Балаларға Момо керек...

Балаларға Момо керек...
1036

Соңғы кезде әлеуметтік желіні ашуға жүрексінетін болдық. Басқадан бұрын балалар арасында қатыгездіктен жүрегің шайлығады. Өрімдей қыздар мен ұлдардың бір-біріне жасаған зорлығы мен қорлығын көруге дәтің шыдамайды. Адам жаны төзгісіз видеоларды көргенде жаныңыз түршігеді. Неге бұлай? балалар неге күйзеліске түсіп, жалғыздық тақсыретін тарта бастады, неге шектен тыс қатыгездікке ұрынуға бейім, неліктен олар бізді, біз оларды түсінуден қалып барамыз?

Әлемдік урбанизация қарқынды жүріп жатыр. Айналаңызға қарасаңыз, қала біткен қарбалас тіршілікке мойынсұнған. Ешкімде уақыт жоқ. Бәрі тыр­банып, тірлік қамымен жүргендей. Бәрінің сіркесі су көтермей, ашулы, сұрғылт тірлікке еніп кет­кен. Сондай кісілер көп арамызда. 
Өткенде жекеменшік мектептің бірінде бас­тауыш сыныпқа сабақ беретін мұғаліммен жо­лы­мыз түйісті.  Ақылы мектеп болған соң балаларды күні бойы оқытады. Үй тапсырмасын орындатып жібереді. 
– Ата-аналар баласының не оқып, не үйреніп жат­қанына назар салмайды. Оның үлгеріміне басын  ауыртпайды. Дәптерін ашып та қарамайды. Тіп­ті біз жаттатқан тақпақтар мен үйреткен есеп­терді көрсетейін десе де, уақыты жоқ секілді. Тым құрыса кешке 20 минут әңгімелесіп, тапсыр­ма­ла­рын қадағалап, сабағын сұраңыз, – десек, «Онда сен­дерге неге бердік?» деп дүрсе қоя береді. 20 ми­нут. Бар-жоғы 20 минут. Соған да уақыт тап­пай­тынына қайранмын, – дейді. 
Айтуынша, ата-анасы сәл де болса көңіл бөліп, жат­тағанын сұрап, білгенін қайталатып, балаларын арқа­дан қақса, оқушы да ертесі сабаққа көңілді ке­ле­ді екен. Сабақ оқуға  қызығушылығы арта бас­тайды. Сонда ойымызға түсті, баласына жиырма ми­нутын қимайтындай неғылған алтын уақыт? Неғылған қарбалас?
Кез келген ата-анамен сөйлесіңізші, бәрі де «ба­ла-шағаның қамы үшін» қарекет етіп, қапылып өмір сүріп жатыр. Бәрі де елден қалмасам, ұрпағым жатақ жағалап, қала сағалап жүрмесе, өзінің жеке үйі болса, ешкімнен кем болмаса дейді. Дұрыс. Бір­ақ нені ұмыттық? Оларға қазір көңіл бөлмесек, олар­мен сырласпасақ, дос тұтпасақ, ойын білмесек, ой­намасақ, күлмесек, сонда Сіздің күндіз-түні шап­қылағаныңыз ертең балаға қайырлы бола ма? Қолдарына бір-бір телефон беріп, не көріп, не істеп жүргенін барламай, барын кигізіп, алдына ішкісі-жегісі келгенін төсегеніңізбен, ол кімнен тәрбие, қайдан жылу алып жатқанын білесіз бе? Жоқ, білмейсіз.
Өткенде ғана немістің классик жазушысы Михаел Энденің «Момо» атты балаларға арналған романын оқып шыққан едік. Балалар туралы ойлай бас­тасам болды, сол шығарма есіме оралатын бол­ды. Автор: «Бұл шығарма 8 жастан 80 жасқа дейінгі балаларға арналады» депті. Әлемнің көптеген тіліне аударылған туындыны оқи бастағаннан-ақ бүгінгі өз өміріміз көз алдымызға келе бастады. «Уақытымыздың жоқтығы» есіме түсті. 
Шығарманың қысқаша ғана түйіні мынандай: Қарбалас ғұмыр кешіп жатқан нән шаһардың шетіндегі кирандыға айналған амфитеатрда  Момо деген қыз өмір сүреді. Оның қайдан келгені, қашан кел­гені белгісіз. Қыз жайлы аңыз бүкіл қалаға тарай­ды. Адамдар оған қолда барын беріп, бірі қы­зық­тап, бірі жаны ашып, баруды әдетке айнал­дырады. Күндер өте келе қала тұрғындары Мо­мо­сыз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Өйткені олар­ды тек Момо ғана тыңдайды, Момо ғана сырын ақтарар жанына айналады. Оны іздеп мұң­лық-зарлықтар келеді, өмірден жолы болмағандар жиналады, тіпті төрт түлігі сай адамдар да оның қасына келсе жандары жадырап, кеңіп сала береді. Ал балалар... осында ғана, Момоның қасында ғана өзде­рін еркін сезініп, түрлі ойын ойнайды. Бір ойын­нан жалықса, жаңа ойындар ойлап табады. Амфитеатр ересектер мен балалар шүйіркелесетін, бір-бірімен сырласып, көңілді күн өткізетін алаңға ай­налады.
Күндердің күнінде сұр костюм киген, сұр гал-
с­тук таққан, сұр қалпақ киіп, сұр портфель  ұстаған, сұр сигар шегіп, сұр машина мінген Сұр мырзалар қа­лаға келе бастайды. Олар Момоның достарын – қала тұрғындарын бір-бірлеп шақырып, өздерінің өмірлерінің тым мәнсіз екеніне көзін  жеткізеді. Есептері тастай. 24 сағат уақыттарын қалай жұм­сап жүргендерін есептейді. Минут, секундтарға ша­­ғып көрсетсе, бұлардың бүкіл уақыты бос жү­ріспен, мәнсіз әңгімемен, ойсыз істермен өтіп жа­тыр екен. Бұлай еткенше, сендер әр минут­та­рыңды үнемдеп жұмсаңдар, талмай еңбек етіңдер, өзге­лермен көп араласып, шашылмаңдар, уақыттан қадірлі ештеңе жоқ, соны дұрыс пайдаланыңдар дейді. Адамдар бір-бірлеп солай ете бастайды. Бәрі шеттерінен қарбалас тірлікке күмп етіп кіріп ке­теді. Бірімен-бірі араласпайтын болады. Шы­ны­мен байиды. Дамиды. Қала шетінен зәулім үйлер тұр­ғызады. Кешегі орташа өмір сүретіндер енді үлкен са­райға қол жеткізеді. Машина мініп, таңның аты­сынан кештің батысына дейін қапылып тірлік ете­ді. Тіпті, өз балаларымен сөйлесетін, олармен сыр­ласатын, оларды қыдыртып, ойнататын уақыт тап­пайды. Қаладағы бала біткенді әртүрлі жеке­меншік оқу ордасы мен балабақшаға береді. Бала­лар онда бірсыдырғы оқу мен ойындардан бас ал­майтын болады. Бүгінгі тілмен айтқанда, ком­пьютер мен ұялы телефондағы  түрлі заманауи ойын­ға бас қояды. Мінездері өзгеріп, өздерін жал­ғыз сезінетін, әке-шешесін ұнатпайтын, өзгелермен, достарымен араласпайтын «тұң­ғиық» жандарға айналады. Момоға барғысы келсе де, ата-анасының оған апаратын уақыты жоқ, ол аз десеңіз, Момоға баруға шектеу қойып, уақытың­ды мәнсіз өткізбе, үйрен, оқы, ізден, ойынды ұмыт, уақыт­тан қадірлі ештеңе жоқ деп миларына құю­мен болады. Момо жалғыз қалады. Ақыр соңында Сұр мырзалардың айла-шарғысынан адамдарды Мо­мо әзер құтқарады. Олар қалыпты тірлігіне кө­шіп, бірін-бірін сыйлап, балалар амфитеатрға жи­на­лып, өз өмірлерін сүре бастайды.
Біз көлемді шығарманың негізгі идеялық тіз­бегін ғана айтып отырмыз. 
Мұндағы оқиғалар, сюжеттік қабаттар, пәл­са­па­лық иірімдер жеке зерттеуді, әлеумет боп ойла­ну­ды қажет етеді. Осы кітапты  оқыған соң Еуропа­ның танымал тұлғаларының бірі: «Бәрімізге бір Момо керек» депті. Шығарманы кейбір елдер мек­теп балалары мен ата-аналар оқуға тиісті кі­тап­­тардың тізіміне енгізген деседі. Егер құрметті ата-ана, уақытыңыз болса, оқып шығуға кеңес берер едім.
Әрине, уақытты үнемдеген, босқа өткізбеген орын­ды. Дегенмен адам өмірінің мәні жан-жағыңа қа­рамай, арпалысып, жақыныңмен жаттай ара­ласып, керек болса, балаңа да көңіл бөлмейтіндей хал­де өтсе ғана мағынаға толады деген бос қиял. Адам уақытының жоқтығынан емес, сол уақытты ма­ғынасыз өткізуден зардап шегеді. Мұндағы ма­ғынасыздық дегеніміз – мейірімсіздік, жат­бауыр­лық, туысқа, досқа, айналаңа көңіл бөлмеу. Сәулет­ті сарайда, ірі қызметте, бизнес-пирамиданың ұшар басында жүріп те, бақытсыз күн кешкен та­л­ай­ды мысалға келтіруге болады. Олар айна­ламыз­да толып жүр. Кезінде елімізге аты мәшһүр бір актер­дің сұхбатын оқыған едім. Балалары ерте ажал құшты. Елдің қаңқу сөзіне қарағанда, екі ұлы нашақор болыпты. Актер: «Бізде жас кезімізде уақыт болмады. Балаларымызға қарай алмадық. Олар­ға ақша берсек, арнайы тәрбиеші жалдасақ, жақ­сы мектепте оқытсақ болды деп ойладық. Өзі­міздің атымыз дүркіреп, елге мәлім тұлға бол­ға­ны­мызға мастандық. Енді қарап отырсам, балаларыма қиянат жасаппын. Оларға көңіл бөлмеппін. Олар біздің мейіріммен емес, көшенің тәрбиесімен өсіпті», – деп аһ ұрады. Уақыт сынаптай сырғиды екен деп онымен жарыссаңыз, ештеңеге жете ал­майсыз. Уақыт ешқашан жалын сипатпасы анық. Ол бұрын да болған, қазір де бар, кейін де болады. Мәңгілік өзені секілді күркіреп ағып жатады. Тек Сіз­дің осы сәтіңіз, дәл қазіргі уақытыңыз қайта айналып соқпайды. Балаңызға мейірлі жүзбен қа­рап, оның былдырлаған тілін, шалықтаған жы­миы­сын, тәй-тәй басқан сәтін кейін көре алмайсыз. Кейбір коучтар мен псевдопсихологтер: «Осы сәт­пен өмір сүріңіз!» деп жатады. Олардың айт­уын­ша, «осы сәт» – өзіңіз үшін, тек өзіңізді ойлап, өзгенің көңіліне, түсінігіне, талғамына қарамай, қа­рақан басыңызды күйттеңіз дегенге саяды. Біз­діңше, осы сәт – тура осы сәттің бақыт екенін, бай­лық екенін, әкеңіздің, анаңыздың, балаңыздың, туыс­ыңыздың риясыз күлкісі, шынайы қуанышы, жүрекжарды лебізі екенін сезіну һәм бағалау. «Бү­гінмен өмір сүру» – бүгінге, заманға күйлеу емес, бүгініңді қуанышқа толтыру, қажет кезінде ай­на­лаңа уақыт бөліп, олардың жан жарасын түсінуге, сол арқылы өзіңді бір сәт бақытты сезінуге мүм­кіндік жарату. 
Қаладағы өмір осылай болуы керек, адамдар бір-бірімен сирек араласады. Ол – заңдылық. Осы­лай дейтіндер көп. Әйткенмен, еуропалық қала­лар­ды араласаңыз, дәл біздей жанығып, мұрнынан шан­шылып жатқан адамдарды көрмейсіз. Салыс­тыруым сәл ыңғайсыз шығар, олардың әлеуметтік дең­гейі жақсы, біздегідей шаш етектен пробле­ма­лары жоқ дерсіз, әйткенмен, олар да адам ғой, оларда да толып жатқан қиындық бар, бірақ сол елдердің ғалымдарын оқысаңыз, біздегі коучтар мен инфосығандар айтатын әңгімелердің бәрін теріске шығарады. Өмірдің мәні – тек өзімшіл жаратылыспен гүлдемейтінін, керісінше, адамдар арасындағы  коммуникацияның тиімді жолдарын қалыптастыру маңыздылығын үйретеді. Біз бүгін бетпе-бет  келген көптеген жайттан олар сабақ ал­ған, енді түйдектелген түйткілдерді шешуді ғы­лыми негізде қарастырып, тығырықтан шығар жол­ды іздеп бағуда. Бізде болса:  «Сен!», «Өзің ға­насың!», «Тек өзіңді ойла!», «Бүгінмен, тек өзің үшін өмір сүр!» деп ұрандатып, курс өткізіп, оны мил­лиондаған қаржыға сатып, сол ақшамен зәулім сарай тұрғызып, шетел аралап жүр. Ал балалар ше? Балалар арасында қылмыс неге көбейді? Суицид неге асқынып тұр? Бүгінгі балаңыздың жалғыздығы, мейірімге зәрулігі ертең қартайғанда өз басыңызға түсуі әбден мүмкін. Себебі «Бүгінмен өмір сүрген» Сіз үшін ертең «өзі үшін өмір сүретін» ұрпақ уақыт таппайды. Бұл да қаперде ұстар жайт.
Айтыңызшы, Сіз үшін уақыттың мәні не? Уақытты үнемдеп, секунд, минут санап, бай-бағлан болу үшін тыпырлап күн кешу ме? Адам солай бақытты бола ала ма? Балаңызға зер салыңызшы, ол кіммен сырлас, кіммен мұңдас?..
Балаңыздың бетінен сүйіңіз, иіскеңіз, еркелетіңіз, бәлкім, бірге отырып «Момоны» оқырсыз. Әр балаға Момо керек. Ұғыныңыз, оның Момосы – өзіңізсіз. Күніне 20 минут, тым құрыса 20 минут уақыт бөліңізші!.. Байлық келер, балалық қайтып келмейді! Соны қаперде ұстағайсыз. 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Серіктес жаңалықтары