Ақтөбе облысында балабақша қызметкері ұйықтап жатқан баланың бетін тырнап алған

/
Ақтөбе облысында балабақша қызметкері ұйықтап жатқан баланың бетін тырнап алған
видеодан скриншот

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бегімбет ауылындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан бір жарым жастағы баланың бетін тырнап, кейін бөлмеден шығып кеткен. Оқиға мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі бейнебақылау камераларына жазылып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қызметкердің мұндай әрекетке не себепті барғанын қазір полиция анықтап жатыр. Әйелдің бұл балабақшада 2009 жылдан бері жұмыс істейтіні белгілі болды. Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау жауапкершілігін қарастыратын бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды да тәркілеген.

Шалқар аудандық білім бөлімінің мәліметінше, балабақшада барлығы 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Оқиғадан кейін мекемеде арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталды. Балаға сот-медициналық сараптама тағайындалды.

«Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер бұл мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілді. Білім беру мекемесінде болған жағдайға байланысты өкініш білдіреміз. Жағдай бақылауда», – деді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.

Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары