Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы Ливияны жеңді
Әлем чемпионаты 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында өтеді.
Футзалдан қазақстандықтар Ливияны 4-1 есебімен жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Екі тарап барынша тартысты ойын көрсетті. Кездесудің 15-минутында қазақстандық футзалшы Ақжол Дәрібаев қарсыластар қақпасына доп соқты. Араға екі минут салып Ливия сапынан Хамис таразы басын теңестірді. Алайда, Қазақстан құрамасының ойыншылары тез жинақталып, әдемі комбинациялық шабуыл ұйымдастырды. Көп өтпей Біржан Оразов та көзге түсіп, таблодағы есепке өзгеріс енгізді. Ал, 18-минутта Жаһангир 3:1 есебін тіркеді. Ойынның нүктесін 35-минутта Альберт Ақбалықов қойды.
Айта кетейік, алғашқы турда Қазақстан құрамасы Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнады. Ал, Ливия Жаңа Зеландияны 5:2 есебімен қапы қалдырды.
Енді Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынды 21 қыркүйекте Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді.