Рейхстаг қалай алынды?

Рейхстаг қалай алынды?

Әлемдік алапат соғыстың ең соңғы қанды қырғыны Берлиндегі Рейхстаг ғимараты үшін болды. Рейхстагтың кеңестік әскерлер шабуылымен алынғанына биыл 80 жыл толады. Рейхстагты алуға 150-атқыштар дивизиясының 674-полкінің взвод командирі, жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев қатысып, бірінші болып Жеңіс туын қадады. Адольф Гитлер өзін-өзі өлтірді. Шындығында, Рейхстаг қай күні және қалай алынды?

1945 жылдың 16 сәуірінде басталған Бер­лин операциясы осы айдың соңғы күн­дері қаладағы маңызы бар басты ғи­ма­рат­тарға шабуылды үдетті. 28 сәуірде кешке қа­рай 79-атқыштар корпусының бөлімдері Рей­хстагтан басқа Ішкі істер министрлігі ор­наласқан Гиммлер үйіне, Кролл-Опера теат­рына, швейцариялық елшілікке және басқа да бірқатар ғимараттар орналасқан ауданға жа­қындады. Ұзақмерзімді қорғаныс үшін жақ­сы бекінген неміс әскері өте қатты қар­сылық танытты.
29 сәуірде таңертең 150-ші және 171-ат­қыш­тар дивизияларының алдыңғы қатарлы ба­тальондары Шпре өзенінің қарама-қарсы жа­ғалауына өтті. Өткелден кейін кеңестік бө­лімшелер Мольтке көпірінің оңтүстік-шы­ғысында орналасқан алаң үшін шайқаса бас­тады. Алаңдағы басқа ғимараттардың ара­­сында Рейхстагтың алдында неміс қор­ға­нысының маңызды тірегі саналған Швей­цария елшілігінің ғимараты болды. Оны қар­сы­лас­тардан рота жауынгерлері тазарт-ты. Рей­х­с­таг­қа барар жолдағы келесі мақсат кеңес жауын­герлері «Гиммлер үйі» деп атаған Ішкі істер министрлігінің ғимараты болды. Бұл бү­кіл алаңқайды алып жатқан алты қабатты үл­кен ғимарат еді. 29 сәуір күні таң аты­сы­мен «Гиммлер үйін» атқылау басталды. Ба­та­льон жауынгерлері ол үйге қарай шабуылға шық­ты. Р.Қошқарбаев взводы шабуыл­дау­шы­лардың алдыңғы қатарында бірінші болып үй­дің қираған есігінен кіріп, фашистерді екін­ші қабатқа қашуға мәжбүр етті. Бұл Вис­ла ауданындағы Р.Қошқарбаев қатысқан ең бір қантөгіс шайқастардың бірі болды. Фашистер ажалға бас тіккендіктен, еш­теңе­ден қаймықпай қатты қорғанып жатты. Бір­ақ шабуылға көшкен жауынгерлерді тоқ­тату мүмкін емес еді. Көптеген жауынгер осы ұрыста мерт болды. Қошқарбаев взводындағы жауынгерлердің жартысы оққа ұшып, жар­тысы ғана қалды. Оның өзін ажал оғы ай­налып өтіп жүрді. Сөйтіп, 30 сәуірдің таңын­да «Гиммлер үйі» толықтай алынды. Келесі шабуыл нысаны Рейхстаг еді.
Рейхстаг ауданын әуеден парашютпен түсірілген Росток қаласындағы теңіз мектебінің курсанттары және әртүрлі бөлім­нің 1 000 офицері мен жауынгерлерінен тұра­тын гарнизон қорғады. Оған артилле­рияшылар, ұшқыштар, СС жауынгерлері және фашистік Германияның милиция жа­сақ­тары кірді. Олар көптеген пулемет, гра­ната, танкіге қарсы қолданатын грана­то­метпен қаруланды. Гарнизонның офицерлер құра­мы А.Гитлерден Рейхстагты қалай бол­ған­да да ұстап тұру туралы бұйрық алды.
№5 Армия Әскери кеңесінің шешімімен Рей­хстагқа алғашқы болып ту тіккен адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілетіні жа­рияланды. Рейхстагқа жақындаған 150-ат­қыш­тар дивизиясының командирі генерал В.Ша­тилов Әскери кеңес шешімін орындау мақ­сатында Қызыл туды өз жауынгерлеріне тарат­ты. Олардың ішінде 674-атқыштар пол­кінің взвод командирі Рақымжан Қош­қар­баев болды.
Рейхстагқа шабуылды қамтамасыз ету үшін артиллерия, танктер және өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар дайын­далды. Кейбір зеңбіректер мен мино­меттерді солдаттар алға басып келе жатқан жаяу әскерге тиімді қолдау көрсету үшін Рейхстагқа жақын орналасқан ғимарат­тар­дың жоғарғы қабаттарына көтерді.
30 сәуірде Шпре өзенінің оңтүстік жаға­лауына жеткізілген барлық 89 зеңбірек, со­ның ішінде 152 және 203 мм гаубицалар, танк­тер, өздігінен жүретін зеңбіректер мен ми­нометтер Рейхстагқа тікелей атылды. Сол­түстік жағалауда қалған артиллерия да Рейхстагқа оқ жаудырды. Ғимараттың үстін­де және айналасында толассыз түтін мен шаң қаптады. Бұл шабуылда көптеген кеңес жауын­гері асқан ерлік пен қаһармандық көрсетті. Олардың арасында Лейтенанттар Р.Қош­қарбаев, Мирецкий және С.Сорокин топ­тары ерекше көзге түсті. Олардың құра­мында сержанттар мен қатардағы жауын­герлер Г.Булатов, И.Лысенко, М.Ғабдуллин және т.б. болды. 
Рейхстагқа алғашқы жалпы шабуыл сәтсіз болды. Оны қайта дайындауға ту­ра келді. Қатардан шыққан жауынгерлер мен офицерлердің орнын толықтыру үшін бөлім­шелерге жаңа күш жіберілді. Шабуыл объек­тілері мен артиллерияға арналған ны­са­­налар нақтыланып, оқ-дәрілер толықты­рыл­ды. Командирлер мен саяси қызмет­кер­лер жауынгерлерге Рейхстагты игеру жөнін­дегі міндеттердің маңыздылығын түсіндірді.
30 сәуір күні түстен кейін шаб­уыл қай-таланды. Рейхстагтың терезелері мен тесік-терінде дайындалған саңлақтардан гитлер-шіл жендеттер шабуылдаушыларға қар­ша оқ боратқанымен, оның қабырғасына жет­кен жауынгерлер фашистердің атқылау ай­мағынан өтіп кетті.
Шабуылдаушылар Рейхстаг ғимаратына ба­сып кіріп, ғимарат ішіндегі атысқа көшті. Залдар мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс бас­талды. Шабуылшылар автоматтан оқ жау­дырып, қол гранаталарын қолданып, жау­ды әлсіретті және үй-жайларды басып ал­ды. Олар әр қадам сайын күресіп, бөлме-бөлмелерді жаудан тазартты. Фашистердің бір бөлігі кең жертөлелерге, басқалары ғи­марат­тың жоғарғы қабаттарына қуылды. Ғи­марат ішіндегі шайқаспен қатар оның сыр­тында да шайқас тоқтамады. 
Осы бір жойқын шабуыл мен қырғын ортасында Р.Қошқарбаев пен оның взво­ды жан алысып, жан берісті. «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық бар болғаны 300-360 метр шамасында болды. Бір­ақ бұл ашық алаң болғандықтан,  жан-жақ­тан оқ қарша борап тұрды. Осы қанды қа­шықтықты  лейтенант Р.Қошқарбаев пен қа­тардағы жауынгер Г.Булатов бірнеше сағат жүріп өтті. 1945 жылы 30 сәуір күні, сағат 18:30-да Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тікті. Ол осы ерлігі арқылы қаншама қан төгілген сұрапыл соғысқа нүкте қойды. Дәл осы күні, 30 сәуірде Гитлер өз-өзіне қол жұм­сады. Рейхстаг ішіндегі шайқас 1 мамыр­дың таңына дейін ақтық айқаспен жалғасты, ал Рейхстаг жертөлелерінің әртүрлі ұяшық­тарында тығылған фашистердің жекелеген топ­тары қарсыласуды жалғастырды. Қала­ның неміс әскери гарнизоны 2 мамырда беріл­ді, бірақ шайқастар қаланың батысында 8 мамырға дейін жалғасты.
Осы қырғынға қатысқан куәгерлердің айтуынша, Рейхстагқа шабуыл жасау кезінде кеңес сарбаздары ғимараттың әртүрлі үй-жай­ларына 40-қа жуық жалау орнатты. Әуе­ден ұшқыштар да Рейхстагты безендіруге өз үлестерін қосуды ұйғарып, басып алынған ғи­мараттың қабырғасына парашютпен «Жеңіс!» деген жазуы бар үлкен қызыл мата­л­ар тастады. 
Рейхстагтың үстінен ту көтере алмаған бас­қа сарбаздар тарихта өздерін басқаша есте қалдырды. Олар ғимаратқа кіре берістегі ба­ғаналар мен қабырғаларға қолдарына түс­кен – көмір, шеге, пышақ, бояу сияқты зат­тармен өз аттарын жазып тастады. Олар өз­дерінің қуанышы мен жеңіс сезімін осы­лай білдірді. 100 метрден асатын осы жаз­балардың басым көпшілігі жауынгерлердің есімдері мен «Мен осында болдым», «Гитлерге өлім!» деген жазулар еді.
Рейхстаг үшін болған шайқастарда немістердің 2 500-ге таяу солдаты мен офицері қаза тапты, 1 650 адам тұтқынға алынды. Әртүрлі калибрлі 28 зеңбірек жойыл­ды, 2 604 дана автомат стволына ки­гізілген қанжар, 1 800 винтовка мен пулемет, 59 зеңбірек, 15 танк және басқа шабуыл қару­лары қолға түсті. Берлиндегі мемо­риал­дық зиратта, Тиргартен саябағында Рейх­стаг­тан 300 м қашықтықта қаза тапқан 2 500 кеңес жауынгері жерленді. Бұлар Берлин операциясына қатысқан жауынгерлер мен офицерлер еді.
Рейхстаг төбесіне жеңіс жалауын бірінші болып қадаған лейтенант Р.Қошқарбаев 1945 жылы 6 мамырда Кеңес Одағының батыры ата­ғына ұсынылды, бірақ батыр атағы беріл­меді. Кеңестік саясат қазақ баласына Алтын жұлдызды таққызбағанымен, жылдар өте тарихи шындық мойындалды. Р.Қошқарбаев ерлігін елі ұмытпады. 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһар­маны» атағы берілді. 2007 жылы Жеңіс­тің 62 жылдығы қарсаңында Р.Қошқарбаевтың Рейхс­тагқа Жеңіс туын тіккені расталды. Ресей осы ерлікті айқындайтын құжаттарды елі­міздің мемлекеттік мұражай қорына та­быс етті. Мәскеу тарихи қажеттілікті түзетіп, ресми түрде қазақ батырының ерлігін мойын­дауға мәжбүр болды. 1945 жылы 30 сәуірдегі Рейхстагқа шабуыл тарихы осылай аяқталды. 

Болат САЙЛАН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, 
тарих ғылымдарының докторы

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары