Серік Әбдінұров: Қазақтың кәсіби музыкасы қолдауға зәру

Серік Әбдінұров: Қазақтың кәсіби музыкасы қолдауға зәру
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
825

Елімізде белгілі шығармашылық ұйымдардың бірі – Қазақстан композиторлар одағының құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Ұлттық, классикалық және осы заман музыка өнерінің озық дәстүрлерін дамытып насихаттауды көздейтін, кәсіби композиторлар мен өнертанушы, музыкатанушылардың басын біріктірген бірегей ұйымның бүгінгі жай-күйі қалай? Одақ төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Әбдінұровпен жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

– Серік Құтымбетұлы, Қазақстан ком­позиторлар одағы биыл 85 жыл­дық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде бұл шығармашылық одақтың қандай ірі жетістіктерге ие болғаны жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?

– 1939 жылы қарашаның 3-і күні Ахмет Жұ­банов, Евгений Брусиловский, Мұқан Тө­лебаев, Василий Великанов, Латиф Ха­ми­ди, Борис Ерзакович, Сергей Шабельский секіл­ді жеті композитордың бастамасымен ұйымдастыру комитеті ретінде құрылып, 1957 жылы ғана Қазақстан композиторлар одағы атанған еліміздің композиторлары мен музыкатанушыларының ерікті одағы биыл өзінің құрылғанының 85 жылдығын той­лады. Бұл – бір шығармашылық одақ үшін елеулі уақыт.
Бұл ұйым Қазақстан композиторлар одағы атанғанда оның тұңғыш тө­ра­ғасы Е.Брусиловский болса, одан соң ком­позитор Мұқан Төлебаев басқарды. Сон­дай-ақ әр жылдарда одаққа КСРО Ха­лық әртістері Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали  Рахмадиев, Балнұр Қыдырбек төрағалық етті. 
Осы аралықта Қазақстан компози­тор­лары 53 опера, 18 балет қойылымы, сондай-ақ симфония, оратория, кантата, киноға, спек­таклдерге, хорға, халық аспаптар ор­кестрлеріне, симфониялық оркестрлерге арналған музыкаларды, аспаптық музыка, романстар мен әндерді дүниеге әкелді. Бү­гінде Қазақстанда 3 опера және балет театры, 7 симфониялық оркестр, 18 халық ас­паптар оркестрі бар десек, олардың ре­пер­туары негізінен еліміз компо­зи­тор­лары­ның үздік туындыларынан тұрады.
Қысқасы, қазақтың кәсіби музыкасын да­мыту арқылы қазақ композиторлары да өзі­нің әлемдік деңгейдегі беделіне ие бол­ды. Оған осы кезге дейін халықаралық кон­­курстарда жүлде алып жатқан әндері­міз, музыкалық туындыларымыз дәлел бол­са керек.

– Қазақстан композиторлар одағы бас­шылығына өзіңіз келгеннен бері қан­дай жетістіктерге қол жеткіз­діңіз­дер?

– Мен Композиторлар одағы төрағасы қыз­метіне 2020 жылы келдім. Содан бері де композиторларымыздың түрлі жанр­да­ғы туындылары жарық көріп, қойылып жа­тыр, сондай-ақ авторлары ортамызда жоқ туындылар да көрермен көзайы­мы­на айналуда. 
Айталық, кейінгі жылдары Шымкент­тегі опера-балет театрында Тасқын Жар­мұха­медовтің «Домалақ ана» операсы, Аста­на опера театрында Е.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсы, Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті, Астана ба­лет театрында Ақтоты Райымқұлованың «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» балеті, Алма­тыдағы Абай атындағы Ұлттық опера-балет театрында Сыдық Мұхамеджановтың «Жұм­­бақ қыз» операсы, Алмабек Мейір­беков­тің «Алдар көсе» атты балалар балеті қойыл­ды.
Сонымен бірге Композиторлар одағы Аста­надағы Ұлттық өнер университетімен бірігіп, 2021 жылдан бастап жас ком­по­зиторларға арналған республикалық «Самал» конкурсын өткізіп келеді. Бұдан сырт, 2021 жылы Кеңес Дүйсекеев атындағы республикалық І хор конкурсы өтсе, 2023 жылы Композиторлар одағы Қорғаныс министрлігімен бірігіп, «Әскери музыка» атты фестиваль өткізді. Мен бұл жерде басты-бастыларын ғана айтып отырмын, әйтпесе, біздің одақ мұрындық болған мұндай ауқымды іс-шара көп.

– Бір кезде осы композиторлар ода­ғы­ның мүшесі болуға күллі қазақ ән­дерін жатқа айтатын қазақтың та­ны­мал композиторы Шәмші Қалдая­қов­тың қолы жетпеді. Бұның себебі қан­дай? Композитор ретінде танылу үшін міндетті түрде классикалық үлгідегі көлемді шығармалар (симфония, ора­тория, кантата, сюита, т.б.) жазуы мін­детті ме? Әр елдің өз компози­тор­ла­рын ресми мойындауы үшін белгілі бір деңгейде өз стандарттары неге жоқ? 

– Қазақстан композиторлар одағы КСРО композиторлар ода­ғы­ның жарғысымен құрылды және сол ұйым жасаған стандарттарды қабылдады. Оның басты шартының бірі – Композиторлар ода­ғына мүше болатын адам міндетті түрде консерваторияның композиция класын бітіруі керек. Ол кезде жарғыға қатты қа­рай­тын. Сол қатал тәртіптің себебінен та­лай оқымаған немесе оқуын толық бітір­ме­ген, бірақ табиғи дарыны мықты өнер ие­лері композиторлар одағына мүшелікке қабылданбады. Бұл талап – атақты Шәмші Қалдаяқовтың жолын жапты. Егер Шәмші атамыз консерваторияны ІІ курстан кейін тастап кетпей бітіргенде, оған еш кедергі болмас еді. Егер ол кісі композиция класын толық бітіріп, музыканың қыр-сырын жете мең­гергенде симфония, оратория сияқты ірі жанрдағы музыкалар жазып, өзінің ерек­ше талантымен қазақ музыкасын әлем­ге танытар еді. Ұлы композитордың тағдыр жо­лындағы осы сәтсіздік – бәріміз үшін үл­кен өкініш...
Тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін Ком­позиторлар одағының жарғы­сына өз­геріс енгізілді. Онда арнайы оқу орнын бітір­месе де, әндері ел арасына кеңі­нен та­нымал, композиторлық қабілетімен та­­нылған тұлғаларды Композиторлар ода­ғы­на мүшелікке қабылдауға болатыны атап көр­сетілген. Міне, сол өзгерістің арқасында шығармашылығы халқымызға кең танымал көптеген тұлға біздің одаққа қабылдана бастады.

– Кеңестік кезде кәсібилік деген нәр­­сеге қатты мән берілетін. Білім, тә­­­­­жірибе, біліктілік талап етілетін. Мә­­­селен, автордың әдеби шығар­ма­лары арнаулы редакторлардың ал­ды­нан өтіп, оның әдеби көркем туынды талабына жауап беретіні белгілі болса ғана баспасөзде жариялануына рұқсат берілсе, музыкалық шығармалар да ар­найы құрылған көркемдік кеңестің қатал сүзгісінен өтіп барып эфирге жі­берілетін. Сол сияқты композитор атану да, бұдан алдын өзіңіз айтып кет­кендей, арнаулы білімі мен таланты жоқ­тарға бұйырмайтын. Осы күні екі­нің бірі композитор болып кеткен жоқ па?

– Бұл – маған жиі қойылатын сұрақ­тар­дың бірі, сонда да жауап беруге жалық­пай­мын. Себебі бүгінде екі-үш нотаның ба­сын қосып, ыңылдап ән шығара беретін­дер­дің бәрі өздерін композитор санап кет­кен заман болды ғой, сондықтан бар­лық талапқа жауап беретін нағыз ком­по­зи­торлар мен әуесқой сазгерлердің аражігін ашып, халыққа дұрыс түсінік беру керек.
Композитор атауын сазгер деп қазақ­ша­лап жүргендер бар, бірақ ол композитор деген ауқымды ұғымды бермейді. Компо­зи­торда талант пен арнаулы білім болуы керек. Композитор латынның compositor (құ­рас­тырушы)  деген сөзінен шыққан тер­мин. Бұл атау музыкалық шығармалардың ав­торларына қатысты бұдан төрт ғасыр әрі­де Италияда пайда болған. Ол ыңылдап ән шығаратындарға емес, музыкадағы кә­сіби жазба дәстүрді ұстанғандарға арналып ай­тылған. Композиторлықтың негізінде ком­позиция деген ғылым жатады. Оның өз теориялары бар. Соның бәрімен таныс бо­лып, бәрін түгелдей игерген адамнан ғана ком­позитор шығады. Әрине, компо­зи­тор­лардың ішінде жан-жақтысы да, негізінен му­зыканың бір жанрымен айна­лы­са­тын­дары да болады. Бірақ бәрібір кәсіби дең­гейі көрініп тұруы керек. Қазір арнаулы бі­­­лімі болмаса да ән шығарып, олары той-то­малақтар мен бүгінде ештеңені талғай бер­мейтін эфирден беріліп жататындар көп, тіпті көбісінің шығарғандары бір-бірі­мен ұқсас болып жатады. Нағыз ком­по­зи­тор­лар ондайға бармайды. Плагиатқа ұрыну – олар үшін үлкен абыройсыздық.
Нағыз композиторлардың туын­ды­ла­рын бір маусымдық не әлдебір оқиғаға ғана ар­налып, бірер шырқалып қалу үшін жаз­бай­ды. Олар өз шығармаларына қанша қай­талап айтылып жатса да, тыңдаушыны жа­лықтырмайтын тереңдік дарытуға күш са­лады. Қазақта Әбілахат Есбаев, Шәмші Қал­даяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Ха­сан­ға­лиев секілді танымал композиторлардың ән­дері айтылмай қалған, тыңдаушысын таппай қалған кез бар ма? Жоқ қой! Міне, осын­дай тұлғалы өнер иелеріне қарап ел кім­ді композитор деп атауға болатынын бі­ліп жүргені дұрыс. Сонда нағыз компо­зи­торлар мен әуесқойларды айыра алады.
Бүгінгі музыка индустриясы күнде өзгеріп тұруына, күнде жаңа музы­ка­ның шығуына күш салады. Әрине, әр­түр­лілік деген жақсы, бірақ музыкалық туынды бар-жоғы бір-екі жыл ғана айтылып, сән­нен шығып қала беретін болса, онда жұрт­тың да талғамы құлдырап, әйтеуір жаңа нәр­се болса болды деген ұстанымға бойы үй­реніп кетуі мүмкін. Бізде де күнде туып жатқан шалажансар музыкалық туындылар жұртты нағыз әндерден көкжасық дүние­лерді айыра алмайтын етіп барады.
Әрине, әр музыкалық жанрдағы шығар­малардың өз тыңдаушылары болады, бірақ тың­даушы қауымға үлкен ізденістен туған мән-мазмұны терең шығармаларды ғана ұсыну керек.

– Жасыратын несі бар, қазір хал­қы­мыз классикалық формадағы му­зы­калардан гөрі ұлттық музыканы көп тың­дайды. Ол құбылыс кеңестік кезде де белгілі еді. Қазір көшедегі кез кел­ген адамнан сұрасаңыз, біздің ком­по­зиторлардың классикалық музыка­ла­рын біле бермейді, есесіне туындылары ұлттық негізде жасалған композитор­лары­мыз, олардың шығармалары ту­ра­лы айтып бере алады. Сонда біз не­лік­тен еуропалық үлгідегі музыканы да­мытуға күш сала береміз?

– Жалпы, өзім композитор ретінде елі­мізде классикалық музыканың рөлі тө­мен­деді дегенге келіспеймін. Әрине, ұлттық му­зыка мұрасы бай халқымыз өздерінің дәс­түрлі музыкаларын – әндерін, күйлерін, жыр-термелерін сүйіп тыңдайтыны та­лас­сыз нәрсе. Бірақ ол жағдай біздің компо­зиор­ларымыз тудырған классикалық үл­гі­дегі музыкаларды тыңдаушысыз қалдырды деген сөз емес. 
Өзіңіз білесіз, Алматыда Абай атындағы Ұлт­тық опера-балет театры, Астанада «Аста­на Опера» мемлекеттік опера және ба­лет театры, Шымкентте опера-балет теат­ры бар. Сонымен бірге біраз облыстардағы музы­калық театрларда опера әншілері, класси­калық бағытта музыка орындарушылар жұмыс істейді. 
Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қа­зақ Ұлттық консерваториясында, Аста­на­д­ағы Қазақ ұлттық өнер университетінде клас­сикалық музыкалар бойынша маман­дар даярлайды. Осылардың бәрі бізде классикалық музыканың дамып жатқанын көрсетсе керек.
Ал қазіргі поп жанрындағы өзбек, тү­рік, орыс, ағылшын, т.б. елдер музыка­ла­ры­ның әсерінде туып, тойларда, концерттерде шырқалып жүрген әндер қанша сұранысқа ие болғанымен, оның бәрі уақытша құбы­лыс деп ойлаймын. Олар қазір қаншама та­нымал болғанымен, классикалық музы­ка­лардың орнын баса алмайды. 
Классикалық музыка әлі күнге тұғыры­нан тайған жоқ. Мысалы, осыдан үш ғасыр әріде шыққан немістің ұлы композиторы Иоганн Себастьян Бахтың музыкалары әлі орындалады, әлі тыңдалады. 
Өзімізден айтсақ, атақты композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы осы­дан 77 жыл бұрын жазылған, әлі күнге опе­ра театрларының сахнасынан түскен жоқ! Келтіре берсек, мұндай мысал көп.

– Шынын айту керек, біздің қоғам – Қа­зақстан композиторларының бүгін­гі жағдайынан хабарсыздау. Сіздердің одақ­тың жасап жатқан шаруалары, қан­дай жетістіктері бар, қандай проб­лемалары бар – ол туралы біле бер­мейді. Ендеше, кәсіби компо­зитор­лар­дың шығармашылығын жұртқа кеңі­рек таныту үшін не істеу керек?

– Құдайға шүкір, біздің одақ мүшелері­нің арасында баяғы даңқты тұлғалардың жолын жалғастырып келе жатқан кәсіби ком­позиторлар жетерлік. Бүгінде Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік сый­лы­ғы­ның лауреаттары Төлеген Мұхамеджанов, Балнұр Қыдырбек, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Серік Еркінбеков, Бей­біт Дәлденбаев, Ақтоты Райымқұлова се­кілді кәсіби композиторлар – опера, ба­лет, симфония сияқты күрделі жанрларда шы­ғармалар жазып, Қазақстан компози­тор­лары мектебін әлемдік деңгейде ұстап тұр­ған тұлғалар. Сонымен қатар Оралда До­­неділ Қажымов, Еркін Нұрымбетов, Қара­­ғандыда  Марат Сүтішов, Ақтөбеде Аман­жол Исмагулов, Дина Ниязова, Қайыр­ғали Қожанов секілді әріптестеріміз қыз­мет етіп жатыр. Сондықтан Композиторлар одағы кәсібилік тұрғыда әлі өз биігінде тұр деп айта аламын.
Сонымен бірге Әліби Әбдінұров, Арман Жайымов, Айсұлу Тани, Ару­жан Есіркеп, Дастан Құлмағамбетов, Әлі­бек Қадыров, Әзімбек Жамбаев сынды жас ком­позиторлар есімдерін лайықты атап өту­ге болады. Бұлардың бәрінің шығарма­лары республикалық, халықаралық кон­курс­тарда өз бағасын алып, жүлдегер бо­лып жүр.
Әрине, қазір қайсы шығармашылық одақ болсын, өз қиындықтары бар. Бұл орай­­­да Композиторлар одағының шешіл­мей жатқан мәселелері барын айтқым ке­леді.
2020 жылы Композиторлар одағы өзі се­кілді шығармашылық ұйымдардың ара­сын­да алғаш рет ел ордасы Астанаға көшті. Өзінің барлық құжатын заңды түрде Қа­зақстан Республикасының Әділет ми­нистр­лігінде тіркеді. Содан бері біз Астана­да­мыз. Бірақ мен қанша министрлердің, әкім­дердің қабылдауында болсам да, осы күн­ге дейін Композиторлар одағына елор­да­дан кеңсе беру ісі шешілмей келе жатыр. 
1991 жылы Кеңес өкіметі құлағанға дейін басқа шығармашылық одақтар қа­та­рында Композиторлар одағы да мемлекет тарапынан қаржыландырылатын. Қазақ­кон­церт мекемесінде, филармонияларда, Мә­дениет министрлігінде репертуарлық ко­миссия болатын және оларға өзге шығар­ма­шыл адамдарымен бірге композиторлар да өздерінің туындыларын өткізіп қала­ма­қы алып отыратын. Міне, тәуелсіздік ал­ға­лы 33 жыл өтіп бара жатыр, бұл уақыт ішін­де Қазақстан композиторлар одағын мем­лекет тарапынан қаржыландыру бол­ма­ды. Мәдениет және ақпарат министрлігі жы­лына бір рет («Дала дауысы») өткізетін кон­курс бар, оған қатысып жүлделі орын ал­ған композиторлар ғана марапатталады, өз­ге композиторларға ол да жоқ. Сон­дық­тан өзге одақтар сияқты композиторлар ода­ғының жағдайы да өте қиын. Әр ком­по­зитор әр жерде жұмыс істеп, соның аз­да­ған жалақысымен ғана күнелтіп отыр. Ал өзінің зияткерлік еңбегі үшін қаламақы алу композиторлар одағында мүлде жоқ. Сол үшін Мәдениет және ақпарат министр­лігі тарапынан бізге опера-балет жазуға, ба­лаларға арналған, оркестрлерге арналған му­зыкалар жазуға мемлекеттік тапсырыс­тар, гранттар болса, жақсы болар еді. Ондай қолдау композиторларымызды шабыттан­ды­ратын нәрсе ғой. Қазірше ондай мүмкін­дік болмай тұр. Сондықтан әр жерде әркім өз бетінше күн көруге мәжбүр, мұндай жағ­дай ұлттық кәсіби музыканың дамуына ке­сірін тигізе ме деп қауіптенеміз. Бұл мә­селемен тиісті орындарға талай ұсыныс хат­тар жазып, талаптанып көрдік, бірақ әзір­ге нәтиже жоқ.
Өнер ұлтқа керек, оны құлдыратып алсақ, руханияттың бір саласы әл­сірейді. Демек, біз қазақ музыкасының дамуын тежеп алсақ, оның салдары да жақ­сы болмайды. Сондықтан елдің атын шы­ғарып, абыройын көтеретін қазақтың кә­сіби музыкасы қолдауға зәру екенін сіз­дің газет арқылы жоғарыға тағы бір мәрте жеткізгім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары