Шәміл Әбілтай: Күй – біздің ұлттық симфониямыз

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор

Шәміл Әбілтай: Күй – біздің ұлттық симфониямыз
1259

Сөйтіп, Қонаев­тың алдынан бір-ақ шықтым. Диме­кең­нің аты жер жарып тұрған кез. Сасқалақтап, қа­­пе­лімде не айтып, не қойғанымды білмей, бір сөзіме бір сөзім жуыспайды. «Ал енді бұйым­тайыңды айт, ба­лам» деп еді, «Ештеңе қа­жеті жоқ, аға. Үйім, жұмысым бар» дедім. Со­сын «Аға, мен өнер адамымын ғой, сон­дық­тан өзіңіздей екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері болған кісі­лерге қызығамын. Жа­зыл­бек Қуанышбаевтың үйінде болдым. Ыбырай Жақаевтың үйінде қондым. Нұрмол­да Ал­дабергенов өліп қалды ғой, енді сізге кел­дім» деппін ғой не деп жатқаныма есеп бер­мей. Димекең менің сөзіме даусын шыға­рып қатты күліп жіберді. Ішек-сілесі қатып, кө­зінен жас шыққанша күлді. Күлмей қайте­ді, өзі бұрын көр­меген жап-жас бала «Нұр­мол­да Алдабергенов өліп қал­ды ғой, енді сіз­ге келдім» деп отырса. 

– Шәміл аға, халықта «күйшілік өнер қо­нады» деген сөз бар. Бұл – күйге әуес­тен­ген кез келген адамның күйші бола бер­мейтінін айтқаны шығар. Сондық­тан мен күйшілермен әңгімелескенде қоя­тын алғашқы дәстүрлі сұрағымды сіз­ге де қояйын: күйшілік сізге кімнен да­рыды, домбыраға қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Мен Атырау өлкесінде дүниеге келген адам­мын ғой. 1948 жылы дүниеге келіп, мал сойылып, бауырсақ пісіріліп, кішігірім шіл­­­­дехана жасалып жатқанда, әкемнің досы Бай­нияздың Хасаны деген досы келген екен. Әкем оған, «Хасеке, сен бір ниеті адал жақсы адам­сың ғой, атын өзің қой» деген екен. Сөй­тіп, ол кісі мені атақты Имам Шәмилдей бол­­сын деп, өзі азан шақырып, маған «Шә­міл» деген есім беріпті.
Біз жақтан талай дауылпаз күйші шық­қан. Қазір өнер тарихында аты жиі ата­латын тұлғалы күйшілерді былай қойған­да, бұрында ел арасында өнерімен танылған небір мықты домбырашылар өткен.
 Нарын құмында, Ақжайықтың бойында Қамеш, Серкебай, Көшәлі деген керемет үш күй­ші болды. Оларды көргенде мен кішкен­тай ба­ламын, қатын-баласы бар ма, жоқ па – біл­меймін. Соғыстан кейінгі кезең ғой, әкеміз со­ғысқа қатысып келген адам. Ол кезде қа­зақ ауылдарының тірлігі жұпынылау. Солай да болса біздің үйде қонақ келгенде сойыла­тын тоқты-торым табылатын. 
Бірде сол кісілер науқастанып жатқан әкем­нің жағдайын сұрауға келген. Енді, он­дай өнерпаздардың ауылға келуінің өзі бір думан. Өнерге сусаған елдің көңі­лін көтеріп, айналасын думанға бөлейді. Ол шақта мен 4-5 жасар баламын. Олар «Ақсақ құлан­нан» бастап, небір керемет күйлерді күм­бірлетіп жатты. Мен солардың бірінің ті­зе­сінде отырып алып, тыңдаған күйлерді құ­лаққа құйып алдым. Беріле күй тың­да­ға­ным­ды байқаған әлгі күйшілер әкеме мені мақ­тады, «мына кішкентайың аман болсын, осы баладан мықты күйші шығады» деп.
Үлкендердің сөзін арқаландым ба біл­мей­мін, содан бастап әкеме домбыра үйре­не­мін деп қыңқылдап, ол кісі маған лайық­тап кішкене домбыра жасап берді. Үлкен дом­быраға ол кезде қолым жетпейді, әрине. Сөй­тіп, мені өнермен ауыздандырған әлгі үш шал болды. Олар сол кезде 60-қа жете қой­ма­ған кісілер болуы керек, біздің көзімізге үл­кен шал болып көрінеді. 
Әкем өмірден жас кетті, 53 жасында дү­ние салды. Мен кенже баласымын. 

