«Ахметтің образын сомдаудан бас тарттым»: Азамат Сатыбалды өзіне айтылған сындарға жауап берді
Актер Азамат Сатыбалды бастапқыда "Соңғы үкім" фильмінде Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаудан бас тартқанын мәлімдеді.
Азамат Сатыбалды «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында өзінің болмысы Ахмет Байтұрсынұлынан мүлде бөлек екенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Маған Ахметті ойнауға ұсыныс келгенде Мұқағалиді ойнап жаттым. Мұқағали менің кумирім, оны жақсы көрдім, еліктедім. Менің болмысым, актерлік қабілетім, темпераментім сол ақынға келіп тұрды. Бірақ, үш ұйықтасам да Ахмет Байтұрсынұлын ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Мен үшін ол кісі бөлек тұлғалы, табиғаты маған келмейтін адам. Фильмнің сценарий авторы Ғалым аға маған хабарласып, ұсыныс білдіргенде мен бірден бас тартып, Ахмет қайда, мен қайда дедім. Ол кісі бірден шешім шығарма, екеуміз кездесейік сосын шешіміңді айтасың деді. Екеуміз кездестік. Мен кездесуге басқа адам болып кіріп, басқа адам болып шықтым. Ол кісі көндірді, түсіндірді. Мен де асықпай менімен жұмыс істесеңіз түсемін деп өз талабымды қойдым», — дейді ол.