Алматыдағы ауруханалардың бірінде жүкті әйел қайтыс болды. Оның өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қалалық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, медициналық ұйым бұл жағдай туралы тиісті органдарға уақытылы хабарламаған. Осыған байланысты емдеу мекемесіне айыппұл салынған.
Ал Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қайғылы оқиға мереке күні болғандықтан, ресми ақпарат келесі жұмыс күні жолданғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері оқиғаны жасыру немесе ақпарат бермеу туралы тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, 7 мамыр Қазақстанда ресми мереке әрі демалыс күні болғандықтан, құжаттарды электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жолдау тек жұмыс күндері жүзеге асырылады.
"7 мамыр Қазақстан Республикасында ресми мереке және демалыс күні болғандықтан, құжаттарды ресми электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жолдау қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек жұмыс күндері мен жұмыс уақытында жүзеге асырылады. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне алғашқы ақпарат жедел түрде WhatsApp мессенджері арқылы жіберілген. Хат алмасудың растайтын скриншоттары бар", – дейді Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Жадыра Ахметова.