Еліміз креативті индустрияны дамытуды қолға алып жатыр. Соңғы жылдары шығармашыл ортаның әлемдік экономикадағы үлесі артып келеді. Осы орайда OzgeEpic креатив хабының негізін қалаушы Тоғжан Құрманжанқызымен креатив индустрияның елімізде дамуы мен оны дамытудың маңызы жайында аз-кем әңгімелескен едік.
– Ең алдымен, ÓzgeEpic дегеніміз не? Бұл атау нені білдіреді және Хабты құру идеясы қалай пайда болды?
– ÓzgeEpic – бұл жай ғана шығармашылық Хаб емес, ол – Қазақстандағы креатив индустрияны жүйелі дамытуға бағытталған трансформациялық алаң. Оның атауындағы «Ózge» сөзі қазақ тіліндегі «өзге» ұғымын білдірсе, бұл Хабтың өзгеше ойлайтын, шеңберден тыс әрекет ететін, жаңаша жолмен дамуды қалайтын жандарға арналғанын көрсетеді. Ал «Epic» – эпикалық, ауқымды, терең мазмұнға ие оқиға деген мағынада. Бұл атаудың өзі Хабтың ішкі философиясын ашып тұр: әр адам – бір оқиға, ал оның дарыны мен идеясы – осы қоғамды ізгілендірудің бастауы.
Хабты құру идеясы Қазақстанда креатив индустрияға, әсіресе аймақтардағы жас таланттарға арналған кеңістік пен мүмкіндік жетіспеушілігінен туындады. Шығармашылықпен айналысқысы келетін жастарда көбінесе инфрақұрылым жоқ, білім жүйесі бұл саланы әлі мойындай қоймаған, ал қоғам креативті еңбекке толыққанды кәсіп ретінде қарауға дайын емес болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, бір уақытта тәжірибе алаңы, жоба жасау және оқыту платформасы, зерттеу орталығы және идеялар акселераторы ретінде әрекет ететін Хаб қажет болды. ÓzgeEpic – осы қажеттілікке жауап ретінде 2019 жылы дүниеге келді.
– Хабтың басты мақсаты мен құндылықтары қандай? Қоғам үшін, әсіресе жастар мен креативті қауымдастық үшін маңызы неде?
– ÓzgeEpic Хабының басты мақсаты – шығармашылықты дамыту арқылы қоғамның интеллектуалдық және мәдени әлеуетін арттыру. Бұл мақсат тек мәдени жоба аясында емес, стратегиялық ұлттық даму шеңберінде қойылып отыр. Себебі креативті индустрия – бүгінгі таңда экономиканың, әлеуметтік саясаттың, білім мен ғылымның маңызды қозғаушы күшіне айналды. Ал Қазақстан сияқты жас, динамикалық мемлекет үшін бұл саланы дамыту – ұлттың жаңаша келбетін қалыптастырумен тікелей байланысты.
Хабтың құндылықтары қатарында еркіндік, әртүрлілік, инклюзия, азаматтық белсенділік, тәжірибеге ашықтық, тұрақты даму және саналы азаматтық ұстаным тұр. Бұл тек ұран емес, күнделікті жұмыс тәжірибесіне айналған қағидалар. Мұнда әр адам – идея авторы, әрбір жоба қоғаммен диалог құралы ретінде қарастырылады.
Жастар үшін ÓzgeEpic – өз дауысы мен дарынын тануға, оны жүзеге асыруға, шығармашылығын кәсіпке айналдыруға мүмкіндік беретін алаң. Креативті қауымдастық үшін бұл – шабыт пен қолдау, зерттеу мен эксперимент, серіктестік пен өсу кеңістігі. Ал қоғам үшін бұл – жаңа идеялар туатын, әлеуметтік байланыс нығая түсетін, мәдени жаңғыру бастау алатын орта.
– ÓzgeEpic қандай бағыттарда жұмыс істейді? Қазіргі іске асып жатқан жобалар мен бастамалар туралы айтып берсеңіз.
– ÓzgeEpic бірнеше бағытта жұмыс істейді, олардың әрқайсысы заманауи қоғамның өзекті сұраныстарына жауап береді. Ең алдымен, бұл – оқыту және менторлық бағыты. Мұнда жас суретшілер, музыканттар, режиссерлер, сценарийстер, мультипликаторлар, фотографтар мен видеографтар, дизайнерлер мен креатив кәсіпкерлерге арналған курстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұл курстарда жастар тек теория үйреніп қоймай, нақты жобалар жасап, алғашқы аудиториясын табады.
Екінші бағыт – жобалар өндірісі. Хабта медиа зертхана, анимация, дыбыс жазу студиясы, подкаст алаңы секілді шығармашылық лабораториялар жұмыс істейді. Бұл кеңістіктерде жастар эксперимент жасап, түрлі жанр мен бағыттағы контент жасап шығарады.
Үшінші бағыт – аймақтық даму. Хабтың өңірлердегі филиалдары арқылы әр аймақтың мәдени кодына бейімделген жобалар жүзеге асады. Түркістандағы кеңістік ұлттық бренд пен заманауи өнердің тоғысы болса, Астанадағы Хаб – институционалдық үлгі, Оралда – жастардың креатив салаларды үйреніп, аймақтық дамуға мүмкіндік беретін кешенді платформа.
Хабымыз осы күнге дейін 3 000-нан астам мәдени жобаны жүзеге асырып үлгерді, бүгінде 50-ден аса тұрақты жобамыз бар. ÓzgeEpic креатив саланы жан-жақты қамтып, жалпы ондаған бағыт бойынша жұмыс істейді. Креатив индустрия цифрлық өнер, VR/AR, жасанды интеллект, стримингтік сервистер, NFT арқылы жаңа цифрлы сипатқа ие болмақ. ÓzgeEpic креатив Хабы индустрияның осы сипатын өз дамуының жаңа мүмкіндіктері ретінде пайдаланады.
– Халықпен, жергілікті қауыммен қандай формада жұмыс істейсіздер? Инклюзивтілік, әлеуметтік жауапкершілік, мәдени даму тұрғысынан қандай жобалар ерекше назарға ие?
– ÓzgeEpic үшін жергілікті қауыммен жұмыс – бұл сырттан жоба апару емес, сол қауымның ішінен идеяларды көтеру, соны күшейту, қолдау және бірге жүзеге асыру. Хаб жергілікті жастарды тыңдайды, олардың тәжірибесіне сүйенеді және әр жобаны сол ортаның ерекшелігіне бейімдеп іске асырады.
Инклюзивтілік қағидасы Хабтың барлық деңгейінде іске асырылады. Кеңістіктеріміз бен бағдарламамыз – кез келген адамды көріп, естіп, қоса жұмыс істейтінімізді дәлелдейді. Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан Хаб жасөспірімдермен, балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілермен, қарттар үйімен, ауыл жастары және әлеуметтік осал топтармен мақсатты түрде жұмыс істейді.
– Жақында Орал қаласында креатив кеңістік ашқандарыңыз туралы атап өттіңіз. Креатив Хаб ашу идеясын жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар кездеседі?
– OzgeEpic Oral креатив кеңістігін ұйымдастыру жұмыстары өткен жылдың ақпан айында бастау алды. Осы уақыт аралығында қыруар еңбек атқарылды. Алғашқы кезеңде жоғарыда атап өткен серіктестермен келісімге келу, өз тұжырымдамамызды алға тарту, есептік-құжаттамалық жұмыстар жүзеге асырылды. Келесі кезеңде Орал қаласында орналасқан «Жастар» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өткізілді.
Серіктестерімізбен бірге кеңістіктің мазмұндық жасақталуына еңбектендік. Креатив хабтың әрбір бөлігін тиімді пайдалану және концептуалдық мән беру үшін Британ корольдігінің архитекторлар институтының «Әлемді өзгертетін 100 архитектор әйелі» тізіміне енген халықаралық беделге ие сәулетші Әсел Есжанованың басшылығымен дизайн-жобасы әзірленді. Жобалау жұмыстарына Анар Адамбаева және Самал Күбеш сынды танымал дизайнерлер де қатынасты.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде OzgeEpic Oral қабырғасында галерея, театр және көрме залдары, анимациялық және музыкалық студия, коуоркинг, білім беру кеңістігі, спорт залы, концерт залы, кітапхана бой көтерді. Аталған залдардың барлығы өңірдің тарихи, мәдени және рухани ерекшеліктеріне сай мазмұнмен байытылды.
Жасалған жұмыстар тілге жеңіл көрінгенімен жобаның әр кезеңі талмас жігерді талап етті. Жобаға қатысушы серіктестердің келісімді қызмет атқаруы, құжаттамалардың барлық тараппен мақұлдануы, аймақтың шалғайлығын ескере отырып жұмысты ұйымдастыру, өңірдің спецификасына сай концепцияны пайдаланудың барлығы ұқыпты да, қажырлы еңбек негізінде жүзеге асты.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Креатив хабымыз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып, ендігі кезекте креатив саланы ғылыммен ұштастыруға, жинаған тәжірибеміз бен білімімізді бөлісуге дайынбыз.
Кадрларды жүйелі даярлау және креативті индустрияларда білім беру бағдарламаларын дамыту – Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік. Бұл бағытта біз Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетінің 421 студентіне оқу бағдарламасын ұйымдастырдық. Ендігі кезекте Батыс Қазақстан облысында 200 креатив маман дайындаймыз.
Сонымен қатар біз өзіміз шоғырланған өңірлерде Креативті мамандықтар картасын әзірлеп, жергілікті жердің сұранысына сай жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз. Осы тәжірибені басқа аймақтар үшін де пайдалануға әзірміз.
Сонымен қатар креативті индустрия еліміз үшін салыстырмалы түрде жаңа сала болғандықтан ғылыми негіздемені қажет етеді. Осы орайда креативті Хабымыздың жанынан OzgeLab Креативті зерттеу институты өз жұмысын бастады.
АҚШ-тағы MIT Media Lab, Ұлыбританиядағы Лондон өнер университетінің креативті индустрия орталығы, Қытайдағы Цинхуа университетіндегі креативті индустриялар мен инновациялар орталығы сияқты әлемдік алдыңғы қатарлы орталықтардың үздік тәжірибесіне сүйене отырып, аталмыш саладағы инновациялық шешімдерді зерттейтін және әзірлейтін зертхана құруды, ғылым, мәдениет және бизнес арасында көпірге айналуды көздеп отырмыз.
Әзірлеген
Т.ӨСКЕНБАЙ