Жырдың жарық жұлдызы

Қазақ өлеңіне 70-жылдары келіп, жырсүйер қауым­ды елең еткізген ақын Ұлықбек Есдәулет 70 жасқа толды.

Жырдың жарық жұлдызы
сурет: abai.kz
1617

Қазақ өлеңіне 70-жылдары келіп, жырсүйер қауым­ды елең еткізген ақын Ұлықбек Есдәулет 70 жасқа толды. Алғашқы өлеңдері «Лениншіл жас» га­зе­тінде жарияланып, үлкен-кішіні таңдай қақ­тырып, дүбірлетіп, дүр сілкінтіп келгендердің бірі әрі бірегейі Ұлықбек ақын екенін біз көп естідік. Алматыға 80-жылдары келген біздің буынды Ұлық­бек ақынның:

«Намаздыгерде қолатта,
Ырдуан арба ырғалып,
Қопаңдап қойып қорапта,
Ылдимен үйге құлдадық.

Екеуміз:атам және мен,
Елеусіз ғана келеміз.
Ен дала төсі-қара өлең,
Елтиді желге денеміз.

Қыр үстін өртеп отымен,
Қырмызы жүзбен күн батты.
Қызыға қарап отыр ем,
Қайырылып атам тіл қатты.

«Батысқа,балам,қызықпа,
Батқан күн – біздің күніміз,
Көкжиек деген сызыққа
Сіңгенше ғана тіріміз.

Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзімді.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал,айтар сөзіңді», –  деген өлеңі таңғалдырды. Ішін­де біз білмейтін «Намаздыгер», «қолат», «ырдуан»  сияқ­ты көнерген сөздер, балалық дәуреннің балдан да тәт­ті періште тазалығы, қаймағы бұзылмаған тамылжыған та­биғат суреттері де, аллитерация мен ассонансқа құрыл­ған қазақ тілінің байлығы мен шұрайлылығын, үндестік заңы­ның үйлесімді мысалдарын да бір өлеңге сіңірген ше­берлік те, елден енді ғана қалаға келген бізді туған ауыл­ды сағынуға бастайтын ерекше бір аңсарды қытықтап оя­татын нәзік сезім иірімдері мен қарияның  аузымен ай­тылатын өтпелі өмір философиясы да бар. Осыншама мол ақпаратты бойына сіңірген алты шумақты кезек-ке­зек жаттап алдық. «Тәттісін-ай!» – дейміз тамсанып…

Ақынның аты – Ұлықбек. Әкесі Оразбай аға­мыз әскер қатарында Өзбекстанның Са­марқан шаһарында болып, сондағы әлемге әйгілі астроном Ұлықбектің жұлдыз қараған обсерваториясын көргеннен кейін, сол шығыс ғұламасындай танымал болсын деп ырым­дап, 1954 жылы дүние есігін ашқан ұлы­ның есімін Ұлықбек қойған екен деп есіт­тік. 
Ақын өмірбаянына үңілсек, Шығыс Қа­зақстан облысы Зайсан ауданының Үлкен Қара­тал ауылында сәуірдің 29-жұлдызында туған. 1977 жылы ҚазҰУ-дің журналистика фа­культетін, 1985 жылы Мәскеудегі Әдебиет инс­титутының жоғарғы курсын бітірген. Әр жыл­дары «Қазақстан пионері», «Қазақ әде­бие­ті» газеттерінде, «Жазушы» баспасының поэ­зия редакциясында, Қазақ теле­ди­да­ры­ның Жастар редакциясында, Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеді. 1988-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жастар ісі жөніндегі хатшысы, 1991-1993 жылдары «Жас қазақ» газетінің бас редак­торы, кейін Мәдениет, ақпарат және қо­­ғамдық келісім министрлігінде, Ми­нистр­лер Кабинетінде жауапты қызметтер ат­қар­ды. 2003 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» га­зетінің, «Жұлдыз» журналының бас ре­дак­торы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. 2018-2023-жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма тө­ра­ғасы қызметін абыроймен атқарды. Қазір ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы.
Ол «Қанат қақты», «Көздеріңе ғашық­пын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын та­мыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Пе­ревалы Алтая», «Жаратылыс», «Жүректегі жа­­рылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», екі том­дық таңдамалы, үш томдық, бес томдық шы­ғармалар жинағы, «Әбілхаят», «Біз-дағы ға­шық болғанбыз», тағы басқа да кітап­тар­дың авторы. Ұлықбек ақын «Ақ керуен» жыр кітабы үшін 32 жасында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Заман-ай» кітабы үшін 45 жасында Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының, «Киіз кітап» өлеңдер жи­нағы үшін 48 жасында Мемлекеттік сый­­лық­тың лауреаты атанды. Оның кітаптары ағыл­­шын, түрік, орыс, қытай, монғол, қыр­ғыз, испан, жапон, өзбек, әзербайжан, татар, га­гауз, балтық бойы, украин, беларусь, бол­гар, чех, румын, поляк, неміс, грузин, үнді, са­ха, парсы, хинди, португал, итальян, баш­құрт, тағы басқа тілдерге аударылған.
Ақын туралы бұл деректер қосымша мағ­­лұмат береді. Ал ақынның автопорт­ре­тін жасайтын да, оның шын ғұмырбаянын көр­сететін де оның жүрегін жарып шыққан өлең­дері болса керек.
Ұлықбектің нағыз қазақи ұлттық коло­рит­ке боялған жыр жолдары қара­пайым қазақ баласының жан тебіренісін көз алдымызға әкеледі. Сол өлеңдерден қа­зақ­тың көп қарадомалағы өзін тапса, бұл ақын­ның бүкіл ұлттық ауқымдағы суреткер екенін айғақтайды.
Алғашқы жинақтарының бірі «Жұлдыз жа­рығын» біз студент кезімізде қолдан-қол­ға көшіріп, әбден тозығы жеткенше құмарта оқы­ғанымыз естен кетпейді. «Жазушы» бас­пасынан шыққан осы шағын кітабында жастықтың екпінімен жазылған тамаша жыр­лар мол кездеседі. «Іздер» өлеңінде:
Өткен өтті, бұл шақта дала да өзге,
Жас толады ойласаң қара көзге.
Текеметтің үстінде ойнаушы едік,
Бауырсақтай шашылып бала кезде, – деп бас-аяғы жұп-жұмыр, саған да, маған да, оған да тым-тым жақын балалық шақ баяны елес береді, тәтті шумақтар тамсандырады. Тағы оқығың келеді.
Ақын «Әже алақаны» дейтін ғажайып өлеңінде Әже бейнесін шебер сомдайды: 
Сол алақан мұңайсам жадыратқан,
Тоңдырмаған өтсе де 
небір ақпан.
Сол алақан көңілдің жайлауына
Ойларымның қозысын жамыратқан.

Мен сүретін алдымда 
өмір қанша?
Есейгенше бөлмеппін 
көңілді онша:
Сипады ма лақтырып 
тастау үшін
Маңдайыма жазылған сорым болса.
Шынында да, әжесі немеренің маң­дайы­нан сипауының өзінде үлкен бір сыр жатыр. Сол жұмбақтың шешуін ақын өзін­ше табады, өзгеше түйін түйеді. Мұнда өмір­дің өз көрінісі мен көркемдік тапқыр­лық қатар астасып жатыр.
Ұлықбек ақынның қамтитын тақырып ая­сы сан алуан. Оның жырларының өзегі – ту­ған өлке, өскен жер. Кейде махаббат тақы­ры­бына да барып, әдемі сыршыл лиризмге то­лы жырларды да төгілдіреді.
Жымыңкөз аспан күліп кеп,
Құшағыңа ұйтқып кірердей.
Шығамыз шырқап биікке
Бетінен Айдың сүйердей.

Кеудені сезім кернейді!
Барады әлем бұлдырап.
Балдәурен бізді тербейді
Алтыбақан боп құлдырап.

Думансыз өткен күн құрсын,
Думансыз өткен түн құрсын.
Барады басым айналып,
Бақыттан ба?..әлде…
кім білсін?!

* * *
Жаңбыр бүркіп жел есе ме,
Сені еске алған кезімде?
Жылап тұрған терезе ме,
Жылап тұрған өзім бе?
Ақынның жастық шақта жазған ма­хаб­бат лирикасының өзі кейін жинақталып, 2019 жылы «Біз-дағы ғашық болғанбыз» де­ген атпен жеке кітап болып та шықты. Сон­да енгізілген әрбір жыр ғашықтық се­зім­нен туған шынайы шымыр шумақтардан, жас­тар жатқа оқитын тың да тосын ойларға құрылған өлеңдер. «Көздеріңе ғашықпын» сияқты халық сүйіп орындайтын әнге айна­лып кеткендері қаншама! Осы орайда менің есіме бір өзім куә болған естелік еске түсіп отыр. Ұмытпасам, 1986 жылдың жазы. Мен ол кезде Қазақ теледидарының Әдеби-дра­ма­лық хабарлар Бас редакциясында қызмет іс­теймін. Бірде жұмыс ғимаратымызға Тұ­манбай Молдағалиев ағамыз келе қалды. Мар­құм Темірше Сарыбаев екеуміз екі жағы­нан шығып күтіп алдық. Менің қолымда «Жұл­дыз» журналының сол кезде шыққан бір нөмірі бар еді. Ішінде Ұлықбектің топта­ма өлеңдері жарияланған болатын. Ең соңғы шумағы:
Тағдыр да бір Шығайбай-шық бермейді,
Серіліктің заманы 
біткен дейді.
Сәулем, сені мәңгілік 
сүйе аламын,
Одан басқа қолымнан 
түк келмейді, – деп аяқталатын. Тұмағаң сол журналды қолына алып, басын шайқай-шайқай, Есдәулетов топтамасын шұқшиып оқып шықты да: «Осы Ұлықбек інім – мықты ақын. Ол әлі ұзаққа шабады», – деді. Тұмағаң айт­са,айтқандай, Ұлықбек ақын ұзаққа шап­ты. Жеті айналымнан өтсе де, өлең бәйгесінде ентікпей, еркін заулап келеді. 2002 жылы Мем­лекеттік сыйлықты қаламгерлер қауы­мы­ның айрықша қолдауымен алды. Менің есім­де қалғаны – Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойында «Қасымның құ­дығы» деген өлеңімен жыр мүшәйрасында Бас ­жүлде иемденгені. Ол Ресейдің Л.Толстой, М.Лермонтов, С.Есенин Алтын медальда­ры­ның, Қырғыз Республикасының «Жеті Мен» тәуелсіз сыйлығының және Байділда Сарно­ғаев Алтын медалінің, Әлемдік өнер және мә­де­ниет Академиясы Алтын медалінің иегері.
Осыдан он шақты жыл бұрын мұхит­тың ар­ғы жағындағы Оңтүстік Американың Колумбия еліндегі бүкілдүние­жү­зілік поэзия фестиваліне барып қатысып қайт­ты. Одан кейін де Монғолияның Улан-Батыр қаласында өткен, сосын Румынияның Бу­харест қаласында өткен әлем ақында­ры­ның фестивальдеріне қатысып, ең жоғары марапаттарын иеленді.
Жақында ғана Қытайда өткен 6-БОАО ха­лықаралық поэзия фестивалінің Гран-При жүл­дегері, «Азия, Африка, Европа құрлық­тары Ұлы поэзия қозғалысының» Алтын ме­даль иегері, Гонконг әдебиет және өнер жур­налының кеңесшілер алқасының мүшесі атан­ды.
Сонымен қатар ол – Дүниежүзілік Поэ­зия Қозғалысының (World Poetry Movement – қысқаша WPM, штаб-пәтері Медельин қа­ла­сында, Колумбия) ұлттық координа­торы. Осының бәрін жазып отырып, бұдан қырық жылдай бұрын Тұманбай ағамның «Ұзаққа шабады…» – деген сөзі қайта ойыма түсті.
Ұлықбек ағам көп жастардың әдебиеттің та­балдырығынан аттауына өмір бойы қам­қор болып келе жатқанын білемін. Менің өзім оқу бітірген 1985 жылы Ұлыағамның Ка­­­­линин (қазіргі Қабанбай батыр) – Мұрат­баев көшелерінің қиылысындағы үйіне барып тұратынмын. Ұлықбек ағам футбол жанкүйері болатын. Сол кезде кешкілік күн­де барып, Мексикада өтіп жатқан әлем чем­пионаты ойындарын түні бойы бірге отырып тамашалайтынбыз. Ол кезде қызы Назым мен ұлы Ролланның тіптен кішкентай кезі бо­латын. Мұның алдында студент кезімізде бұл үйге талай рет барып, Бейсенкүл жең­ге­міз­дің шайын ішіп жүретінбіз. Бір жолы, ұмыт­пасам, 1983-жылдың жаңа жылдық мере­кесі күні өзімнен бір курс кейін оқитын ақын қыз Гүлнәр Салықбаева екеуміз бір тор­тымызды алып, ағамыздың үйінен бірақ шық­қанбыз. Одан кейін де талай мәрте бару­шы едік. Қашан барсақ та, жайдары көңілмен қар­сы алатын. Сонау сексенінші жылдардың аяғында Ұлықбек ағам Одақтың жастар ісі жө­ніндегі хатшы болып жүрген кезінде Пи­цунда қаласына бүкілодақтық жас ақын­дар­дың фестиваліне Қазақстаннан жалғыз мені жіберді. Қара теңіздің жағалауында, Абха­зия­ның Пицунда қаласындағы КСРО Жазу­шы­лар одағының Дмитрий Гулиа атындағы де­малыс үйінде 24 күн болып қайтқаным бар. Сол сапарда Мәскеуден келген Юрий Ло­­­посов деген әдебиетшінің шеберлік курс­тарында шыңдалдық. Ресейдің көп қа­ла­ларынан келген ақын достар таптым. Украи­надан Иван Козаченко, Стефония Украи­нец, Анна Войнорович, Әзербайжаннан Акиф Ахмедов, Өзбекстаннан Ағзам Худайбердиев, Түркменстаннан Оразкылыч Дурдыев, Қыр­ғыз Республикасынан Чыныбай Куаныч­бе­ков, Армениядан Артур Абрамян, Тәжік­стан­нан Мухамедали Джунайди, Грузиядан Мак­вала Гонашвили сияқты ақын достар тауып қайттым…
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Жас қазақ» атты газеттің бас редакторы бол­ған жылдарында маңайына біздің буын­ның өңкей талантты өкілдерін жинады. Олар – Нұрлан Мәукенұлы, Ғалым Жайлы­бай, Қазыбек Иса, Есжан Айнабеков, Гүлнәр Салықбаевалар болатын.
Одан кейінгі буыннан Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райым­бекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бекжан Әшір­баев, Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Бақыт Бе­делхан, Дәурен Берікқажыұлы, Қалқаман Са­рин, Әлібек Шегебай сияқты өңкей та­лант­ты жастар Ұлықбек ақынның шарапа­тын көрген деп айтуымызға толық негіз бар. Одан кейінгі толқындарда тіптен көп шә­кірт­тері бар.
Қалам алып, жыр жазғандардың қай-қай­сысы да ақындық табиғатының ішкі иі­рім­деріне үңіледі, ақындық құдіреті туралы тол­ғанады. Ұлықбек пайымындағы Ақын ав­топортреті мынадай:

Отты аспан гүрілдейді,
Тұяқтар дүбірлейді,
Таулар селкілдейді,
Баулар желкілдейді.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Шабыттанған ақынның кеудесінде
Бүкіл әлемнің 
қақтығысы бар
Оның кіп-кішкентай бөлмесінде.
Ұлықбек ақынның табиғат жырлары да соншалықты мөлдір, соншалықты шынайы, әуезді, әсем бояуларға толы.

Күзгі тамшыда
Көктем даусы бар.
Көктің көз жасы
Қашан таусылар.

* * *
Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап,
Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ.

* * *
Бұлтты серпіп Ай да тыңдар бұл әнді
Құзар шыңға сүйеп қойып қылышын.

Осындай тың теңеулер мен соны эпи­тет­тер, ассонанс, аллитерацияға құ­рыл­ған жаратылыстың таңғажайып су­рет­тері ақын жырларында мол кезігеді.
Ұлықбек бұрын қозғалмаған тың та­қы­рып­тарға қалам тербейді, жаңа көкжиектерге барады, алыс жағалауларды бағындырады. «Мұхит. Гольфстрим ағысы», «Зевстің тойы не­месе түнгі теңеулер», «Қайыңның сөлі», «Рояль», «Психологиялық портрет», «Аль­пи­нис­тер», «Шеррийдің қазасы», «Сарай­шық. Қыл­қалам», «Біз – түркілерміз», «Кентавр Хи­рон», «Коррида», «Иероглифтер», «Айва­зовс­кий. Тоғызыншы вал», «Бродвей. Үндіс кө­семі», тағы басқа өлеңдері соның дәлелі бо­ла алады. Оның сюжетті балладалары мен «Кө­з­дің құны», «Сарыарқа пирамидалары», «Қа­ра пима», «Космонавтар аллеясы», «На­тюр­­морт» сияқты кең құлашты поэма-дас­тан­дары да өзгеше тақырыптарды өзек етеді. Ел аузында шырқалып жүрген ән мәтіндері қан­шама! Бірақ біз білетін аса талантты ақын Ұ.Есдәулет – ең алдымен лирик, лирик бол­ғанда да кешегі Сырбай мен Ғафудың, Са­ғи мен Мұқағалидың, Қадыр мен Тұман­бай­дың, Төлеген мен Жұмекеннің өлеңдегі өш­пес дәстүрін өміршеңдікпен, жаңа заман бояуларымен дамытқан лирик.
Ұлықбек лирикасынан нәзіктік пен жа­зық­тық, ойлылық пен сезімтал­дық, тапқыр­лық пен қысқалық, жалпығаламдық кеңдік пен ұлттық нақыш қатар өріліп, көрініс тауып жатады. Ол қазақ поэзиясының та­қы­рыптық аясын әлемдік поэзия көкжиегіндегі әсем бояулармен байытты. Байытқанда да қа­зақи мінез, қазақи өрнекті сақтай отырып байыт­ты. Ұлықбек жырларының тағы бір ерек­шелігі оның лирикасындағы қазақы жеңіл әзіл мен юморлық тапқырлық. Бұл оның өмірдегі келбетімен, ішкі жан дү­ние­сімен де терең астасып жатыр.
Қыр желі сүйіп бетінен
Айтар ол келіп қауымға.
Қаланы енді шетінен
Айналдырсақ, деп, ауылға!

* * *
Қыздардың махаббатын 
ұғу үшін
Жаз болып жайнап,
Қыс болып суу керек,
Қыздардың махаббатын 
ұғу үшін
Қыз болып туу керек!

Осындай езу тартқызып отырып-ақ, юморлық тапқырлықпен күлдіріп отырып-ақ, кейде әлеуметтік үлкен ойларды жеткізетін тұстары да жоқ емес.
Ұлықбек ақын 90-жылдары «Лениншіл жас» газетінің бетінде орыс поэзиясында «Верлибр» деп аталатын үлгідегі «Ақ өлеңдер» топтамасын жариялап, эксперименттерге де барды. Солардың бірінде ақын ойлары былайша өріледі:
Қызыл іңір. Қызғылт қыр.
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Қызыл көйлек қыз бала,
Қызылбауыр бұлттарға
Қыр басында қызығып,
Қолын бұлғап қызғылт қыр,
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Жел өтінде желбіреп,
Қырда тұрған қыз бала
Жердің – Көкке ұсынған
Қызғалдағы секілді!..
Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп та­нылған «Киіз кітап» атты көлемді өлең кітабымен ол қазақ поэзиясын жаңа биік­ке көтерді. Кітаптың құрылымының өзі­нен-ақ ұлт ақынының қолтаңбасы айқын се­зі­леді. «Босаға», «Қара шаңырақ», «Кереге», «Уық», «Шымылдық», «Ошақ», «Түндік», «Қо­нақ­кәде», «Қазық» деп аталатын бөлімдерде топ­тасқан дәстүрді де сақтай отырып, әлем­дік поэзиядағы жаңашылдықпен де суа­рыл­ған жауһар жырлардың жарығы ұзаққа сәуле шашады.
Кейінгі жылдардың бедерінде сах­на­лар­да қойылып жүрген «Бейбарыс» операсы либ­реттосының, «Қара пима» драмалық поэмасының, «Зере» драмасының авторы ре­тінде де кең танылды. Ол өлеңін жазған «За­ман-ай» әні антиядролық қозғалыс гим­ніне айналды, жапон тіліне аударылып, жа­пон караокесіне кіріп, кең танылды. Ал «Атамұра» баспасы екі том етіп басып шы­ғар­ған «Әбілхаят» эсселер жинағының жас ұр­паққа берері көп. Бұл кітап соңғы онжыл­дық­тағы ең көп оқылған таңдаулы 10 кітап­тың қатарына кірді. «Әдебиет порталы» ин­тер­нет-сайтының жұртшылыққа бір жыл бойы жүргізген сұрауы бойынша, Қазақ­стан­ның соңғы 60 жылдағы ең таңдаулы 10 ақы­нының бірі болып танылған. Сауалнама бойынша «Алаш арыстарының 100 ізбасары» қатарына енгізілген.
Ал Ұлықбек ақынның мықтылығы ту­ра­лы екі ғасырдың ғұлама-абызы Әбіш Кекіл­бай­­ұлынан асырып айту мүмкін емес. Талай ақынның шеберлігін тамыршыдай тап басып таныған Әбіш аға былай деп толғаныпты: «Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» ескі ауыл­дың төсекқабы сияқты. Іздеген нәрсең­нің бәрін табуға болады. Бәрінен де жиырма ға­сыр бойы талай қапысы кетіп, ХХІ-ғасыр­дың өзіне қапияда тап болып отырған қазақ тұрмысы мен қазақ жан дүниесінің талай табын таба аласыз, талай қатпарына үңіліп, көз жүгірте аласыз…
…Тағдыры тарихтың талма тұсына тіре­ліп тұрған ұлттың ұяты бар ділмары онсыз да өртеніп тұрған кезеңде өз жұртын өзі шап­тан түртіп шамырықтырып, қаралай отқа итермей, базына емес, басу айтып сөй­лесе лазым-ды.
Ұлықбек таланты – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгін­гідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыз­дардың жүргенінің өзі қандай ғани­бет?!…
…Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққа­лы бардай соншама етене естіледі. Мына дү­ние тұрғанша тұратындай өміршең де өр­шіл ұғылады…».
Бұл – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ұлық­бек Есдәулеттің ақындығына берілген кере­мет баға.
Жетпіс деген белеске желіп жеткен Ұлық­бек ағамыз туралы ойтолғауымды жыр жол­дарымен аяқтағым келеді:

Күлімдейді ерекше күн реңі,
Шығарды оны төріне
 бүгін елі.
Ұлы Абайдың жиені Ұлықбекті,
«Ұлыаға», – деп атадық інілері.
 
Көрсең егер көзіңді
бөлек суар,
Оның жыры тас жарған 
ерек шынар.
«Ұлық болсаң, кішік бол!» – деген сөзді,
Ұлықбектен үйрену 
керек шығар.
 
Атын қырдан естідім 
гүлін жапқан,
Ұрым жақтан естідім, 
Қырым жақтан.
Бір Ұлықбек зерттесе жұлдыздарды,
Бұл Ұлықбек жұлдызды жырын жаққан.
 
Аты шыққан Ақын боп
 «әп» дегеннен,
Жанарынан маздаған 
от көрем мен.
Бір Ұлықбек үңілсе Құс жолына,
Бұл Ұлықбек Құс жолын тапты өлеңнен.
 
Арбаса да жеңе алмас қалың шайтан,
Ашуланса мінезі 
оның сойқан.
Алдында оның Ақ Ертіс буырқанып,
Артында оны қорғайды Сауыр-Сайқан.
 
Арыны арғымақтың арынындай,
Сарыны Ақтамберді сарынындай.
Бұл күнде Тарбағатай тарланы – ол
Алтайдың өзі алтын тамырындай.
 
Қаршадайдан өскен ол қайсар болып,
Жадыраған, жайнаған, жайсаң көрік.
Марқакөл боп мөлдіреп 
ойға батып,
Тебіренеді, толқиды 
Зайсан болып.
 
Қарауылда, Қаройда, Қарқарада,
Ескішеһир, Ыстамбұл, Анкарада,
Ашхабадта, Самарқан, Тегеранда,
Жыры оқылған ақын ол 
сан қалада.
 
Достары бар Қарашай, Малқарда да,
Татарда да, Башқұртта, Балқанда да.
Моңғолия, Кипрде, Гүржістанда,
Қытайда да, біледі Үндістанда.
 
Абхаз барсам, сұрайды Ұлықбекті,
Кавказ барсам, сұрайды Ұлықбекті.
Тәшкен барсам, сұрайды Ұлықбекті,
Мәскеу барсам, сұрайды Ұлықбекті.
 
Қырғыз елі, Сахада 
сыры оқылған,
Жанартау боп жүректен жыры атылған.
Құс жолында ол мінген арғымақтың
Түнгі аспанда нұры бар шұбатылған.
 
Бұла жыры бұлтты асып бұлқынады,
Дүниені шарлаған 
жыр пырағы,
Көрген сайын қара өлең, 
ақ өлеңін,
Жанарыма ғажайып 
нұр тұнады.
 
Шайырлықтан жас өркен үміттенсе,
Шырша болсын дейтұғын шыбық көрсе.
Әлемді тану керек Ұлықбекше,
Өлеңді жазу керек Ұлықбекше.
 
Кейде Ақ түндей жұлдызын үйіп-төксе,
Кейде ақ таңдай сәулесін күліп төксе.
Өлеңінен ақ қанат байлап алып,
Ойланбастан сапарға жүріп кетсе,
Менің түйген түйінім біреу ғана –
Жетпіске келу керек Ұлықбекше!
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Ұлыаға!

Бауыржан ЖАҚЫП, 
ақын, 
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, 
ҚР ҰҒА корреспендент мүшесі

Серіктес жаңалықтары