Бүгін Италияның Милан мен Кортина-д'Ампеццо қалаларында Қысқы Олимпиаданың алауы тұтанады. Осымен жиырма бесінші рет өткелі тұрған Ақ Олимпиадаға әлемнің 90 елінен жалпы саны 2 900 спортшы (олардың 47 пайызы – әйелдер) қатыспақ. Олимпиаданың ашылу салтанаты 1925 жылы негізі қаланған,
«Милан» мен «Интер» футбол клубтарының жеке алаңы саналатын әйгілі «Сан сиро» стадионында өткізіледі. Мұнда 1934 және 1990 жылдары футболдан әлем чемпионаттарының ойындары өткен-тін. Даңқы дүниежүзіне тараған италиялық әнші Андреа Бочелли Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетпек. 2006 жылы Туринде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында әлемді таң-тамаша еткен оның перформансынан кейін әлем жұртшылығы оның қайтадан Олимпиада сахнасына шығуын айрықша күтіп жүр.
Тарихта алғаш рет Олимпиада алауы екі қалада – Миландағы Әлем аркасы мен Кортине-д’Ампеццо Пьяцца Дибонда қатар тұтанбақ.
Тоғызыншы Олимпиада
Милан Олимпиадасы – Қазақстан ұлттық құрамасы қатысқалы жатқан тоғызыншы дода. Бұған дейін біздің атлеттер төртжылдықтың басты додасында жалпы саны 8 медаль жеңіп алған. Оның біреуі – алтын, үшеуі –күміс, қалғаны – қола жүлделер.
Биыл елімізден 18 ер мен 18 әйел – барлығы 36 спортшы Олимпиада жолдамасын иеленді. Бұл Бейжіңде өткен 2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда екі қатысушыға көп.
Отандастарымыз спорттың 10 түрі бойынша сынға түседі. Олар: шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, биатлон, трамплиннен шаңғымен секіру, шорт-трек, фристайл-могул, фристайл-акробатика, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы және тау шаңғысы спорты.
Олардың қатарында ұзақ жолдан өткен тәжірибелі атлеттер де, тұңғыш рет Олимпиадаға қатысатын дебютанттар да бар. Ұлттық құраманың ең жас мүшесі – 16 жастағы Асан Асылхан. Ол Ақ олимпиадада фристайл-акробатикадан медаль үшін таласқа түседі. Ал команданың ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшысы – шорт-трекші, Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері Абзал Әжғалиев пен фристайлшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юля Галышева. Екеуі 33 жаста.

Ең көп құрама – АҚШ пен Канада
Апеннин түбегінде өтетін бұл Олимпиадаға ең көп атлет алып келетін – АҚШ құрамасы. Осымен 16 Олимпиадада қатарынан ең көп спортшыны қатыстыратын Америкадан бұл жолы 232 атлет бақ сынайды. Канададан – 207 атлет, ал Олимпиада иесі – Италия сапында 197 спортшы қатысады. Германия – 185, Швейцария – 175, Франция – 160, Қытай – 125, Жапония – 120, Чехия – 115, Аустрия – 115, Швеция – 110, Финляндия – 103, Норвегия – 80, Оңтүстік Корея – 71, Польша – 59, Ұлыбритания – 53. Қатысушылар саны жағынан топ-25-ке Латвия (67), Украина (46), Қазақстан (36), Эстония (32) кіреді.
Ал Молдова мен Армения 7 атлет, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан 2 спортшыдан аттандырмақ.
Бенин, Боливия, Венесуэла, Гвинея-Бисау, Колумбия, Малайзия, Мальта, Монако, Нигерия, Пәкістан, Сан-Марино, Сингапур, Уругвай, Эквадор мен Эритрея құрамаларынан 1 спортшы қатысады.
Бенин, Гвинея-Бисау мен Біріккен Араб Әмірлігінің атлеттері алғаш рет Қысқы Олимпиада ойындарына барып отыр.
Биыл Олимпиадаға қатысатын жасы ең үлкен атлет – Рич Руохонен. 54 жастағы спортшы – керлингтен АҚШ құрамасының белді ойыншысы. Ал әйелдер арасында 52 жастағы сноубордшы Клаудия Риглер жастармен иық тірестіріп, жүлдегер қатарынан көрінуге барын салмақ. Клаудия осымен бесінші рет Олимпиада алаңында өнер көрсетеді.
41 жастағы тау шаңғышы Линдси Вонгтің бұл бесінші Олимпиадасы. 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында чемпион атанған ол – АҚШ құрамасының басты үміті. Одан бөлек, шаңғы тебуден үш дүркін Олимпиада чемпионы, 2008 жылдан бері Словакия атынан сынға түсіп жүрген Анастасия Кузьмина төртінші Олимпиадасында да алтын үшін таласқа түспек.
Ең қызығы, алғаш рет Олимпиада ойындарында анасы мен баласы сайысқа түседі. 47 жастағы мексикалық шаңғышы Сара Шлепер жетінші Олимпиадасында Олимпиада тұғырын бағындырып көруге барын салады. Ал оның 17 жастағы ұлы Лассе Гасиола анасымен бірге Олимпиадаға баруға лайық деп танылды. Анасы мен баласы супергигант пен гигант слалом сайысында жарысқа араласады.
Гонконг үкіметі Ақ Олимпиадада алтын алған атлеттеріне 770 000 АҚШ долларын төлеу туралы жарлық шығарды. Жүлде қоры ең көп жетілік құрамында Қазақстан да бар. Олимпиадада дес бермеген үздіктерге Сингапур Үкіметі – 737 000, Тайвань – 720 000, Индонезия – 346 000, Израиль – 315 000, Италия – 295 000, Қазақстан – 250 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы бермек.

