Астанада сүйіктісін өлтіріп, ақшасын алып кеткен жігіт 10 жылға сотталды

/
Астанада сүйіктісін өлтіріп, ақшасын алып кеткен жігіт 10 жылға сотталды
istockphoto.com

Ер адам интернет арқылы танысқан қызды өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыс жасағаннан кейін ол марқұмның банк шотындағы ақшаны Астанадағы досына аударып, кейін қаладан кетуге әрекеттенген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, жұп биыл қаңтар айында интернет арқылы танысып, кездесіп жүрген. Алайда біраз уақыттан кейін қыз қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдап, Таиландқа баруды жоспарлаған. 4 ақпанда олар қайта кездесіп, кейін қыз құрбысының пәтерінде уақытша тұрып жатқан жерге барған. Сол жерде ер адам оны тұншықтырып өлтірген.

Оқиғадан кейін ол марқұмның банк шотындағы ақшаны Астанада тұратын досына аударып, такси шақырып, пәтерден кетіп қалған. Танысы ақша аударымының себебін сұрағанда, ер адам оған смайлик жіберген. Келесі күні досынан аударылған ақшаны қолма-қол шешіп беруін өтінген. Ал өзі Тараз қаласына кетуді жоспарлаған. Алайда жолда полиция қызметкерлері оны ұстаған.

Осы уақытта қыздың мәйітін әпкесі мен құрбысы тауып алған.

Сот процесінде ер адам ақша ұрлағанын мойындағанымен, кісі өлтіру айыбын абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабына қайта саралауды сұраған. Алайда сот оның уәжімен келіспей, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді. Дегенмен марқұмның әпкесі тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар