Жаңа Салық кодексі неге сыналды?
Таныстырылымнан кейін сарапшылар жаңа жобаның кемшін тұстары туралы айтып, пікір білдіре бастады. Олардың ойынша, Үкіметтің салық реформасына көзқарасы, керісінше кері кетіп барады және өзгерістер салық-бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді.
Маусымның аяғында Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі жаңа Cалық кодексінің жобасын қоғам талқысына шығарған еді. Оған дейін жоба сарапшыларға жеке таныстырылған болатын.
Жалпы, жаңа жоба салық саясатындағы кемшін тұстарды реттеп, жүйелеу үшін әзірленген еді. Дегенмен сарапшылар жаңа Салық кодексін сынға алып отыр. Олардың ойынша, Үкіметтің салық реформасы салық-бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында салықты басқаруды толық цифрландырып, салыққа қатысты есеп беру нысандарын, яғни құжаттарды 30 пайызға қысқартуды тапсырған болатын.
– Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлем түрлерінің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайтуға болады және азайту қажет. Маңызды фискалдық қайтарым болмаған жағдайда оларды толығымен алып тастау керек, қалғандарын біріктіруге болады, – деп тапсырған болатын Президент 2023 жылғы 1 қыркүйекте.
Ал 2024 жылғы маусымда жаңа Салық кодексінің жобасы әзір болды, ол алдымен сарапшыларға таныстырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 400-ден астам кәсіпкер, қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Таныстырылымда Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин барлық жаңа тәсіл мен жоспарланған өзгеріс Салық саясатының тұжырымдамасында көрсету ұсынылатынын, ал даулы мәселелерді біркелкі түсіндіру үшін Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде Әдістемелік кеңес құру жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Вице-министр биыл әкімшілендіруге көп көңіл бөлінгеніне тоқталды. Атап айтқанда, қолданыстағы арнайы салық режимдерін – жеңілдетілген режим мен бөлшек салықты біріктіру жоспарда бар екенін жеткізді.
Одан бөлек, корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін әр салаға әртүрлі етіп енгізу ұсынылған: негізгі мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады, ал банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25 пайыз мөлшерлемесін белгілеу, өңдеу өнеркәсібі, қаржылық лизинг және әлеуметтік сала үшін мөлшерлемені 10 пайызға дейін төмендету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 3 пайыз деңгейінде сақтау көзделген.
Инвестицияларды ынталандыру үшін инвестициялық келісімшарттар мен арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына КТС, жер салығы және мүлік салығынан 100 пайыз босату бойынша салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Таныстырылымнан кейін сарапшылар жаңа жобаның кемшін тұстары туралы айтып, пікір білдіре бастады. Олардың ойынша, Үкіметтің салық реформасына көзқарасы, керісінше кері кетіп барады және өзгерістер салық-бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейді.
Сарапшыларды қандай мәселелер толғандыратынын, неліктен алаңдаушылық білдіретінін, өзгерістердің салдары қандай болуы мүмкін екенін зерттеп көрдік.
Салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалған
Ең алдымен, сарапшылар жаңа Салық кодексіне қатысты ешбір үкіметтік құжатта салық реформасының стратегиялық мақсаттары сипатталмағанын айтады. Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі, сарапшы Мұрат Темірханов салық-бюджет жүйесіндегі нақты мәселелерге талдау жасалмағанын айтады.
– Жаңа Салық кодексіне қатысты ешбір үкіметтік құжатта салық реформасының стратегиялық мақсаттары сипатталмаған. Бұл туралы Салық реформасы туралы жазған жарияланымдарымызда бірнеше рет айттық. Салық кодексіне енгізілген өзгерістердің негіздемесі ретінде Президенттің белгілі бір тапсырмаларына сілтеме жасалады, алайда салық реформасының түпкі мақсаты дұрыс жеткізілмеген. Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтының алаңында өткізілген таныстырылымда да салық-бюджет жүйесіндегі нақты мәселелерге талдау жасалмаған, – дейді сарапшы.
Мұрат Темірхановтың сөзінше, екінші мәселе – салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалып отыр.
– Өкінішке қарай, қазір еліміздің салық-бюджет жүйесіндегі дағдарыс назардан тыс қалып отыр. Бұл дағдарыс мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан, республикалық бюджеттің Ұлттық қордың мұнай долларына тәуелді болуына байланысты, ал негізінде жағдай керісінше болуы керек еді. Мысалы, 2023 жылы республикалық бюджет шығысының тек 55 пайызы мұнайдан тыс салықтар мен бюджетке түсетін басқа да кірістер арқылы қаржыландырылды. Қалған 45 пайыз бюджет шығысы мұнайдан түскен кірістер және Үкіметтің қарызын өсіру арқылы қаржыландырылды, – дейді ол.
Сарапшы мұнай бағасының жоғары болуына қарамастан бюджеттің мұнайдан түсетін кірістерге осылайша тәуелді болуы үлкен проблема туғызатынын айтады. Өйткені мұнай бағасы жоғары болғанда, Қазақстанның шикізаттық экономикасы жақсы күйде болып, бюджетке түсетін салықтар да ең жоғары деңгейде болуға тиіс, ал Ұлттық қорды пайдалану – минималды болуы керек.
– Мұнай бағасы жоғары болғанда Ұлттық қордың жинақтау функциясы толыққанды жұмыс істеуге тиіс, алайда қазір бұл жүзеге аспай отыр. Екінші жағынан, мұнай бағасы төмендеген жағдайда Қазақстанда экономиканың өсуі, бюджетке түсетін салықтар және Ұлттық қорға түсетін мұнай кірістері сөзсіз төмендейді. Мұнай бағасы төмен болған кезде бюджеттің қазіргі шығыс деңгейін сақтау үшін Үкімет Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттерді ұлғайтуға мәжбүр болады, бірақ қазіргі кезде мұнай бағасы жоғары болғанда да бұл аударымдар рекордтық деңгейге дейін ұлғайтылды. Ұлттық қорға түсетін мұнай кірістерінің төмендеуі және бюджетке Ұлттық қордан келетін аударымның көбеюі қордың тез азаюына алып келеді, бұл бүкіл елдің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін, – дейді Мұрат Темірханов.
Оның айтуынша, салық-бюджет жүйесіндегі осы олқылықты түзетудің екі ғана жол бар: бюджет шығысын азайту немесе бюджетке түсетін мұнайдан басқа салық кірістерін арттыру.
– Алайда бюджет шығысының басым бөлігі әлеуметтік салаға және экономикадағы инфрақұрылымдық және басқа да мәселелерді шешуге бағытталғандықтан, Үкімет бюджет шығысын қысқартуға бара қоймасы анық. Сондықтан жалғыз жол қалады – бюджетке түсетін мұнайдан тыс салық кірістерін арттыру. Былтырғы қыркүйекте бізге қандай салық реформасы қажет екені туралы жеке есеп дайындаған болатынбыз. Есепте біз ЭЫДҰ-ның Қазақстан бойынша зерттеуіне сілтеме жасадық, онда елде ЖІӨ-ге мұнайдан басқа салық кірістерінің үлесі ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмен екені айтылды. Бұл өте күрделі мәселе және ЭЫДҰ пікірінше, бұл проблема салық ставкаларының салыстырмалы түрде төмен болуы, салық базасының ауқымы кең еместігі, көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары болуы және салықтық жеңілдігінің көп болуына байланысты, – дейді сарапшы.
Салық жеңілдіктері азая ма, көбейе ме?
Ұлттық экономика Вице-министрі Азамат Әмрин салық жеңілдіктері 20 пайызға қысқаратынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 458 салық түрі жеңілдетілген салық деп белгіленген. Оның 98-ін алып тастау жоспарда бар, тағы 29 тармақ бойынша шектеулер енгізілмек.
Азамат Әмрин бұл шара бюджетке 700 миллиард теңге тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Дегенмен сарапшылар бұл бағыттағы реформа қарама-қайшылыққа толы екенін айтады.
– Жаңа Салық кодексі туралы консультациялық құжатта «салық жеңілдіктері салық жинауды азайтып, салық төлеушілер арасында масылдық мінез-құлық тудыруы мүмкін» деп дұрыс атап өтілген. Біздің пікірімізше, 3,3 трлн теңге көлеміндегі салық жеңілдігінің жалпы сомасы барлық салық жеңілдігі бойынша жиналған кірістерді қамтымайды. Суреттегі жеңілдіктердің талдауы тек Салық кодексінің баптары бойынша жүргізілген, алайда көптеген салық жеңілдігі жекелеген ірі компанияларға арнайы берілген. Біздің шамалап жасаған есептеуіміз бойынша, салықтық жеңілдіктерден алынбаған салықтық кірістердің жалпы сомасы – 4,5-5,5 трлн теңге, – дейді Мұрат Темірханов.
Салық жеңілдіктерінің барлығы – экономиканы әртараптандыру, бизнесті «көлеңкеден» шығару және Қазақстанды инвестиция салуға қолайлы ету үшін қабылданған шаралар. Дегенмен сарапшылар бұл бағыттар бойынша нақты ілгерілеу байқалмағанын айтады.
– Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігінің презентациясынан салық жеңілдіктерінің мәнін түсінуде қарама-қайшылық бар екенін байқаймыз. Нақтырақ айтсақ, корпоративтік табыс салығының жалпы мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалады. Алайда Үкімет өңдеу өнеркәсібі, әлеуметтік сала, қаржы лизингі және ауыл шаруашылығы үшін корпоративтік табыс салығын төмендетуді көздеп отыр. Салықты жекелеген секторлар үшін төмендету «салық мөлшерлемелерін саралау» деп аталып отыр, ал бұл – іс жүзінде «салық жеңілдіктерін беру». Сонымен қатар мұндай «салық мөлшерлемелерін саралау» нәтижесінде бюджет қанша салық кірісінен қағылатынына қатысты есеп берілмеген. Ал бұл салық реформаларының нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің жыл сайынғы салық кірісі 1,4 трлн теңгеге артады деген оптимистік үмітке тағы да күмән ұялатады, – дейді Мұрат Темірханов.
Яғни, сарапшы салық жеңілдіктері тиімсіз болғанына, оларды азайту туралы бастама көтерілгеніне қарамастан, олардың тек көбейетіні байқалатынын айтады.
– Ауыл шаруашылығы саласы – салық жеңілдігі тиімсіз екенінің айқын мысалы, өйткені салық жеңілдіктері мен ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан басқа да мемлекеттік көмек нарық заңдылығына қайшы және өнім өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуға, өнім өндіруді арттыруға деген ынтасына кері әсер етеді, – дейді ол.
Әйтсе де, сарапшы Мақсат Халық бөлшек сауда салығына байланысты енгізіліп жатқан өзгерістерді қолдамайтынын айтады. Яғни, бұған дейін бекітілген жеңілдіктің күшін жою туралы бастама дұрыс қадам емес деп есептейді.
– Салық кодексінің жаңа жобасындағы ең үлкен қателік – бөлшек сауда салығына байланысты енгізіліп жатқан өзгерістер. Бұған дейін 2 млрд теңгеге дейінгі айналымға рұқсат беріле беретін. Енді соны 500 млн теңгеге дейін түсіріп жатыр. Біз, сарапшылар қауымдастығы осы бастама дұрыс емес екенін айтып жатырмыз, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлер жеңілдіктің шапағатын енді көре бастағанда, талап қайта өзгермек.
– Өйткені көптеген кәсіп иесі жеңілдікті пайдаланып, дұрыс салық жүйесі енді орнады ма деп үміттеніп, жұмыс істей бастаған еді. Өкінішке қарай, енді оны қайтадан төмендетіп, кәсіп иелерін тығырыққа тіреп жатыр десек те болады. Осы себепті көптеген кәсіпкер бұл оларды көлеңкелі бизнеске кетуге мәжбүрлейтінін ескертіп отыр. Сондықтан менің ойымша, осы пунктті өзгертпеу керек. Қалай бекітті, сол жүйені кем дегенде 4-5 жылға дейін қалдыру керек деп есептеймін, – дейді экономист.
Бізге қандай реформа қажет?
Сарапшылар Салық кодексіндегі инвестиция және бизнес климатын нашарлататын, салықты басқару саласындағы репрессивті және сыбайлас жемқорлық сын-қатерін тудыратын олқылықтарды тез арада жою қажет екенін айтады. Олардың сөзінше, салық органдарына сот санкциясынсыз бизнестің мүлкін, шоттарын бұғаттауға мүмкіндік беретін құзыретті беруге болмайды. Сондай-ақ салық төлеуден қасақана жалтарғаны үшін артылатын қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге болады.
– Жаңа Салық кодексі бойынша Консультациялық құжатта Үкіметтің «мемлекеттік кірістер органдары (МКО) мен салық төлеушілер арасындағы қарым-қатынастар карательді сипатта» деп айтылған. Бұл мәселені мойындап, оны жеке тармақ ретінде енгізгендерін оң бағалаймыз. Алайда презентацияға қарасақ, салық заңнамасының репрессивтік сипатын жақсарту тек үстірт өзгерістермен шектелмек. Қазіргі және бұрыннан бері келе жатқан басты мәселе – салық органдары өз қалауы бойынша, сот немесе прокурордың санкциясынсыз, тіпті ең аз салық немесе әлеуметтік төлемдер қарызы үшін немесе салық төлеуден жалтару күдігі бойынша жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарын және басқа да операцияларын бұғаттай алады. Мұндай тәжірибе меншік құқығын бұзып, елдегі инвестициялық және бизнес-климатты нашарлатып, сыбайлас жемқорлық сын-қатерін едәуір арттырады. Өкінішке қарай, жаңа құжатта бұл мәселе тек қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін қолданудың шекті мәндерін аздап көтеру және салық төлеушілер үшін әкімшілік шығындарды аздап төмендету арқылы ғана қарастырылған, – дейді Мұрат Темірханов.
Сарапшының сөзінше, бізге кейбір салық мөлшерлемелерін 2006 жылғы деңгейге қайтару қажет, себебі сол кездегі ставкалар ел экономикасының қарқынды өсуіне кедергі келтірген жоқ және ұзақ уақыт бойы мемлекет бюджетінің тұрақтылығын жақсы қолдады.
– 2000 жылдардың басында Қазақстанның мұнай өндіру көлемі қарқынды өсе бастады және 2005 жылдан бастап мұнай бағасы өсе бастады. Осыған байланысты 2000-2007 жылдар аралығындағы ЖІӨ-нің орташа өсімі жылына шамамен 10 пайыз болды, бұл Қазақстан бюджетінің кірісі өсуіне қолайлы әсер етті. Экономиканың қарқынды өсуі мен оптимистік болжамдардан соң Қазақстандағы салық мөлшерлемелерін күрт төмендету туралы популистік шешім қабылданды, бұл 2006-2009 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Алайда бұрын да атап өткендей, мұндай түбегейлі салықтық реформа өз алдына қойылған мақсаттарға жете алмады. Біздің ойымызша, кейбір салық мөлшерлемелерін 2006 жылғы деңгейге қайтару қажет, себебі сол кезде олар ел экономикасының қарқынды өсуіне кедергі келтірмеді және мемлекеттік бюджеттің ұзақ уақыт бойы тұрақты болуына жақсы жағдай жасады. Дегенмен салық мөлшерлемелерін көтермес бұрын бірнеше маңызды мәселелерді шешу қажет, – дейді сарапшы.
Ол салық мөлшерлемелерін көтермес бұрын бірінші кезекте бюджет шығындарының тиімділігін арттыруға, бюджет тапшылығын азайтуға және барлық Үкімет шығындарын Парламентке, демек, бүкіл қоғамға есеп беретіндей етіп жасауға мүмкіндік беретін түбегейлі бюджет реформасын жүргізу қажет екенін айтады.
– Салық мөлшерлемелерін көтеру алдындағы тағы бір негізгі шарт – нарықтық емес және тиімсіз салықтық жеңілдіктерді терең талдау және толық жою, бұл туралы ХВҚ, ЭЫДҰ және Дүниежүзілік Банк бірнеше рет жазған. Осындай жеңілдіктерді түбегейлі жоюдан кейін Үкіметке салық мөлшерлемелерін көтерудің қажеті болмауы да мүмкін, – дейді сарапшы.
Демек, жаңа Салық кодексіндегі сарапшылар сынға алып отырған негізгі мәселе – салық жеңілдіктерін азайтуға бағытталған қадамның кері нәтиже беруі мүмкін екені. Олардың сөзінше, бұл – мемлекетке деген тәуелділікті, масылдықты одан сайын ушықтырады, бәсекеге қабілеттілікке кері әсер етеді. Ал кей экономистер, керісінше, кей жеңілдіктерді қалдыру керек екенін айтады. Олар бұл өзгерістер бизнестің одан сайын көлеңкеге кетуіне ықпал ететінін алға тартып отыр.
Дегенмен ең басты мәселе салық саясатының әділ жүргізілуінде екенін аңғаруға болады. Бұл ретте салаға жауапты органдардың ашық жұмыс істеуі және есеп беруі, баршаға бірдей мүмкіндік беретін салық саясатын құру барлық проблеманы реттеудің алғышарты болмақ.