Күй әлемінің аққуы

Айналаңызға қарасаңыз туған ел мен ата-ана алдындағы парызын өтеу үшін басқаға өнеге бо­лар қадамдар жасаған жандардың көптігіне көз жеткізесіз. Күйші Анар Мұздаханованың өмірі – соның бір ғана мысалы.

Күй әлемінің аққуы
сурет: turkystan.kz / автордың жеке мұрағатынан

Қай халық болмасын, ұлды жоғарырақ қоятыны жасырын жай емес. Ал бізде ол «Ұл туғанға күн туады» деп ашық айтылады. Бұрын қариялар жас келінге «Ұл тап» деп бата беретін болса, қазір тіпті «Ұлдың аты – ұл ғой, шіркін, қашанда» деп әндетеді. Бәлкім, баяғы жаугершілік заманда ұлдың ел қорғаушы, асыраушы болатыны осындай тілекті басым еткен болар... Бірақ әкенің жолын ұл ұстай ма, қыз ұстай ма, қиналған сәтте қайсысы сүйеу болып, үміт отын сөндірмей, қай баласы алға жетелейтіні белгісіз...

Әлеуметтік желіден қара домбырасын кие тұтып, оны өмірінің мәніне айнал­дыр­ған күйші Анар Мұздаханованың шығар­ма­шы­лық кеші өтетіні туралы оқып қалдым. Бұқара  хал­қына қызмет етуді де осы аспабынан бір сәт­ке ажырамай жүзеге асырып келе жатқан күй­ші елордада, ұмытпасам, бұған дейін екі рет осын­дай жеке концерт берген. Мынау – үшін­шісі және мерейлі жасына орайластырылған сияқ­ты. Тақырыбы қандай! Қазақ қасиетті са­най­тын құсқа теңеп, домбыраға тәу еткізіп тұр – «Аққу-домбыра»!
Өмір ұшқыр ғой. Біз танысқанда Анар Арқалық қаласындағы музыка мек­тебінде балаларға домбыра тар­туды үйретіп жүрген жас мұғалім бо­латын. Ол туралы сұрастыр­ға­ным­да, мектеп ұжымы да, облыстың мәдени саласын басқаратын адам­дар да, талантты домбырашыны мақ­тай таныстырды. Ал менің елге са­парыма себепші болған Анардың әкесі Айтбай Мұздахановтың өнер жо­лындағы адам айтса сенгісіз ерлігі еді. 
Кеңес заманында ерлік туралы сөз болса, «Құ­рыш қалай шынықты?» атты кітап ұсыны­лып, аяқсыз қалса да, ұшқыш болған Маресьевтің аты аталатын. Сонда маған «Бізде де сондай ер­лік жасап, өмірін өнеге ететін жандар бар еке­нін жазу керек» деген ой келуші еді. Сөйтіп жүр­генде аяғынан айрылып, тракторына қайта отыр­ған қыз туралы естідім. Аты – Жадыра Тас­­­памбетова, қызылордалық күрішші. Оның ер­лігі туралы қазақ баспасөзі дүркірете жазды. Кейін апамыз депутат болды, Социалистік Ең­бек Ері атанды.  
Біз оқу бітіретін жылы І Бүкілодақтық көр­ке­мөнерпаздар фестиваліне әр республикадан жеңімпаздар іріктеліп, торғайлық өнерпаз Айт­бай Мұздаханов облыстық, республикалық ірік­­теулерден озып шыққан еді.  Бірақ  артынша, өкі­нішке қарай, ол оқыс жағдайда оң қолынан шынтаққа дейін айрылып, дүбірлі жарысқа қа­тыса алмай қалғаны туралы хабарды естідім. Ел адам­дарының айтуынан жарақаты туралы жақ­сы білетіндіктен, арада біраз уақыт өткенде, ол кі­сінің қолына домбыра алғанын естіп таңғал­дым. Көңіл түпкіріндегі «өмірін өнеге ететін жан» туралы жазу сезімі бас көтеріп, елге жете­леді.
Одан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Сол сапарым өмірге құлшынысы,  өнер­ге деген сүйіспеншілігі болмасты болдыратын, тағ­дыр сынына қасқая қарсы тұратын азамат­тың атын республикаға танытқан алғашқы ма­териалдың жазылуына себепші болғанына қуа­намын. Сонда мені әке-шешесінің үйіне Анар ертіп апарып еді. (Кейін республикалық бас басылымда «Тағдырмен бетпе-бет» деген ма­қалам шығып,  кейін ол үздік материал ре­тінде жүлдеге ие болғаны бар).

«Құздан құлағандай болдым...»

Біреу білсе, біреу білмейтін болар, Айтбай Мұз­­­­­даханов – Торғай өңіріне танымал болған өнер­паз. Біздің бала кезімізде үлкенірек ағай-апайларымыз оның өнері туралы тамсана айта­тыны есімде. Қолына түскен музыкалық аспап­тың бәрінде ойнап, ән айтатынын аудандық театрдың сал-серісі – ойын-тойдың көркі, ор­та­сының сәні екенін сол әңгімелерден естіп, біліп өстік.
Жаңа ашылған Торғай облысының ру­хани тізгіні Өзбекәлі Жәнібековтің қо­лына тиген соң, онсыз да өнерге бейім ел ішін­де көркемөнер шарықтай түсті. Ел ішінде түр­лі салада еңбек ететін жандардың сахна сәні болатыны, әсіресе Амангелді, Жангелдин аудан­дарында, таңсық емес-ті. Үйдің төрінде домбыра тұратыны, ойын-тойда жас-кәрі демей өнерін ортаға салатыны, мектеп оқушыларының өзі ән шы­ғарып, өлең жазатыны – үйреншікті құ­бы­лыс болғанымен, сырттан келген кісілер бірден бай­қайды екен. «Кешке қарай дастарқан басын­да дөңгелене отырған жұрт домбыраны бірінен кейін бірі алып, ән салып, күй тартады екен, – деп келді астық жинау науқанында комбайн ай­дауға барған әріптесім, белгілі аудармашы Есен­құл Сафуани аға. – Япырау, домбыра тарта алмаймын деген бір жанды кездестірмедім».  
Айтбай аға да сондай жан еді, өнерді жан-тә­німен сүйгенімен, негізгі кәсібі инженер-ме­ха­ник, қандай жұмысқа салса да, белсене кірісіп ке­тетін белді мамандардың бірі болған. Сөйтіп, шар­шап-шалдыққанын кешкілік домбыра шер­тіп  басатын.   
Астық жинау науқанында ауыл адамдары күн-түн демей еңбек етеді. Сондай қарбалас күннің бірінде бидайды жел­детіп, ұшыратын тех­ника кілт тоқ­тап, жүрмей қалады. Мұн­дайдың талайын көр­ген Айтбай аға кезекші ме­ханиктің келуін күтпей, жөн­­деуге өзі кірісіп кетеді. Біраз ай­нал­дырған соң гүр етіп от алған машинаның зыр айналып тұрған тегершігі оның мойын ора­­ғышын іліп, тарта жөнеледі. Көзді ашып-жұм­ғанша қуатты машинаның тегершіктерінің арасына мойын орағышпен қоса оң қолы да тартылып кетеді... 
Бұл жай домбыраны серік еткен Айтбай үшін зор апатқа тең еді. 
Арада неше жыл өтсе де, әңгімелесу бары­сында сол күнді қинала еске алған-ды күйші. Ра­диодан күй берілсе, қабырғаға сүйеулі тұрған домбыраға бір баланың қолы тиіп кетіп «дың» ете қалса, ауа жетпей қалғандай күй кешетінін айтқанда, ентіге дем алды. Оның мұндай күйін көрген жары Ханзада бір күні радионы мүлде өшіріп, музыкалық аспаптардың бәрін тығып тастапты.  
«Құлаққа ұрған танадай, мең-зең күй кештім» деген күрсіне. Сосын күйші  жарқылдап жүрген жерінен құзға құлағандай болғанда, әуенсіз, күйсіз тереңнен алып шыққан қызы Анар екенін айтқан-ды. Жарақатын емдетуге, тұрмыстық қиындықтарды жеңуіне, көңілін аулауға жары, достары, балалары көп көмектесті, әрине. Бірақ өнерсіз өмірін «сұрқай күндер тізбегі» дейтін әкесі шын мәнінде өмір сүруі үшін домбыра тартуы керек екенін түсінді Анар. Солай болғанымен оң қолы шынтағынан кесіліп, сол қолының үш саусағы ғана қалған әкесіне домбыра ұсынуға жүрегі-дауаламады. 
Осы жерде әкесінің құрдасы Әбдісалық Нұржанов Анарға көмекке келді. Ол кісінің кесек сөйлейтін, әділін айтатын кісі екенін жұрт білетін. Сол мінезіне салып: «Еңсеңді көтер, Айтбай! Сен домбыраны қалай да қолыңа қайта алуың керек, домбыра тартпасаң, өміріңнің мәні жоқ демеуші ме едің?» – деп өктем сөйлеген. Өзіне де өбектеуден гөрі осындай қайрау жетіспей жүрген еді. Досының сөзінен кейін ол Анар көзі мөлдіреп, бауырына басып тұрған домбыраға қол созады... 

Рухтың  қайта оралуы

Күйші Айтбай Мұздахановтың тынысы қайта ашылып, тағдырмен тайталасқан өнер жолы сол күннен басталды десек те болады. Әуелі алюминий сымнан жасалған ілмекті оң қарына байлап, екі шекті шертуді игереді. Сол қолдың үш саусағы перне бойлап жүгіргенімен, мың иірімді күйді нақышына келтіре алмай қиналғанда, қасында отырған Анар іліп алып кететін болды. Педагогтігі көмектесті. Қыздың жүрегін елжіреткен аяу, перзенттік махаббаты көңілін босатса, ұстаз Анар сабасына түсіріп, сезіміне ие болуды үйренді. Әке жүрегіндегі әуенді жүрегімен ұғып, нотаға түсірді. Ең бастысы, оңаша отырғанда ғана домбыра шертетін әкесіне биік өнерпаздық рухтың қайта оралуына себепші болды. 
Әуелі отбасының, сосын ауылдастарының ал­дына шығып, өнер көрсетті. Күндердің кү­нін­де қалың жұртшылықтың алдына алып шықты. Ал Айтбай Мұздахановтың қазақтың домбыра тарту, күй шығару тарихында із қалдырған бұ­дан кейінгі жолы туралы бүкіл қазақ жұрты білді. Таңданды, сүйсінді, сенер-сенбесін білмей, аңыз­дай айта бастады. Әкелі-қызды екеуі дом­быра­ларын ұстап, ел аралағанда, үлкен концерт­терге қатысқанда, телехабарларға түскенде өз көздерімен көріп, таңдай қағысты. 
Әке шығармашылығының насихатшысына айналған Анар 2008 жылы Айтбай Мұзда­ха­нов­тың 30 күйі мен 10 әнін нотаға түсіріп, «Бабалар үні» деген кітабын жарыққа шығарды. Әкесі 70-ке толғанда, туып-өскен жерінде, сосын елор­даның төрінде шығармашылық кешін ұйым­дастырды. Өмірге қайта келгендей шабыттанған күйші бүгінде әні, күйі бар жүзден астам туын­дыны дүниеге әкелген. Әкесінің бірнеше күйі Анардың өз репертуарына енген, тағы бірнеше күйін оркестрге түсіріп, оларды Астана филар­мо­ниясының ұлт аспаптар оркестрі орындап жүр. 

Әке жолын қуған қыз

Қазақтың қара домбырасы – бізге бабадан қалған мұра. Кез келген ұсталық, үйшілік, бағ­бан­дық, тағы басқа кәсіп, жыршылық, жыраулық өнер сияқты домбыра тарту қасиеті де атадан балаға беріліп отырған. Оны сезініп, түйсініп ұстай алғандар ғана ұстаған. Өнердің биік шыңы­на көтерілу бағы таңдаулы ұрпағына ғана дарыған. 
Анардың әкесі Айтбай ғана емес, бабасы Шо­мақ, ұлы атасы Молдаш атасы Мұздахан дәу­лес­кер күйші, керемет домбырашы болған де­седі шежірешілер. Олардың қара домбыраны серік еткен соқтықпалы-соқпақты тағдыры, киелі өнері «жолы жіңішке», жаны нәзік Анарға бұйырғанын айтсаңызшы. Осыған орай бір оқиға еске түсті. 
Елде бір сынықшы бар деп еститінмін. Сол ауылға келін боп түскен апамыз «Артық сөзі жоқ, мінезі де орнықты кісі, – деп сипат­тай­тын. – Ал егер ол кісі мазасызданып, есік ал­дында ерсілі-қарсылы жүре бастаса, сыралғы ба­лалары атын ерттей бастайды». Айтқандай-ақ, шамалы уақыт өткенде біреулер көмек сұрап кел­генін талай рет көріпті. Ондай ғажаптың сы­рын түсінбей, сенер-сенбесімді білмей таңда­ғанмын.
Арада бірнеше жыл өткенде, сол кісінің бой­жеткен қызын көрудің орайы келді. Біз қы­дырып барған шалғай ауылда туысымыздың ба­ласы аттан құлап, мертіккенде әке-шешесі ал­дыртты. «Ауруханаға апарайық» дегенімізге құлақ аспады. Маңдайынан моншақ тері шып-шып шығып, миының әлдебір қуысындағы нәр­сені көргісі келгендей көзін аспанға тігіп, баланың аяғын сипалап отырғаны көз алдымда қалып қойды. Біз көлікке мінерде шырылдап жатқан жасөспірім жылауын тоқтатып, ұйықтап кетіп еді...
Демалыс аяқталып, жұмысқа кірісіп кет­кенбіз. Бірде алаңдап, баланың жағдайын сұрап хабарластым. «Аттай шауып жүр» дейді жеңгеміз. Айтайын дегенім, әкесінің сынықшылық қасиеті ұлдарына емес, сол қызына қоныпты.  «Бір ұлы­ның да қолында қасиет бар еді, бірақ қадірлеп ұстамады» дейді ауылдағылар.
Осы жайды әңгімелеп отырғанымызда, Анар: «Қанмен берілген қасиетті тек еңбекпен да­мытуға болады» деп, күле отырып, мына жай­ды еске алды:
«Мен – егіздің  сыңарымын ғой, Серік деген бауы­рым бар. Әкем оған домбыра үйретіп отыр­ғанда, мен көрші бөлмеде тыңдап отырып, өз бетімше тартатынмын. Серік қанша үйретсе де ұқпай­ды, бейімі, құлқы жоқ боп тұр ғой... Бір күні әкем: «Ойбай, мен балама үйретіп жүрсем, қы­зым ойнап отыр ғой. Қой, қызыма үйретейін» деді. Жетістікке жеткендер айтатын «Талант – 5  пайыз, 95 пайызы – еңбек» деген сөз де осыған саяды ғой. 
Бір айта кетерлігі, Айтбай  аға мен Ханзада апаның басқа балалары да  өнерпаз  және ел құрметіне бөленген жандар. Бірақ «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, маған ата-анасы үшін де, бауырлары үшін де Анардың орны бөлек сияқты көрінеді.

Елін сүюдің өнегесі

Жаратушының оған өмірде ғана емес өнерде де шоқтығы биік болу бақытын бұйыртқаны, бәлкім, осы бөлек болмысынан да болар. Күйші қыздарымыздың ішінде өзіндік орны бар өнерпаз талай мәрте түрлі өнер сайыстарында топ жарып, мерейі үстем болды. Сонау тәуелсіздік таңы атқан кезде Ақтау қаласында өткен Республикалық аспапшылар конкурсында 1-орын алып, лауреат атанды. Мемлекет тарапынан да өнері жоғары бағаланып, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген мәртебелі атаққа ие болды.
Ол Отанының бұл құрметіне өнерімен жауап беріп жүр. Ел тарихына үңіліп, даму ке­зең­деріне атаулары сөйлеп тұрған «Естелік», «Сам­ғау», «Тархан баба», «Қашаған», «Тәуелсіздік», «Шы­ғыс таңы», тағы басқа күйлерді арнауы да – соның бір көрінісі. Ел өңірлерінде гастрольдік сапар­лар­да жиі болады. Ресей, Қытай, Мажарстан, Түр­кия, Оңтүстік Корея, Араб Әмірліктері, Ұлыб­ритания, басқа да мемлекеттерде халықты қа­зақ домбырасының үніне ұйытқан.  
Сондай-ақ күйші қыз – күйшілік өнердің дамуына үлес қосу мен кіндік қаны там­ған жерімен байланысты ұштастырып жүрген жан. Соңғы мысал: былтыр ұлт батыры Аман­гел­ді Имановтың 150 жылдығына орай «Қанатты дом­быра» атты облыстық жас домбырашылар бай­қауы өтті. Оны Анармен ақылдаса отырып, аудандық «Саз» мектебі ұйымдастырса, Аман­гелді  ауданының әкімі Талғат Карбозов пен Мұздахановтар әулеті демеушілік жасады. Бұл да – өнеге боларлық іс.
Бізде кейбір стереотиптер бар, солардың 
бірі — иман­ды болуды дінмен ғана байланыс­тыру. Сол жолды ұстанғандар ғана ізгі іс жасай­ды деп сен­діруге тырысу. Жолымда отыз жыл бұрын кез­дескен Анардың ол кезде Құранда: «Адам ба­ласына әке-шешесіне жақсылық қылу­ды нұс­қадық...» («Әнкабут» сүресі, 8-аят) делін­ге­нін біл­­­мегені анық. Бірақ барлық іс-әрекеті со­ған сәй­кес келеді.  Және бір жақсысы – мұн­дай жан­дар аз емес. 
Айналаңызға қарасаңыз туған ел мен ата-ана алдындағы парызын өтеу үшін басқаға өнеге бо­лар қадамдар жасаған жандардың көптігіне көз жеткізесіз. Күйші Анар Мұздаханованың өмірі – соның бір ғана мысалы. 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, 
жазушы, филология 
ғылымдарының кандидаты, 
Арқалық қаласының құрметті азаматы