Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайлары қоғамды алаңдататын деңгейге жетті. Жан күйзелісі, жалғыздық, ата-анамен және құрдастарымен түсініспеушілік, мектептегі буллинг және әлеуметтік қысым жасөспірімдердің ішкі әлеміне ауыр салмақ салады, оларды тығырыққа тірейді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін отбасы, мектеп және мамандардың бірлескен әрекеті аса маңызды. Сонымен қатар бұл тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуға тиіс. Ерте қолдау көрсетілген әрбір бала үмітке толы болашақтың кепілі. Осы ретте біз «Рухани қоғам әлемі» ҚҚ президенті, психолог Лимана Қойшиеваға көкейде жүрген сауалдарымызды қойған едік.
– Суицидке бейім мінез-құлықты ерте байқауға бола ма?
– Суицидтік мінез-құлық бірден пайда болмайды. Бұл – көбіне жылдар бойы жинақталатын күрделі психологиялық процесс. Оған әсер ететін ең бірінші фактор – отбасындағы қарым-қатынас. Ата-ана мен бала арасындағы сенім мен түсіністік жоғалса, бала өзін тыңдайтын, қабылдайтын орта таппай, жалғыздыққа душар болады. Бұл кезеңде бала тұйықталып, ішкі уайымын жасырып, сыртқа шығармайды. Уақыт өте келе бұл жағдай күшейіп, ауыр психоло-гиялық күйге ұшырайды.
– Тағы қандай нақты белгілері бар?
– Егер бала бұрын белсенді болса, енді үйде көп жата беретін, аз сөйлейтін, бір нүктеге қарап ұзақ отыратын, өз ойын білдіруден қашатын болады. Мінезі өзгереді, тұйық, агрессиялы немесе керісінше тым үнсіз жүреді. Клиенттерімнің бірі – өте ашық жарқын болған, бірақ әкесінің қаталдығы, «сөйлеме», «күлме», «мазалама» деген сөздері баланың ішкі әлеміне ауыр әсер еткен. Ол өзін кінәлі сезініп, «Мені жақсы көрмейді» деген оймен өскен. Уақыт өте келе достарымен сөйлеспей, ұстаздарымен байланыс үзілген соң жалғыздыққа ұшырап, өз-өзімен өмір сүре бастаған. Бұл – нағыз дабыл қағатын белгілер.
– Суицидке итермелейтін негізгі психологиялық факторлар қандай?
– Бұл сұраққа нақты бір жауап беру қиын, себебі әр адамның тарихы – өзінше күрделі. Бірақ жиі кездесетін факторлар мыналар: жақын адамның қайтыс болуы, буллинг, отбасындағы келіспеушілік, есірткі немесе психотропты заттарды қолдану, қаржылық қиындықтар, қарызға бату, өмірлік мақсаттың болмауы. Сонымен қатар тұқым қуалайтын психикалық дерттер де рөл ойнайды. Кейбір адамдарда кенеттен санада үзіліс пайда болып, «Мен кіммін? Не істеп жатырмын?» деген сезім өшеді. Мұндай кезде адам өз әрекетіне жауап бере алмай қалуы мүмкін.
– Ал жасөспірімдерде депрессия мен күйзелістің белгілері қандай болады?
– Депрессия – жай ғана көңілсіздік емес, бұл диагноз. Оның белгілері – ұйқы режимінің бұзылуы, тәбеттің жоғалуы немесе шамадан тыс жеу, жылау, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы. Жасөспірімдерде бұл физикалық белгілермен де байқалады: тершеңдік, бөртпелер, аллергиялар, жүрек соғысының күшеюі немесе баяулауы, баяу сөйлеу, ойлау қабілетінің төмендеуі. Кейбіреулер тамақты жұта алмай, анорексияға дейін жетеді. Бұл да – күйзелістің белгісі.
Жасөспірімдердің түрлі қиындыққа ұшырауына отбасының мынадай 4 түрі әсер етеді. Біріншісі, зиянкес отбасы. Мұндай отбасында бала агрессорға айналады немесе оның құрбаны болады. Ол өзін қорғансыз сезінсе де біреуге айтуға ұяты жібермейді. Ақырында, ішімдік, есірткі, компьютерге тәуелді болып шыға келеді. Екіншісі, әсіре талапшыл отбасы. Балаға шамасынан тыс салмақ жүктеп, артық талап қоятын отбасында өскен бала тым сезімтал келеді. Ата-анасының өзіне деген үміті мен сенімін ақтай алмаудан қорқып, эмоцияға жиі беріледі. Үшіншісі, пәтуасыз отбасы. Сөзінде тұрмайтын, жалған сөйлейтін отбасындағы бала өзінен-өзі ыңғайсызданып, өгей баладай сезінеді. Төртіншісі, тұрақсыз отбасы. Әке-шешесінің сөзі мен ісі сәйкес келмей, жиі өзгеріп тұрса, бала үлкен күйзелісті бастан кешіреді. Бұдан бөлек жасөспірімдердің психикасының бұзылуына отбасындағы қарым-қатынастың нашарлығы, анасының күйзеліске түсуі, ата-ананың шектен тыс алаңдаушылығы, әке-шешесінің түсініксіз талаптары, жиі болатын дау-жанжал және оған баланы араластыру, сонымен қатар ата-ана мен бала құндылықтарының бір-біріне қарама-қайшылығы да әсер етеді.
– Суицидтік ойлар пайда болған адамға қалай көмектесуге болады?
– Мұндай жағдайда ең маңыздысы – тыңдау. Ата-ана балаға кінә артпай, оның жан дүниесін түсінуге тырысуы керек. Мысал арқылы әңгіме қозғап, балаға жанама түрде сұрақ қойып, өз ойын білдіруіне мүмкіндік беру керек. Ата-ана баланың достары, қызығушылықтары, өзгерістері жайлы жиі әңгімелесіп, сезімін бөлісуді үйретуге тиіс.
– Баланың бойындағы өзгерісті ата-анадан бөлек ұстаздар да байқауы мүмкін ғой?
– Мұғалімдер баланың күнделікті қоршаған ортамен байланысын бақылай алады. Мәселен, оқушының тұйықталып, оқуға қызығушылығы төмендегенін байқаса, жеке сөйлесуге тырысу керек. Әр баланың темпераменті мен мінезіне сай жол табу қажет. Ең бастысы – баланың жағдайын бүкіл сыныптың алдында жария ету емес, жеке сөйлесу арқылы түсіну.
– Біздің қоғамда суицид мәселесін жылы жауып қояды. Оны елемеген, ескермеген секілді кейіп танытамыз. Осындай жағдайда адамдар психологқа барудан неге бас тартады?
– Бізде әлі де «Психологқа тек ауыр дерті барлар ғана барады» деген түсінік бар. Ал дамыған елдерде психолог отбасылық дәрігер секілді қажетті маман. Әрбір отбасында заңгер, дәрігер, қаржы кеңесшісі сияқты тұрақты психолог та болуы керек. Бізде бұл мәдениет енді қалыптасып келеді. Өкінішке қарай, кейде псевдопсихологтарға тап болғандар тауы шағылып, үміті үзіліп жатады. Сондықтан маман таңдаған кезде оның білімі мен алған тәжірибесіне баса назар аудару керек. Нағыз маман үнемі ізденісте жүреді.
– Суицидке бейім адамға қандай ұзақмерзімді көмек көрсетіледі?
– Бұл жерде тек кеңес берумен шектелмей, ұзақмерзімді қолдау қажет. Негізі, психологиялық көмек 6 айдан 3 жылға дейін созылады. Бұл жұмысқа хобби, шығармашылық, спорт, өзін-өзі дамыту бағдарламалары, тұлғалық өсу бағытындағы іс-шаралар қосылуы керек. Яғни, бұл жан-жақты, кешенді жұмыс. Суицидке бейім адамды ешқашан жалғыз қалдыруға болмайды.
– Соңғы ескерту белгілерін қалай байқауға болады?
– Ең маңызды белгілер – жақындарына қымбат сыйлықтарын таратуы, қоштасу сөздер айту, болашаққа қызығушылығының жоғалуы. Мысалы, «Бұл менің соңғы рет баруым шығар» деген сөздер – өте маңызды сигнал. Тәжірибемде бір жасөспірім өзін жақсы көретін адаммен кездесу, сүйіп көру, өмірде бұрын көрмегенді көру сияқты әрекеттерге қызығушылық танытып, кейін өз өмірімен қош айтысқан. Ата-анасы бәрін бақылап жүрсе де бейғамдық танытқан. Өзгерістерді байқаса да бәрі солай тез болады деп күтпеген. Сондықтан кез келген ескертуге мән беру – өмірді сақтап қалудың жолы. Әр бала махаббатқа, қамқорлыққа, жан дүниесін түсінуге лайықты. Біз осы арқылы олардың өмірін сақтап қала аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