Олимпиада жолдамасын алғаныма әлі сенбей жүрмін – Мұхамедсабыр Базарбайұлы

Олим­­пиаданы бағындыру – бала кезден бері арманым ғой! Қай боксшыдан сұра­саңыз да, Олимпиаданы бәрінен биік са­най­­­ды.

Олимпиада жолдамасын алғаныма әлі сенбей жүрмін – Мұхамедсабыр Базарбайұлы
ҚР ҰОК баспасөз қызметі/olympic.kz
2047

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихында үшінші рет толық құрамда Олимпиада жүлдесіне таласады. Бір жарым айдан соң Париж төрінде өтетін төртжылдықтың басты додасында боксшыларымыз барлық 7 олимпиадалық салмақта ел намысын қорғайды. Қазір көпшілік сол 7 жолдаманың соңғысын күні кеше Бангкокте (Тайланд) өткен ақырғы іріктеу турнирінде қалтасына басқан Мұхамедсабыр Базарбайұлының жұдырықтасу мәнері туралы жарыса жазып жатыр. Ұлттық құрамадағы атағы шыққан былғары қолғап шеберлерімен иық тіресіп, іріктеу кезінде олардан көп кездесу өткізіп, 63,5 келіде Олимпиада рингінде жұдырықтасуға әлеуеті жететінін дәлелдей білген жас боксшыға Тайландтан келген бойда хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

– Сені көпшілік «құпияға толы бок­с­шы» деп айтады. Интернетте, басылым бе­тінде сен туралы мәлімет жоқтың қа­сы. Сондықтан алдымен өзің туралы бірер сөз айта отырсаң.
– Мен туралы мәліметтің аз болуы – тү­сі­­­нікті жайт. Себебі мен енді танылып ке­ле­мін. Көпшілік мені онша танымайды. Мен «тасада» жүрген боксшымын ғой. Өзім ту­ралы айтар болсам, мен 2003 жылы Қыр­ғыз Республикасының Ош қаласында дү­ние­ге келдім. Ұлтым – қырғыз. Үш жасқа тол­ғанымда отбасыммен бірге Астана қа­ласына көшіп келдік. Отбасында 5 ағайын­ды­мыз. Ағаларымның арасында спортқа ден қойғандар болды, бірақ олар кейін мұ­­ны қойып кетті. Ал мен 6 жасымнан бас­­тап боксқа қызықтым. Кішкене кезде ата­­ғы жер жарған былғары қолғап ше­бер­ле­ріне қызықпаған бала жоқ шығар, сірә. Сол секілді мен де Мұхаммед Әли, Майк Тай­сон, Рой Жонс секілді есімін күллі әлем бі­летін боксшылардың жекпе-жектерін кө­ріп өстім. Олар секілді рингте жұды­рық­та­сып, қолғап түйістіріп жүргім келді. Сөй­тіп, «Бокс үйірмесіне барайыншы» деп әке­ме қолқа салдым. Осылайша Астанадағы «Тол­­қын» спорт кешенінде Иса Кен­жеғұлов де­ген алғашқы бапкеріммен жаттыға бас­тадым. Соңғы 4 жыл білікті бапкер Нұркен Аң­дасовтың қол астында жат­тығып жүр­мін. 2020 жылы Астанадағы Ғали Орманов атын­дағы орта мектепті тә­мамдадым. Биыл бұйырса Абай Мыр­зах­метов атындағы Көк­шетау университетінің дене шынықтыру фа­культетін аяқтаймын. Мемлекеттік ем­ти­хан тапсырғалы жүрмін. 

– Көп боксшы секілді спорт ин­тер­на­тында білім алмасаң да, орта мек­теп­те білім алып жүріп, жасөспірімдер, со­сын жастар құрамасы сапында бай­рақты бәсекелерде топ жардың. Өзің айт­пақшы, ересектер құрамасына ауы­сып, «тасадан» шығып, көпшілік кө­зіне енді түсіп жүрсің. Қазір бокс­сүйер қауым сенің жұдырықтасу сти­ліңді ерекше атап өтіп, «Бұл бала – біз үшін жаңалық болды», «Көзінде оты бар, намысшыл боксшы екен», «Бұл баладай Олимпиада жолдамасына сон­ша таласқан ешкім жоқ шығар, сірә» деген пікірлер жазып жатыр. Өзің де ол пікірлерді оқыған боларсың?
– Иә, көпшілік қолдау білдіріп, жылы ле­біздерін жазып жатыр. «Тасада» жүрмін де­генімде, ересектер құрамасының аяқ алы­сын бақылап жүретін қалың көпшілік ра­сымен мені танымауы мүмкін. Себебі мен ересектер арасында әлем чемпионаты, Азия чемпионатына қатыспадым. Жалпы, мен бала күнімнен жоғары нәтижелер көр­сетіп келе жатырмын. Жастар арасында Қа­зақстан чемпионымын. Сонымен қатар жас­тар арасында Азия чемпионы деген ата­ғым тағы бар. Ал ересектер командасына ауыс­қан алғашқы жылы ел чемпионатында 3-орын иелендім. Одан кейінгі жылы күміс жүл­дегер атандым. Былтыр Спартакиадада топ жарып, чемпион атандым. 
– Олимпиадаға іріктеу жарыс­тары­на қатысуға мүмкіндік беретін сол Спартакиаданың финалында сенің сал­мағыңда көш бастап жүрген азулы қар­сыласың, Олимпиада ойында­ры­ның қатысушысы, әлем чемпионаты­ның күміс жүлдегері Серік Темір­жа­нов­тан айлаңды асыра білдің. Сол тағ­­дыршешті жарыстан соң өзіңе бе­ріл­ген мүмкіндікті уысыңнан шығ­а­рып алмауға тырсып-бақтың. 
– Олимпиада секілді нөмірі бірінші бә­се­кенің жолдамасы сарапқа салынатын бол­ғандықтан, сол Спартакиада үмітін үкі­леп, бабын келтіріп барғандардың бәрі де жеңгісі келді, бәрі сол жарысты асыға күтіп жүр­ді. Мен де қатты күттім. Онда қайтсем де, жеңемін деп бардым. Жалпы, менің сал­мағымда ел ішінде мықты қарсыластар же­терлік. Ең көп бәсекелес жиналатын сал­мақ осы шығар. Дейтұрғанмен, қар­сы­лас­­тарымнан бір бас жоғары жұдырық­та­сып, ақыры чемпион атандым. Әрі бірден Италияда өтетін іріктеу турниріне қа­тысу мү­м­кіндігіне ие болдым. Жал­пы, боксшы­лар­ға берілетін Олим­пиада жолдамасы үш жа­рыста, атап айтсақ, Қы­тай­дың Ханчжоу қа­ла­сында өткен Азия ойын­да­рында, Ита­лия­ның Бус­то-Арсицио қаласында өткен тур­­нирде, сосын күні кеше аяқ­тал­ған Банг­­коктегі (Тайланд) тур­нир­де сарапқа са­лын­ды. Ита­лияда өт­кен турнирде екінші кез­­де­суімде жеңі­ліс таптым. Одан кейін Аста­нада өткізілген тар­тысты спар­ринг-кез­десулерде қарсылас шақ кел­тірмедім. Со­сын Бангкоктегі соңғы іріктеу тур­нирде бағымызды сынадық.

– Боксшыларымыз 4 кездесу өткі­зіп, жол­дама иеленсе, сен 6 бірдей кез­­­­десу өт­кі­зіп, оның 5-еуінде жеңіске жет­­­­тің. Көп­ші­лігі мұндай іріктеу жүйе­­­сін түсінбей әлек. Осы ретте жол­да­­ма алған басқа боксшыларымызға қа­­рағанда неліктен көп жекпе-жек өт­кізгеніңді түсіндіре кетсең.
– Мен 6 бірдей кездесу өткіземін деп ой­­­­ламадым. Бірінші жекпе-жекте фи­лип­пин­дік Кристиан Питт Лорент, сосын түр­­кия­лық Мизан Айкол, одан кейін ита­лия­лық Джанлуиджи Малангадан басым түс­­тім. Ал ширек финалда кубалық, әлем­нің ви­це-чемпионы Эрисланди Аль­вареске 2:3 есебімен есе жібердім. Негізі, бұл сал­мақта Олим­пиадаға бес жолдама беріледі. Төр­­теуі­­не жартылай финалға шыққан был­ғары қол­ғап шеберлері ие болса, бір жол­дамаға ши­рек финалда сүрінген бок­с­шы­лар тала­са­ды. Мен ширек финалда жеңі­ліп қал­ған­дықтан, жолдамаға таласу үшін тағы екі кез­десуде қолғап түйістіруім ке­рек болды. Сөй­тіп, алдымен колумбиялық Хо­се Ма­нуэль Вифараны жеңіп, одан кейін мол­­дова­лық Александр Парасчивтен ай­лам­ды асы­рып, Олимпиада жолдамасын ие­лендім. 
– Төрт жыл бойы іріктеу турнир­ле­рін асыға күткен спортшылар, соның іші­н­де боксшылар да Олимпиада жол­да­масын жеңіп алған кезде түрлі эмо­ция көрсетті. Біреуі рингте алақайлап, се­кірсе, енді бірі көз жасына ерік бер­ді. Ал сен төреші қолыңды көтеріп, кейін жолдаманы ұсынған кезде са­быр танытып, эмоцияңды онша бай­қа­­та қоймадың. «Олимпиада рингіне шық­пайынша бекерге эмоцияға беріл­мейін» деген тактика ма бұл?
– Әлбетте, жолдаманы иеленгенімді тү­­­сініп, іштей қатты қуанып тұрдым. Олим­­пиаданы бағындыру – бала кезден бері арманым ғой! Қай боксшыдан сұра­саңыз да, Олимпиаданы бәрінен биік са­най­­­ды. Сондықтан әлем спортшылары аң­­сайтын жолдама қалтама тиген кезде, әри­не, қатты қуандым. Алайда мен сыртқа білдіртпеуге тырыстым. Ол жарысқа дейін қа­­лай жүрсем, жарыстан соң да солай жү­руге тырысамын. Себебі мұның бәрі ең­бек­пен келгенін жете түсінемін. Өз-өзімді са­бырға шақырамын. Ал былайынша, ол тур­нирде іштей қуанғанымды сөзбен си­пат­тап жеткізе алмаймын. Шыны керек, жол­дама алғаныма әлі сене алмай жүрмін. Бұл турнирде өткізген алты жекпе-жектің тү­гелі де тартысты болды. Жолдама үлес­тіретін маңызды турнир болған соң ешкім аянып қалмайтыны айдан анық. Дегенмен мен өз-өзіме сенімді болдым. Өз-өзіңе се­нім­ді болмасаң, несіне рингке шығасың? Соң­­ғы іріктеу турнирі болғасын, міндетті түр­­де жеңуім керек деп өз-өзімді қам­шы­ла­­дым. Расымен, елге жолдамамен ора­ла­ты­­нымды сездім. Ең маңыздысы, құрама бап­керлері мен жеке бапкерімнің айтқа­нын бұлжытпай орындадым. Әрі бізге пси­хологиядан сабақ беретін Ғалия Нұр­бек­қызының де көмегі көп тиді. Оған қоса, ұлт­тық құрамамен бірге өткізген дайындық та көп көмектесті. Одан бөлек, үйде та­қы­мын қысып отырған отбасымның да қол­дауы мені қанаттандырып, алға жетелеумен бол­ды. Құдай қаласа, Париж төрінде абы­рой­мен жұдырықтасып, елге алтын медаль алып келемін деген үміттемін. 

– Өз салмағыңда Олимпиада рин­гі­не шығатын қарсылас­та­рың­ды зерт­теп жүрген бо­лар­сың.
– Әрине. Олимпиадаға осал боксшы бар­­­майды. Менің сал­ма­ғымда ең қарымды бок­сшы – француз Софьян Умиа. Оның өз елін­де өтетін Олим­пиа­­дада барын сала­ты­ны анық. Осы салмақта өнер көр­се­­тетін Өзбе­кстан намысын қор­ғап жүрген бауы­ры­мыз Руслан Абдуллаевтың да қа­ры­мы мықты. Содан соң Ита­лия­да мен есе жі­берген болгариялық Радослав Росенов та – адуынды қар­сылас. Жоғары­да айтып өткенімдей, Па­­риж­ге осал еш­кім­ді апармайды. Деген­мен бұл салмақта көш бастап жүрген мық­ты­лар – осылар. Әл­бет­те, оларды жеке бап­­­­­­керім екеуіміз жіті зерт­теп, бақылап жүр­­міз. Бұйырса, кімнің ба­бында, кімнің мық­ты екенін ринг көрсетеді.
– Париж  Олимпиадасының бас­талуы­на 1,5 ай ғана уақыт қалды. Алда соң­ғы оқу-жаттығу жиыны ма? Дайын­дық кестесі қандай? 
– 13-14 маусым күндері Алматыда оқу-жат­тығу жиыны өткізіледі. Сосын Парижге жол жүретін боламыз. Нақты қай күні ат­та­натымызды білмеймін. Бірақ климатқа бейім­делу үшін ертерек баратын шығармыз. 
– Сәттілік серігің болсын! Олимпиада төрінде атой салуды бұйырсын!
– Рахмет сізге!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары