Алишер Сатвалдиев: Саяси шешімдердің де, идеологияның да өзегі – бірлік

/
Алишер Сатвалдиев: Саяси шешімдердің де, идеологияның да өзегі – бірлік

Егемен ел атанбай тұрып-ақ Қазақстан бар ұлтты бауырына басқан жұрт ретінде белгілі еді. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейін де ынтымағы мен тату­лы­ғы жарасқан ел ретінде таныла түсті. Сол мақсат-мүдденің жүгін арқалап, бірлікті бекіте түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған бола­тын. Биыл сол оқиғаға 30 жыл толып отыр. 
Ел ішіндегі бірлік пен келісім, осы бағытта қабылданып жатқан заңдар мен бастамалар, Парламенттің жұмысы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі сияқты тақырып­тарды жан-жақты талқылау үшін Сенат депутаты Алишер Сатвалдиевпен сұхбаттасқан едік.

– Кеңес  дәуірінде 1 мамыр күні басқа мейрам тойланды. Бұл да­таға  жаңаша мән-мағына беріп, бұ­рын­ғы ассоциацияны жоя алдық па, қа­лай ойлайсыз?

– Бірлік күні ретінде 1 мамыр Қа­зақ­стан­да 1996 жылдан бастап ресми түрде атап өті­ліп келеді. Ал бұған дейін, иә, бұл күн Кеңес Одағы кезеңінде еңбекшілердің тап­тық мейрамы ретінде тойланған болатын. Уақ­ыт өзгерді, мән-мағына жаңарды. Еліміз еге­мендікке қол жеткізген сәттен бастап бұл ме­реке де жаңа сипат алып, көпұлтты Қа­зақ­стан халқының бірлігін, өзара құрмет пен тү­сіністігін паш ететін айрықша күнге ай­нал­ды. 
Бүгінде 1 мамыр – елдегі тыныштық пен ке­лісімнің жарқын көрінісі. Ұлт­тар мен ұлыстарды ұйыстырып, Қазақстан хал­қының біртұтас, бір мүдделі, бір бола­шаққа бет алғанын көрсететін ерекше күн. 
Қазақтан «Ынтымақ болмай, іс оңбас» де­ген тағылымды сөз қалған. Осы бірлікке не­гізделген тұтастық – еліміздегі әрбір же­тіс­тіктің, тұрақтылықтың, даму мен өсудің өзе­гі. Расымен, Тәуелсіз Қазақстанның қол жет­кізген барлық жетістігі – ел ішіндегі ын­тымақ пен тұрақтылықтың, татулық пен бір­ліктің жемісі.

– Әрбір жүйелі істің, өзіңіз айтып өт­кен тұрақтылықтың артында берік құқықтық негіз тұрады. Этносаралық келісімді сақтауға, одан әрі нығайтуға мү­м­кіндік беретін қандай заңнамалық бас­та­малар қолға алынып жатыр? Парламент қарауындағы маңызды құжаттарға тоқталып өтсеңіз.

– 2018 жылғы 5 мамырда Президент Жар­лығымен бірегейлік пен бірлікті ны­ғайту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат қо­ғамдағы келісім мен үйлесімді сақтаудың маңызды құралы ретінде қабылданды. Пар­ламент әрдайым осы бағытта тұрақты түрде жұ­мыс істеп келеді. Этносаралық келісім, жал­пыұлттық бірлік, заманауи сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, жаһандық үдерістер жағ­дайында қоғамды біріктіру мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл тұр­ғыда үлкен рөл атқарып отыр. Конституцияға бір­неше мәрте енгізілген өзгеріс, заңнамаға ен­гізілген толықтырулар, Президент бас­тамалары – барлығы осы идеяға, ел ішіндегі татулыққа негізделген. Қазақстан халқы Ассамб­леясының 2026 жылға дейінгі дамыту тұ­жырымдамасы – соның айғағы. Бұл құжат бес жыл сайын жаңартылып отырады, оның әр­бір кезеңі Парламентте қаралып, бекі­тіле­ді. Бірлік – саяси шешімдердің де, идео­ло­гия­ның да өзегіне айналуға тиіс.
Бүгінгі таңда қоғамда түрлі мәселелер кө­терілуі мүмкін. Мысалы, қосылған құн са­лы­ғына қатысты пікірталастар жүріп жа­тыр. Алайда біз бұл мәселені тек салық сая­саты немесе экономика тұрғысынан емес, ел ішін­дегі бірлік призмасынан қарастыруымыз ке­рек. Қысқа мерзімде пайда әкелетін ше­шім­дер ұзақ мерзімде игі нәтиже бермеуі де мүм­кін. Сондықтан әрбір заң жобасы қа­был­данарда ол ел ішіндегі тұрақтылыққа, ха­лық­тың ынтымағына қалай әсер ететіні ескерілуі қажет.
Қазақстан осы күнге дейін қандай жетіс­ті­к­ке жетсе де, ол мейлі экономикалық бол­сын, әлеуметтік, саяси салада болсын, со­ның бәрінің артында мызғымайтын берік тін, тапжылмас темірқазық – тұрақтылық тұр. Халықтың өзара келісімі мен ынтымағы жа­тыр. Әлемдегі шиеленіскен жағдайды бәрі­міз байқап-көріп отырмыз. Осындай ке­зеңде тек бірлік пен тұрақтылық қана бізді мұрат-мүддемізге жеткізеді.
Дегенмен, ішкі саясаттың, идеоло­гия­мыздың концепциясы айқын болуға тиіс. Пре­зидент те мұны ашық айтты. Біз өзімізді кім­біз деп танимыз? Тарихқа үңілсек, Қазақ хан­дығы, Алаш Орда, Сақтар мен Түркі қа­ғанаты, билер мен хандар дәуірі – бәрі біздің біртұтас тарихи жадымыз. Біз осы сабақ­тас­тықты нақты түсініп, ұлттық болмысымызды соның негізінде қалыптастыруымыз қажет. Болашақта – жүз, екі жүз, бес жүз жылдан кейін – біздің ұрпағымыз кім болады? Қай ба­ғытқа бет алады? Мұның бәрі бүгінгі ше­шімдерге байланысты. Сондықтан бізге бес жылдық емес, ұзақмерзімді, кешенді тұжы­рым қажет. Ұлттық идеология доктринасы керек. Қазіргі талдау, зерттеу жұмыстары осы ба­ғытта жүріп жатыр. Бірақ ең маңыздысы – бұл құжат тек қағаз жүзінде қалып қоймай, нақ­ты іске бағытталуға тиіс. Елдің идео­ло­гиялық бағыты мықты болмай, бірлік те баянды болмайды. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы бү­гінде қоғамда қандай миссия атқарып отыр деп есептейсіз? Нақты жемісті нәтижесі деп нені айтар едіңіз? 

– Биыл Ассамблеяның құрылғанына отыз жыл толды. Бұл – үлкен белес. Отыз жыл дегеніміз – егер адам жасы деп қарасақ, өмір­ден өз орнын тауып, мақсат қойған, бола­шаққа сеніммен қадам басатын кемел ке­зең. Ассамблея осы жылдар ішінде өзіне жүк­телген міндетті орындай алды ма? Бұл сұрақ­қа жауап беру үшін біз алдымен оның алғаш­қы құрылу сәтіндегі ахуалды еске түсіруіміз керек. Қандай мақсатпен құрылды, нені көздеді, неге жол ашты?
Бұл құрылым 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президен­ті­нің Жарлығымен Мемлекет басшысы жа­нындағы консультативті-кеңесші орган ре­тінде құрылған еді. Алайда бұл идея бұдан да ертерек – 1992 жылы, Тәуелсіздіктің бі­рін­ші жылына арналған Қазақстан хал­қы­ның бірінші форумында алғаш рет жария­лан­ған болатын. Сол кезеңдегі қоғамдық-сая­си ахуал, еліміздің полиэтносты әрі поликонфессиялық сипаты, сондай-ақ жаңадан қалыптасып келе жатқан мем­лекеттіліктің тұрақты дамуына деген сұра­ныс – осындай құрылымның қажет екенін анық көрсетіп берген болатын.
Сол кезде елімізде жүзден астам этнос өкі­лі бар еді, олардың әрқайсысының өзіндік мүддесі, ерекшелігі болды. Ассамблея – сол этностардың мүддесін қорғайтын, эт­номәдени бірлестіктермен байланыс ор­нататын алаң ретінде құрылды. Ол кезде көп­теген этномәдени орталықтың кең­се­лерінде басқа елдердің туы, басқа елдердің символикасы көзге түсетін. Бүгін мұндайды көрмейміз, естімейміз. Бұл – осы отыз жылдағы Ассамблея жұмысының нәтижесі. Қа­зір еліміздегі әрбір азамат, қай этносқа жат­са да, өзін Қазақстанның тең құқылы аза­маты ретінде сезінеді. Ассамблея – мә­дениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қаты­нас­тарды дамыту мәселелерін жоғары дең­гейде шешуге мүмкіндік беретін әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болған еді. Қазір ол ел Президенті төрағалық ететін конститу­ция­­лық орган ретінде жұмысын жалғас­ты­рып келеді.
Ассамблеяның 32-сессиясында Мемлекет бас­шысы бұл құрылымның алдына жаңа мақ­сат қойды – халықты біріктіру, нақтырақ айт­сақ, барша азаматты қазақ ұлты төңі­регінде біріктіру. Осы бағыттағы жұмыс бүгін­де жүйелі жүргізілуде. Бұрын Ассамблея этномәдени бірлестіктердің ғана мүддесін көздейтін құрылым болса, енді ол – тәуелсіз Қа­зақстан қоғамындағы ынтымақ пен бір­ліктің іргетасы, қоғамды ұйыстыратын плат­форма. Жетістік ретінде тек осыны айтудың өзі жеткілікті.
Ассамблеяның рөлін біз төтенше жағ­дайлар кезінде де анық байқадық. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны. Былтырғы қарғын су кезінде ондаған елді мекенді су басып қалғанын білеміз. Осындай қиын сәттерде Ассамблея акция ұйым­дас­ты­рып, елге жылу жинап, нақты көмек көрсетті. Бұл жұмысты басқа да ұйымдар, министр­лік­тер атқарды, әрине. Бірақ сол сәтте Ассам­блея бұл процесті шын мәнінде біріктіріп, үйлестіріп отырды. Ешкім ешкімді мәжбүр­ле­ген жоқ, халық өзі шықты, өз еркімен кө­мек көрсетті. Бұл – идеологияның нәти­жесі.
Негізінде, Қазақстан халқы Ассамб­лея­сына ұлттық идеологияны қалып­тас­тыру, ішкі саясаттың жүгін көтеру міндеті ар­н­айы жүктелмеген. Бірақ іс жүзінде ол – осы идеологиялық жұмыстың өзегі, өзіне жүк­телмеген миссияны абыроймен атқарып келе жатқан құрылым, елдің ішкі тұрақ­ты­лы­ғы мен келісімін қамтамасыз ететін басты тетіктердің бірі.

– Этносаралық саясатта «интеграция» мен «ассимиляция» ұғымдарының ара­сында өте нәзік, жіңішке шекара бар. Бүгінде бұл шекараны сақтау – әлемдік саясаттағы басты талаптардың бірі.  Қаз­ақстан бұл талапты қаншалықты орындай алып отыр, қалай ойлайсыз?

– Қазіргі Қазақстан – көпмәдениетті, кө­пэтносты әрі поликонфессиялық мем­лекет. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бас­тап еліміз дәл осы бағытты басты басымдық ре­тінде таңдады. Соның арқасында біз бү­гінгі таңда бүкіл әлемге этносаралық келісім мен конфессияаралық татулықтың бірегей үлгісін көрсете алған ел ретінде танылдық.
Мемлекет әрбір этнос өкіліне өзінің тілі мен ділін, мәдениеті мен салт-дәс­түрін сақ­тауына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қа­тар бұл еркіндіктің өзі бірлікті нығайтуға, эт­ностар арасындағы өзара сенімді арт­тыруға қызмет етіп келеді.
Қазір әлемде этностар арасында өзара әре­­кеттесу үдерістері жаһанданумен қатар жү­реді. Бұл – этностардың бірігуі, жақын­дасуы, ұйысуы деген сөз. Бүгінгі Қазақстан үшін ең өзекті үдерістердің бірі – этнобірлесу. Бұл үдеріс негізінен үш бағытта көрініс табады: консолидация, ассимиляция және этносаралық интеграция.
Алайда біз үшін ең бастысы – бұл ак­культурация. Өйткені аккультурация де­геніміз – бір этнос екінші этностың мәдени эле­менттерін қабылдай отырып, өзінің эт­никалық болмысын, бірегейлігін сақтап қалуы. Бұл – біздің еліміздегі идеал модель. Біз этностарды жойып, жұтып қойғымыз кел­мейді. Біз олардың барлығын ортақ қа­зақ­стандық бірлік аясында біріктіруді көз­дейміз. Әр этнос өзінің түпкі тамырын ұмыт­пастан, біртұтас Қазақстан деген ұлы үйі­міздің бір бөлшегі ретінде өмір сүре алуы керек.
ХХІ ғасырда этникалық өзіндік сана арт­ты. Бұл – табиғи үдеріс. Әрбір этнос өзі­нің ерекшелігін, өзге этностардан айыр­ма­шылығын сезіне бастады. Бұл да дұрыс. Се­б­ебі дәл осы ерекшеліктер арқылы біз бір-бірімізді толықтырамыз. Қазақстандағы эт­номәдени бірегейлік үдерісі – бұл әрбір эт­ностың өз болмысын сақтай отырып, жал­пыұлттық идеяға қызмет етуі. Біз этностарды бөлмейміз, керісінше біріктіреміз.
Интеграция деген ұғымды біз екі м­а­ғы­нада түсінуіміз керек. Бірінші мағынада – бұл халықтардың, этностардың, кей жағ­дайда тұтас мемлекеттердің бірлесе қызмет ат­қаруы, өзара әрекеттесуі. Ал екінші мағы­насында – ортақ мақсатқа жету үшін мем­лекетаралық бірлестіктер құру арқылы жү­зеге асатын, әлдеқайда құрылымданған, жүйе­лі үдеріс. Бұл – халықаралық деңгейдегі инт­еграция. Бірақ біз үшін маңыздысы – ел ішін­дегі этносаралық интеграция.
Ассимиляция дегеніміз – саны аз, саяси-экономикалық әлеуеті әлсіз халықтың уақыт өте келе саны көп, ықпалды халықтың құра­мы­на сіңіп, өзінің ерекшеліктерінен айы­ры­ла бастауы. Бұл – табиғи үдеріс болуы мүм­кін, бірақ оны қолдан жасауға болмайды. Се­бебі бұл этностық бірегейліктің жоғалуына алып келеді. Бізде ондай саясат жүргізілген жоқ, жүргізілмейді де. Керісінше, бізде муль­тикультурализм мен интеркультурализм қа­ғидаттары дамыған. Бұл – өзге этнос­тар­дың тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне құр­метпен қарап, оны сақтауға, дамытуға, қол­дануға мүмкіндік жасау. Сондай-ақ дәл сол кез­де, сол параллельде елдік, ұлттық құнды­лық­тарымыз да қатар дәріптеліп, нығай­ты­лып отыруы тиіс. Бұл – тепе-теңдік. Осындай тең ұстаным арқылы ғана елдегі ұлттар мен ұлыстардың арасындағы түсініс-тік пен татулықты сақтау мүмкін болады.
Біз күнделікті өмірде осы құндылық­тар­дың көрінісін жиі байқаймыз. Эт­нос­тардың өз мерекелері бар. Діни мей­рамдар да өтіп жатады. Бірақ ешкім еш­кімге кедергі келтірмейді. Кешегі христиан дінін ұстанушылардың мейрамында бүкіл ел болып, барлығымыз құттықтадық. Ол – діни ұстанымға құрмет көрсету. Біз соны көрсете алдық.
Бұл жұмыстар көп жағдайда көзге көріне бер­мейді. Айтыла бермейді. Бірақ оның же­місін біз қоғамдағы тұрақтылық, елдегі ты­ныштық, өзара құрметтен көре аламыз. Еге­мендіктің нақты көрінісі – осы. Бұл – біз ұс­танып отырған ішкі саясаттың, соның ішін­де этносаралық саясаттың дұрыс жолда еке­нінің айғағы.

– Әңгімеміздің бағытын Сенаттағы қыз­метіңізге қарай бұрсақ. Сіз – Пар­ламенттегі Өз­бекстанмен достық жө­ніндегі депутаттық топ­тың мүшесісіз. Жақ­ында екі ел Пре­зи­дент­і кез­десті, сарапшылар арадағы ын­тымақ­тас­тық жаңа деңгейге көтеріліп келе жат­қанын айтады. Сіздің ойыңызша, осы серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүм­кіндік беретін нақты қандай ба­ғыттар мен салалар бар?

– Екі ел үшін тарихи мәні зор құжаттың бірі – 1998 жылы қол қойылған «Мәңгі дос­тық» туралы келісім. Сонымен қатар стра­те­гиялық серіктестік туралы құжаттар да екі­жақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шы­ғарды. 
Бүгінде біз қарым-қатынасымызды жаңа са­тыға көтеріп отырмыз. Одақтастық қа­рым-қатынас туралы шартқа қол қойылды. Мем­лекеттік шекараны демаркациялау туралы келісімдер жасалды. Ауқымды, екіжақты жобалар жүзеге аса бастады. Бұл – нақты істер­дің көрінісі. Сондай-ақ тек белгілі бір ба­ғытта, белгілі бір салаларда ғана ынты­мақ­тастықты дамытуымыз керек деп айта ал­май­мыз. Қазақ пен өзбек – ежелден бауырлас ха­лықтар. Тарихы – тамырлас, тағдыры – са­бақтас. Сол себепті біздің мақсат-мүддеміз де ортақ. Біз тату көршілікке және сенімді серік­тестікке негізделген қарым-қатынасты енді одан әрі тереңдете түсеміз. 
Қаңтар айында Шымкент қаласында пар­ламентаралық достық комиссиясының оты­рысы өтті. Сол жерде бірнеше маңызды мә­селе қаралды. Мен өзім Сенаттағы пар­ламентаралық ынтымақтастық ко­мис­сиясында Өзбекстанмен шекарада коо­пе­ра­ция орталығы құрылуы бойынша бастамашы бол­дым. Сол заң жобасын ратификациялау жұ­мысын да өзім жүргіздім. Бұл – жай ғана заң емес. Бұл – нақты бірлескен эконо­ми­калық аймақтың құрылысына жол ашатын мүм­кіндік. Ол жерде екі елдің инвесторлары зауыттар салып, фабрикалар ашып, жаңа өндіріс ошақтарын жолға қоюға мүмкіндік алады. Біз оларға заң және инфрақұрылым жа­ғынан жағдай жасаймыз, қалғанын кә­сіпкерлер өздері жүзеге асырады. Бұл жерде ха­лыққа да, бизнеске де жол ашылады.
Сонымен бірге біз ортақ туризмді дамытуымыз керек. Өйткені сырттан кел­ген, Батыстан келген туристердің бар­лығы осы Орталық Азияға бір халық, бір та­рих деп қарайды. Осыны біз мүмкіндік деп бағалауымыз керек. Самарқанд, Бұ­хара, Ташкент немесе Қырғыз Респуб­ликасындағы тарихи орындарға келген адам біз арқылы өтуі керек. Бізге келген адам сол жақтарға барып сапарын жалғастыру ке­рек. Міне, осы жақтардан жұмысымызды жан­дандыру керек. Осы бағытта жұмысты жан­данды-руымыз қажет деп есептеймін.
Мен өзекті деп санайтын тағы бір мә­селе – екі ел зиялылары арасында бай­ла­ныс жоқтың қасы. Қырғыз елімен бізде қа­зақ-қырғыз зиялыларының форумы жыл сайын өтіп тұрады. Биыл, қателеспесем, 14-рет өтті. Өзбекстанмен арада ондай алаң жоқ. Міне, біз осы бағытта нақты ұсыныстар дайындап жатырмыз. Өйткені бауырлас елдердің ынтымақтастығы тек экономика не­месе саясатқа ғана емес, рухани байланыс, мә­дени ықпалдастыққа да тығыз бай­ланысты. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Ділда УӘЛИБЕК

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары