Университеттер ұлттық білім беру платформасын дамытуда

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңір­лік кеңсесінің қолдауымен Халықаралық Фараби форумы аясында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналис­ти­каны оқыту модельдері» (МТIJ) атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конференция биыл сегізінші рет өткізілді.

Университеттер ұлттық білім беру платформасын дамытуда
сурет: turkystan.kz
671

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының ұйым­дас­тыруымен, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңір­лік кеңсесінің қолдауымен Халықаралық Фараби форумы аясында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналис­ти­каны оқыту модельдері» (МТIJ) атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конференция биыл сегізінші рет өткізілді. 

Қазақстандағы медиасауаттың деңгейі қандай? Блогерлер мен қоғамдық пікір көш­басшылары үшін бірыңғай этикалық прин­циптер енгізу қажет пе? Желі тұтыну­шы­ларының әлеуметтік желі алгортимдерін біл­меуі қаншалықты қауіпті? Жасанды ин­теллект журналистиканы қалай өзгер­те­ді? Ғылыми жиынға Қазақстан, АҚШ, Ұлы­бри­тания, Бельгия, Польша, Түркия, ҚХР, Ресей ғалымдары мен бұқаралық комму­ни­кация саласының зерттеушілері қатысып, аталған мәселелерді талқылады.
Конференцияны әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университе­тінің ғы­лыми-инновациялық қызмет жөніндегі про­ректоры Жамила Айтжанова ашып, уни­верситеттің тұрақты даму сала­сындағы қыз­метіне тоқталды: «Универ­ситет ғалым­дары соңғы жылдары 300-ден астам халық­аралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобалар орын­дады. Оқу орнының 90 жылдық мерей­тойына орай ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фаб­рикасын құру жоспарланды. ҚХР үкіме­ті­мен келісілген Silicon Valley мо­де­лі бойын­ша IT-технопарк құру жөнін­дегі бір­лескен жоба жүзеге асырылуда». 
Журналистика факультетінің деканы Те­мірғали Көпбаев факультеттегі тұрақты даму саласындағы білім берудің жай-күйіне тоқталса, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бю­росының басшысы, БҰҰ жаһандық ком­му­никациялар департаментінің өкілі Влас­тимил Самек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетін 90 жылдық мерей­тойымен құттықтап, университеттің БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» UNAI Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзіміне 10 жыл толғанын ерекше атады. «Тұрақты даму бойынша журналистік білім беруге арналған конференция тек сту­денттер ғана емес, жалпы журналистер үшін де пайдалы. Журналистердің тұрақты даму мақсаттарын дұрыс интерпретация жасап, ақпаратты объективті әрі мұқият беруі кез келген елдің дамуына, азамат­тар­дың ізгілікке ұмтылуына ықпал етеді», – дей келе, аталмыш жиында өрелі ойлар мен та­тымды, қызықты пікірлердің мол бола­тынына сенім білдірді. 
Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов Өңірлік кеңсе атынан кафедраның тұрақты даму­дың 4.7., 16.10 мақсаттары бойынша Ком­му­ни­­кацияны дамыту Халықаралық бағ­дар­ламасымен бірлескен қызметіне алғыс біл­дірді. ЮНЕСКО-ның семинарлар серия­сына тоқталды. Осы орайда ЮНЕСКО-ның табиғи апаттарға арналған қарқынды курс­­тары қазіргідей су тасқыны, жер сіл­кі­нісі, өрт белең алған кезеңде Қазақ­стан­ның бұқаралық ақпарат құралдарына өте қажет. Осындай апаттарды алдын ала болжап, дұрыс шешімдер қабылдау үшін жасанды интеллектіні де сауатты қолдану қажет», – деді С.Карпов. Өңірлік кеңсе маманы ұлттық білім беру платформаларын қолдаудағы кон­фе­ренцияның ерекше үлесіне тоқталды: «Ка­федраның алдыңғы екі жобасының не­гі­зінде әзірленген журналистиканың ұлттық плат­формасы Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанда жалғасын тауып, дамуда. Олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті әзірлемелерін, ЮНЕСКО ресурстарын қолданып отыр», – дей келе, ЮНЕСКО-ның журналистік білім беру серияларымен та­ныстырды. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның жур­­налистика және коммуникация кафедрасы әзірлеген климат өзгерісіне, жур­налист қауіпсіздігі, гендерлік теңдікке арналған курстар да бар.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер ми­нистрлігі Алматы қаласындағы өкіл­дігінің Саяси ынтымақтастық басқармасы­ның басшысы Алмаша Аренова отандық бі­лім мен ғылымның флагманы – Қазақ ұлт­­тық университетін 90 жылдық же­тіс­тік­терімен құттықтап, еліміздің білімін да­мы­тудағы үлесі үшін рахмет айтты. Тұрақты даму­дың негізгі элементтерін атай келе, ком­муникация мен білім берудің маңыз­ды­лығына тоқталды. Аталмыш конферен­ция­ның журналистік білім берудегі маңызды мә­селелерді қозғап, тәжірибе алмасып, тәуе­келдер мен проблемаларды анықтап, ш­е­шілу жолдарын анықтайтын платформа екенін атап өтті.
