеттік шиеленістің ше­шілуі – жай ғана заң баптарының жеңісі емес, бұл ең алдымен кейіпкердің ар-ұждан ал­дындағы есебі. Сондықтан да болар оқиғаның соңындағы нүкте қылмыскердің жазалануымен ғана емес, адамның ішкі әділдік іздеу жо­лын­дағы рухани жеңісімен қойылады.

Романның стильдік ерекшеліктері

Жазушының тілі – бөлек тоқталуды қажет ете­тін құбылыс. Арман Әлменбет ұзын-сонар баян­даудан, артық теңеулер мен шұбалаңқы эпитеттерден саналы түрде бас тартып, қазіргі за­ман оқырманына қажетті қысқа, нық стильді таң­даған. Кейіпкерлерді өз әлеуметтік дең­гейінде, табиғи тілде сөйлетуі шығарманың де­рек­тілік салмағын арттырса, протоколдық тіл мен кітап тілінің шебер шендесуі кәсіби ор­­таның ішкі мәдениетін, ондағы салқын ло­гиканы айна-қатесіз көрсетеді. Баяндау мәнері ре­жиссерлік шешімдерге толы кинематог­ра­фия­лық сипатымен ерекшеленеді; оқырман оқи­ғаны жай оқымайды, оны кадрлар жиын­тығындай көз алдынан өткізеді.
Арман Әлменбет – детальдармен жұмыс істеудің хас шебері. Пештің дыбысы, үсіген бет­тің удай ашуы немесе тергеу бөлмесіндегі қол­қаны қапқан темекі түтіні – шығарманың нуар стилін қоюлатып, оқиғаға психологиялық те­реңдік беретін маңызды штрихтар. Бұл ше­берлік Бағыланның үйіндегі адами болмысты ашуда немесе Альфияның үйіндегі кедейлікті суреттегенде анық байқалады. Автор иістер мен ды­быстарды дәл сипаттайтыны соншалық, оқыр­ман кейіпкермен бірге сол үмітсіз орта­ның ішіне кіріп кеткендей қатысу эффектісін кешеді.
Бұл тереңдік тек сыртқы атмосферада емес, шы­ғарманың ішкі құрылымында да жалғасын тап­қан. Роман Эрнест Хемингуэйдің әйгілі «айс­берг принципіне» құрылған: көрінетін сюжеттік желі – айсбергтің су бетіндегі кішкене ға­на бөлігі де, ал оның астында пост­ко­ло­ниал­дық жарақаттар, таптық теңсіздік және адам рухының жалғыздығы жатыр. Гүлмираның тағдыры – психоәлеуметтік вакуумда қалған, қауіп­сіздік пен қолдаудан мақұрым ұрпақтың ме­тафорасы. Бұл – бір ғана қыздың емес, қоғам жа­дынан жоғалып кеткен үміт пен сенімнің жоқтауы.
Автор бізге дайын мораль ұсынбайды. Ол бізді Бағыланмен бірге боранды далада тергеу жүр­гізуге және өз ар-ұжданымыздың алдында жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл – құқық қор­ғау органдары мен ауылдағы бейресми ие­рархияның астарларын аша отырып, қоғамның ең ауыр диагнозын жалаңаштап беретін ше­берлік.
Романдағы «бұрынғы» мен «қазіргінің» үн­дестігі – өткен дәуірдің этикасы мен бүгінгі күн­нің прагматизмі арасындағы көрінбейтін тар­тыс. Автор Бағылан арқылы моральдық құн­дылықтардың трансформациялану про­цесін көрсете отырып, «Тергеушіні» әлеуметтік-психологиялық зерттеу деңгейіне көтереді. Бұл туындыны Фридрих Дюрренматтың «Уәде» романымен немесе скандинавиялық нуар шеберлерінің еңбектерімен салыстыруға болады. Мұндағы басты мақсат – қылмыскерді құ­рықтау ғана емес, сол қылмысқа жағдай жа­саған орта мен адам психологиясын әшкерелеу.

Түйін: қалыптасқан тәртіп пен ішкі бостандық

«Тергеуші» – бұл жай ғана қылмыскердің есі­мін білу үшін оқылатын шығарма емес. Бұл – мағына мен процестің романы. Арман Әл­мен­бет детектив жанрының сыртқы қабығын шебер пайдалана отырып, ұлттық прозамызға «әлеуметтік-философиялық нуардың» ең үздік дәстүрлерін алып келді.
Шығармаға Эмиль Дюркгейм сипаттаған «аномия» күйі тән: қоғамда заң мен ереже бар, бірақ моральдық бағдар жоқ. Қызылшың ауылы – сырттай тірі, бірақ іштей бос кеңістік. Гүлмира жоғалғанда ешкімнің оны шындап іздемеуі – Бодрийяр айтқан «символикалық өлім­нің» көрінісі. Мұнда Мишель Фуконың би­лік пен дискурс туралы тұжырымдары ақи­қат­тың қалай қалыптасатынын айғақтайды: шын­дықты фактілер емес, кімнің сөйлеуге ха­қы бар екенін анықтайтын бейресми иерар­хия бекітеді
Автор пафостан саналы түрде бас тартып, хат­тамалық дәлдік пен адамның ішкі үрейін үндестіре білген. Бұл роман – бүгінгі қоғамға қойылған ащы диагноз: біз шындықты білмегендіктен емес, сол шындықтың астында қа­лып қоюдан қорыққандықтан үнсізбіз. Мұн­дағы тыныштық – әділет орнағаннан емес, бә­рінің шаршап, морт сынғанынан пайда бол­ған саңырау тыныштық.
«Тергеуші» – қазақ әдебиетіндегі интел­лектуалды ізденістердің жаңа белесі. Бұл кітап бізді жауап беруге емес, сұрақ қоюға үйретеді. Бұл шығарма оқырманға дайын жауап бер­мей­ді. Ол автормен бірге тергеу жүргізуге, өз ар-ұжданының алдында жауап беруге итермелейді. «Тер­геуші» – бүгінгі қазақ әдебиетінің уни­вер­салды, әлемдік әлеуметтік драма деңгейінде сөй­лей алатынының дәлелі.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары