БҚО-дағы ауруханада науқас лифт шахтасына құлап кетті

Науқастың жағдайы ауыр.

БҚО-дағы ауруханада науқас лифт шахтасына құлап кетті
сурет ашық дереккөзден алынды
552

БҚО Бәйтерек ауданы, Дариян ауылындағы ауруханада науқас лифт шахтасына құлап кеткен, деп хабарлады turkystan.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 2024 жылдың 18 қыркүйегінде болған. 59 жастағы Виктор ауруханаға 16 қыркүйекте түскен, ол аяғын кесу операциясына дайындалып жатқан. Ер адам лифт шахтасына құлап кеткеннен кейін Орал қаласындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Науқастың туыстарының айтуынша, қазір жағдайы ауыр.

«Виктор хирургия бөлімінде ота жасау үшін ауруханаға жатты. Екі күннен кейін ол басқа науқастармен бірге темекі шегуге шыққан. Науқасына байланысты қайтар жолда палатаға лифтпен көтерілуді ойлаған. Лифт есігін ашып, шахтаға құлап кеткен. Алғашында есінен танып, кейін көмекке шақыра бастаған. Содан кейін ғана оны байқап, шығарып алған. Оқиғадан кейін бірден оған наркоз беріліп, форма киген адам оған “ауруханаға ешқандай шағымы жоқ” қағазға қол қойдырып алған», – дейді жәбірленушінің туысы.

Кейін ер адам жедел жәрдеммен Орал қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Сол жерде науқастың ауыр жарақат алғаны белгілі болды. Екі аяғы мен қолы сынып, бас жарақатын алған.

Ер адамның туыстары бұл салғырттыққа кінәлі адамды сотқа беріп, жазаға тартпақ.

Оқиға болған аурухананың директоры Ғабитжан ​​Ислямов оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Оқиға кешкі уақытта болған. Науқас сыртқа шылым шегуге шыққысы келген. Медбикелер оған рұқсат бермеген, бірақ ол басқа науқастармен бірге сыртқа шығып кеткен. Қайтар жолда үшінші қабатқа науқастарға арналмаған жүк лифтімен көтерілмек болады. Бейнебақылау камераларына қарасақ, ол бұған дейін ұлымен бірге де осы лифті қолданғаны анықталды. Ол жерде «жүк лифті» деген белгі бар. Науқас шахтаға құлағаннан кейін дереу көмек көрсетіліп, жедел топ шақырылды. Ер адам бізге ешқандай шағымы жоқ екенін айтты», — дейді аурухана директоры.

Серіктес жаңалықтары