Тағдырлы талант, тағылымды ғұмыр
...Мені көрсе: «Фариза апаңның қасында көп жүрдің ғой, естелік жазып берші» дейтін адамдардың қарасы көп. Көпшілік ортада Фариза ақын жөнінде білгісі келіп, сөз тартатындар қаншама... Апамның өмірден өткеніне он жылдан асса да, халықтың ақынына деген сезімі суыған жоқ, қайта өрши түскендей әрдайым іздейді. Тіпті, маған «Сені көрсек, Фариза апамыз еске түседі, апайды көргендей боламыз» дегенде, кәдімгідей қысыламын. «Мені Фариза апайдай асқақтақтып тұрған көңілдерінен шыға алатындай нем бар еді?» деп ойланамын... Ал енді апаймен етене араласқан жылдарыма келсем, анау айтқандай көп емес... Мен 2002 жылдың күзінде Қызылордадан Астанаға қоныс аудардым. Ол уақытта апам Парламент депутаты тұғын. Содан апам дүние салған 2014 жылға дейін аралас-құралас болдық. Ал апамның нағыз жай отындай жарқылдаған шағы Алматыда өтті десем, дәлелді себептерге байланысты мен оның куәсі бола алмадым.
Жұрт апамды әулиедей пір тұтты. Оны осы дәрежеге жеткізген ең алдымен ақындығы еді. Фариза Оңғарсынованың ақындығы жөнінде талай көлемді мақалалар, ғылыми зерттеу еңбектер, телехабарлар жарық көрді. Әлі де айтыла, жазыла берері сөзсіз.... Өйткені Фариза жырларының қуаты мен шынайылығы халық жүрегі мен санасынан әлдеқашан ойып орын алған. Қазақтың алтын құрсағы аман болса, Фариза апайдан да мықтырақ талай талантты туар-ау, бірақ қанша мықты болғанмен, ақын Фаризаның орнын ешкім алмастыра алмасы анық. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Ақындық қуат бар да, ақындық мінез бар... Апам сол мінездің де ерекше қасиетіне ие. Түсі суықтау, сырт формасы еуропалық сипаттағы оның бейнесі көрген жанды елең еткізбей қоймайды. Әбіш ағам айтпақшы: «шашы бұйра-бұйра қоңыр қыз» – осы Фариза апам. Апам үнемі ой үстінде жүреді. Беталды күлмек түгілі, сөйлей де бермейді. Не айтса да дәл, нақты, түйінді айтады. Бір қараған адам апайдың бір көргеннен жарқылдап жұртпен жақындаса қоймайтын болмысынан болар, айналасындағылардан хабары жоқ, ештеңені аңдамайтын адам деп ойлап қалуы ғажап емес. Шындығында, мүлдем олай емес! Фариза апай барлық саяси-әлеуметтік жағдайлардан хабардар болатын. Оны Парламентте сан рет көтерді де. Билік, өнер саласында болсын, қай салада жүрген жандардың барлығы туралы өз пікірі, пайымы бар еді. Ол өзі жырға қосқан мінез бен болмысты өмірінде жұрттан күтті. Ата-бабамыздан қалған қасиет пен өсиеттің бұзылмай, маңайындағы адамдардың бойында болғанын қалады. Жұрт бойынан, әсіресе, атқа мінген азаматтардың бойынан қазақтың ғажайып мінездерін көргісі келетін. Бірде кем, бірде артық түсіп жататын күнделікті қарым-қатынаста апай сол қазақы дархандықты, салиқалылықты, парасаттылықты, жанашырлықты өзі жасап, көрсетті. Барлық жағдайда қазақшылықты, ұлттың ерекше салт-дәстүрлерін, атап айтсам: науқас кісінің көңілін сұрау, алыстан келген ағайынға төр көрсетіп, сый жасау, мұқтаж жанға көмек беру, кісіге зиян жасамау, біреуді сыртынан ғайбаттамау, өтірік айтпау, әрқашан шындық жағында болу және т.б. халқымыздың тамаша қасиеттерін өмірлік қағидасы етіп ұстады. Бұл тұрғыдан келгенде, Фариза апай Абайдың толық адамын толықтыра түсіп, ұлттық рухани кемелдікке кіршіксіз жеткен адам. Фариза апам адамдардан қандай жағдай болса да, адам болып қалуды күтетін. Қолында билігі барда кісі болып жүріп, қызметтен кеткен соң, сол адамдық қасиеттерінің төмендігін көрсетіп алатын адамдарды жаны жек көрді. Осындай бір оқиғадан хабарым бар. Апам өмірінің соңғы кездерінде ауруы меңдеп, шетелге бірнеше рет барып, ота жасатып келіп жүрді. Әрине, ол сапарларды да Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Ноғаев, Қырымбек Көшербаев, марқұм Бердібек Сапарбаев сияқты т.б. жанашыр інілері ұйымдастырып, ем-домына қаржылай көмектескенінен ел хабардар. Алпауыт мұнай компаниясында басшылық қызметтегі апай іні тұтқан бір ағамыз, сол уақыттарда апайдың көңілін сұрап хабарласып, ілтипат жасауға қым-қуыт жұмысбастылықтан босай алмады ма екен, інілік жолынан тайыпты. Әрине, апайға оның хабарласқанынан ештеңе келіп-кетпегенмен, адамның көңілі, кішінің ізеті деген қасиеттердің болғаны кім-кімге де жылылық сыйлайтын нәрсе ғой. Шетелге барып-келіп жүріп, арасында, денсаулығы жараса, шақырған жерге барып, қонақ болады. Сондай бір жиында әлгі ағамызға апай: «Осы сен не қылған адамсың, пәлен айдан бері шетелде қайта-қайта ота жасатып келіп жүргенімді естіп-біліп отырып, «апа, қалайсың?» деуге жарамайтын?» дейді. Әлгі ағамыз ұялғанынан, үн қатпапты…
«Біздің ел тұтқасын ұстаған жігіттердің, Құдайға шүкір, байлықтары қара бастарына жетеді, олар ертең шетелде тұрса да керемет жағдайда өмір сүре алатын жағдайлары бар. Осы жігіттер халықтың арқасында байып отырып, неге елге қарамайтынын, арттарына неге бұрылмайтынын түсінбеймін» деген сөзін бірнеше рет естідім. Тіпті, бірнешеуіне осы сөзін тіке барып айтқанын да білемін. Осы күні шетелде пәленбай пәтер, сарай, миллиардтаған байлығы бар адамдарды естіп, көріп отырып, тағы да қайран Фариза апам есіме түседі. Ақыры, осылай боларын сол уақытта сезіп, шырылдаған екен-ау… Фариза апам:
«Асау ғасыр іріні үгіп демің
бара жатса, сөнердей үміттерім,
Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан
сақтағай деп даламның жігіттерін» деп өзі жырға қосқандай, адам бойынан тек ірілік пен әділеттілікті, адал ниетті күтті. Күтумен өтті…
Апамның тағы бір мінезі – өзі жанына жақын тұтқан адамдардың алдында құрдай жорғалап, солардың барлық жағдайына алаңдайды. Айсәуле анамыз (Әбіш ағаның анасы) «қос қозым» деп екеуін бөліп-жармай, егіздің сыңарындай мәпелеген өмір бойғы досы, туысы, ардақты Әбіш ағаны да Фариза апам баласындай қамқорлады. Парламентте депутаттар, оның ішінде Әбіш аға бір жаққа іссапарға баратын болса, апай Парламенттің әкімшілік басшыларына телефон шалып: «Анау Әбіш аяқ киімін де қалай киюді білмейді ғой, қасына Клараны (Әбіш ағаның жары) ертіп жіберіңдер, Әбішке екі адамға іссапар жасаңдар» деп тапсырып жатады. Сондағысы пендеуи тіршілікке түк қыры жоқ Әбіш ағаның жағдайына баладай алаңдағаны…
Фариза апай бірде сонау Семейде тұратын белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің Астанадағы Президент орталығында кешін ұйымдастырды. Өз аяғымен барып Семей өңірінен шыққан байшыкеш, қолында қаржысы бар бірнеше азаматқа жолықты. Сондағысы «Семейде тұратын талантты ақын Тыныштықбекті білесіңдер ме?» деп сұрайды алдымен. Олардың шын мәнінде Тыныштықбек түгілі Құнанбайдың баласы Абайды да білуі неғайбыл, бірақ Фариза апайдан тайсалып, «білеміз» дейді. Апай да соны күтіп тұрғандай: «Білсеңдер, сол жігіттің кеші өтеді, банкетін, қонақүйін көтеріңдер» деп тапсырып, сұп-суық Астанада жып-жылы кеш жасағаны есімде. Мен сол күні сәл ауырыңқырап тұрдым да, ертерек кетіп қалдым. Кейіннен апаммен сол кеш туралы сөз болғанда: «Тыныштықбекті Семейдің Астанадағы кейбір атақты адамдарының көзге ілгісі келмегенмен, мен отырғасын, амалдың жоқтығынан қисық әңгімелерін айтпады» деген сөзін естігенімде, «шын талант иесінің өзге талант иесіне деген құрметі мен оған «тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай» бәйек болу тек Фариза сияқты ұлылардың қолынан келетінін жүрегім елжірей мойындағам. Апам кім болса да талантты адамды төмендетіп, көзге ілмей қорлағанды кешіре алмайтын. Әсіресе, өнерлі қыздардың тағдырымен ойнағанды, оларды қолдамағандарды бірауыз сөзбен сол мезетте «сойып салатын». Ондай қорлықтың қазір түр-түрін көріп жүрген мен, Фариза апамның қасында жүрген кездердің жұмақпен тең екенін енді түсінгендеймін… Аймақтарға барса, ақын, әнші қыздардың мерейін асырып, олар туралы мақала жазып, апалық ақ тілегін айтып жүретінін «Шашы ағарған қыз» кітабынан көзіміз жасаурай талай оқыдық… Бір сапарда Фариза апам Шымкентке барғанда, қасына сол аймақтың талантты қыздарының бір шоғыры үйіріліп жинала қалды. Елдегі талантты адамдардың ара қатынасынан хабары бар апам шай үстінде Халық ақыны Әселхан апайға қарап: «Әселханжан, сен осы оңтүстіктегі барлық ақынның ең біріншісісің, бәрінен биік тұрасың» деп нығарлай сөйледі. Марқұм Әселхан апай Қалыбекова кейіннен маған: «осы біздің оңтүстікте мені де сөз қылатын, жоғары жаққа жамандап баратын іні-сіңлілерім бар ғой, биліктегілер де солардың қисық сөздеріне иланып, мені шетқақпайлай беретін. Фариза апамның сол сөзінен кейін, бәрінің үні өшті» деп марқая ризалығын білдіргені есімде. Соған ұқсас тағы бір оқиғаны әлі күнге жүрген жерімізде айтып, күліп жүреміз. Маңғыстау облысының Астанада өнер күндері өтіп, Маңғыстаудағы «мен» деген өнерпаздар жиналып, бірнеше күн үлкен шаралар ұйымдастырды. Әбіш аға мен Фариза апа бастап, керемет ұйымдастырылған шаралардың куәсі болдық. Концерттері біткен соң, үлкендердің батасын алайық деп дастарқан жасап қойыпты. Жастар сарайының далиған қонақ залы у да шу. Сахнадан екпіндей шыққан өнерпаздар жапырылып келіп, үлкендерге сәлемдесіп жатыр… Бір сәт, дастарқан басында Сержан Шәкірат ағамыз күй төкті… Елеусіздеу отырған күйші Роза Айдарбаеваны байқап қалған апам: «Роза, сен тарт күйді, ал, домбыраны» деп бұйыра сөйледі. Сержан аға кезекті Роза апайда «амалсыз бергендей» болып қалды. Осыны тағы аңғарған Фариза апай бағанағы сөзін тұздықтай түсіп: «Роза, Маңғыстау күйшілерінің ең мықтысы сенсің, қалғандары сенен кейін» деп замандасы Сержан ағаға ащылау әзілдеп, басқаларына қарата сөйледі. Кілең «сен тұр, мен атайын» күйшілер демдерін ішіне тарта қалған сәтте, Фариза апайдың жаңағы тосындау сөзін Әбіш аға іле кетті: «Апаларың жас кезінде нормовщик болып жұмыс жасаған, «сен – бірінші, сен – екінші» деп таңбалап отыратын әдеті бар» деп үрпиіп қалған жұртты ду күлдірді. Әбіш аға мен Фариза апамның үнемі бірін-бірі толықтырып отыратын әдемі әзілі, зілдей қабылданған сөздерді желпіп тастап, көңіл кірбіңін жуып жіберетін тамаша тандем еді. Одан кейін айтылған небір аңыз бен әзіл елдің мерейін біраз аспандатып қана қоймай, біздердің өмірлік жан азығымызға айналды… Белгілі қаламгер Сауытбек Әбдірахманов «Фариза феномені» мақаласында: «Фариза арқылы біз қазақ әдебиетіндегі ақын қыздарымыздың ғана емес, жалпы қыздарымыздың аз-аздап болса да өзгере бастағанын көрдік. Фаризаның сөзін оқып, өзін көріп, мінезін танып барып, халықтың сана-сезімінде қазақтағы қыз баланың еркөңілділігі, еркіндігі, еркелігі дегендердің бәрінің бағасы білініп, бәсі артып шыға келді. Фариза арқылы қазақта қыз бала қадірлірек бола түсті. Онсыз да «қыз – қонақ» дейтін халық едік, Фариза жырлары әйел әлемінің қатпар-қалтарыстарын қопара қозғай отырып, ана, апа, әже, әпке, қарындас, сіңлі, қыз бала, жалпы әйел заты ұғымдарының ұлағатын сана-сезімімізге сіңіре түсті» деп, апамның осы қасиетін дөп басады. Айтса айтқандай, Фариза апам «Қазақтың қызы қандай болуы керек?» десе, «мынадай болуы керек» деп әлемге басымызды тік көтеріп көрсететіндей тұлға еді. Осы күні біздің қоғамда әйелді, қызды «төмен етек» санап, төмендету, мұқату тенденциясы белең алды. Қара жамылдырып, қазақтың қызының ай дидарын көрсетпейтін індетке ұшырады. Жазушы Төлен Әбдік ағамыздың бір жерде: «Қыз баланы оқыту, қызметке тағайындау – Ұлттың өсуі» деген сөзін естіп едім. Ал қазір қызметтегі, ел алдында жүрген қыздарды күстаналап, «нәті әйел» деп қарайтын күйге түстік. Кейде біз өркениетке жетеміз деп, кері кетіп бара жатқан секілдіміз…
Бірде апамнан «Апа, сіз Кеңес дәуірінде танылдыңыз. Осы күні сол кезді жамандайтындар көбейді, не айтасыз?» деп сұрадым. Апам: «Мен Кеңес заманынан еш жамандық көргем жоқ. Біздерді ақын етті. Шығармашылық мүмкіндіктер жасады. Кітаптарымызды жоспарлы түрде шығарды, еңбегімізді бағалады. Өкпе жоқ» деп жауап қатты. Ал тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асқанда, дүниеден өтер алдында «Лена-ау, біздің осы уақытқа дейін айтқанымыз, жазғанымыз, берген тәрбиеміз далада қалып, бәрі теріс қарай кетті ғой» деп осы қоғамға налығаны әлі құлағымда тұр... Ұлы жүрегімен ұлтының өз тілінен, салт-санасынан безіп, бүгінгідей «елдің сиқын бұзатындар» көбейетінін сезген болар-ау жарықтығым…
Фариза апайдың күнделікті өмір сүру режимі де ешкімге ұқсамайтын. Астанаға алғаш келген жылдары жұмысымның қағаздарын жазу үшін апайдың үйіне барып қонам, өйткені сол кісілердің үйінде компьютер болды, менің компьютерім түгілі, үйім де жоқ еді. Кешке тамақтанып болған соң, ыдыстарды «ешкімге бермей», өзі жуады да, ұялы телефонын сөндіріп, сағат 8-9-дар шамасында ұйықтауға бөлмесіне кіреді. Апамның қызы Элеонора екеуміз қағаз, теледидар қарап, кеш ұйықтайтын әдетіміз ғой, содан түннің бір уағында, шамамен түнгі 11-12-лер шамасында оянып: «Неғылған бітпейтін қағаз? Әлі жатпадыңдар ма?» деп бөлмеміздің маңынан сөйлей өтеді де, ас бөлмеге кіріп, бір кесе бағана мұздатқыштан жылып тұрсын деп шығарып қойған айранын ішеді де, қайта бөлмесіне аяңдайды. Ол уақытта Элеонора екеуміздің «жұмысымыз» қызып жатады. Бір уақытта апайдың бөлмесінен транзистор радионың шаң-шұң етіп, толқын қуған дыбысы естіледі. Біздің көзіміз ілінгенше Фариза апай солай радио тыңдайды. Оның «Америка дауысын» тыңдайтынын кейін білдім. Ал біз таң ата асүйден шыққан дәмді бәліштің иісі мұрнымызға келгенде ғана оянамыз. Апай таңғы 4-тен тұрып, қағаздарын қарайды. Менің білуімде көп жырын ала таңмен жазады. Жыр жазғанда асүйде біржағынан ас пісіріп жүріп, жазатындай, үнемі нантақтай үстіндегі ұнға былғанған ақ қағаз бен қалам тұрады.
Фариза апамның асты керемет дайындайтынын көзін көріп, дәмін татқандар әлі күнге ауыздарынан суы құрып, тамсана жыр қылады. Тамсанса, тамсанатындай еді. Күнде таңертең сарымайға пісірілген қып-қызыл ыстық бауырсақ, ішіне ет пен қойдың құйрығын қосқан кісенан, қуырдақ – Фариза Оңғарсынова дастарқанының күнделікті таңғы ас мәзірі. Иісінен ұйқың шайдай ашылып, әр бөлмеден ұлы, қызы, немересі, қонақ және мен сияқтылар қозыдай жамырап, дастарқанға жайғасамыз. Әдеттегідей, апай әрқайсымыздан бүгінгі күнге арналған жоспарымызды, мәселемізді, тіпті қандай түс көргенімізді сұрайды. Жапырыла жауап беріп, апыл-ғұпыл жан-жаққа тараймыз. Кешке қарай да асты өзі даярлап, күтіп отырады. Апайдың үйінде Құдайдың құтты күнінде қонақ болады. Біреулер елден «сәлем бере» келген. Біреулер «баласын түрмеден шығартуға», енді біреулер «жұмысқа орналастыр» деп, басқа біреу шетелден келіп отырады. Жас талантты ақындар алғашқы жыр жинақтарына «батасын алуға» келетіні тағы бар. Әйтеуір ол үйдің шәйнегі оттан түспейді, қазаны балконға жиналмайды. Апамның әр апта сайын өзі арнайы шақыратын қонақтарының тізімі болатын: «Осы аптада пәленшені, келер аптада түгеншені» шақырып шай беруім керек» дейді. Ең тамашасы – барлық «тізімнің» басында Әбіш аға мен Клара апа тұрады. Балалары да «неге шақыра береміз?» деп бір қабақ шытпайды, қоғадай жапырылып қонақ күтеді. Сондай бір дастарқан басында Әбіш ағаның «Біздің Клараның қуырдағы күн астында жүріп, тезек терген қыз сияқты, ал Фаризаның пісірген қуырдағы көлеңкеде отырып, кесте тоқыған қыз сияқты» дегені әдемі салынған суреттей керемет әзіл еді… Фариза апамның тағы бір ерекшелігі: келген адамдардың барлығына жұрттың кигізген алтын сақина, қымбат орамал, құндыз ішігін сыйлап жібереді. Тіпті, кештерінде берген кілемдерді де қолтықтап, бір қонақтың қайтадан алып бара жатқанын талай көрдім. Апай сырғырлатып ыдыс-аяқ, сылдырлатып алтын-жақұт жинаған емес. Тіпті, олар туралы «тағатын алтыным болса» деп те ойлаған да емес.
Апай мінезді, намысты адамдарды жақсы көрді. Мені көргенде кейбіреулер «апаң екеуің қалай сыйысып жүрсіңдер?» деп қалжыңдата қағытады. Фариза апамның кейде тура сөйлейтіні талай адамға жаға қоймағаны да шындық. Менің білуімде, апай әдейі солай жасайтындай көрінетін. Алдындағы адамның «бұған қайтер екен, егер ақылы төмен болса, кісімсіп, мінез көрсетеді» деп сынайтыны еді. Әрине, ортаға сөз тасып, «анау сіздің алдыңызға шығайын деп жүр» деп апамды «теріс айналдырғандар» да әлі тірі жүр. Менің апамды «теріс айналған» сайын құрметтейтінімді, мен үшін оның одан сайын биіктей түскенін түсінуге олардың өрелері қайдан жетсін? Ал біз болсақ, сыйыстық! Сырластық! Сыйыспаған сәтіміз болған кезде сыйластық! Сырласпаған сәтіміз болса, өлең арқылы мұңдастық! Фариза апай мені түсінді. Мен оны түсіндім! Түсінгенім: Фариза Құдайдың берген ақындығын періште күйінде алып жүрген, қалың қазақты тек жақсылыққа, парасаттылыққа, елдікке бастаған Ұлы Тұлға! Ұлылығы емей немене, ол кісі дүние салғанда, алты алаш түгел күңіренгенін көзіміз көрді. Апамның жаназа асында аты аңызға айналған абыз Асанәлі Әшімов: «1961 жылы Ұлы Мұхаң Әуезов дүние салғанда, халық осылай күңіреніп еді... Бүгін Факеңнің қазасынан ел есеңгіреп қалды» деген сөзін естіп, егілмеген жан қалмады. Менің жақында марқұм болған Рахия Мансұрқызы деген апайым сонда: «Апаңның алдынан жарылқасын, ол кісі елдің анасы еді ғой, халық жоқтап жатыр, осыдан кейін «осы заманда ақын қадірсіз» деп көр, «жұрт ақынды қастерлемейді» деп көр» деп телефон шалғаны әлі құлағымда тұр. Оны айтасыз-ау, Қызылордадағы ағайын «Фариза апай қайтыпты» деп, сол жақтағы менің бауырларымның үйіне бірнеше күн бойы көңіл айтып барыпты. Олар да өз бауырындай, дастарқан жайып, Құран бағыштап отырды. Фариза апамның:
«Жұрт неге маған жауықты»,
деп өзің босқа кішірме.
Талантты болу қауіпті
талантсыздардың ішінде.
Жан жетпегенмен жүйрікке,
ызыңдар зулап соңында оқ.
Сыйламастардан сый күтпе –
кемеңгер – жалқы, тобыр көп.
Бір өзі көкке өрлей ме,
кездеспей жолында орсыз жер.
Тобырға мазақ ол кейде, –
өзімізбен бірдей болсын дер.
Тумысы бөлек кемеңгер
көсем болуға ұмтылмас.
Қара бас қамын жегендер
қарекет етуден бір тынбас.
Өтсе де өмірі: алды жар,
тылсым ба маңы, сор ма арты,
халқының даңқын қалдырар
түбінде әйтеуір сол жалқы»
деген өлмейтін өлеңі өзіне арналғандай! Өзі де Жалқы! Жалғыз! Әлдебіреулер Фариза апай дүниеден озғаннан кейін, оның кейбір тосын мінездерінің тонын теріс айналдырып, табақтай кітап етіп бастырып, жауды қиратқандай болып жүргенінен хабарым бар. Менің пайымымда халық қастерлеген адамды дүниеден өтіп кеткеннен кейін «ол сендер ойлағандай емес, мынадай еді» деп қаралау – Құдайдың ықыласы түскен пендесінің талантын қызғанудан туған, ішітарлықтан аса алмаған кемталанттың жан дүниесі болса керек. Мұнысы өзін де, келешек ұрпақты да көгертпесі анық. Бірақ кім не десе де, не жазса да халықтың ақын Фариза Оңғарсыноваға деген махаббаты оның отты жырлары санада жаңғырып, жүректе жатталып тұрғанда ешқашан кемімек емес. Қайта жыл өткен сайын жаңғыра берері хақ! Өйткені Фариза болып туып, Фариза болып өмір сүру – әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін Тағдырлы талант пен тағлымды ғұмыр! Рухы шат болғай!
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері