Орынбай Ошанов: Қарасаздан көне қалашық орны табылды

Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, «Этноархеология» тобының меңгерушісі

Орынбай Ошанов: Қарасаздан көне қалашық орны табылды
сурет сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
1102

– Әңгімемізді Мұқағалидың ауылы Қа­расаздан бастасақ. Естуімше, Қа­ра­саздың қасынан көне қала тауып­сыз­дар ғой?

– Иә, ол рас. Биыл далалық мау­­­­сымында этноархеологиялық топ Ал­ма­ты облысы аумағында зерттеу жұ­мыс­та­рын атқарған болатын. Зерттеу жұмыс­та­ры дәстүрлі қазақ қыстаулары, көші-қон жүйе­сі, жерлеу ескерткіштері және этног­ра­фиялық кезеңнің басқа да тұстарын қам­тыды. Нәтижесінде, осы кезеңге дейін­гі тарих аралығы және одан да ерте за­ман­мен байланысты бірқатар тарихи мә­лі­меттер алынып, материалдар жинақталды. 
Үлкен тарихи маңызды жаңа­лы­ғы­мыз­дың бірі – бұған дейін белгісіз болып кел­ген Қарасаз қалашығының табылуы. Қара­саз деп орналасқан жердің атымен бел­гілеп отырмыз. 
«Қалашық» – әзірге ғана анықтамалық атау. Қарасаз керуен сарай, бекініс немесе басқа да маңызды міндет атқарып тұрған ескі жұрт болуы мүмкін. Оны алдағы то­лық­қанды қазба жұмыстары көрсетеді. 
Қарасаз қалашығы Алматы облысы На­рынқол ауданы Қарасаз ауылының жа­нын­да орналасқан. Қалашықтың өз басы жақ­сы сақталған. Оны шығыс және оң­түс­тік-шығыс жағынан көне заманғы қорым қор­шап жатыр. Арасынан ХІХ ғасырдағы және заманауи зираттар бой көтерген. Бұл жерде ақиық ақын Мұқағалиды дүниеге әкелген Нағиман ананың зираты да бар. Көне заманғы зираттардың шеткі бөлігі егін алқабын жырту барысында тегістеліп кеткені байқалады. 

– Қала ауылдың жанында, тіпті ауыл зираттарының арасында тұрып осы уақытқа дейін қалай белгісіз болып келген?

– Мәселе сол ауыл зиратының ішінде тұр­ған себепті осы уақытқа дейін бой жа­сы­рып келген ғой. Әдетте, археологтар жаңа заманғы ауыл зираттары тұрған жер­ге көп жуықтай бермейді. 
Қалашықтың осы уақытқа дейін бел­гі­сіз болып келуі  оның орналасқан же­рі­мен де байланысты. Бірінші кезекте, қа­ла­ның тұрған жері таза көшпелілердің ара­сы, жайлау мен қыстаулы жерлердің түйіс­кен жері. Қалыптасқан ұғым бойын­ша Қазақстанда қала мәдениеті негізінен Сыр бойы, Іле секілді көшпелілердің қыс­тау­лары бойында дамығаны белгілі. Оның үс­тіне Кеген-Нарынқол аумағында орт­а­ға­сырлық қала жұрттарының кездесуі си­рек жағдай. Керісінше, бұл аймақтар Сақ кезеңінің обаларымен танымал. Осы се­бепті бұл жақта қала мәдениетін зерт­тейтін мамандарға қарағанда, Сақ, Түркі секілді көшпелілердің тарихын зерттейтін мамандар көп жүреді. 
Қалашықтың қазіргі күнгі және ХІХ ғасырдағы зираттарының арасында қалуы зерттеушілердің назарынан тыс қалуына се­бепкер болғаны анық. Ал біздің жағ­дайы­­мызда, керісінше, ХІХ ғ. мазарларын із­дестіруіміз тарихи қалашыққа тап болуы­­мызға себепші болды. 
Біздің зерттеу тобы Ә.Марғұлан атын­дағы Археология институ­тын­да жаңадан ашылған этноархеология ба­ғытына жатады. Зерттеу нысанда­рымыз­дың бірі – қазақ қыстаулары мен зиратта­рын кешенді түрде зерттеп, тарихи тұр­ғыдан жүйелеу. 
Бұл аймақта ХІХ ғасырға жататын құ­­лағалы тұрған 3 мазар тұр. Соларды су­рет­ке түсіріп, өлшемін аламыз деп жүріп осы қалаға тап болдық. 

– Сонымен қаланы қай дәуірдікі деп санайсыздар? Нақтылы деректер бар ма?

– Дәл қазір «Қала осы кезеңге жатады» деп шешім шығаруға әлі ерте. Әрі бұл жер­дің қала орны, керуен сарай, бекініс не­ме­се басқа функция атқарып тұрған құры­лыс екені нақтыланған жоқ. Оның барлы­ғы тек қазба жұмыстарынан кейін ғана бел­гілі болмақ. Әзірге қала деп ала берейік. 
Дегенмен кейбір болжамдарды жасауға бо­лады. Көз жетіп тұрған дүниеміз – бұл қа­ла-жұрты моңғол дәуіріне дейін болған. Оған осы жұрттан табылған күйдірілген кір­піш үлгілері, қыш ыдыс сынықтары дәлел. 
Қалашықтың сырт пішін төрткүлді елес­­тетеді. Көлемі 55х60 м шағын ғана кел­­ген. Бұрыштарымен төрт тарапқа қа­раған. Сақталған биіктігі солтүстік бұры­шын­да 2,30 м болады.  Қалашықтың Оң­түстік батыс және Солтүстік Батыс жа­ғын­да, айнала қоршаған үй құрылыстарының орындары байқалады. Қалашық жан-жағынан бұлақ, тау суларының ағысымен қоршалған. 
Қалашық бір қабатты. Белгілі бір кезең ара­лығында ғана пайда болып және тір­ші­лігін тоқтатқаны байқалады. Сірә, Қара­хан кезеңімен байланысты болуы тиіс. Өйт­кені Жетісу жерінде қала мәдениетінің сау­да-экономикалық тұрғыдан ең бір да­мыған кезеңі осы дәуірлер сана­ла­ды. Қалашықтың Шығыс бұрышында кір­­­­­піш қаландысы байқалады. Бүтін шық­қан екі кірпіш үлгісінің өлшемдері: 26х26х4 см; 23,5х11х4 см. Бұл Тараз қала­сы­ның Қара­хан кезеңі құрылыстарының кір­піш үлгілерімен сәйкес келеді. Табылған ке­рамика сынықтары бір қалыпты сұр түс­ті. Институт мамандарының айтуынша, ортағасырлық керамика үлгілері. 

– Қаланы моңғол дәуіріне дейін бол­ған дедіңіз. Сонда моңғолдар қи­рат­қан ба бұл қаланы? 

– Қираған қаланың барлығын моң­ғол­дарға жаба беруіміз дұрыс болмас. Оған дейін де Жетісу жері саяси бақталастық, өза­ра текетірес күрестерге толы болды. Мы­салы, 1134 жылы Қарахан мемлекеті қа­­рақытайлардың (қидандар) соққы­сы­нан Баласағұн қаласын алдырады. Өз ке­зегінде қарақытайлардың билігі ұзаққа бар­май 1211 жылы найман билеушісі Кү­­­­­­шілікке тізе бүгеді. Осы сияқты оқи­ға­лар көп қой тарихта. Қазба жұмысының ма­териалдары ғана қаланың қашан пайда болып, қашан жойылғанын айта алады.
Моңғолдарға келетін болсақ, біз бір жайт­қа назар аудармай келеміз. Кеген-Нарынқол даласы өзінің табиғат ерек­шелігіне байланысты ертеден билеуші әу­леттердің жері болып келді. Шалкөде ер­теден «Хан жайлауы» (Хан қорығы) бол­ған. Тарихтан белгілісі Шыңғыс хан­ның ұлы Шағатай хан және оның ұрпақ­тары, қазақ ханы Есім, қалмақ билеушілері Сыбан Раптан, Галдан Церендер осы жерді жайлаған.
Егер Ұлытауда Жошы хан отырса, Ке­ген-Нарынқол даласында Шағатай  хан Орда тікті.  Шағатай ұлысының саяси ор­та­лығы осы атырап болды. Шағатай ас­­­тана ретінде Алмалық қаласын таңдап, өзі күз-қыс айларында осы қаладан алыс­тамай Іленің бойында, Қорғас, Шонжы аралығында өткізіп, көктем шыға Кеген да­ласына келіп, Қарқара, Түп, Текес бойын­да жайлауда болған. Одан кейін оның әулеті осы жерлерде көшіп-қонып жүрді. 
Ақсақ Темірдің өзі бұл аймаққа екі рет жорық жасап келген. Оның бірі 1375 жылы Камарддинге, екіншісі 1389 жылы Енге төреге қарсы Тарбағатай жорығы. 

– Жоғарыда бір сөзіңізде «Этноар­хео­логия» деп айтып қалдыңыз. Осы­ны нақтылай кетсеңіз? 

– Иә, этноархеология. Ол біздің инс­титут қабырғасында жаңадан ашылған, ен­ді ғана зерттеу жұмыстарын бастаған жаңа сала. Англо-американдық этноархео­ло­гияның тілімен айтқанда «өлі» мәде­ниет­ті «тірі» мәдениетпен салыстыра оты­ра зерттеу. Яғни, біз қазақ этногра­фия­сын зерттей отырып, оның нәтижелерін кө­не замандармен салыстырамыз. Сол ар­қылы бұрынғы өткен көшпелі халық­тармен өзара тамырластығымыз, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, шаруашылығымыз және бас­қа да мәдени, тарихи тұрғыдан бай­ланыстылығымызды көрсетеміз.
Негізі, археология мен этнография ғылымын ұштастыра отырып зерт­теу ХІХ ғ. патшалы Ресей кезінде кең қол­данылған әдіс болатын. Кеңес үкіметі жыл­дарында бұл этноархеологиялық әдіс­темені Ә.Марғұлан, М.Грязнов, А.Бернштам жә­не т.б. кеңес ғалымдары одан әрі жал­ғастырған болатын. 
Бірақ Кеңес үкіметінің археология ғы­лымы ХХ ғ. 70-жылдарынан бастап бұл ба­ғыттан бас тартып, ХVIІ-XIX ғғ. аралы­ғын «этнографиялық кезең» деп бөліп, өз зерттеу аяларынан шығарып тастайды. Осы кезден бастап археология ғылымында түркі-моңғол халықтарының кейінгі тарихын археологиядан аластатып, тіпті олармен арадағы табиғи жалғастықты мойындамайтын «жаңа мәдениеттерді» ашу кезеңі басталады.
Бүгінде қазақ археологиясы Ә.Марғұ­лан ізін салып кеткен этноархеология са­ласына қайта бет бұруын бастады. Эт­ноар­хеологиялық топ археологиялық экс­педицияның құрамында алғаш рет ресми түрде 2023 жылы Солтүстік Қазақ­стан облысы аумағында жұмыс жасады. Бұл шара Ә.Марғұлан атындағы Архео­ло­гия институты тарапынан ұйымдас­ты­рыл­ды.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап инс­титут қабырғасында «Этноархеология то­бы» құрылып, ресми жұмыс істей бас­та­ды. 

– Солтүстік өңірде қандай тарихи жаңалықтарыңызға кезіктіңіздер? Ол жақтың этноархеологиясының не­гізгі айшықты тұстары туралы не ай­тар едіңіз? 

– Қызылжар өңірінде осымен екі жыл қа­тарынан зерттеу жүргіздік. Барлығын тіз­бектеп жатудың қажеті болмас. Кейбір нә­тижелері мақала түрінде жинақтарда, ғы­лыми журналдарда жайлап шыға бас­тады. Институт ұжымы ұйымдастырып жат­қан жинақтар бар дегендей.  
Солтүстікте мені назар аудартқан жә­не қуантқан келесі жайт. Ол жақта елді ме­кендердің атаулары негізінен өзге тілде екені анық. Бірақ менің көз жет­кіз­генім – бұл жақта, керісінше, орман-то­ғай атау­лары қазақша. Бұл орман-тоғайлар қыстау атаулары ретінде белгілі бір адам­дардың немесе тарихи тұлғалардың есім­дерімен сақталған. 
Жалпы, ата-бабаларының есімімен қыс­тау атауларын сақтау – барлық қазақ да­ла­сына тән айшықты дәстүр. Қазақ жеті атасын қалай жақсы білсе, дәл сол сияқты жетінші атасына дейінгі ата қонысын жақ­сы біледі. Солтүстік өңір де осы өнер­ден құралақан емес. Мысалы, XVIII ғасыр­ға байланысты қыстауларға Аютас, Қара­тал (Құлеке батыр, Шал ақынмен бай­ла­ныс­ты), Тышқан тоғайы (атығай Тышқан ба­тыр), Айдана тоғайы (уақ Айдана ба­тыр), Битен тоғай (уақ Битен батыр) және т.б. тоғай атауларын келтіруге болады. Ал ХІХ және ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ қыстауларының атауын (тоғаймен бір­ге) есептеу мүмкін емес, ол өз алдына тұ­тас бір тізім және жеке кітапқа жүк бо­лар­лық дүние. Бір сөзбен айтқанда, «сол­түстік орман-тоғайлары – дәстүрлі қазақ қыс­тауларының көрсеткіші десек, ал олар­дың (орман-тоғайдың) атаулары өл­кедегі қазақ руларының шежіресі және тарихы деуге болады.

– Сонымен, Қарасаз қаласына ора­латын болсақ. Қала жөнінде қандай жоспарларыңыз бар? 

– Негізі, бұл қала-жұртының табылуын кездойсоқ оқиға деп қарауға болмайды. Бұл – Ә.Марғұлан атындағы Археология инс­титутының бүгінгі іске асырып жатқан бағдарламаларының нәтижесі. Институт қабырғасында неше жыл қатарынан әр облысты немесе аймақты тас дәуірінен этнографиялық кезеңге дейінгі аралығын қамтитын «Бағдарламалық-мақсатта қар­жыландыру» (БМҚ) жобасы іске асырылып келеді. Бұл бағдарлама бойынша инс­ти­тут­тың әрбір бөлімі өз зерттеу аясында об­лыс территориясын сүзіп шығады, яғни жаңа ескерткіштерді есепке алады, есеп­тегі ескерткіштің жай-күйін анықтайды дегендей. 
Қарасаз қалашығы да Алматы облысы бойынша осындай бағдарлама негізінде таб­ылып отыр. Біз этнографиялық кезеңді қам­тыдық. Бізден кейін жақында бұл ай­маққа ерте дәуір, ортағасыр кезеңінің ма­мандары барады. Араларында қала қазу­дың нағыз мамандары бар. Міне, олар да бұл қалада мәлімет алу мақсатында аз­дап «шурфтар» салып көруі мүмкін. 
Осы зерттеулерден кейін ғана қала ту­ра­лы нақтылы мәліметтер, деректер алы­нып, болашақ зерттеу жұмыстарының не­гіздемесі жасалады. Енді ғана анықталып жат­қан қала ғой. Оны толыққанды зерт­теу, қаржы көзін шығару, жоспарға алу ал­дағы болашақтың ісі. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Б.БАЛЫҚБАЙ

Серіктес жаңалықтары