Арда азамат
Айтыскер ақын ретінде танылып, белгілі композиторлардың әндеріне жазылған жырлары жүздеген мың тыңдарманның ықыласына бөленген арда азамат. Поэзия мен өнерге жүздеген төл шәкіртін тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ұлт тұлғаларын зерттеп, зерделі зерттеулер жүргізген ғибратты ғалым. Ғаламторда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мыңдаған оқырманға талмай жеткізіп жүрген білікті блогер. Алаштың қамын күйттеген ұлтшыл. Бұл – Серікзат Дүйсенғазы туралы айтылар әңгіме, берілер бағаның шет жағасы ғана.
Жаны жайсаң жігіттің рухани әлемін һәм табиғатын бір-ақ сөзбен айтуға болады. Ол – жақсы адам.
Қандай адам жақсы дегенде Серікзат бауырым көз алдыма елестейді. Бір ауылда өстік. Бір Аягөз өзенінің суын іштік, шомылдық. Абай облысының Аягөз ауданындағы алақандай Тарбағатай ауылында тудық, сол тарихи өңірдің ауасын бірге жұтып, Барқытбелдің таңғажайып табиғатының аясында балалық бал дәуреніміз өтті. Енді сөзімді әріден, рет-ретімен сабақтап көрейін.
Бала Серікзат ауылымыздағы абыройлы азаматтардың бірі Мақсұт ағамның отбасында дүниеге келген. Ол кісіні ауыл ғана емес, оның 4 бөлімшесіндегі тұрғындардың бәрі білді. Әдебиетке жақын Мақсұт ағаны білмеу мүмкін де емес еді. Кезінде Шұбартау ауданының бастамасымен комсомол-жастар бригадалары құрылғанда совхоз басшысы аттай қалап, алғашқылардың қатарында Мақсұт ағамыздың осындай учаскеге баруын өтініпті. Еңбек десе, жанып түсетін азамат ол шаруаны бірден дөңгелентіп әкетеді. Даңқы дүрілдейді, ауылға ат басын тіреген ығай-сығайлар мен ақын-жазушылар, әншілер сол бригадаға бағытталады екен. Өйткені ағамыз бен Сәжида апамыз әдебиет пен өнер адамдары дегенде ішкен астарын жерге қойып, жайылып жастық, иіліп төсек болатын көрінеді.
Кезінде бұл құтты шаңырақта Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, Тұманбай Молдағалиев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Ерғазы Рахимов, Тоқтархан Шәріпжанов сынды ақындар мен жазушылар арнайы тоқтап, Мақсұт ағамызбен түнді таңға ұластыра әңгіме-дүкен құрған. Сол кезде қарымды қаламгер Тоқтархан Шәріпжанов өз кітабын сыйлап тұрып, мынадай автограф жазыпты:
«Ат жақсы болса ағызып,
Әкелмек болған қайырып,
Ешкімді бөліп көрмеген,
Туыс деп, жат деп айырып
Малтүгел Мақсұтханға
ағасы Тоқтарханнан».
Төрде толған кітап, ауыл кітапханасының филиалы ма дерсіз. Күні бойы жанталасқан жұмыстан қолдары тимесе де ара-арасында кітап оқуды дәстүрге айналдырған. Аягөз қаласына барғанда азық-түлік, киім-кешекпен қосып, арнайы кітап дүкеніне соғып, оншақты кітапті ала қайтуды ағамыздың дәстүрі екен.
Сол мол кітапті оқушы Серікзат қой-қозыларын Өкпетіге өргізгенде қолынан тастамаған: қазақ классиктерінің романдары дейсіз бе, жыр жинақтары мен небір қазақ ертегілерінің томдары үйдің төріндегі шкафта сығылысып тұрған ғой. Ата-анасы әдебиетке құштар болғаннан кейін балаларына да кітаппен дос болуды үйреткен. Соның арқасында Серікзат бастапқыда юморға құрылған өлеңдерін шығарып, сыныптастарына арнап жүрсе, кейіннен Тарбағатайдың тұмса табиғаты бала қиялын баурағандықтан, табиғат лирикасына мойын бұрады. Оның үстіне мектеп директоры да жас таланттың талабын байқап, мектептің қабырға газетін шығарып тұруды өтінеді.
Жазуға келгенде хас жүйріктей шабатын Серікзатқа бірнеше ватманмен жалғастырылған мұндай «басылымды» шығару сөз болып па. Сыныптастарының айтуынша, ол мектептің қабырға газетін түрлі-түсті фломастерлермен әрлетіп, тіпті «Кірпі» деген қосымшасын қостырғанда үзіліске шыққан мектеп оқушылары оны оқуға таласа-тармаса кезекке тұратын болған ғой. Оның үстіне ауылдан шыққан Тұрсын Смақов, Ғабдул-Ғазиз Есембаев және басқа журналист ағаларының, аудандық «Алға» газетінде істейтін танымал жазушы Ерғазы Рахимов сынды туыс-ағасының шығармашылығынан қанат алған Серікзат сол заманда әрбір оқушының асыл арманы болған Қазақ ұлттық университетінің филология яки журналистика факультетіне оқуға түсуді армандайды. Үйіндегі мол кітаптан жинаған даналық ой маржандары оның ақын болуына әсер етіп, жас ақындар айтысына қатысып, жүлдегер бола бастауы поэзия патшалығына ат байлап, шығармашылыққа біржолата бет бұрғызады. Кейіннен өзіне шабыт сыйлап, қанат бітірген ауылы туралы ол былайша жырлады:
Жанымның сырын жасырмай кетем,
Жарқ ете қалсам жасындай жырлап.
Әлемде сірә, асыл бар ма екен,
Тарбағатайымның тасындай қымбат.
«Талант – барлық нәрседе талант» деген нақылда айтылғандай әдебиетке, өлеңге құмар бала тіпті пластилиннен неше түрлі жан-жануарлардың мүсіндерін сомдағанда кейбір ұстаздары «Сенен мықты мүсінші шығады, соның оқуына бар» деп үгіттесе, мектепте 100 метрге жүгіруден алдына жан салмаған жас талапкер Аягөз аудандық спортакиадасында грек-рим күресінен 1-орынды жеңіп алғанда физкультурадан сабақ беретін мұғалімі мен жаттықтыруысы «Ойланбастан Алматы физкультура институтына түс, олимпиада чемпионы болатын мүмкіндік алдыңнан күтіп тұр» деген екен.
Көп ұзамай аңсаған арманына қол жеткізіп, ҚазҰУ-нің Филология факультетінің студенті атанған Серікзат бауырым жыр сүлейлерімен етене араласып, республикалық айтыста жүлделі орындарды қанжығасына байлай бастайды. Уақыт өте келіп, айтыстың сайыпқыран ұйымдастырушысы ақын Жүрсін Ерманмен танысқаннан бастап елдегі айтыс атаулыға жиі қатысады.
Айтыскер ретінде алғашқы қадамын 1990 жылдан бастаған. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысының (1996), Аягөз қаласында өткен халық ақыны Төлеу Көбдіковтің 130 жылдығына арналған республикалық айтыстың (2003), Ақмола облысы Қорғалжын ауданында өткен «Қорғалжын – құтты мекенім» атты республикалық айтыстың (2006), Алматы облысы Жамбыл ауданында өткен Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығына арналған республикалық айтыстың (2011), Астана қаласы Мәдениет басқармасы мен «Хабар» телеарнасы бірігіп өткізген тұңғыш шоу айтыстың (2014) Бас жүлдегері. Бұдан бөлек көптеген республикалық, халықаралық айтыста жүлдегер атанған ақын. Әр жылдары Ресей, Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан елдерінде қазақтың айтыс өнерін насихаттап, өнер көрсетті.
1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетін тәмамдап бакалавр дәрежесін, 1999 жылы магистр дәрежесін алады. 1999 жылдан 2001 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Студенттер клубы директорының орынбасары, директоры, 2001 жылдан 2002 жылға дейін Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы директорының орынбасары қызметтерін атқарады.
Ал 2002 жылдан 2020 жылға дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, 2006-2011 жылдар аралығында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ эфирлік саясат дирекциясының шеф-редакторы болса, 2020-2024 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, 2024 жылдың мамыр айынан бастап осы университеттің Филология факультетінің деканы қызметін атқарып келеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Университеттегі «Топжарған» жас ақындар клубының жетекшісі ондаған шәкірт тәрбиелеп, олардың көпшілігі қазірдің өзінде республикалық ақындар айтысының жүлдегерлері болып жүр.
Серікзат Дүйсенғазы жазба поэзияның өкілі ретінде де республикаға танылған ақын. «Қарашығымда көшкен бұлт» (2014), «Мезгіл суреттері» (2021) атты жыр жинағының авторы. Qazaqstan ұлттық телеарнасы, «Қазақ радиосы», «Қазақ әдебиеті» газеті бірлесіп өткізген «Бір өлең – бір әлем» атты республикалық жыр мүшәйрасының 2-орын иегері (2008), Астана қаласындағы «Қала күні» мерекесіне арналған жыр мүшәйрада 1-орын иегері (2012), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әзірет сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Бес парыз және тарих тағылымы» атты республикалық жыр мүшәйрасында Бас жүлде иегері (2016), Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған «Еңсесі биік – Елорда» атты республикалық жыр мүшәйрасының 1-орын иегері (2022) атанды.
Серікзат Дүйсенғазының сөзіне жазылған әндерді «МузАРТ» тобы, «Жігіттер» тобы, Мақпал Жүнісова, Жұбаныш Жексенұлы, Қарақат Әбілдина, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Өмірқұл Айниязов, Қайрат Нұртас, т.б. танымал әншілер орындайды. Ақынның сөзіне жазылған әндердің «Мөлдіреген жанарың» атты аудио жинағы жарық көрген (2014). 2014 жылы 22 наурызда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан» орталық концерт залында ақынның «Перзент тілегі» атты жеке шығармашылық кеші өтіп, Qazaqstan ұлттық арнасы мен «Хабар» арнасының эфирі арқылы көрсетілді.
С.Дүйсенғазы әуесқой сазгер ретінде де танымал әндердің авторы. Оның «Тарбағатай» (орындайтын Саят Нұрғазин), «Жайдарлым» (орындайтын «Думан-Тілеу» дуэті), «Бақытым менің» (орындайтын Саят Нұрғазин) сияқты әндері республикалық радиолардың алтын қорына енді. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Сарбаз әндері» бірінші республикалық әскери-патриоттық әндер байқауының 1-орын иегері.
Бұған қоса, Серікзат Мақсұтұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанда алғаш рет қойылатын әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған ерекше туынды – Notre dame de Paris мюзиклін қазақ тіліне аударды. Аталған мюзикл Гиннестің рекордтар кітабына енген және әлемнің 9 тіліне аударылған. 20 жыл бұрын алғаш рет Париж қаласында қойылған мюзикль қазақ сахнасының төрінен табылды. Notre dame de Paris мюзиклінің авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондонның іріктеуі бойынша басқа ақындар мен аудармашылардан үздік атанған Серікзат Дүйсенғазы отандық мәдениетті әлемдік аренада жоғары дәрежеде танытуға атсалысты. Ақынның аудармалары арқылы атақты мюзикльдің желісінде орындалатын Belle, Danse mon esmeralda, Le Temps des Cathedrales секілді елуге жуық хит әндер қазақ тілінде шырқалды. Оның шығармашылық еңбегі Қазақстан мен Франция мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстардың өркендеуіне үлес қосқаны анық.
С.Дүйсенғазының отбасы Астана қаласы бойынша «Мерейлі отбасы-2019» жобасының бірінші орнын жеңіп алып, республикалық деңгейдегі сайыста арнайы жүлдеге ие болды. Ең бастысы, 200-ден астам әнге мәтін жазған. Едәуір бөлігі республикалық телеарналардың мұрағаты мен Қазақ радиосының алтын қорында сақталған, көпшілігі YouTube-та тұр.
Қайраткерлігі мен ғалымдығы жеке бір мақалаға жүк болады. Газетке арналған шағын мақалада оның бәрін қамту қиын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі.
Ғалым ретінде Серікзат Дүйсенғазының жүзге жуық ғылыми мақаласы халықаралық рейтингтік журналдарда, республикалық ғылыми журналдарда, конференция жинақтарында жарық көрген. Бірнеше ғылыми, әдеби хрестоматиялардың құрастырушысы. «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» (2007) атты монографияның, «Шетел әдебиетінің тарихы» (2010, 2018) атты оқулықтың авторы. Дулат Бабатайұлы туралы жазған терең зерттеулері ғылыми ортада жоғары бағаланып жүр.
Енді Серікзат бауырымның жан дүниесіне үңілейік. Мінезі мен мейірімділігі «сойып қаптап қойғандай» демекші – аумаған әкесі. Малтүгел руынан шыққан Мақсұт ағамның жүрегі сондай жұмсақ қой. Бірде ата-анасы телевизордан Серікзаттың айтысын көріп отырғанда Сәжида апам: «Айналайын, жаным сол, құлыным кішкентай» деп мейірлене сөйлеп отырса, Мақа ағамыз басын бұрып: «Тыныш отыр, ойын бөлесің» депті. Ойында басқа ештеңе жоқ. Аңқаулық, аңқылдақтық. Бір күлкілі іс істейді, бірақ оны күлкілі-ау деп ойламайды. Табиғатынан солай. Ол кісінің сол қасиеті Серікзат бауырыма да генмен берілген ғой. Бірде ол жаңадан алған машинасымен жұмысқа барады да, кешкісін қатарласа шыққан әріптесінің машинасына отырып үйіне келеді. Таңертеңгісін қолын қалтасына салса машинасының кілті тұр, есік алдына шықса машина жоқ. Содан іздейді келіп. Ақырында, жол полициясына хабарласып, жұмыс жағына келсе, машинасы сол ғимараттың жанында тұрған ғой...
Аңқаулық. Бір жағынан ұдайы ой үстінде жүретін, дүние-байлыққа құштарлығы жоқ, жыр әлеміне жүрегімен берілген шығармашылық адамында мұндайдың болуына аса таңданбаған жөн-ау деп ойлаймын, кейде. Өйткені ол дүние жинауға қызықпады. Отбасына ерекше мән берді, бала тәрбиесімен беріле шұғылданды. Қапияда айырылған Әлихан баламыздың кітапқа құштарлығының арқасында қандай рухани биікке көтерілгенін теледидар хабарларынан көріп, артында қалдырған өз жазбаларынан оқыдық қой. Оның тұлға болып қалыптасуында әкенің рөлі зор болғанын жақсы білем.
Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен біртума талант Әлиханның қазасы Серікзаттың қабырғасын қайыстырды, мұқым Қазақстан жаппай қайғырды. Алайда рухы мықты Серікзат бауырым еңсесін көтеріп, ес жиып, бойын тіктеді. Алладан күдерін үзбеді. Жасаған Ие оның пәк ниетіне сәби сыйлады. Әлихан баламыз мыңдаған жасөспірімнің жүрегіне алау жағып, бүгінде Әлихан Мақсұт атындағы «РОБОЗЕРДЕ» атты робототехникаға құмартқан балдырғандардың республикалық фестивальдары жүйелі түрде өтіп жатыр.
Осыдан 4-5 жыл бұрын ораза айында кенже ұлым Бексұлтанды ертіп, С.Сейфуллин мен Ә.Сембинов көшелерінің қиылысынан сәл әрі орналасқан рухани, діни білім беру орталығына жамағатпен бірге тарауих намазын оқуға барғанда ұлым маған бұрылып: «Серікзат аға баласымен келіп кіріп жатыр» деді. Біз орнымыздан тұрып, 5-10 минут мүмкіндікті пайдаланып, әңгімелесіп үлгірдік. Сөйтсем, ол Әлиханды екі жылдан бері осындағы зиялы ұстаздарға жолығып, діни сауат ашу курсына әкеліп жүр екен. Баласы Құран сүрелерін жатқа айтатын көрінеді. Екі баланы бір-біріне таныстырып едік, қолма-қол шүйіркелесе кетті. Біздің ұл бір-екі жас үлкен болса да Әлиханның жаттағандарына жете қоймағанын ойлап, іштей ұялып та отырмын. «Әлі-ақ қуып жетеміз» деп іштей өзімді «жұбатып» қоям. Айтпағым, бала тәрбиесіне жіті мән берген Серікзат қайда барса да Әлиханды жанынан қалдырмай өмірге тәрбиелеп жүрген екен ғой. Бауырымның бұл ықтияттылығы, әкелік қамқорлығы, білгендігі кімге де үлгі боларлық қадам. Қыздарын да кітаппен тәрбиелеп жүргенін, олардың содан нәтиже шығарғанын да естіп қуанып қалғанбыз.
Серікзат Дүйсенғазы жазба поэзияның да белгілі өкілі екенін жоғарыда айттық. Теңіздің дәмін тамшысынан біл демекші, ақынның шығармашылық потенциалын «Жалт етті жастық» атты жырының мына бір үзіндісінен де патша көңілді оқырман аңғарары анық:
Адамның қымбат байлығы көңіл
Қатал тірліктің қай мұңы жеңіл
Сәскеден ауып жортып барады
Сәндене басқан сәйгүлік өмір
Ілінсе жөргем жүргенге нәсіп
Көшеді түн мен күндер жарасып
Зулаған уақыт жеткізбейді екен
Бір белден кейін бір белден асып.
Жүрмейді оған ешбір беделің
Ғұмырды мейлі кештің бе керім
Кірпік қаққанша өте шығатын
Осы ғой жалған бес күн дегенің
Сандалтқан жылдар сынап талайды
Сынаптай сырғып тұрақтамайды
Сан мерген шығып садақ атқанмен
Біреуі де жоқ құлатқан айды
Құлақ түрші азан дауысына көркем
Бақытың гүлдеп, жайсын ақ өркен
Жатырдан шыққан жалғыз аяқ жол
Жазмыштан озбай таусылады ертең
Тұрмайды баста мәңгі ұзақ таң нұр,
Құтылмас ешкім дәу тұзақтан бұл
Таңдайға жазған өлеңге айналар
Маңдайға жазған жалғыз ақ тағдыр.
Менің бауырым: ақын Серікзат, ғалым Серікзат, қайраткер Серікзат, ұстаз Серікзат осындай сегіз қырлы, бір сырлы жан. Оны Қазақстанда бәрі жақсы көреді. Неге? Өйткені ол адамгершілігі асқақ, көпшіл, кішіпейіл, жан баласына жақсылық жасауға желпіне ұмтылып, елпілдеп жүретін асылтекті азамат, ғибратты ғалым, талантты тәлімгер.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры,
Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті