Ақтауда дәрігерлер басынан ауыр жарақат алған 7 жасар баланың өмірін сақтап қалды, деп turkystan.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, 10 мамыр күні Құрық ауылынан келген бала Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген. Оның басына ауыр темір құбыр құлаған. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр болған.
Медициналық мекеме өкілдері баладан ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйегінің бірнеше жерден сынып, ішке қарай батып кетуі, мидың соғылуы, пневмоцефалия, ликворея, мидың қатты ісінуі, ауыр жарақаттық шок және қан жоғалтудан кейінгі анемия анықталғанын хабарлады.
Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Нейрохирург Ербол Кенжеваловтың жетекшілігімен дәрігерлер шұғыл ота жасады. Мамандар бас сүйегіне трепанация жасап, ішке кіріп кеткен сүйек бөлшектерін алып тастады. Сондай-ақ мидың қатты қабығына пластика жасалды.
Күрделі ота екі сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды. Қазір баланың жағдайы тұрақталған. Ол есін жиып, өздігінен тамақтанып отыр және ата-анасын таниды. Дәрігерлер баланың жағдайын әрі қарай бақылауда.