Шаһкерім өз фотосын сыйлаған Абусағит кім?

Шаһкерім өз фотосын сыйлаған Абусағит кім?
сурет – автордікі
854

2023 жылғы 11 шілдеде қазақтың дарынды ақыны, жазушысы, композиторы, философ-ойшылы, ғалым-тарихшы Шаһкерім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толды. Шаһкерім Құдайбердіұлының ақталған сәтінен бастап оның шығармашылығы мен қызметін зерттеу мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн. Ғалымдар орасан зор мәтіндік жұмыс жасағанына қарамастан, ерекше назар аударатын, тоқталатын сәттер әлі де бар.

Бұл мақаланы жазуға қазақ ақыны Шаһкерім Құдайбердіұлының Абу­сағит Махмұдовқа тарту етілген та­ны­мал фотосуреті себеп болды. Шаһ­ке­рім Құдайбердіұлы 1912 жылы Семей қа­­ласында болған кезінде өзінің суретін бұ­ған дейін бізге беймәлім болған Абу Саид Халил оғлы Махмұдов мырзаға сый­ға тартады. Абусағит Махмұдов Құ­нан­бай әулетінің айналасындағыларға абы­ройлы да беделді тұлға болды, бұған Шаһ­керім қажының болашақ немере күйеубаласына естелікке сыйға тартқан фотосуреті дәлел. Құнанбай әулетінің әс­керден қашып, Қазан қаласынан Құ­нан­бай ауылына келген ноғай (қазақтар та­тарларды осылай атаған) көпестері Ыс­қақ және Махмұтпен туыстық қа­рым-қатынаста болғаны белгілі. Құ­нан­бай оларға Шыңғыстау бөктеріндегі Ар­­­­қалық елді мекенінен жер телімін бө­ліп берді, кейін бұл ауыл «Бәкең» және «Бай» ауылы деп аталып кетті. Ысқақ өзінің інісі Махмұтты Қазаннан көшіріп әкелді. Бірте-бірте Құнанбай ауылы мен Бай ауылы жақындасып, қазақтың дәс­түріне сай мың жылдық құда болды.
Суретте – еңселі Шаһкерім қажы қа­ра түсті тақия киіп тұр. Сол жақ жиегі­нен қос түймемен қапсырылған шапан ақын об­разының ажырамас бөлігі іспеттес. Ақын­ның жанарынан өнегелі өмірінің ай­насындай болған тұңғиық көзқарасын көруге болады. Бұл ақынның қасиетті мекенге қажылық сапардан оралған, екі революцияны бастан өткерген кезі, қа­жы­ның қалың сақалына ақ түскен. Ақын өз шығармаларын түрлі әдеби псев­до­ним­дермен жариялаған, мәселен, «Ш.Х», «Шаһкерім», Шаһкерім Құдайберді, Құ­дай­бердіұлы, Шаһкерім Құдайбердин, Шәһкерім Құдайберді оғлы, Құ­дай­бер­диев Ш., Шежіре Шаһкерім, Шежіре Шаһ­керім Хұдайбердин, Шежіре Шаһ­ке­рім Құдайбердин, «Мұтылған». Бар­лы­ғы 11 атауды пайдаланған. 1988 жылы Шә­керім ақталған кезеңнен бастап ғы­лымда орыс тіліндегі «Шәкәрім» деп ай­­­­тылып жүр. Алайда ол халық арасында «Шә­керім» деген атпен танымал. Өз зерт­теуімізде біз ақынның өзі қолданған «Шаһ­керім» атауын қолданғанды жөн көр­дік.
Бүгінге дейін Шаһкерімнің көп­ші­лік­ке танымал үш фотосуреті белгілі, олар­дың әрқайсысының өзіндік ерекше та­рихы бар. Зерттеу барысында біз бұл фо­тосурет қай жылы түсірілді және ол кім­ге тарту етілді деген екі негізгі сұрақ­қа жауап іздедік.
Осы фотосуреттің бүгінге қалай жет­кені туралы әңгімеден бас­тайық. Ерлан Сыдықовтың 2012 жылы «Жизнь замечательных людей» серия­сын­да шыққан «Шәкәрім» атты кіта­бын­да келесі мәліметтер келтірілген: «ОГПУ а­удан­дық бөліміне Шәкәрімнің Саят қо­радағы заттары әкелінді. Тәртіп сақ­шы­лары оның ауылын, туыстарының киіз үйін тінтіп, ақынның қолжазба­ла­рын, кітаптарын тартып алады. Тәркі­лен­­ген қа­ғаздардың кейбіреуін іріктеп алып, Қа­расартов қалғандарын өртеп жіберуге бұй­рық береді. Бұл бұйрықты Қарауыл­дағы ОГПУ кеңсесінің пешін жағатын Шәу­кен орындайды. Оның шын аты – Ораз­ғали Бақашов (1904-1977). Шәукен туға­нынан сақау еді. Бол­ған жайттарды еш­кімге айта алмай­ды деген есеппен, оны кеңсеге жұмысқа алады. Ол қа­ғаздардың арасы­нан Шәкәрімнің су­ретін көріп қалады да,  оны қой­ны­на тығып, қалғанын өртеп жіберуге мәж­бүр болады. Шәкәрім­нің суретін үйін­дегі шешесіне береді. Ал ол оны киім­дерінің арасына тығып қояды. Бұл сурет көп жыл бойы ақынның жал­­ғыз бейнесі ретінде танылып, 50-жыл­­­дары Ахаттың қолына тапсыры­лады».

Фотосурет 
қай жылы түсірілді?

Ахат Шаһкерімұлының естелік­те­рін­де оның әкесі бұл суретке қажылыққа кет­пес бұрын құжатқа керек болғанда түс­кен деп айтылған. Зерттеушілердің көп­шілігі ақынның ұлы Ахаттың  пікі­рі­не сүйене отырып, суреттің 1905 жылы тү­сірілгенін растайды. Асан Омаров, Әділ­ғазы Қайырбеков және басқа да зерт­теушілер Шаһкерім бұл суретке 54 жа­сында түскен деп мәлімдейді. Дәлел ре­тін­де олар «1912 жыл» деген жазуды ал­ға тартады. Бұл фотосурет 1912 жылы тү­сірілген деген сенімді тұжырым Қайым Мұ­хамедхановтың зерттеуіне негіз­дел­ген. Ғалым өз еңбектерінде әкесінің ес­те­­­ліктеріне сүйене отырып, ақын ба­сы­нан өткерген қызықты сәттің бірін сипаттайды: в 1912 году Шакарим гос­тил в доме Сейткулова в Семипа­ла­тинс­ке. Незаурядный поэт, интеллектуал, он был мастером на все руки, и мог не то­лько сшить себе кожаную обувь, но и соз­давал музыкальные инструменты – от тра­диционной для казахов домбры до редкой в степи скрипки. Как-то ут­ром, попив чаю, Шакарим решил про­гу­ля­ться по городу, сказав перед уходом Муха­мед­хану, что вернется к обеду. Время шло, а его все не было. Сейткулов уже начал всерьез беспокоиться, когда в дом зашел по­лицейский, сообщивший, что хозяина вызывают в участок. Как ока­залось, Шакарима задержали стражи порядка, приняв высокого, красивого муж­чину с нестандартной для казаха вне­шностью, к тому же одетого в неп­ри­вычную взгляду (сшитую самостояте­ль­но) одежду за шпиона... Кстати, имен­но в тот приезд в дом Сейткулова был сде­лан фотоснимок Шакарима...

Фотосурет нақты 
кімге арналған?

Енді суреттің артқы жағында жа­зыл­ған мәтінді қарап, осы фотосуреттің кім­ге арналғанына назар аударайық. Ға­лым Ерлан Сыдықов былай дейді: 
«...Шәкәрім 1905 жылдың күзінде Мек­кеге барар алдында суретке түскен еді. Ақын осындай бірнеше фотосуретін туыс­тары мен достарына сыйға тартты. Шәу­кен аман алып қалған фотода араб­ша жазу бар: «Абусағит Хәлел оғлы Мах­мұдов­қа естелік. Шәкәрім Құдайбер­ді­ұлы, 11 қантар 1912 ж.», – деген сөз ар­найды. Зерттеуші бұл жыл фотосуреттің сый­ға тартылған уақытын көрсетуі мүм­кін деп болжайды.
2017 жылы «Егемен Қазақстан» га­зе­тінде Шаһкерім фотосуреттерінің та­ри­хына арналған «Шәкәрім қажы сурет­те­рі­нің тарихы» деген мақала жарияланды. Ма­қаланың авторы Бекен Қайратұлы фо­тосуреттің түпнұсқасын келтіріп, фи­лология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлының түсіндір­ме­сіне сілтеме жасайды. Бірінші жазба ескі үлгіде жазылған: «...Халелұлы Мұхамедин мырзаға, жас білгіштен әрқашан ұмы­тылмасқа Шәкәрім Құдайбердіұлынан. 1912 жылы 11 ғиянуар». Ал «1858 жылы июльде туып, 1931 жылы октябрь айын­да қаза болды» деген екінші бөлігі төте жазу­мен, яғни жаңаша жазылған. Өкі­ніш­ке қарай, автор мәтіннің күрде­лілі­гі­не байланысты барлық ақпаратты жеткізе алмаған болуы керек, нәтиже­сінде жазба қате оқылған.
2023 жылы Түркияның Измир қа­ласындағы Эгей университетінің Түркі әлемін зерттеу институтында ғылыми та­ғылымдамадан өтір жүргенде про­фессор Ибрахим Шахиннің көмегімен біз бұл мәтінді толық оқи алдық. Фото­сурет­те екі жазба бар. Бірінші жазу қа­дым­ша, яғни ескі тәсілмен, ал екіншісі тө­те жазумен, яғни жаңа тәсілмен жазылған. Бірінші жазуды ақынның өзі жаз­ған және мазмұны келесідей: «Сүйү­клү Абу Саид Халил оғлы Махмұдоф мырзаға йахшы белгі ичүн һер қачан ұнұтмасқа Шаһкерім Құдайберді оғ­лын­дан 1912 нчи йылы 11 инчи жанварда». Оның астындағы кейініректе жазылған мәтін келесідей: «54 жасында түскен. 1858 жылы 11-ші ийулде туыб 1931 жы­лы өктабр айында қаза болды». Зерттеуші Асан Омаровтың айтуынша, бұл қосым­ша жазбаны ақынның ұлы Ахат Шаһ­керім­ұлы түсірген. Бұл қосымша жаз­ба­ның авторы ақынның ұлы деуге кел­мей­ді, өйткені фотосуретте «54 жасында түс­кен» деген жазу бар, ал Ахат бұл су­ретті 1905 жылы түсірілген деген нұс­қа­ны алға тартып отыр.

Шаһкерім. Семипалатинскъ, 1912 жыл. К.Н. Могилевцев түсірген фотосурет

Осы фото­суреттің бүгінде екі данасы сақталған. Дәл осындай фотосурет Алматы қа­ласындағы Сәбит Мұқановтың музей-үйінде тұр. Алғашқы жазба кирилл әлипбиімен жазылған: «Любезному брату Тугрулу Ибрагимовичу на добрую па­мять от Шах-карима Худай­бердина. 15 февраля 1912 г.», ал екіншісі араб­тың өр­ме жазуымен жазылған, ма­ғы­насы: «Сүйүк­лі баурым Тұғрұл Ибраһим мар­құм ұғлына ұмытпас белгі үшін. Шах-карим Хұдайберді ұғлынан. 15 февралде 1912 жылы». Бұл фотосуретті өзі­нің сүйік­ті бауыры Тұрағұлға тарту ет­кен. Ал­дың­ғы фотосуреттен ерекше­ле­нетін бірінші нәр­се – бұл ілтипат фор­масы. Шаһкерім Тұрағұл­ға «бауы­рым» десе, Абусағитке «мыр­за» деп жүгі­не­ді. Қазақ тілінде «мыр­за» сөзінің бір­неше мағынасы бар. Алғаш­қысы сыпайы қарым-қатынас түрін­дегі мырза дегенді білдірсе, екіншісі кө­нерген сөз, өзіне тәуелді адамдарға би­лік жүргізетін адам, билеуші мағына­сын­да қолданылған. 

Сүйүклү Абу Саид Халил 
оғлы Махмұдоф мырза,
сіз кімсіз?

Бұл фотосуретті Шаһкерім кімге ар­нады? 1994 жылы «Абай» жур­на­­­­­лы­ның 9-санында Құнанбай мен но­ғай ауылдары арасындағы туыстық қа­­тынас туралы Тауфик Досаев­тың мақа­ласы жарық көрді. Сұрақтың мәнін тү­сіну үшін біз тақырыпқа қатыс­ты кейбір мәліметтерге тоқталсақ.
Ғалым Тауфик Досаев өз зерттеу­лерін­де мынаны атап өтеді: «Мұхтар Омар­ханұлы Әуезовтің «Абай» рома­нында әскерден қашып, Қазан қала­сы­нан Құнанбай ауылына келген ноғай  Ысқақтың оқиғасы сипатталған. Құнан­бай оған Шыңғыстау бөктеріндегі Арқа­лық деген елді мекеннен  жер берді, кейін бұл ауыл «Бәкең» және «Бай» ауыл деп атала басталды. Ысқақ өзінің інісі Мах­мұтты Қазаннан көшіріп алды. Бір­те-бірте Құнанбай ауылы мен Бай ауылы, ақыры туысып, қазақтар айтпақшы, мың жылдық құдаға айналады. Қазаннан кел­ген Ысқақтың Жақып, Сүлеймен, Мұса, Мұсабай атты төрт ұлы және Са­қып­жамал (Шаһкерімнің үлкен ағасы Шә­кенің (Шаһмарданның) әйелі. Ескерт. Б.О.) деген қызы болды. Ал кіші інісі Мах­мұттың Абай (Ибраһим), Айғанша және Қожаш деген екі ұлы мен бір қызы бол­ды. Құнанбай мен Бай ауылдарының туыстық байланысы туралы көптеген тарихи факт келтіруге болады.
Осы орайда Абайдың ұлы Тұрағұл әке­сі жайлы естеліктерін бөліседі: «Ер­теректе біздің өлкеге Ысқақ Махмұдов есімді ноғай сауда жасау үшін келген еді. Ол қазақ қызына үйленіп, қазақтың әдет-ғұрпын қабылдады, қазақыланып кетті, жергілікті тұрғындар арасында ауқатты адамға айналды. Осылайша, ол ақыры Құнанбай әулетімен туыстас болды. Ысқақтың кішкентай немерелері Сыдық пен Қажыболла әкемнің үйіне кел­генде, әкем  оларға «Қуанбаңдар жас­тыққа» деген өлеңін арнап еді. 
Біздің ойымызша, Тұрағұлдың Ыс­қақтың тегін Махмұдов деуінің себебі Шаһкерім отбасымен т уыстық қатынаста болған Махмұдов отбасында жатыр. Мақалада Шаһкерімнің Айған­шаға құда түсуі және үйленуі баяндалған. Бұдан әрі Қапырдың (Ғафурдың) үлкен ұлының қызы, яғни Шаһкерім мен Ай­ғаншаның немересі Ләбибаға үйлен­ген Абусағит есімді Айғаншаның жиенінің аты аталады. Осы жайттарды ескере оты­рып, фотосуретті Шаһкерім өзінің бо­лашақ күйеу баласына сыйлаған деп се­німді түрде айта аламыз. Қосымша дә­лел ретінде тағы бір аргумент келтіруге болады. Ғафурдың қызы Кәмилә Қапыр­қызы Шаһкерім туыстарының осындай аласапыран заманда қандай бейнет көргенін былайша айтады: «Шәкәрім тұқымдары Қарауылға тез жеткізілсін» деген ГПУ-дің суық хабары бізге жетті. Мен сол уақытта Арқалықтағы Қожаш­тың келіні Ләбиба тәтемнің қолында тұрып екінші класты тәмамдағанмын». Ша­масы, Қожаш деген татар есімі қазақ орта­сында Халил есімімен бір мағынада бол­са керек, араб тілінен аударғанда «жа­қын дос» немесе «сүйікті» дегенді білдіреді.
Абу Саид Халил оғлы Махмұдовтың тағ­дыры туралы «Шәкәрім» энциклопе­диясында келесі ақпарат бар: «Ләбиба бой жеткен кезде Айғаншаның бауыры Қожаштың ұлы Әукешке тұрмысқа шы­ға­ды. Шәкәрім ұрпақтарының басына түскен жылдары жанұясымен қырғыз жеріне ауа қашады. Бірақ сол жақта күйеуі де, атасы да қайтыс болып, кішке­не қызын бір қырғыз әйеліне беріп еліне қайтып келеді. Арқалық деген елді-ме­кенде тұрған Л. ашаршылық жылдары Семей қаласына келеді. 1933 жылдары Дүз­жасар Жақытұлымен (Негізгі аты Жа­қып екені) Семей қаласында жолы­ғып отбасын құрады...».

Шаһкерім мен Абусағиттің арасындағы қарым-қатынас қандай болды?

Тайға таңба басқандай! Айғаншының туған ағасы Абусағитті Шаһкерім құр­мет­те­ген. Шаһкерім мен Айғаншаның ту­ған немересі, үлкен ұлы Ғафурдың қы­зы Ләбиба қазақ даласындағы беделді мырза Абусағит Халил оғлы Махмұдовқа тұр­мысқа шығады. Абусағит Махмудов­тың өмірі мен қызметі туралы мәлі­мет­тер бүгінгі күнге дейін сақталмаған­дық­тан, оны біз жас болса да, бас бола білген, Құнанбай әулетінде беделге ие болған адам деп санаймыз. Біздің шамалауымыз­ша Шаһкерім 1912 жылы кемінде бір ай, тіпті одан да көп уақыт Семей қаласында рухани дос және жанына ең жақын адам­дардың ортасында болған. Бәлкім, сол кезде озық ойлы Рахматулла Елкі­баев басқарған кітапханаға да жиі бар­ған болуы керек.

Қазақ зиялылары Абусағит есімін кімнің құрметіне қойған?

Қазақ мәдениетінде көрнекті тұлға­лардың құрметіне балаларын атау дәс­түрі кең таралған. Біз Абусағит Мах­мұдовтың құрметіне әдебиеттану және кітаптану саласындағы белгілі қазақ­стандық ғалым Абусағит (Әбіш) Жирен­шинді атады деп болжап отырмыз. Мұн­дай мәртебе Жиреншиндер әулеті үшін беделді тұлға Шаһкерімге берілген.
Жақын туысы ретінде Абусағит Жиреншин ақын-философ Шаһкерімнің шығармашылығын зерттеумен көп айналысты. Оның жеке мұрағатында ақынның шығармашылық мұрасы туралы естелік жазбалар сақталған. 2023 жылы Ұлттық академиялық кітапханада Шаһкерім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына арналған кітаптар көр­месі ұйымдастырылды, онда басқа кітаптармен қатар 1912 жылы Семей қала­сында жарық көрген араб өрме жазуы­мен басылған кітап біздің назары­мызды аударды. Кітапхананың ғылыми қызметкері Шыңғыс Бегімтайдың айтуынша, бұл басылым Абусағит Жиреншин қорын түгендеу нәтижесінде табылған. Кітапта Қазақстан кітап му­зейінің мөрі бар, онда мыналар жа­зыл­ған: «Поступил из л. б-ки А. Жиренчина. Акт №1 от 11.5.78. Цена 10 р. Фонд РК. Инв №». 2016 жылы Алматы қаласында ор­на­ласқан Республикалық кітап музейінің ғимаратын қайта құру кезінде экспозицияның бір бөлігі Астана қала­сының Ұлттық академиялық кітапхана­сының сақтау қорына өтті. Абусағит Жиреншиннің кітаптар жинағы үлкен қы­зығушылық тудырады және бола­шақта өз зерттеушісін табатынына сенім­діміз.

Фотосурет 
қайда түсірілген?

Егер фотосурет түсірілген жер тура­лы айтатын болсақ, онда суреттің артқы бетінің төменгі жағында «фотографія К.Н. «Могилевцева» деген сим­вол-эмблема бейнеленген. Ірі әріп­термен «Семипалатинскъ» деген сөз, ал оның астында кіші әріптермен «Уголъ Областной и Казначейской улицъ про­тивъ Волжско-Камскаго банка» деп көр­сетілген. Бұл фотосуреттің Семей қала­сында К.Н. Могилевцевтің шеберха­насын­да түсірілгенін растайды. Қазір біз­де бұл адам туралы ақпарат жоқ. Бір­ақ, болашақта фотоателье иесін көп­шілікке таныстыра аламыз деп үміт­тенеміз. 
Осылайша, осы зерттеуде біз бұрын ғалымдар арасында пікірталас тудырған екі негізгі сұраққа жауап бердік. Бірінші сұрақ сурет түсірілген жылға қатысты – 1912 жыл. Екінші сұрақ – фотосуреттің ад­ресаты. Ол Абу Саид Халил оғлы Махмұдов мырза болып шықты. Татар саудагерлерінің ұрпағы, қазақ ақыны Шаһкерім Құдайбердіұлының немере күйеу баласы.

Бақтияр Оразғалиұлы,
PhD доктор, түркітанушы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің бас ғылыми қызметкері

 

Серіктес жаңалықтары