Жаратылысы бөлек жан еді...

Жаратылысы бөлек жан еді...
451

Адамды адам ететін – адал еңбегі. Адалдықпен жүрген адамның өмі­рі ұзақ болады. Әсіресе, бұл руханият саласындағы адамдарға ті­­­­келей қатысты. Атақты Баласағұн: «Адам екі нәрсе арқылы қар­тай­майды. Біріншісі – қайырымды ісі, екіншісі – мейірімге толы сөзі» дейді. 

Ал сол адамның кейде мінезі біреуге ұнап, біреу­ге ұнамауы мүмкін. Бірақ шын мінезді адам – шын тірліктен кетпейді, шын сөзден ай­нымайды. Айтарын айтады, өз тірлігін тын­дырады. Бұл – нағыз адамның болмысына ға­на тән қасиет. Қазақтың ұлы қаламгері Ға­бит Мүсірепов: «Ең ауыр майдан – надандық­пен күресу майданы – әрі ұзақ, әрі ызасы көп» дегені бар еді. 
Шынында, көп адам осы надандықпен кү­ре­семін деп жүріп өзгеге ұнамайтыны бар. Ұна­майтыны жағымпаз емес, жалтақтықтан ау­лақ. Екі сөйлемейді. Көтерген туы – шын­дық туы. Ал жағымпаздар мен күні үшін жүр­ген қулар ондай адамның артына сұр­қия­лық­пен шам алып түсіп, шамына тиеді. Кей­біреулер бұған төзеді. Қарсы күрес ашады. Ал келесі біреулер өзін тастап жіберіп, тағдырын «тал­қандайды». Бұл қай заманда болса да кез­десіп тұратын – адамдар арасындағы қа­сірет. 
Осы қасіреттен құтылмай-ақ келе жатыр­мыз. Бұлайша толғануға басты себеп, кезінде дәріс алған ұстазымыз әз Әзиза Нұрма­ха­нова­ның бойындағы ерекше қасиеттерді зер­делеген кезде осындай ой туындады. 
Әзиза Нұрмаханова – қайраткер, ғалым, жазу­шы болатын. Ол кісінің бүкіл бүтін бол­­­мысына қазақтың аяулы ақыны, аз ғұ­мы­рын­­­да артынан мол мұра қалдырған, өз сөзімен айт­қанда «...өз биігінде» тұрған Төлеген Ай­бер­­геновтің «Әзиза Нұрмахановаға» деген ар­нау өлеңін оқысаң көз жеткізесің. 
«Мен туған жердің ардағы, 
Жарқылдап жүрген жақсы апам.
Ризалығым бар-дағы, 
Тағатын кінәм жоқ саған. 

Әкелмек елге ырыс бір, 
Сендегі жарқын пәк талант. 
Кешегі сайлы министр, 
Бүгінгі ойлы докторант.

Бір болғай алғы мақсаттар,
Гүл болғай шыққан әр төбең.
Нұр болып жаусын жақсы аттар,
Шырқалып шыңда мәртебең.

Бұл ғасыр бейне ертегі, 
Теңі жоқ жыр ғой, асылы. 
Әз інілердің ертеңі, 
Әзизалардың ғасыры.

Қиындықтардан тайсалма,
Тоқтайтын түк жоқ бас алған.
Шын бақыт адал маңдайдың, 
Терілерінен жасалған. 

Талайдың көсегесін де 
Көгертіп жатқан сол ғасыр. 
Бүгініңді ал да есіңе
Ертеңің жайлы толға сыр...» дейді жыр жам­позы.  
Біз жоғарыда айтқан қайраткер апамыз­дың болмысы осы жыр шумақтарында келісті бейнеленген дейміз. 
Әзиза Нұрмаханова көрнекті ғалым, бел­гілі жазушы дедік. Бұл – ақиқат сөз. Ол кісінің қа­ламынан туған, бізге бір табан жақындау көр­кем дүниелері: «Қыздар», «Шығыс шы­нары», «Ұл бала» атты туындылары еді. Ол қа­зақтың айтулы қыздарының өнегелі өмірін шы­ғармасына арқау еткен алғашқы қалам­гер­дің бірі болатын. Ғылыми еңбектерінің ішін­де қызыға оқыған кітабымыз «Түркі тіл­дерінің салыстырмалы грамматикасы». Қоңыр түсті сол жинақтан түрік тілдері тура­лы алған мағлұматтарымыз аз болмап еді. 
Ғалым қарақалпақ тілін де, өзбек тілін де, қа­зақ тілін де жетік білетін. Атақты про­фес­сор Н.Баскаковтың шәкірті болатын. Біз осы кү­ні түркі дүниесі, түркі тілі деп жатамыз. Бұл мәселені Әзиза апамыз кеңес дәуірінде-ақ зерт­теп, зерделеген. Ал қайраткерлігі өз ал­ды­на бір тақырып. Қаршығадай қазақ қызы Қа­рақалпақ елінің Оқу министрі қызметін абыроймен атқарған.     
Мектепте жүрген кезде Әзиза Нұрма­ха­нованың көркем дүниелерінен аз-кем хабар­дар едік. 1971 жылғы ҚазМҰУ-дың Жур­на­лис­­­­­тика факультетіне құжат тапсырып, әде­биет­тен шығарма жаздық. Өңі сұстылау, қа­ба­­ғы қатқылдау, қараторы профессорды атақ­­ты академик Зейнолла Қабдолов дәріс­ха­наға бастап келіп,  бота тірсек бозбала біздерге жадырай бір қарап алып: «Бұл кісі атақты Әзиза Нұрмаханова апаларың» деді. Қас­қыр көрген лақтай ығып отырған бізге көз қиығын тастап Әз апамыз шығарма та­қы­рыбын тақтаға жазып, одан кейін «Ал қа­неки, іске кірісіңдер», деді де орындыққа ке­ліп жайғасты. Бізде де үн жоқ, профессорда да үн жоқ. Біраз уақыт өткеннен кейін Зей­нолла ағамыз маңғаздана басып қайта келіп, «Әзеке, мына ұл мен қызыңыз бір-бірінен көшіріп, «шпаргалка» пайдаланып жатқан жоқ па?» деді. 
Апамыз сол қасқайған бойы: «Зеке, бұлар қан­ша жерден көшірсе де, елекке түскенде білі­ніп қалады. Мен әлгіннен бері кімнің қан­дай оқитынын, не жазатынын жапақтаған жа­нарларынан, құбылған жүздерінен сезіп отырмын», – деді. 
Біз «Мына апамыз көріпкел ме, әлде қи­пақ­таған қалпымыздан бәрін сезіп қойды ма?» деп ыңғайсыздандық. 
Емтихан бітті. Апамыз шығармаларды жи­нап алып, шығып бара жатқан кезде: «Сау бо­лыңыз» дегенге тіліміз әрең келді. Ол кісі тіл қата қоймады. Бірақ  аналық кейіппен жы­­­­миып,  басын изеді. Әз апамызбен кейін бір-екі рет жүзбе-жүз дидарласып, әңгіме-дү­кен құрғанымыз бар. Ол былай болып еді: апа­мыздың ұлы  Арыстанбек Нұрмаханов – 14 жасында мектепті алтын медальмен біті­ріп, 19 жасында жоғары оқу орнын қызыл дип­ломмен аяқтап, 20 жасында ғылым кан­дидаты атанып, 23 жасында кафедра мең­гер­ген азамат. Ана жолын қуып, «Түркі фра­зео­логиясы» деген көлемді монографиясын жа­­рық­қа шығарған еді. Бұл еңбек туралы сол тұс­та Абылайхан атындағы халықаралық қа­тынастар және әлем тілдері универси­те­ті­нің ректоры, көрнекті қоғам қайраткері Әділ Ахметов айтып, басылымда пікір білдіру қа­­­жетін еске салды. Әз апаммен хабарласып, үйі­не бардым. «Бұл кітапта бүкіл түркі дү­ние­сінің фразеологиясы жан-жақты қамтылған. Сібір түркілері де, Орхон-Енисей жазба ес­керт­кіштеріндегі қанатты сөздер де молынан қам­тылған. Қорқыт, Қожа ахмет Ясауи, Жүсіп Ба­ласағұни, Махмұд Қашқари, Асан қайғы, өз­ге де ұлтымыздың ұлыларының мұрасы жан-жақты зерттелген. Сонымен қатар түр­кітілдес халықтар мақал-мәтелдері­нің фоне­ти­касы, сөздік құрамы, граммати­касы, бәрі де қамтылған» деп ашық жасыл түсті кітапты сыйға тартты. 
«Мен турашыл адаммын. Абай сөзіне арқа сүйей­мін. Сол дара данышпан «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, Мықты болсаң, өзің­нің нәпсіңді жең» демейтін бе еді. Арыс­танбекті де осындай әділдікке баулып келе­мін. Адамдықтан, адалдықтан аттама деймін. Өзіңнің еңбегіңе сен, жақсылардың жанында жүр. Сонда тура жолдан адаспайсың» деген сө­зім­ді күн сайын құлағыңа құямын» деп ағы­нан жарылған сөздері әлі күнге дейін құ­лағымның түбінен, көңілімнің түпкірінен кете қойған жоқ. 
Кітап туралы «Талант жас таңдамайды» де­ген пікір «Егемен Қазақстан» газетінде 1999 жы­лы жарияланды. 
Әз апам телефон соғып, ризалығын біл­дірді. Үйіне шақырды. Сөзін жықпай бардым. Баяғы жүзінде сұс жоқ. Жадырап, жайнап отыр. «Қадыр ақынды, Мырзалиевті оқып жүр­сің бе?» деді. «Иә, апай», деп дидарына қара­дым. «Біз кейде шын талантты танымай қа­ла­тын жаман қасиетіміз бар. Көбіне жыл­постар өтіп кетіп жатады. Мен ондайларды көр­генде төзімсізбін. Мінезсіздікті, тұрақ­сыз­дықты, күнге бағарлықты – кімнің болса да, бетіне шыжғырып баса салам. Кейде өз сөзім­нің орнына Қадырдың: «Мәстектерін жіберіп ат жарысқа, Арғымақпен кей жерде қой ба­ға­ды» деген екі жол өлеңін айтып қарап тұ­ра­тын кездерім де болады» деп сөз аяғын түйіп еді. 
Бүгін Әз апамыздың өзі болмағанымен кө­зіндей, екінші өмірін жаңғыртып отырған ру­хани мұраларын мият тұтып, соны оқып тәу­бе дейміз. Бұл жаратылысы бөлек жанның жал­ғасқан екінші ғұмыры десек жарасады. Бір замандары жыр дүлдүлі Сұлтанмахмұт То­райғыров: «Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен?» депті. Тәубе дейік, ер­дің еңбегін білетін заман келді. Соның бір кө­рінісі – ұстаз туралы осындай естелік айту бол­са керек. Артындағы шәкірттері мен ұрпа­ғы қазақтың қараторы қызын әспеттеп, атын жаңғыртып, абыройын асырып, кейінгі тол­қын­ға: «Осындай қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, белгілі жазушы болған» деп рухани дүниесін шығарып, қолдарына ұстатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.                                                                               

Сүлеймен МӘМЕТ,
жазушы, «Құрмет», «Парасат»  
орденінің иегері

Серіктес жаңалықтары