NHL ойыншылары Олимпиадада
Ерлер арасындағы хоккей жарысы бұл Олимпиаданың басты додасы атанады. Әлемді өзіне қаратқан ең мықты лига – Ұлттық хоккей лигасында (NHL) ойнайтын хоккейшілер бұдан былай өз ұлттық құрамаларының сапында ойнап, Олимпиада жүлдесіне таласа алады. 2014 жылдан бері Ұлттық хоккей лигасы мен Халықарлық хоккей федерациясы ойын кестесін өзара келісе алмай, лига ойыншыларын Олимпиадаға жіберуге рұқсат бермей жүрген еді. ҰХЛ-ның бір топ ойыншысы соңғы 10 жыл бойы әлемдік хоккейдің деңгейін көкке көтеріп, рекордтан рекорд тіркеп, спорт тарихында өшпес із қалдырды. Десе де, олардың ешбірі Олимпиада ойындарына қатыспаған. Осылайша, әлемнің ең мықты хоккейшілері Милан төрінде Олимпиада тұғырына көтерілуге күш салады. Турнирдің басты фавориттері қатарында Канада, АҚШ және Швеция құрамалары бар.
Биыл ойын бағдарламасына алғаш рет ски-альпинизм (ерлер мен әйелдер спринті, аралас эстафета) жарыстары енгізілді. Одан бөлек, ойын кестесіне скелетоннан командалық сайыстар, шана спортынан әйелдер қоссайысы, шаңғы спортынан ерлер мен әйелдер арасында фристайлдағы дуал-могул, әйелдер арасында трамплиннен секіру жарыстары енгізілмек.

Гендерлік теңдік стратегиясы үстем Олимпиада
Биылғы басты ерекшелік – бұл тарихтағы алғашқы ресми екі қала қамтылған Қысқы Олимпиада болмақ. Десе де, ресми түрде екі қала ғана аталғанымен, төрт жылдықтың басты додасы Италияның бірнеше курортында қатар ұйымдастырылады. Миланда мұз айдындағы жарыстар өткізілсе, Кортина д'Ампеццода тау шаңғысы, керлинг, шана спорты мен скелетон жарыстары өтеді. Вальтеллина мен Ливиньо қалашықтарында атлеттер фристайл, сноубординг пен ски-альпинизмнен өзара бақ сынайды. Ал Вал ди Фемме мен Предаццо бөктерінде шаңғы жарыстары, трамплиннан секіру, қоссайыстан жарысса, Антхольц аймағында биатлоншылар өзара кім мықтыны анықтайды.
Айта кетерлігі, Кортина-д’Ампеццо қаласы араға 70 жыл салып, Ақ Олимпиада ойындарын екінші рет өткізгелі тұр. Бұған дейін ЮНЕСКО мұрасына енгізілген, Альпідегі ең сәнді курорт аймағы саналатын өлкеде 1956 жылы Қысқы Олимпиада ойындары өткен болатын. Тағы бір ескеретін жайт, мұндағы Олимпиада стадионында 1981 жылы Джеймс Бонд туралы 12-фильм түсірілген.
Веронадағы Ежелгі Рим аренасы – Олимпиаданың ең көне нысаны. Ежелгі амфитеатрдың салынғанына шамамен 2000 жыл болды. I ғасырда салынған аренада бір кездері гладиаторлар жекпе-жектері ұйымдастырылса, енді бұл тарихи жерде 2026 жылғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтпек.
Бұл Олимпиада ойындары тарихтағы гендерлік теңдік стратегиясы үстем қысқы ойындар болмақ. Алғаш рет әйелдерге бөлінген квоталар саны 47 пайызға жетті. Бұл – қысқы ойындар тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. 116 спорт түрінің 50-і әйелдерге арналған, ал 12-сі аралас форматта өтпек. Осылайша, әйелдер барлық ойынға рекордтық көрсеткіште (53,4 пайыз) қатыспақ.