Медицинаның дамығаны жақсы, бірақ әр адам өз денсаулығын ойлауы керек
Белгілі ғалым-дәрігер Жауғашты Ахметовпен әңгіме
Самарқандта білім алып самсаған
Алматыда Жауғашты Ахметов атты ғалым тұрады. Медицинада санаулы адамдар ғана тәуекел ететін мамандық иесі, патологоанатом. Арнайы маманданған дәрігер. Бұл мамандық иесі табиғи себептерден қайтыс болған адамдардың денесіне сараптама жасайды. Оның міндеті – адам өліміне себеп болған факторларды анықтау, оған көрсетілген медициналық көмектің дұрыстығын бағалау. Жауғашты Байназарұлы 1944 жылы Өзбекстандағы Тамды ауданының Керізбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Самарқанд медицина институтына түсіп, оны 1966 жылы үздік дипломмен аяқтап, сол институттың Патологиялық анатомия кафедрасында жұмысқа қалдырылды. Сонда жүріп ғылыми ізденістерін бастап, 1971 жылдан медицина ғылымдарының кандидаты атанды.
– Мен туып-өскен мекен қайнаған қазақтардың ортасы болды, – дейді Жауғашты аға. – Тіпті, бірен-саран өзге ұлт өкілдері болғанның өзінде бәрі қазақша сайрап тұратын. Ал мен Өзбекстанда туғаным болмаса, орта мектепті бітіріп, институтқа барғанша бір ауыз өзбекше білмейтін едім. Өзбек тобында оқығандықтан ол тілді өз бетімше игеріп алдым.
Жас кезімнен дәрігер болуға қызыққандықтан (аяғы ауырған әкемді емдеп жазамын деген арманым болатын) аты Кеңес одағына белгілі Самарқанд медициналық институтына (СамМИ) оқуға түскім келді. Физика, химия, әдебиет пәндерінен емтихан тапсырдық. Бәрін жақсы тапсырдым. Әсіресе, химиядан есеп шығарғаныма сынақ алушы қатты риза болып «5» қойды. Әдебиеттен жазған шығармамызды Алматыда оқыған филолог ұстаз тексеріп, жақсы баға қойды.
Ол кезде СамМИ-ді бітіру авторитет. Одақ көлемінде орны бар медициналық оқу орны болды. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Самарқанд қаласына Ресейден эвакуацияланғандардың қатарында көптеген мықты медицина ғалымдар болған, солар осы оқу ордасында жұмыс істеп, мықты кадрлар дайындаған. Соның арқасында бұл білім ордасы білікті мамандар дайындап шығаратын іргелі оқу орнына айналған.
Мен СамМИ-ді қызыл дипломға бітірген соң, оқыған жерімде қалдырылдым, сосын Украинаның Харьков қаласында 3 жыл аспирантурада оқыдым, одан қайтып келіп жұмыс істегенде студенттерге өзбек тілінде сабақ бердім. Өзбек елінде ЖОО-да жұмыс істейді екенсің, тілді білмеймін деген әңгіме айтпайсың. Өйткені ЖОО оқытушысы өзбек тілін білуі міндетті.
Бар қуатын атажұртқа арнаған
Адамның таным-түсінігі, көзқарасы жас кезінде қалыптасады ғой және ол бүкіл өміріне әсер етеді. Жауғашты да «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп мақалдатып отыратын ақсақалдардың ғибратты әңгімелерін бала күннен құлағына құйып өскендіктен болар, жоғары білім алып, отбасын құрып, ғалым атанған соң атажұртты көп ойлайтын болды. Қабілет-қарымын атамекеніне арнағысы келді. Сөйтіп келмеліне келіп, ойда қуат, бойда күш лапылдап тұрған 35 жасында (1979 жылы) Алматыға көшіп келді. Содан бері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қызметте.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен азамат ақыл-білімі толыса келе қазақ тілі, қазақ мәдениеті болмаса ұлттың да болмайтынына көзі жеткен-ді, сондықтан өзі еңбек ететін саланың қазақыланғанын қалайтын. Солайша, ол Алматыда медицина университетінде еңбек ете бастаған кезінен медицина терминдерін мүмкіндігінше қазақыландыруға атсалысты. Әлі күнге қазақ медициналық терминдерін жасауға атсалысып келеді. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің салалық терминологиялық комиссиясының тұрақты мүшесі.
