"Нариманды төбеме кө­тер­меймін" – Хусанжан Құрбанов

Хусанжан Құрбанов – спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбановтың әкесі, жеке бапкері

"Нариманды төбеме кө­тер­меймін" – Хусанжан Құрбанов
3520

Екі күннен соң жаһан жұрты көз тіккен Олимпиада ойындары аяқталады. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекенің жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы 28-орынға табан тіреді. Ел қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде бар. Қазір күні кеше бір күнде қос күміс медаль иеленген боксшы Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраевтың жетістігі ел ауызында жүр. Отандық БАҚ бірінен соң бірі жарысқа араласқан олардың күміс жүлдесін алтынға бергісіз жүлде деп жарыса жазып жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Олимпиада медалін мойнына таққан гимнасшы Нариман Құрбанов та БАҚ беттерінен түспей жүр. Осы ретте Париж төрінде Нариманның жетістігіне куә болған әкесі әрі жеке бапкері Хусанжан Құрбановқа хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

– Олимпиаданың күміс жүлдесін жеңіп алғанымызға 5 күн болса да бірінші күндегідей эмоцияны бастан кешіріп жүрмін. Париж Олимпиадасынан керемет әсер алдым. Жыл басынан бері Олимпиада жолдамасы үшін таластық. Оны жеңіп алған соң федерацияның көмегімен тыңғылықты дайындалдық. Ол іркілмей іріктеу фи­на­лына өткенде қуанышымда шек болмады. Ал жүлденің тағдырын шешетін финалда бірінші болып өнер көрсету бақыты бұйырды. «Ұлым, өз ісіңді істе. Еш уайымдама» деп ақылымды айттым. Ол жаттығуын ойдағыдай істеді. Мен қуана бастаған едім, ол «Әке, алдын-ала қуанбаңыз» деп мені тыйып тастады. Ұлым ырымға сенбейді. Тек Олимпиада – болжап білуге болмайтын дода. Мысалы, гимнастиканың бір жаттығуында бір атлет 6 рет құлап, қола жүлдегер атанды. Бабында келгенімен, бәрі тол­ғанады. Ең жауапты кезде ең мықтының өзі мүлт кетеді. Нариман қуануға ерте десе де, оған берген ұпайды көрген соң іштей «Болды. Бұл – Олимпиада жүлдегерінің ұпайы» дедім. Бір жағынан ұлымның жарысты бірінші болып бастағанына да шүкір дедім. Себебі оның көрсеткіші қал­ған қатысушыларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мы­салы, жарысқа соңғы болып араласқан кәріс гимнасты неге құлап қалды дейсіз? Ол Нариманның ұпайын көріп, одан озып кеткісі келді. Сөйтіп, базаны жақсартамын деп шеш­ті. Алайда, тол­қығаннан құлап түсті. Ол құламағанда бізді ығыстырып жіберіп, күміс алар ма еді? Бәлкім, чемпион атанған ир­ландиялықты да жеңіп кетер ме еді, кім білсін? Ал ұлым психологиялық тұрғыда өзін  жақсы қырынан көрсетті. Жүлдеге ілінеді-ау деген украиндық тәжірибелі гимнаст 5-орын алған кезде кемі үздік үштікке іліндік деп қуанып тұрдым. Сосын кәріс атлеті снарядтан құлап қалған соң, алақайлап қуандым. Сол кездегі әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Аренада жас балаша шаттанып, се­кіріп, төбем көкке бір елі жетпей, ары-бері жүгіріп жүрген сәтімді интернеттен көрген боларсыз. Сол видео ел ішінде кеңінен таралып, көп лайк пен пікір жинапты.
Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевты біздің штаб­та атойлап күтіп алып, құттықтау лебіздерді жаудырып, су­ретке түстік. Сол кезде мен екі медальды ұстап көрейін, бізге де алтын немесе қола бұйырса екен деп ниеттендім. Нәтижесінде, бізге күміс жүлде бұйырды. 
Көбі «Өз ұлыңды шәкірт ретінде тәрбиелеу қиын емес пе?» деп сұрайды. Нариманды төбеме кө­тер­меймін. Шәкірттерім не, Нариман не, мен үшін бірдей. Оған залда ұлым деп қа­­­рамаймын. Кері­сін­ше оған ар­тыл­­ған жауап­кер­­ші­лік жү­гі зілдей. Тіпті кейде таяқ жеген кез­дері де бол­ды. Айна­лам­­дағылар шәкірт­тері­ме, ұлыма бір­дей қарайты­ным­ды беске біле­ді. Мен оны 6 жасын­да залға ертіп әкелдім. Өс­кен соң оның қалауы өзгеріп, өз ұстанымын айта бас­тады. Бір күні «Гимнастика залына емес, футболға барғым келеді» деп кесіп айтты. Мейлі деп рұқсатымды берген едім, 2 айдан соң алдыма келіп, гимнастикамен түбегейлі айналысуға бел буғанын айтты. Сол сәттен бастап бұл іске шындап кірістік. Дегенмен мен оның түбі жақсы гимнаст болатынын білдім. Түйсігім алдамапты. Бүгінде оны жақсы гимнаст қана емес, Олимпиаданың күміс жүлдегері етіп тәрбиелеп шығардым. 
Ұлым – тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада жүлдесін алған тұңғыш гимнаст. Біз тарих жасадық. Сол үшін шексіз қуаныштымыз!
Осы ретте үнемі түзде жүретін ұлым екеуіміздің жағдайымызды келістіріп отырған жарым Альфияға алғысымды айтқым келеді. Ол қазір зейнетте. Екеуіміз екі бала өсірдік. Нариманның өзінен 7 жас үлкен әпкесі бар. Біз – Алматыда туып-өскен, тату-тәтті өмір сүретін ұйғыр отбасымыз.
Олимпиада алдында Нариманға «Ең алдымен Олимпиада бәрінен биік тұрсын. Сосын үйленесің» дегенмін. Қазір міне, Олимпиада деген бір уайымнан арыл­дым. Енді екінші уайым пайда болды. Оны үйлендіріп, аяқтандыру керек. Болашақ келін Астанада тұрады. Ол да гимнастшы. Бұйырса, Астанаға қыз ұзатуға барып, келінімізді алып келеміз. 
Үйлену тойын абыроймен атқарған соң, жаңа Олимпиада цикліне дайындық басталады. Олимпиаданың күміс жүлдегері екенін ұмытып, келесі Олимпиадаға жорықты бастаймыз. Басты мақсат – 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін Олимпиадада алтын медаль алу. Алдағы төрт жылда небір таланттар, жаңа есімдер «атып» шығады. Нариманға енді оңай болмасы анық. Сонда да баяғыша еңбек, тәртіп және спортқа деген сүйіспен­шіліктің арқасында бәрі жақсы болады деп сенемін. 

Серіктес жаңалықтары