Өнегелі өмір иесі еді
Біз жақсыға жақын жүретін, жақсының тәрбиесін көріп, оны үлгі тұтып өсетін халықтың ұрпағымыз. Даналарымыздың «Кісі болар кісінің, кісіменен ісі бар» деген сөзі текке айтылмаған болар.
Жұмабек Кенжалинді 1978 жылдан бастап білемін. Сол кезде ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің 2-курс студенті болатын. Оларға философия пәнінен дәріс бергенмін.
Жұмабек оқып жүрген топтарының ішінен ерекшеленіп көзге бірден түсетін. Себебі ол өте тәртіпті, ұқыпты, жауапкершілігі мол, инабатты, өзіне талап қоя білетін, үздік окитын студент болатын. Сонымен қатар факультеттің, университеттің, қаланың, республика көлеміндегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, өз үлесін қосып отырды.
Ол бірқатар Бүкілодақтық және Дүниежүзілік жастар мен студенттердің форумдарына қатысып, олардың жұмыстарын жақсартуға атсалысты. Факультетте үздік оқып, Лениндік стипендияның иегері, университетте оқитын студент жастардың жетекшілерінің бірі болды. Ал 1978 жылы ол халық депутаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаттығына сайланды.
Журналистика факультетінің студенттеріне болашақта жақсы журналист, ойлары мен жазулары ұшқыр болуы үшін философия пәнін жақсы білулері керек деп үнемі айтатынмын. Осыған орай оларға философиядан үйірме ұйымдастырып, оның жетекшісі етіп Жұмабекті сайлаған болатынбыз. Бұл жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оған қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп отырды. Осы үйірме жұмысы мен оқу барысында Жұмабектің ұйымдастырушылық қабілеті мен көпшілікпен жұмыс істей алатын әрі ғылыми жұмысқа бейімділігі байқалып, назар аудартты. Сол кезден бастап өмірінің соңына дейін біріміз ұстаз, біріміз шәкірт, яғни ағалы-інілі ретінде араласып, сыйласып тұрдық.
Жұмабек Кенжалин – тәуелсіздік тұсында қазақ журналистикасы мен ұлттық баспасөзге соны серпін, жаңа леп әкелген жаңашыл азамат.
Жұмабектің жақсы журналист қана емес, сонымен қатар ғылыми жұмысқа да қабілетін байқап, оған кандидаттық диссертация жазуына ақыл-кеңес, бағыт бердім. Ол осы істі құптады. Кандидаттық диссертациясын жазуға бірден кірісті. Менің ғылыми жетекшілігіммен 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саяси ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Ол өзінің қызметін ғылыми, шығармашылық, ұстаздық жұмыстарымен ұштастыра білетін ғалым, журналист, жазушы, ұстаз еді. Жұмабек 1998 жылдан бастап өмірінің соңына дейін негізгі қызметімен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-нің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, қауымдастырылған профессордың қызметін атқарып, студенттерге, магистрлерге саясаттану пәнінен және арнайы курстардан дәріс беріп, өзінің ақпарат жұмысының тәжірибесін бөлісіп, тәрбиелік мәнін ашып, түсіндіріп, ұқтырды. Өзіне студенттерді, магистрлерді тарта білді. Дәрістерін өте тартымды, қызықты етіп оқыды. Оған студенттер мен магистрлер құрметпен қарап, өте жақсы көріп сыйлайтын еді. Жұмабектің ғылыми жетекшілігімен ондаған магистр магистрлік диссертацияларын жоғары деңгейде қорғады.
Оның сүбелі 6 кітабы: «Желкілдеп өскен құрақтай» (1998 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011, 2012 ж.), «Қалам қанаты» (2014 ж.) жарыққа шыққан. Сондай-ақ мыңнан астам мақалалары жарияланған. Оның біразы шетелде басылып, жарық көрген. 2017 жылдың соңында докторлық диссертациясын жазып аяқтаймын деп жоспарлаған. Өкінішке қарай үлгере алмай кетті.
Жұмабектің өмірі өнеге, ал өнегесі өмір еді. Мұны журналистикалық кіші қызметтен басшылық қызметке дейінгі өмірінен байқауға болады.
Мәселен, 1981 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактор. 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
1999 жылдың маусым айынан 2006 жылдың тамыз айына дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас редакторы, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан аралығында «Ана тілі» ұлттық апталығының, 2006 жылдың қараша мен 2009 жылдың ақпан айына дейін «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болды. 2009 жылдың ақпан айы 2017 жылдың шілде айы аралығында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас редакторы – Редакторлар кеңесінің төрағасы болып қызмет етті.
Осындай жұмыс бабында Жұмабектің интеллектуалдық-шығармашылық, ұйымдастыру мен басқару қабілеті шыңдалып, дамыған үстіне дами отырып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Ол әрбір отырыста, жиында, кездесулерде, конференцияларда, семинарларда дүниежүзінің даналары мен данышпандарының өнегелі өмірі мен сөздерінен мысалдар келтіріп айтатын. Оны отырыстың ыңғайына қарай қолданып, көпшіліктің көңілінен шығатын.
Жұмабек бір әңгімені айтқанда қысқа қайырмай, әріден бастап, белгілі бір ойға негіздей отырып, асықпай айтқанды ұнататын.
Ең бастысы, Жұмабек – ешкімді жатырқап-жатсынбайтын, біреуге жақсылық жасауға жаны қалмай ұмтылатын, пейілі кең, көңілі даладай дархан дара тұлға. Әңгіме айтқанда да шырайын шығарып, әзіл-қалжыңын қатар өрбітіп, жанындағыларды еріксіз еліктіріп, үйіріп әкететін еді. Қонақта отырып, арагідік ән салып, желпіндіріп алатын серілігін көргенім де бар. Кең тынысымен халық әндерін шырқағанда, өзіне ерекше қанат бітіп, басқа бір әлемге еніп кеткендей көрінетін. Сондайда «Сегіз қырлы бір сырлы» азамат осындай-ақ болар-ау деп ой түйгенмін.
Жұмабектің бір қасиеті – оқшауланып көзге түсе бергенді жаны қаламайтын. «Босағадан орын тапсаң, төрге озба» деген қағиданы ұстанып, барынша қарапайым тіршілік кешкенді, өзімен-өзі болғанды жаны қалайтын. Лауазымын, дәрежесін, жасын биікке ұстап, жан дүниесі мешеу адамдай жалтақтап өзгелерден құрмет, қошемет дәметпейтін. Шыққан төбесін өзіне биік, отырған жерін өзіне төр санайтын, сөзбен емес, ісімен көріне білетін абазал азамат еді.
Жұмабек – сүйікті Пайғамбарымыз айтқандай, халықтың құрметіне ие болған азамат. Өзінде Алла дарытқан жақсы мінезі болса, халыққа жасаған жақсылығы бұл сөзіме дәлел бола алады. Жұмабектің осындай сыйлы құрметке жетуіне зайыбы Әлиманың да сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Жақсы әйел жанында жүрсе демейді, алыста жүрсе жебейді, жақсы әйел – жан қазынасы» деген. Әлима да Жұмабек Кенжалиннің жан қазынасы бола білді.
Ар-намыс деген нәрсе – ердің туы. Жұмабек арлы, намысты, тұғырлы, рухы биік азамат еді. Бұл қасиет арғы бабаларынан тараған болар.
Елі үшін еткен еңбегі бағаланып, Жұмабек Кенжалин Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1983 ж.). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі академигі (2001 ж.), Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болды (2004 ж.), «Құрмет» орденімен (2009 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011 ж.) және көптеген республикалық мақтау қағазымен марапатталған. Сонымен қатар Жұмабек Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.
Жұмабек маған әлі де сол ықшам киінген, белін тас түйген, қай кезде де аңқылдап сөйлеп, ақтарылып пікір айтатын, інілігін білдіріп, қамқор болып тұратын жайсаң
жас жігіт қалпынан өзгермеген күйінде көрінеді.
Қарапайым. Қағілез. Азамат. Қоғамның сан алуан құбылысын тамыршыдай тап басып танитын, танып қана қоймай, болған жайларға орнын тауып басалқалы сөз айтатын сарабдал жан еді. Қарымды қаламгер еді. Алымды тұлға еді. Зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз еді. Ағаға іні, ініге аға еді. Жолын білетін, жолдан жығылмайтын адам еді. Күрестен қорықпайтын еді. Ұлтжанды, патриот еді.
Жұмабек Кенжалин үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен жаны жайсаң, ақкөңіл, елгезек, тұғыры биік, дара тұлға еді. Оның ерлік пен еңбекті кейінгіге мұра етіп қалдырған қарапайым өмір жолы өнегеге толы.
Сөз соңында ағалық-ұстаздық айтарым, Әлима, бәрінен де саған ауыр болғанын бәріміз де сезіп жүрміз. Алла саған қуат берсін!
Жұмабектің шаңырағын, отбасының берекесін келтіріп, Жұмабектің тірі кезіндегідей ұстап отырғаныңа, балаларға, Жұмабектің ұрпақтарына күш-қуат беріп отырғаныңа біздер «Рахмет саған!» дегеннен басқа не айта аламыз!
Тағдырдың бәрі бір Алланың қолында ғой, шүкіршілік етейік! «Тағдырыңнан қорықпа, түннен кейін жарық бар, нұр төгілген» деген ғой өткен даналар.
Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,
ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының докторы,
профессор