Конференцияның ақпараттық серіктесі «Түркітілдес журналистер» қоғамдық қоры соңғы 10 жылда кафедрамен тығыз бірлес­тік­те бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Сту­денттердің Түркияның бұқаралық ақ­па­рат құралдарынан тәжірибеден өтуіне мұ­рын­дық болды. Қор президенті Нәзия Жоя­мер­генқызы болашақтағы бірлескен ха­лықаралық жобалар туралы ақпаратпен бөлісіп, конференция жұмысына табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұ­рақ­ты даму бойынша Пан Ги Мун инс­титутының директоры Жансая Исаева конференцияның ұлттық университеттің 90 жылдығы мен БҰҰ-ның тұрақты даму бойын­ша «Академиялық ықпал» UNAI Жаһан­дық хабына 10 жыл құрметіне орай ұйым­дастырылғанын айтты. «Бүгінгі диалог көп­сипатты, халықаралық деңгейде жүргі­зіл­ген журналистік келіссөздер бұл кезде­су­дің дипломатиялық сипатын айшық­тай­ды», – деді ол.
Алматы Азаматтық Альянсының төра­ға­сы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мү­шесі Қайыржан Абдыхалықов тұрақты даму мақсаттарына жетудегі азаматтық қо­ғам­ның қосқан үлесіне тоқталды. «Бло­гер­лер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, егер олардың мыңдаған жазылушысы болса, ақ­парат таратудың күшті құралы болады. Сондықтан академиялық қауымдастықпен бір­лесіп этикалық нормалар мен прин­цип­терді әзірлеу қажет», – деген ұсыныс айтты. 
Азия медиа және ақпараттық орталы­ғы­ның өкілі Гүлнар Асанбаева Қазақ­стан­да­ғы медиа білім беру технологиялары мен жур­налистикада жасанды интеллектіні қол­данудың болашағына шолу жасады. Сарап­шы маманның айтуынша, Қазақстанда ме­диасауаттың ең жоғары деңгейі 2021 жы­лы болған. 2023 жылы көрсеткіштер тө­мендеген. Телеарналар халық көп сенетін ақ­параттың негізгі арнасы. Әлеуметтік же­лілердің ішінде Instagram мен WhatsApp-қа көбірек сенеді, ақпарат жалған деп ешкім айтпайды. Әрине, бұл – қауіпті жағдай. Адам­­дар әлеуметтік желі алгортимдерін, ақ­­параттың қандай жолмен түсетінін біл­мей­ді. Сондықтан медиапедагогиканы жаңар­ту керек. Сарапшы сондай-ақ жа­сан­ды интеллект сауатына тоқталды. Бұл ақ­па­рат алу үшін сұрақты қаншалықты сауат­ты қоюға байланысты. 
Расында, бүгінде жасанды интеллект ақпарат жинаудан контент туғыз­ған­ға дейін журналистердің ең тиімді құра­лына айналды. Генеративті модельдер білім беру саласында да кеңінен қолданылады. Алай­да оны қолдану авторлық құқық пен пла­гиат, нормативтік-құқықтық база, этика мәселелерін туғызады. Білім берудегі жа­сан­ды интеллект технологиялары туралы зерт­­­­­­теумен Санкт-Петербург мемлекеттік уни­в­ерситетінің журналистика және бұ­қа­ра­лық коммуникациялар жоғары мекте­бі­нің профессоры, с.ғ.д., саясаттанушы Илья Быков таныстырды. 
Конференцияға Қытайдан арнайы кел­ген Сиань Цзяотун университетінің Жаңа ме­диа журналистика мектебінің профес­соры Фэн Ву баяндамасына Қытайдағы жур­налистік білім берудің жаңа статусын ар­қау етті. Соңғы жылдары Қытайдағы жур­на­листік білім беру экономикалық артта қал­ған аймақтардағы қарт адамдар мен жұ­мысшы-мигранттардың, әйелдер мен балалардың медиасауатына көбірек көңіл бө­­­­леді. Қытайдағы экологиялық коммуни­ка­ция шынайы өмірмен астасып, жедел да­муда. Бұл Қытайдың экономикалық және әлеу­меттік дамуына және БАҚ реформасына игі ықпал етуде. Қытайдың денсаулық сақ­тау саласындағы коммуникация зерттеудің маңызды бағытына айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы медициналық ақ­парат таратылып, аурудың алдын алу, ден­саулықты нығайту саясаты жүзеге асы­ры­лады. 
Қазіргідей өткір экологиялық және әлеу­­меттік проблемалардың жаһандық өза­ра байланысы дәуірінде тұрақты даму са­ла­сындағы журналистиканың рөлі дәл осын­дай маңызды болған емес. Avrupa Media Holding (Ұлыбритания) құрылтайшысы, журналист Ватан өз сөзін «осындай құнды ка­федраның серіктесі болғанымды мақтан тұ­тамын» – деп бастады. Еуропалық БАҚ ре­дакторы тұрақты даму мақсатында ха­лық­аралық журналистиканы оқытудың бір­неше үлгілерін сипаттады, осы бағытта кә­сіби мамандар даярлап отырған акаде­мия­лық қоғамдастықтың маңызды рөлін атады. 
Интер-Медиа Брюссель қоғамдық қоры­ның (Түркия) құрылтайшысы, журналист Юсуф Джинал университет студенттерін өн­дірістік тәжірибеден өткізу, магистрант, докторанттардың ғылыми тағылымда­ма­сы­на қолдау көрсету туралы ойларын бө­лісті.
Пенза мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Галина Зуева (Ресей), Мол­дова-1» қоғамдық телеарна редакциясының бас редакторы Людмила Барба (Молдова Рес­публикасы) кәсіби журналистер даяр­лаудағы өзекті мәселелерді қозғады.
Кездесу барысында ЮНЕСКО-ның жур­на­листика және коммуникация кафед­ра­сы­ның Коммуникацияны дамыту Халық­ара­лық бағдарламасының (IPDС) қолдауы­мен «Аймақ – Орта Азия: миграция мәсе­ле­лері бойынша журналистік білім беру» жо­басының жүзеге асырылуы бойынша  Golden middle of the new UNESCO project презентациясы өтті. 

Назгүл Шыңғысова, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЮНЕСКО-ның журналистика және 
коммуникация кафедрасының меңгерушісі

Серіктес жаңалықтары