Жас талаптардың жүрегіне жұпар сепкен ұстаз

...Жақсы менен жаманды айырмаған қалың жұртшылықтың көзінен ғапылдық пердесін дар айыратын ғалымдар қа­жет-ақ. Олар жол таппай адасқан елінің ұстайтын шырағына айналады. Әр нәрсеге болсын ақиқаттың көзілдірігімен қарауға шақырады. Сондай шын­дық деп шырқыраған пәруана пейіл, пәруаза кеуіл ерлердің бірі – про­фессор Болат Қорғанбек.

Жас талаптардың жүрегіне жұпар сепкен ұстаз
сурет: автордікі

Дүниенің дидары құбылып тұр. Жаһанға жалғандықтың пердесін тұтып, ақи­қаттың сәулесін түсірмеуге нақақ әрекеттер жасалып жатқанын көзбен кө­ріп, көңілмен түйсініп келеміз. Ұлт танымына, тарихына, қала берді мем­лекет тұтастығына зиян келтіретін ақпараттық соққылардың кернеуі күннен-күнге күшейіп барады. Сәйкесінше, қазақ халқының рухани ағзасында діни ұшқарылық, рулық жікшілдік сияқты кесапаттар арқылы түрлі қауіпті дерт-мерездер пайда болды. Осы тұста жақсы менен жаманды айырмаған қалың жұртшылықтың көзінен ғапылдық пердесін дар айыратын ғалымдар қа­жет-ақ. Олар жол таппай адасқан елінің ұстайтын шырағына айналады. Әр нәрсеге болсын ақиқаттың көзілдірігімен қарауға шақырады. Сондай шын­дық деп шырқыраған пәруана пейіл, пәруаза кеуіл ерлердің бірі – про­фессор Болат Қорғанбек. 

Әуелі аз-кем шегініс жасайық. Жоғары оқу орнына алғаш келіп түскен сәтіміз. Бірер минуттан кейін негізгі пәніміз – әде­биет­тану­ға кіріспе сабағы басталады. Көңілімізде алаң бар. Бір кезде оқытушы да кіріп келді. Аудитория жым-жырт бола қалды. Көзі өткір, жүзі сұсты көрінген ұстазымыздың алдында бәрі­міздің мысымыз басылды да қалды. Са­бағын сабырлы, байсалды бастады. Бәрі тың­дасын деп дауысын көтермеді. Тиісінше, қы­рық баланың бәрі де артық сөзден сап тыйы­лып, ұстаздың  дәрісін ыждаһатпен тың­дады. Оның алғашқы таныстығымыз осы­лай басталған еді.

Болат Қорғанбектің әрбір дәрісінен кейін әде­биеттің шын қызметін, қазақ фо­льк­ло­ры­ның нақ маңызын көңілге түйе бердік. Күн­де­лікті сөз қолданысымыздағы тіркестердің, мә­тіндердің асылында үлкен рухани мұрамен байланысып жатқанын білгенде, қатты таңырқаушы едік. Осы арқылы қазақ та­ри­хына, әдебиетіне, мәдениетіне жаңа көз­қарас­пен қарап, ағайымыз білім қызынасын үң­ги берген сайын, біз де сүңги бердік. Ендігі жер­де ұстазымыздың ұлағатын оқырман қауы­мға да насихаттамақ ыждаһатында оның ғалымдық, қайраткерлік болмысына та­нымдық барлау жасап, зейінмен зерделеп көруді мақсат тұтып отырмыз.

Ұстазымыздың ғылым кеңістігіндегі жа­рық сәулесінің бірі – «Шора батыр» эпосы: нұс­қалары, генезисі, тарихилығы» атты көр­нек­ті еңбек. Бастапқыда белгілі ғалым Рах­ман­құл Бердібайдың жетекшілігімен қор­ғал­ған диссертация кейін монографияға айна­лып, көлемді кітап болып жарық көрді. Та­тарстанның белгілі фольклортанушысы, про­фессор Лилия Мухамедзянованың ай­туын­ша, Болат Қорғанбек  «Шора батырға», кеңі­рек толғасақ түркі халықтарының эпи­ка­лық шығармашылығына өте дер кезінде мән берген. «Оның монографиясында тақы­рып­тың және материалдың терең теориялық не­гіз­де игерілгені, құрылымдық жағынан жіті тал­данғаны көңіл қуантады. Түркі халық­тарының «Шора батырын» осындай деңгейде зерт­теу және оның нәтижесі ретінде кітаптың ба­сылып шығуы қазақ халқының шығар­ма­шы­лығы үшін ғана емес, жалпы түркі халық­та­рының фольклортануында, эпос-дастан­дар­ды зерттеу саласында өте зор табыс», – деп ба­ға береді ол.  

Ғалымның тағы бір іргелі еңбегі – «Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» және қазақ фо­льклоры» атты монографиясы. Әзіреті Сұл­тан есімі – күллі түркі дүниесі үшін қас­тер­­лі де қасиетті ұғым. Ол – Мұхаммед пай­ғам­бардың мүбәрак ілімін көшпелілер ру­хы­на сай қалыптаған реформатор һәм дәуір фе­номені. Заманында-ақ Ахмет Ясауидің «хәл ілімі» түркі жұртының рухани темірқазығына ай­налды. Ақиқатты біліммен емес, іліммен яки ақылмен емес, жүрекпен ұғу керек екенін дана бабаларымыз терең түсінді. Себебі мұ­ның астарында Ахмет Ясауидің «қал ғы­лы­мын оқыңдар, хәл ілімін етіңдер» деген хик­­­­­меті жатыр. Әзіреті Сұлтан жүрек ілімін көз­демей, құрғақ ақпарат қана іздеген жан­дарды «қырық есек жүгін арқалаған на­дан­дар» деп сынайды. Бұл тұжырым Құранның «Жұ­ма» сүресіндегі «олар кітап артқан есек се­кіл­ді» деген аятынан тамыр алып отырғаны бел­гілі. Асылында, Ахмет Ясауи өз хик­мет­терін Құран рухының жалғасы деп бағалайды. «Ме­нің хикметтерім – пәрман, сұбхан, оқып біл­генге бар мағынасы – Құран», – дейді әулие. Осы­лайша, аталған ілім қазақ халқының дәс­түрлі дүниетанымына жұпар болып жұқ­ты. Мақал-мәтел, ертегі-әпсана, аңыз-қис­са­лар­­дың денінде осы идея көрініс тапқан. Бо­­лат Қорғанбектің жоғарыда айтқан мо­ног­рафиясында фольклордағы Ахмет Ясауи іздері айдан анық, күннен жарық көрсетілген. Қа­зір қоғам нақты жауап ала алмай жүрген әруақ, медет тілеу мәселелері де түсіндіріліп бе­рілген. Бұл да – заманның сұранысына сай ту­ған көлемді еңбек. Жалпы, ғалымдық ны­сана­сына қоғамның ең дертті тұсын таңдап алуы – Болат Қорғанбектің ел жағдайына бей­жай қарамайтын отанпәруарлығының бел­гісі деп айтуға болады. «Ақылға ерсең жа­ран­дарға қызмет қылғыл» деп Ясауи жыр­лағандай, оның бойындағы осы қасиет-күш оны қоғамдық мәселеге білек сыбана кірісуге алып келді.  

Қазір ел ішінде рулық трайбализмнің қат­ты өршіп тұрған кезі. Қарапайым аза­мат­тар­дан бастап, мемлекет қайраткерлеріне дейін шарпыған жалын ұлт руханиятының да­муына үлкен кедергі болып отыр. Ешқандай та­рихи таңбасы, бедері жоқ тұлғаларды қол­дан жасап, бір рудың рәмізіне таңу – хал­қы­мыз­дың обырлы індеті болып тұр. Бір ғана Бұқар жыраудың «ұстазы» қылып берген Қожаберген жырауды қайда қоямыз? Бұл кім­нің пайдасына жасалып жатқан әрекет? Бү­гінгі заманның тіл қолданысымен судыра­тып жазылып шыққан оның «мұрасымен» кім­ді иландырмақшы? Ақын Есенғали Рауша­но­в­­тың осы тұрғыда айтқан сөзі еске түседі. «Мен қазақ әдебиетінде басы артық тағы бір жы­раудың болғанын жек көрмеймін. Қо­жа­бер­ген деген кісі болса, болған шығар. Әйтсе де, оның осыншалық нашар ақын болғанына сен­гім келмейді» деген рәуіште сөз айтып еді қа­ламгер. Осындай жалған әрекеттерді әш­кере етіп, ғылым биігінен дәлелдеп жүрген де осы – Болат Қорғанбек. 

Ғалымның педагогикадағы әдіснамалық ерекшелігіне тоқталғым келіп отыр. Ол кезде қолымызға домбыра ұстап, айтысқа қа­тысып жүргеннен кейін кей сабақтарға он­ша мән бере қоймадық. Концертте жүрген соң конспектіні де құнттай қоймайсың. Он­дай сәттерде бұрынғы «тәжірибемізге» сүйе­ніп, әдебиетке қатысы жоқ сабақ болса да, поэ­зия, прозадан мысал келтіріп, үй тапсыр­ма­сын айтып шығатынбыз. Түні бойы еңбек­те­ніп, жазып, жаттап, ақыр аяғы бізбен бір­дей баға алатын қыздар ғана болмаса, оқы­ту­шылардан бастап барлығы дән риза бола­тын. Тек Болат Қорғанбек емес. 

Әуел бастан бізді нақтылыққа тәрбие­ле­ді ол кісі. Алыстан сермеп, жүрек­тен тер­беп айтқан жауапсымақтарымыз про­фессордың көңілін мүлде толтырмайтын. Са­рапқа салмай санадағы сөзді салп еткізетін біз­ге пікірді жүйелеуді, ойды бір ізге түсіруді үй­ретті. Ондайда ол «Ойланбайсыңдар ма? Қа­зақта «Ойлан. Ойланбағанның түбі – ой­ран» деген. «Саналарыңа осы сөзді сақтап алың­­дар» деп жиі-жиі айтатын. Рас. Асылын­да, осы бір-ақ ауыз сөздің тінінде күллі ру­хани дерт-мерездің алдын алатын иммунитет бар. Кітап бетін парықсыз парақтай берген­нен, оңашада ой кешудің әлдеқайда сауапты­рақ екенін біз сол кезде түсіне бастадық.

Ұстазымыз қазақтың әрбір этногра­фия­лық ұғымдарының жайдан-жай емес, ру­ха­ният­тың күрделі кернеуінен туғанын үнемі ай­тып отырады. Айталық, «Төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді», «Ханда қырық кісінің ақы­лы бар», «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген күн­делікті қолданыстағы сөздердің астыр­тын мәні бар екенін айтқанда, таңғалы­сы­мыз­ды жасыра алмайтынбыз. Айтқанда да, тақы­рып мазмұнын түгел оқушының алдына сар­қып салмайды. Сәулесін ғана көрсетіп қойып, студентті өзіндік ізденіске шақырады. Бұл – жаңа оқыту методикасында да наси­хат­талып жүрген әдіс. Сондай ізденістердің бі­рінде ұстазымыз талантты жандарды не­лік­тен «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтінін ай­тып қалды. Оны ислам архитектурасында жиі кездесетін екі ромбтың өзара кірігуінен жа­салатын ою арқылы түсіндіре келіп, сегіз қыр дегеніміз адамның бойынан табылу керек Құдайдың сегіз сипаты деген кезде сана­мыз сапырылып түсті. Бірақ соның алты си­патын ғана айтты. Қалған екеуі не нәрсе? Әлгі бір «сырымыз» не болды?  «Әрі қарай не деп аталады?» деп білгіміз  келіп сұрап бара жатырмыз. Ол кісі болса «барлығын мен айта бере­мін бе? Өздерің де ізденіңдер», деп бізді ойға қалдырып қойды. Артынша өз бетімше зерт­тедім. Кейін сол зерттеуім Egemen Qazaqstan газетінде мақала болып жарық көрді. Міне, ағайдың педагогикасының сыры осында жатыр. 

Профессор Болат Қорғанбек қазір әлі де бірнеше студент, магистр, докто­рант­тарды дайындауда. Алматыда оқу бітір­ген қаламгерлер КазГУ-ды қалай жырласа, Аста­на қаласының студенті болған біз де Еура­зия ұлттық университетін солай жақсы кө­реміз. Әсіресе, филология факультетінің тү­лектері үшін бұл оқу ордасының орны бө­лек. Себебі оқушыларды алыстағы ағасындай құша­ғына басып, қанатының астына алып, жүрегіне біліммен қоса тәрбиенің дәнін еге біл­ген ұстаздар бар осында. Сондай ардақты ұстаз­дардың бірі – Болат Қорғанбек деп анық айта аламын. Оның кесек болмысы, салмақты мінезі, ордалы ойы, сәулелі сөзі қаншама жас талаптардың жүрегіне жұпар болып жұғып жа­тыр. Ұстаздың ұлағатымен тәрбиеленген сол жұпарлы жүректер де бүгінде қазақ қо­ғамына алғаусыз қызмет етіп келеді.

Абзал МАҚАШ, 
ақын