Мемлекетте білім қай тілде берілсе, маман да сол тілдің тұтынушысы, дамытушысы. Қазақ елінде білім алғанмен оны қазақша алмаса не пайда? Ғылым қазақ тілінде сөйлемесе, қазақ тілінде бедел бола ма? Осы сұрақтар мазалаған Жауғашты Байназарұлы еліміз енді тәуелсіздік алып, ана тілімізді дамытуға бет бұрған кезеңде қазақ медицина ғылымында тұңғыш қазақша оқулық – «Патологиялық анатомия» (1993 жылы) кітабын жазып шықты. Одан бері бұл оқулық төрт мәрте (2004, 2008, 2012, 2023) қайта басылып шығып, еліміздегі барлық медициналық оқу орындарына таратылды. Әр қайталап басылған бұл оқулық қалыңдай түскен. Себебі ғылымның дамуымен жаңалықтар көбейе беретіні белгілі. Өзінің оқулық жазу, термин түзу ісіндегі істері туралы Ж.Ахметов былай дейді:
– «Патологиялық анатомия» атты оқу құралын шығаруым тәуелсіз кезеңде қазақ жастары ғылымды қазақ тілінде үйренсін деген ниеттің жемісі еді. Бірақ қазақша оқулықты алғашқы басылымында ойдағыдай жасау қиын болды. Ол кезде кітап басу ісі қазіргідей компьютермен жасалмайды, кітапқа берілетін көрнекі суреттердің әрбірін темірге ойып (клише), макетке бекітеді. Ол күрделі жұмыс. Сондықтан кітаптың бірінші басылымында суреттер аздау болды. Ол кітапты жазып шығу үшін бірнеше жылым кетті. Өйткені мұндай кітап қазақ тілінде медицинаға арналған кітап жазып шығу үшін медицина ғылымымен бірге тілді де жақсы білу қажет.
Тәуелсіздіктен кейін оқулықтарды қазақ тілінде шығару керек дегенде, біреулер орыс тіліндегі кітаптарды аударып бастырып жатты. Ал мен қазақ студенттеріне керек кітапты қазақ ғалымы ана тілінде жазуы керек деген ұстаныммен кітап жаздым. Сөйтіп, елімізде алғаш патологиялық анатомия бойынша оқулық авторы атандым.
Ғылымды қазақшалау үшін терминдерді қазақыландыру қажет. Бұл орайда, «Патологиялық анатомия терминдерінің орысша-латынша-қазақша түсіндірме сөздігін» (1994 ж.) жеке өзім жасап шықтым, «Гистология, цитология, эмбриология атласы», «Орысша-қазақша медициналық сөздік», «Ағылшынша-қазақша медициналық сөздік» кітаптарына серіктес автормын. Осындай еңбектерім үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталдым.
Тіл мәселесі білім саласында бірінші орында тұруы керек, әйтпесе мамандар қазақ тілі үшін басын ауыртпайтын болады. Тәуелсіздіктен бұрын мен еңбек ететін оқу ордасында екі ғана қазақ бөлімі болды. Ал қазір мұнда оқитын жастардың 80 пайыздан астамы – өзіміздің қаракөздер.
...Мансап, атақ дегендер адалынан бұйырып тұрса жақсы ғой, бірақ өмірінің мәнін соған қол жеткізу деп түсінетіндер – саяз ойлайтындар дер едім. Егер сенің мансабыңның, атағыңның еліңе, халқыңа пайдасы тимей, қызығын тек өзің ғана көретін болсаң, оның несі мұрат? Мысалы, мен 48 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатырмын. Кітаптар жаздым, ғылыми мақалалар жарияладым, бірақ ғылым докторы емеспін. Неге? Докторлық қорғауға шамам келмеді деймісің? Келді. Бірақ өзім бас тарттым. Әйтпесе, 1988 жылы медициналық университеттің ғылыми кеңесінің қарарымен Мәскеуге докторантураға жіберілетін болдым. Бәрі заңды, оңтайы келіп тұр. Ендеше, неге бармай қалдым?
Кафедрамыздың меңгерушісі татар кісі мен кетсем, студенттерге қазақ тілінде сабақ беретін маманның болмайтынын айтып өкініш білдіргенде, енді ғана қазақыланып келе жатқан медициналық білім ордасындағы істерімді қиып тастап кетуге дәтім шыдамады. Өзіме бедел болар докторлықтан бас тартып, ойда жүрген мақсаттарымды жүзеге асыруға кірісіп оқулық жаздым, терминдерді қазақшалауға үлесімді қостым. Бұл ісім үшін өкінген емеспін, керісінше, менің еңбектерімді оқып, білім алып жатқан халқымның перзенттерін көріп қуанамын.
Біліктілік құр сөз емес сарнаған
Жасыратын несі бар, бүгінде еліміздегі медициналық қызметке жұрттың көңілі тола бермейді. Біреулер ауруының диагнозының дұрыс қойылмағанына налыса, тағы біреу медициналық тексеруден өтуге барғанда ұзын-сонар кезектен шаршағанын айтады. Тіпті, әлеуметтік желілерде дәрігерлердің біліксіздігі жиі сыналып жатады: қайда барса да УЗИ, КТ, рентгенге түсіре беретіндер, керекті-керексіз қымбат дәрілерді жазып беретіндер, т.б. жайында әңгіме көп. Тіпті, қаражаты бар адамдар еліміздің медицинасына сенбей, алды Германия, Израильге, соңы Өзбекстан мен Қырғыз Республикасының дәрігерлеріне көрініп емделетін болып кетті. Бұл неліктен? Бізде медицина расымен төмен бе, әлде жемқорлық бұл салада да асқынып кетті ме (ондай жағдайлар туралы да жазылып жүр) немесе еліміздің медициналық оқу орнындары білікті маман дайындауға қабілетсіз бе?
Көңілімізді күпті қылып жүрген осындай сан сауалдарды қойғанымызда, профессор Ахметов бұл жайында өзін де мазалап жүрген ойларын айтты:
– Медицина маманы болу, болғанда да білікті маман болу оңай емес. Оған оқу орнындағы материалдық базаның молдығы, ұстаздардың біліктілігі, білімнің жан-жақты берілуі, тәжірибе жүзінде жұмыс істеу, т.б. көптеген фактор әсер етеді. Әрине, әр оқыған маманның жеке басының қабілеттілігі мен жауапкершілігі де маңызды.
Медицина мамандарын дайындау мәселесінде бұрынғы кездегі жағдай мен қазіргі кездегі жағдайдың арасында айырмашылық көп. Бұрын болашақ дәрігерлер мединституттарда алты жыл оқығанда бәрін қалдырмай оқитын, аурудың және оны емдеудің барлық түрлері жайында мол мәлімет беріліп, емханаларда тәжірибе жұмыстары көп жүргізілетін. Ал қазір басқаша болып кетті. Шетелдік медициналық үдеріске еліктеу басым. Одан медицинамыз жақсарып кетсе, қане?!
Әр елдің қай салада болса да қалыптасқан жолы, психологиясы бар. Оны аз күнде мүлде өзгертіп жіберу мүмкін емес. Сондықтан шетелдердегі әдіс-тәсілдер бойынша немесе соған ұқсатып бізде мамандар дайындау қандай нәтиже беруі мүмкін, алдымен сол жағын ойлану керек сияқты.
Мәселен, мен Чехияда, Польшада болып, олардың медицинасымен таныстым. Оларда мынау аурухана, мынау емхана деген жоқ. Себебі ол жерде жатып емделу өте қымбат тұрады. Бәрі жекеменшік. Сондықтан халқы да ауырып қалмауға тырысып, бала күнінен өз денсаулығына қатты қарайды. Тыйым салынған нәрселерден аулақ жүріп, ауырмай тұрып тексеріледі. Сондықтан ол елдерде ауру деген шығын, қаржылық қиындықтарға ұшырататын проблема деп саналады.
Ал біздегілер ше? Ішімдігін ішіп, шылымын тартып, әнін шырқап жүре береді. Денсаулығын мүлде ойламайды. Себебі ауырса, емдейтін емхана бар. Соған әбден сеніп алған бәрі! Бізде «өздеріңе өздерің қараңдар, ауырмаңдар» деген әңгіме жоқ. Керісінше, ауырсаң, емдеп аламыз деген принцип бар. Бұл дұрыс емес, әр адам ең алдымен өз денсаулығына жауапты болуы тиіс емес пе? Ауруын өзгеге міндет қылу кеңестік кезден келе жатқан әдет қой! Кеңес одағында ауруларды жатқызып емдейтін 3 миллион койка болған екен. Бұл деген әр күн сайын сонша адамды жатқызып емдеу деген сөз емес пе? Ал Еуропа елдерінде 3 миллион койка деген болмайды, олардың ұстанымы: «Өзіңнің денсаулығыңа өзің қара, өзіңді өзің күт. Ауырып қалсаң, сені біреу емдеп жазуға міндетті емес!». Біздегідей бала кезден түрлі екпелерді міндеттеп те салмайды: алғың келсе ал, салдырғың келсе салдыр. Егер, оны қаламасаң, өзің біл! Ал біздегі ауырсаң ауыра бер, емдеп жазып аламыз деген әдет адамдарға кері әсер етіп жатқан сияқты. Жыл сайын түрлі науқасты емдеу үшін қаншама қаражат бөлінеді, бірақ соның пайдасы қане? Аурудың алдын алмай, оның салдарын жойып, емдеумен қанша айналыссаң да, ауруларды тоқтата алмаймыз. Қаражат бөліне береді, адамдар ауыра береді, оны емдей береміз, сөйтіп елдің ақшасы желге ұша береді. Оның орнына адамдарға денсаулығына мән беру керек екенін, оның маңызы зор екенін, ақшаң шығын болмайтынын түсіндіріп, әркімнің өз денсаулығы өзіне қажетті екенін үздіксіз түсінік беру пайдалырақ.
Мәселен, соңғы кезде елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққандар көбейіп, оны емдеу үшін мемлекет орасан зор қаражат бөліп жатыр. Ал дертке шалдыққандардың біразы ертерек скринингтен өтпеген, ауруын асқындырып алғандар. Оның соңы қайда апаратыны белгілі. Демек, мемлекетте денсаулықты сақтау мәселесінде насихаттық шаралар әлсіз.
Қазір медицина мамандарын даярлауда де кемшіліктер көп. Баяғыдай талап жоқ. Бұрын 6 жыл оқытып, сен енді мамансың, адам емдеуің керек деп жауапкершілік артатын. Ал бүгінде алдымен ананы, сосын мынаны оқимын деп жүріп, дәрігер болатын адамның 11-12 жылы оқумен өтеді. Оқып жүре береді, әйтеуір, керек болса да, болмаса да. Содан келіп, оқу да адамды жалықтырып, жауапкершілік төмендеп кетеді. Қазір емханаларға барған адамдарға анаған түсіп кел, мынаған түсіп кел дейді. Бірақ соның бәрін салыстыра қарап отырып, сараптайтын маман бар ма? Бәрінің миы керек емес нәрсеге толып кеткен!
Бұрындары дәрігерлер ауырып келген адамның ауырған жерін ұстап, жүрегін тыңдап, өзі тікелей тексеріп көретін. Қазіргілерде ондай жоқтың қасы. Ауруға муляж деп қарайды. Аурудан қашан, қалай ауырды, бұрын да осылай ауырған ба, т.б. сұрақтар қойып, дерттің диагнозын өз бетінше анықтауға қызықпаса, тек аппараттардың түсіргеніне қарап бірдеңе жаза салса, оның несі дәрігер?
Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя алмауы өте жаман нәрсе. Қазіргі дәрігермін деп жүргендердің талайының қолынан аурудың диагнозын анықтау келмегендіктен, алдына келген науқасты рентгенге бар, УЗИ-ға, КТ-ға түсіп кел деп анда-мында жүгіртіп отырады. Оларға түсу әжептәуір ақша тұрады. Дәрігер жаңағы аппараттардың түсіріп бергенін талдай алса, жақсы ғой... Бұл біздің медицинамыздағы масқара жағдай енді.
Бұрынғы кезде дәрігерлердің өлген адамның денесіне ота жасап көретін еді, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ешкімі жоқ, қайтыс болған кемпір-шалдардың ешкім денесін сойып көруге бермейді.
Шетелде адам соймай-ақ диагноз қояды екен, біз де сөйтуіміз керек деген соң, соған көштік қой. Бірақ шетелде адам өлгенше зерттеп, диагнозын анықтап қояды. Ал бізде адамның ажалы неден болғанын, ол өлген соң ғана патологоанатомдар анықтап жатады. Демек, диагнозы да өлген соң анықталады деген сөз. Адамның тынысы тоқтаған соң, оның диагнозы анықталғанының оған не пайдасы бар, тек дәрігерлердің қателігі ғана белгілі болады.
Бүгінде адамдар отадан, дұрыс емдемеуден өліп кетіп жатыр, бірақ оның өлген соң патологоанатомдар тексермеген соң, дәрігерлерден кеткен қателіктер солардың мүрделерімен қос көміліп жатыр... Емхананың бас дәрігерлері қайтыс болған адамның ажалының себебі неден болғанын анықтаудың орнына өз қызметкерлерінің қателіктерін бүркемелеумен жүреді. Одан кімге пайда? Қателік көзге шұқып көрсетілмеген соң, ол қайталана береді, тағы біреулердің өмірінің үзілуіне әкеледі.
Аурухана басшысы өзінде емделген адамның мүмкіндігінше жазылып шығуына, денсаулығының жақсарып кетуіне мүдделі болуы керек. Сонда ғана дәрігерлердің жауапкершілігі артады.
Мәселен, мен бір кезде №12 ауруханада бес жыл патологиялық анотомия бөлімінің бастығы болдым. Ол аурухананың бас дәрігері Есентай Тәжиев деген азамат жауапкершілік дегенге қатты қарайтын. Егер қарамағындағы дәрігерлердің біреуі емдеуде, диагноз қоюда қателік жібергені анықталса, бірден жұмыстан шығарып тастайтын. Қазір сондай бар ма? Ауруханада көз жұмып жатқан адамдардың неден кетіп жатқанын ешкім білмейді.
Сосын дәрігерлердің жауапсыздығы талай адамның өмірін қиятын жағдайлар болады. Жалпы, патологоанатомдар дәрігерлердің біліктілігін тексеретін мамандық иелері ғой, олардың қойған диагнозы дұрыс па, хирургтер ота жасағанда қате жіберді ме, жоқ па дегенді анықтайды. Өзім де қайтыс болғандарға аутопция (өлімнің себебін анықтау үшін қайтыс болған адамның денесіне экспертиза жасау) жасай жүріп, талай таңғаларлық жағдайға кез болғаным бар. Бірде ауыр науқасқа шалдығып, отадан соң қайтыс болған адамның денесін ашып қарасам, бауырының астында ұзындығы 25 см темір қысқаш шықты. Сұрастырып қарасам, ол хирургте бұл жағдай бұрын да болған екен.
Одан кейін Талдықорған қаласында бір зауыттың директоры болған адам өтқалтасына ота жасалғаннан соң қайтыс болып, соның денесіне аутопсия жасадым. Жағдай былай болған: оның өтқалтасын алып тастаған дәрігер үйіне қайтып кетеді. Бірақ кешке қарай науқастың жағдайы қиындай береді, кезекші дәрігер ол туралы бас дәрігерге айтуға қорыққан. Сөйтіп, отадан шыққан адам дүние салған. Сонда қарасам, өтқалтаны алғаннан кейін хирург оны тіккен кезде шала тіккен, содан өт сыртқа ағып кеткен. Былай қарағанда, білікті, тәжірибелі хирург, бірақ өзіне қатты сеніп кеткендіктен қателік жіберген.
Тағы бір жағдай.
Бір хирург соқырішекке ота жасағанда, соның ішінде бірнеше салфеткасын қалдырып кеткен. Содан кейін ол салфетка еріп ішектерге жабысқан. Бір жылдан соң оны рентгенге тексеріп қараған дәрігерлер түйін болып тұрған бірдеңелерді көріп, «ойбай, мынау қатерлі ісік
қой» деп, сәуле терапиясымен емдеп, сау адамның өмірін қияды. Оны аутопция жасағандар анықтаған. Бірі адамның ішінде салфетка қалдырып бір қате жасаса, екіншісі онкология деп қате тұжырым жасап, сап-сау адамның түбіне жеткен.
Жалпы, әрбір дүние салған адамға аутопция жасаса артық емес, ол адамның ажалының неден болғанын, диагнозы дұрыс қойылды ма, жоқ па – соны анықтап, екінші рет кетуі мүмкін қателіктің алды алынар еді. Оның пайдасы көп. Бір мысал айтайын: жоғарыда айтып өткен №12 ауруханада дәрі құю үшін науқастарға катетер салынғанда тамыры тесіліп, содан қан кетіп, көз жұмғандар болды. Жағдай анықталған соң, катетер қойған дәрігерлер «Ресейден шыққан катетерлер жуан әрі қатты, сондықтан тамырға зақым келтіріп жатыр. Сол үшін одан бас тартып, Франциядан шыққан иілгіш, жұмсақ катетерді пайдалану қажет» деген ұсыныс айтқан соң, Францияның өнімін қолдана бастағанда әлгіндей жағдайда қаза табатындар бірден тоқтады. Сөйтіп, реаниматорлардың біліктілігі арқасында көптеген адамның өмірі сақталып қалды.
Міне, осындай жағдайларды саралай келгенде, патологанатомдардың рөлін күшейту дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бүгінде өздерінің қателігі ашылып қалудан қорқатын дәрігерлердің бәрі аутопцияға қарсы.
Сосын адамдардың қыл үстінде тұрған өмірін саудаға салатындар да болады екен. Қайбір жылы Ұлттық банктің төрағасы болған бір азаматқа Астанада үкіметтік аурауханада қатерлі ісік деген диагноз қойылған. Оған тіпті Израильге барып емделуіңіз керек деп те ескерткен. Бірақ ол кісіге Алматыда емделуге кеңес бердік, қуықасты безіне ота жасалды. Материалды тексеріп қарасақ, ешқандай қатерлі ісіктің ізі жоқ. Шамасы, біреулер оны ауруың жаман деп үрейлендіріп, шетелге барып емдеуге көндіріп, ауру емес адамды емдеп жаздық деп көп ақшасын алмақ болған сыңайлы.
Жалпы, мұндай қате диагноз қойылғандардың талайын анықтадық. Соның арқасында қатерлі ісікке шалдықты деген талай адамда ондай дерттің мүлде жоғы анықталып, ауыр химиятерапиядан сақтап қалдық.
Әр қадамды ойланып басқан жөн
Сұхбатымыздың соңында Жауғашты аға былай деп ескертті:
– Аурудың диагнозының дер кезінде анықталуы – аса маңызды нәрсе. Мәселен, адамның асқазандағы қатерлі ісік бірінші кезеңінде анықталса, ондайды науқастардың 95 пайызы дертінен құлан-таза айығып кетеді. Ал дерт екінші-үшінші кезеңде анықталса, ондайға ұшырағандардың 50 пайызы ауруынан жазылады. Демек, кез келген адам медициналық тексерулерден уақытылы өтіп, сау болса сау екені анықталып, ауруы болса диагноз дұрыс табылса, ол жеке адам үшін де, медицина ғылымы үшін де, мемлекет үшін де аса пайдалы нәрсе. Себебі біздің елде ең басты байлық – адам, ең құнды нәрсе адамның өмірі.
«Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған пайдалы» дейді халық даналығы. Соны жадымыздан шығармауымыз керек. Халқымыз әлі күнге өз денсаулығына мән бермейді, ауырса әбден әлсірегенше дәрігердің алдын көрмейді. Сау күнінде денсаулығын тексертетіндер бар, ауырса дәрігерге көрінетіндер бар, ал енді бірі науқасы әбден меңдегенде ғана медицинаға жүгінеді. Осының ең алдыңғысы болғанымыз жөн. Дұрыс тамақтануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға тырыссақ, уақытында дем алып, уақытында ем алсақ – ұзақ жасауға кепілдік сол. Әрбіріміздің отбасымыз, солардың алдында жауапкершілігіміз барын ұмытпайық!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