– Содан кейін өнеріңіз қалай жалғас­ты? Оқу­шы кезіңізде домбыра тартып танылдыңыз ба?

– Бастауыш мектепті құмның арасында­ғы ауылда оқыдым. Бақытжан деген ағам ке­ре­мет домбырашы еді, сол кісі Форт-Шев­чен­ко қаласында жұмыс істейтін. 5-сы­нып­тан бастап сол кісінің қолында тұрып оқы­дым. Мен ол кезде әжептәуір домбыра тар­та­­мын. Форт-Шевченкода домбырашылар ор­кестрі болатын, мені сол оркестрге қосты. Ол оркестрде райком хатшысы, районо мең­геру­шісі, мектеп директоры – лауазымына қара­май, өнерлі адамдардың бәрі отырады. Бір шетінде мен де отырамын. Ол кезде Маң­ғыстау өлкесі Гурьев облысына (қазіргі Аты­рау облысы ғой) қарайтын еді. Сөйтіп, ор­кес­тр Гурьев облысы орталығында өткен өнер сайысына қатысып, онда мен Құрман­ға­зының «Қайран шешем», Динаның «Бұл­бұл» күйін тарттым. Маған бас жүлде берді. Радиода сол өнер фестивалі жайлы айтқанда қызық болды, диктор: «Шәміл деген оқушы бала үлкендермен сайысқа түсіп, бас жүлде алды. Шіркін, әкесі Бисенғали бұл күнді көре алма­ды-ау, соғыста ерлікпен қаза болды» деп сөй­леп тұр. Шамасы, мен туралы деректі ық­тияттап сұрап алмаған болып тұр ғой. Әке­сі соғыста дүние салған бала қалай 1948 жы­лы туған болады? Естігенде әбден күл­генбіз.

– Алматыдағы өнер жолыңыз қалай бас­талды?

– Алматыға 1966 жылы 18 жасымда,    Гу­рьев­тегі музыкалық училищені бітіріп, со­ның жолдамасымен Құрманғазы атындағы кон­серваторияға келдім. Ол кезде консер­ва­торияның ректоры атақты ұйғыр ком­по­зи­торы Құддыс Қожамияров деген кісі еді. Та­лант­ты адам еді. 1950 жылы, 32 жасында «Риз­вангүл» симфониялық поэмасы үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алған адам. Атақты Құрманғазының күйлеріне деген ерекше құрметпен қарайтын шығар, ол кісі біз жақтан келген өнерпаздарға мән береді екен. Қабылдау комиссиясына да «Гурьев жақтан келгендер болса, маған көрсетіңдер» деп тапсырып қойған көрінеді, сондықтан құжат тапсырғалы жатқанда сол жердегілер мені жетелеп, ректордың өзіне алып келген ғой. Ол кісінің кабинетіне келген соң алып кел­гендер жайымды айтқан соң, Құддыс аға «Шы­рағым, сен Құрманғазының «Төремұра­тын» білесің бе? Білсең соны тартшы» деді таза қазақша сөйлеп. Тартып бердім. Тартып бол­ған соң орнынан тұрып, «тамаша орын­да­дың» деп арқамнан қағып, маңдайымнан сүй­ді. Мұндайды күтпеген қатты қобал­жы­дым, бірақ үлкен кісіге өнерімнің ұнағанына қуанышым шексіз болды. Шынымды айтсам, тап сол кезде ол кісінің Құддыс Қожамияров екенін де, оның консерваторияның ректоры екенін де білмеймін ғой. Сөйтіп, маған бір күй орындатты да, басқа емтихан тапсырт­пай, тікелей консерваторияға қабылдатты. Консерваторияда әуелі Құбыш Мұхитовтың, кейін Қали Жантілеуовтің сыныбында оқы­дым. Құбыш аға атақты Мұхит Мералыұлы­ның әулетінен шыққан күйші, адамгершілігі жо­ғары тамаша адам еді. Сондай кісілерге шә­кірт болып осы дәрежеге жеттік қой.
Қали аға мені баласындай көрді. Ол кез­де құймақұлақпыз, шерткен күйін бір тарт­қаннан қағып аламын. Сол қабілетімді ба­ға­лайтын. Анда-санда консерваторияның дә­лі­зінен Құддыс ағаны көріп қалсам, «О, Ша­мил!» деп сәлемімді ықыласпен алатын. Ол кісінің консерваторияға көп еңбегі сіңді, жатақ­хана, концерт залын салдырды. (Кейін ол кісіге деген ризашылығым ретінде «Құд­дыс» деген күй шығарып, ұрпақтарымен кез­­­дескенде орындап бердім).
1969 жылы, Абайдың 125 жылдығына орай, жастардан атақты әнші Аманкелді Сем­бин екеуміз Мәскеуде өткен концертке қа­тыстық. Концертте Аманкелді тамаша ән сал­ды, мен күй тарттым. Концерттен соң мәс­кеулік мықтылар жиналған банкетте олар бізді мақтап, өнерімізге ризашылығын біл­діріп жатты. Содан танылып, жағдайым тү­зеле бастады.

– Консерваторияны бітірген соң ең­бек жолыңыз қалай басталды? Алғаш­қы кез­дерде қандай есте қалатын сәттер бол­ды?

– Консерваторияны бітірген соң Жамбыл атын­дағы қазақ мемлекеттік филар­мо­ния­сына күйші-лектор болып орналастым. Оның мақсаты – қазақ күйлерінің шығу та­ри­хын айтып, күй тартып, елге өнерді на­си­хаттау ғой. Лекторлық жұмысымды қазақ­тың атақты ақыны, өзге шығармаларымен қатар «Күй», «Күйші» деген тамаша поэмалар жазған Ілияс Жансүгіровтің туған жері – Тал­дықорған облысының (қазіргі Жетісу облысы) Ақсу ауданынан бастадым. Аудан­дық партия комитетінің хатшысының қа­был­дауында болдым. Бірінші хатшы өнерден ха­бары мол жақсы адам екен. Жай-жағ­дайы­м­ды сұрап білген соң, ауданның мә­дениет бөлімі меңгерушісін шақырып алып, «Мына ба­ла күйді насихаттауға келген өнерпаз екен, мұны Ілиястың еліне апарыңдар» деп тап­сырма берді. Сөйтіп, атақты Молықбай күйшінің туған жері «Қызыл таң» кеңшарына бардым. Директоры Серікқазы Сәдуақасов деген, бұрын обкомда жұмыс істеген мықты кісі екен. Ол кезде ауылдық жерлерде қонақ­үй жоқ қой, директор мені өз үйіне алып бар­ды. Күй тартқызып тыңдады. Сосын кең­шардың клубына елді жинап, кездесу өткізді. Күй­шілердің өмірбаяны, шығармашылығы, күйлердің шығу тарихы туралы әңгіме ай­тып, күй тарттым. Сөйтіп, елмен алғашқы кез­­десуім өте әсерлі болды.
Сол сапарым менің болашаққа жо­лым­ды ашты. Әлгі «Қызыл таң» кең­ша­ры­ның директоры сол кезде Қазақстанды бас­қарып тұрған Дінмұхамед Қонаевтың кө­мекшісі Дүйсетай Бекежановтың мектепте бір сыныпта оқыған досы екен, Дүйсетай аға­мен еркін сөйлесе береді. Үйінде отыр­ған­да Бекежановқа тікелей телефон шалып әң­гімелесіп отырып, мен жайында айтып жат­ты. «Біз жаққа күйді насихаттауға бір жас ба­ла келді, жақсы күйші. Өзі ащы суға жоқ, сы­пайы. Сен соны ретін тауып үлкен кісіге кір­гізсеңші» дейді жайбарақат. Әңгіменің өзім туралы екенін сезіп шошып кетсем де, еш­теңе дей алмай қалдым. Жасы үлкен аға­мен қайтіп сөз таластырасың, оның үстіне ме­ні Қонаевтың көмекшісі не қылар дейсің деп өзімді жұбатамын. Алайда Ақсудан Ал­ма­тыға оралған соң Дүйсетай Бекежанов ме­ні өзіне шақыртып алып сөйлесті. Хал-жағ­дайымды сұрады. Әңгімелесіп отырып, «Біз­дің Жетісуда күйді де тыңдайды, бірақ ән өтім­ділеу. Ән салатының бар ма еді, ән шы­ғара аласың ба?» деп сұрады. Ол кезде аздап му­з­ыка жазып жүрген кезім, «иә, шы­ғарып кө­рейін» дедім. Дүйсетай аға «онда алдымен өзім тыңдап көрейін» деді. Сөйтіп, Қонаев­тың алдынан бір-ақ шықтым. Диме­кең­нің аты жер жарып тұрған кез. Сасқа­лақ­тап, қа­пе­лімде не айтып, не қойғанымды біл­м­ей, бір сөзіме бір сөзім жуыспайды. «Ал енді бұйым­тайыңды айт, балам» деп еді, «Ештеңе қа­жеті жоқ, аға. Үйім, жұмысым бар» де­дім. Со­сын «Аға, мен өнер адамымын ғой, сон­­дық­тан өзіңіздей екі мәрте Социалистік Ең­б­ек Ері болған кісілерге қызығамын. Жа­зыл­­бек Қуаныш­баевтың үйінде болдым. Ыбырай Жақаевтың үйінде қондым. Нұрмол­да Алдабергенов өліп қалды ғой, енді сізге кел­дім» деппін ғой не деп жатқаныма есеп бер­мей. Димекең менің сөзіме даусын шыға­рып қатты күліп жіберді. Ішек-сілесі қатып, көзінен жас шыққанша күлді. Күлмей қайте­ді, өзі бұрын көрмеген жап-жас бала «Нұр­мол­да Алдабергенов өліп қалды ғой, енді сіз­ге келдім» деп отырса. 
Сосын менің шығарған әнімнің нота жазылған парағына қарап отырды да, «Ба­лам, мен мына қара домалақтарды түсін­бей­мін ғой, өзің айтып бере аласың ба?» деді. «Қара домалақ» деп нотаны айтып отыр ғой ағамыз. Мен:
Ақ тілек, асқақ ән,
Ақ жүрек қостаған.
Жүйрікті бәйгеге
Жабымен қоспаған
Шешімің өнеге,
Ендеше, елің де
Дән риза саған, –
деп келетін ағаға арнаған әнімді айтып бер­дім. Димекең орнынан тұрып қолымды алып, «Шәміл, ақылың бар бала екенсің. Мы­­­­надай сөздерді кім үйретті саған?» деді. Сол кезде ба­ғанадан бері істемеген бас істеп кет­кендей, «Сіз­ді ел жақсы көреді екен, сол ел­дің сәлемі ғой» дедім, өзім шығарып едім деу­ге бата ал­май. Ол кісі қолымды қысып, маң­дайымнан сүйіп, ризалығын білдірді. Со­сын, Дүйсетай аға­ны шақырып алып жы­миып тұрып, «мы­на бала сенің балдызың екен, бұйымтайы бол­­са көмектесіп тұр» деді әзіл­ді рәуіште. Сөйт­сем, Бекежанов ақсақал біз жақтың күйеу баласы екен ғой. 
Ылғи да таланттарды қолдаған Диме­кеңдей тұлғамен кездесудің әсері бол­ған шығар, әйтеуір, бір жылдан соң Қа­зақ­стан Ленин комсомолы сыйлығының иеге­рі болдым. Кейін Қазақ радиосының бас ре­дакторы болып 3 жыл жұмыс істедім.
Қартайған адам мақтаншақ болады екен ғой десең өзің біл, інім. Аңқаулау жас кезімде біз­дің бастан осындай әпенделіктер де өт­кен.

– Қазақ күйлерін насихаттауға бір кі­сідей атсалыстыңыз. Қазақтың күй ан­тологиясын жасауға да қатысқан екен­сіз...

– Иә, ол баяғыда шыққан үлкен сегіз күй­­­­та­баққа жазылған күйлер ғой. Оған мен тарт­қан Баламайсан, Абыл, Қазанғап секілді күй­шілердің он шақты күйі енгізілді. Қазан­ғап­тың «Көкіл», «Домалатпай» секілді күйле­рін де алғаш орындағандардың бірімін. Қа­зан­­ғап күйлерін толық нотаға түсіріп, кі­тап­тар шығарған, «Көкіл» өнер мектебін ашқан күй­ші Әбділхамит Райымбергенов ініміздің де еңбегін бағалаймын. Әр жерде ол жайлы жақ­сы сөзімді айтып жүремін. Әр күйшінің із­деушісі, зерттеушісі, насихаттаушысы бол­ған жақсы ғой. Жас ұрпақ күйдің қазаққа ға­на тән құдіретті өнер екенін танып-біліп жүр­геніне не жетсін?!
Қазір қарап отырсам, Кеңестік кезде қа­зақ өнерінің ерекшелігін танытқан ана ан­тологияға тартқан күйлері енген күйші­лер­дің қазір бәрі ортамызда жоқ екен. Ол да бір өтіп кеткен дәурен сияқты бүгінде...
Қазір күй тартатындар көп. Жақсы-жақ­сы жас домбырашылар өсіп келеді, соған шү­кір дейміз. Халық та баяғыдай емес, күйді сүйсініп тыңдайтындар көп.
Осыдан он төрт жыл бұрын «Қазақтың мың күйі» деген үлкен антология шық­ты. Ғажап топтама. Мәдени байлық! Сон­да да мен орындаған күйлер бар.
Күй ұлттық өнеріміздің байлығы болса, оны насихаттаушылар қатарында болудың өзі де бір бақыт қой, қарағым. Сондықтан му­­­­зыкант болсын, қаламгер болсын, қазақ күйін насихаттау – бәріміздің халқымыз ал­дындағы перзенттік парызымыз!

– Қазақтың күй өнері де­ген­де, күй мек­тептері есімізге тү­седі. Жылдам тар­тылатын екпінді ба­тыс күй мектебі бар, Арқа­ның, Қара­тау­дың шертпе күй мек­теп­тері бар. Әрқай­сысы өз ерек­ше­лік­теріне ие. Де­сек те, кейінгі кезде күй­­ді жыл­дам тарта­тын­дарға жиі сын ай­ты­­лып жатады. Сіз бұ­ған қалай қарайсыз?

– Әрине, күйдің түрі көп. Екпінді тарты­ла­тын рух­ты күйлер бар, орташа темп­­пен тар­тылатын те­рең маз­мұнды, ойлы, ойна­қы күйлер бар, сол сияқты баяу тартылатын шерт­­пе күй­лер де бар. Алайда тартысы жүр­­дек күйлерді ышқынта, зырылдатып тар­та бе­ретіндерді ұнатпаймын. Әр күй өз та­биға­тына сай, бояуын жоғалтпай тар­тылу­ға тиіс. Бізде темп қуатын домбыра­шы­лар бол­ған, он­дайлар қазір де бар.
Кезінде күйлерді тым жылдам тартам деп табиғатын бұзған күйшілер болды. Әлі де жоқ емес...

– Олар кімдер, мәселен?

– Сұрап отырсың ғой, айтайын. Мәселен, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева...

– Бұл сөзіңіз айыптау сияқты екен...

– Мейлі, кім не ойласа өзі білсін. Өз сөзім – өзімдікі. Жаңағы мен айтқан үш домбыра­шы өзі жүрдектеу орындалатын күйлерді тым жылдам тартып, табиғатына нұқсан келтірді. 
Олар күйді тез тартып, сонысын шаб­лон­ға айналдырды. Оларға еліктеген жастар­дың бәрі күй тартқанның жөні осы екен ғой деп, зырылдатып тартатын болып кетті... Со­лай тартыла берген соң жұрт та солай қа­былдап кетті. Солар жақсы бағаланды, мара­пат алды... Күйдің эталоны саналды.

– Сіз де батыс күй мектебінің өкілі емес­сіз бе?

– Мен енді, ана мектеп, мына мектеп деп бө­ле бермеймін. Менде жерлестік, іштарлық деген жоқ. Талантты талант дейтін адаммын. Жаңа­ғы айтқан күйшілермен арада, анау айт­қандай қыжылым жоқ. Мәселен, Рысбай Ғабиев мені жек көрген жоқ...
Қазір де күй тартып, күй шығарып жат­қандар баршылық. Бірақ күй шығару деген оңай нәрсе емес. Оның өзі үлкен ғылым. Оған білім де, шеберлік те керек. Мәселен, Айт­­қали Жайымов «Күй-ана» деген күй шы­ғарыпты. Күйінде тұтастық жоқ. Гибрид. Тіп­ті, күйге келмейді... Күйді олай сақтап қалу мүмкін емес.
Күйді Төлебаевша шығару керек. Ол опе­­ра­да Соқыр Есжанның күйін қа­лай құл­пырт­ты? Менің шығармашылығым да солай. Бірақ мені әлі ешкім зерттеген жоқ... 
Күй деген біздің ұлттық симфониямыз. Сон­дықтан бізде күйшілердің көп болғаны жақ­сы және бәрі күй табиғатын сақтауы ке­рек.

– Әркімнің пікірі, талғамы әртүрлі ғой. Сондықтан біреуге ұнаған дүние біреуге ұнай бермеуі заңды. Кімдердің мәнері өзіңізге ұнамайтынын ашық айттыңыз. Ал енді өзіңізге ұнайтын қандай домбырашы-күйшілер бар?

– Маған қазір ұнайтын домбырашылар аз емес. Солардың ішінен Мұрат Әбуғазы мен Нұр­лан Түменбайды ерекшелеп айтар едім. Мұ­рат Әбуғазы Нұрғиса Тілендиевтен бата ал­ған жігіт. Нұрғиса домбыраны солақай тарт­қан, Мұрат та солақай тартады күйді. Мұрат былтыр күйшілер туралы 25 сериялы фильм жасады. Ондай фильм бұрын болған жоқ. 

– Ал қазіргі жастар шығарып жатқан күй­лерді естіп көрдіңіз бе?

– Білем, естіп жүрмін. Бірақ оларға әлі тәр­бие керек. Күйлерін жетілдіруге, әуендік жа­ғы­нан байытуға көп еңбектену қажет.

– Күйге қатысыңыз болған соң сұ­райын, әде­биетке, өнерге байланысты түр­лі сайыс­тар өтіп жатады. Ал енді күй­ге байланысты сайыс неге өтпейді? Мен орындаушылық жа­­­ғын айтып жат­қан жоқпын, күй шығарып жатқан­дар­дың күйлерін ел алдына шығарып жа­ман-жақсысын саралап көріп, пікір ай­­тылып жатса, қазақта күй шығару өнерінің да­мып жатқанын немесе өз дәрежесінде шық­пай жатқанын көрмес пе едік?

– Айтып отырғаның дұрыс. Бірақ оған үл­кен ұйымдастырушылық жұмыс жасалуы керек. Болып жатса, күйдің табиғатын тани­тын, дұрыс бағасын беретіндер табылады ғой.

– Тағы да шығармашылығыңыз ту­ра­лы ай­тайық. Бір кезде ақын Кәкім­бек Са­лықов­тың өлеңдеріне біраз ән жаз­дыңыз...

– Ол кісі маған ағалық қылған адам. Ке­зін­де партия қызметінде басшылықта жүрсе де, тамаша ән сөздерімен елге танылған. Өзі де ән шығаратын. Өлеңдері әнге сұранып тұ­ратын. Мен Кәкімбек ағамыздың «Өрік­гүл», «Бір ауыз сөз», «Күй ата», «Аңсау» деген өлең­деріне ән шығардым. Олар елге жақсы тарады.

– «Сөз тоқтаған жерден музыка бас­та­ла­ды» деп немістің ұлы ақыны Генрих Гейне айтпақшы, музыка жазу кез келгеннің маңдайына жазыла бермейді ғой. Өзіңіз шығарған күйлер жайында да айта кетсеңіз?

– Әрине, домбырашы болғандардың бәрі күй шығара бермейді. Күй шығару Жа­ра­ту­шы­ның адамға берген ерекше қабілеттерінің бірі болса керек. Менің «Бекет-Ата», «Жібек жо­лы», «Матай», «Құддыс», «Тұран-Түркістан», «Тек­тілік» секілді он шақты күйім бар. Әрқай­сы­сының өзіндік тарихы бар. Тарихи оқиға, тарихи тұлғалар туралы күйлерімнің бәрі де үлкен әсерден туған шығармалар. Олардың бә­рін таратып айта берсек біраз уақытты ала­ды, газет бетіне сия бермеуі де мүмкін. 
Айтарым, күй – жүректен шықса, дәс­түр­лі күй өнерінің бар қасиетін бойына сіңірсе ғана күй болады. Жай білімділікпен, қағазға нота жазып шұқшиып, одан-бұдан құрас­тыр­ғанмен күй болмайды. Ондай «күйлер» жү­рекке жетпейді. Жүрекке жетпесе – тың­дау­шысына рухани ләззат сыйлап, тебі­рент­пей­ді. Сондықтан күй шығарамын деген адам осылардың бәрін білуі тиіс.

– Өнерпаз адамдардың саясатқа қан­дай әсер ететінін біле бермеймін, бірақ сіз кейбір жерлерде саяси мәселелерде де көрініп қалған кездеріңіз бар. Мә­се­лен, ана бір жылы... Кеңестік кезде Қаз­ССР-дің гимні болған, одан кейін тәуел­сіздіктің алғашқы он шақты жы­лын­да жаңа мәтін жазылып, Қазақстан Рес­пуб­ликасының әнұранына айналған – ком­позитор Мұқан Төлебаев жазған гимнді өзгертіп, жаңа гимн қабылдауға қарсы болдыңыз. Сол үшін, тіпті, «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері» атағын қай­тарып беремін деп мәлімдеме жа­са­дыңыз. Соның мәні не?

– Иә, кезінде ондай оқиға болған. Ол Мұ­қан Төлебаевқа деген құрмет еді. Сол кез­де лайықсыз бір әнді гимн қыламыз деп бі­реулер жанталасқан. Соған жасаған қар­сы­лығым еді.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Қазақ­стан-Нұрсұлтан» деген күйіңіздің нота­сын өртеп жібердім депсіз...

– Иә, оны бір журналиске жай айта сал­ғам ғой, соны шығарып жіберіпті. Бірақ айт­­­­қаныма өкінбеймін. Жеке қабылдауында да болып тартып бергенім рас. Бірақ шығар­мам­ды малданып ештеңе сұраған жоқпын.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары