Қазақ мультфильмі - идеология құралы

Бала тәрбиесінде идеологияның алар орнын сал­мақтасақ, бүлдіршіндерімізге не көрсетіп жүрміз деген сауал са­нада қылаң береді. Осы ретте қазақ анимациясының жай-күйі тура­лы Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ор­денінің иегері, «Сақ» ки­но­студиясының режиссері Батырхан Дәу­ренбековпен әңгімелескен едік.

Қазақ мультфильмі - идеология құралы
сурет: turkystan.kz
1143

Бүгінде әлем бойынша мультфильмдердің фильмдерден рей­тингі жоғары, кассаны да көп жинайды. Балалардың қы­зы­ғушылығын дөп басып, ойдан құрастырылған кейіпкерлерден қаһарман жасап табыс тауып, идеологиясын насихаттап жатқан ел­дер жетерлік. Бала тәрбиесінде идеологияның алар орнын сал­мақтасақ, бүлдіршіндерімізге не көрсетіп жүрміз деген сауал са­нада қылаң береді. Осы ретте қазақ анимациясының жай-күйі тура­лы Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ор­денінің иегері, «Сақ» ки­но­студиясының режиссері Батырхан Дәу­ренбековпен әңгімелескен едік. 

– Алғашқы сауалымызға жауапты қа­зақ анимациясының бүгінгі бета­лы­сынан бастасақ...

– Еліміздегі анимация өндірісінде сең қоз­ғалды десек болады. Жақсы дамып келе жа­тыр. Осыдан он шақты жыл бұрын мүл­дем тоқтап қалған еді. «Қазақфильмнің» қа­натының астында «Қазақ анимация» шы­ғармашылық бірлестігі құрылған бо­ла­тын. Бірлестікте он шақты студия жұмыс іс­тейді. Былтыр аталған бірлестікке мем­ле­кет қаржылай қолдау көрсетіп, студияларға ақша бөлінді. Соның арқасында бес минут­тық біраз мультфильмдер жасалды, биыл да осындай жұмыстар қолға алынып жат­қа­нын естідім. Бұл – қуанарлық жағдай. 
Елімізде студиялар әжептәуір сапалы дең­гейге жетіп қалды. Balapan арнасында көрсетіліп жатқан «Қошқар мен текенің» жалғасы ретінде түсірілген «Тоқты мен серкенің» сапасы орыстардың «Маша мен аю» мультфильмінен кем емес. Бүгінде «Тоқты мен серкенің» 50 сериясын жасадық. Әрі қарай да жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Бүгінде «Қошқар мен текенің» қ­а­ралымы 20 миллионнан асты. Жақсы жаңа­лығымыз да бар, «Қошқар мен текені» үл­кен экранға толықметражды фильм етіп шы­ғаруды ойластырып жатырмыз. Бұл жер­де оқиғасы мүлдем басқаша болады. Екеуін жатқан қораларынан ұрылар ұрлап ке­теді. Басқа жерге тап болған екеуінің бас­тан кешкен қызықты оқиғаларын көр­сетпекпіз.  

– Өзіңіз сценарийін жазып түсірген «Қошқар мен теке» балалардың сүйікті мультфильміне айналуының сыры неде деп ойлайсыз?  

– «Қошқар мен теке» мультфильмі «Қа­зақ­фильмнің» тапсырысы бойынша жа­сал­ған. Алғашқы бөлімдері шыққан сәттен бас­тап халыққа ұнады. Ол кезде «Қазақ­фи­льм­нің» басшылығында Ермек Аманшаев еді. Ол кісі Германияға барған сапарында осы мультфильмді көрсеткен, сонда қан­дас­тарымыз көріп риза болған екен. Мульт­фильм­де текенің: «Біз бақытты басқа жақ­тан іздеп жүрсек, бақыт деген өзіміздің шаңы­рағымызда, өзіміздің қорамызда екен ғой» деп айтатын сөзі бар. Осы жерін көр­ген­де қандастар көздеріне жас алған деседі. 
Туынды тілінің қазақы ұғымға лайық­талып жазылғаны ұтымды тұсы болды деп ой­лаймын. «Балам, саған кім тиді?» десе: «Авафтар» дейді. Қасқырларды кішкентай баланың тілімен осылай айтады. Сондай-ақ «Мен оларды қазір әт-әт қыламын», «Ша­лым, қалай сенің халің?»  деген сөздер ел ішінде кең тарап, қолданысқа еніп кетті. 
Жалпы, біз тәрбиелік мәні бар фильм­дер­ді көп түсіруіміз керек. Балалардың қы­зығушылығына сай келетін туындылар са­ны көбейсе, қандай ғанибет. Біз бүгін ба­лаларға не көрсетсек, ертең соның же­місін жейтінімізді ұмытпағанымыз дұрыс. «Не ексең, соны орасың» деген сол. Біз ба­ла­­ларымыға аңыз әңгімелер, ертегі, эпос­тық жырлар, мақал-мәтел, жаңылтпаш, да­налық сөздерді айтпайтын болдық. Ба­ла­сына ертегі айтатын аналар мен әжелерді тым сирек кездестіреміз. Ертегіні жақсы көр­мейтін бала болмайды. Ертегіде жақ­сылық пен жамандық қатар өрбіп, соңында жақ­сылық жеңіп отырады. Жауыздық жеңі­ліп, ізгілік үстемдік құрады. Басты кейіпкер қан­шама қиындық көрсе де талмай күресіп, соңын­да мақсат-мұратына жетеді. Ертегі ба­­­­ланың қиялын шарықтатып, қиялдау, ар­мандау, ойлау, көзге елестету қабілеттерін дамытады. Түбінде жақсылық пен ізгіліктің жеңетінін білетін баладан болашақта жа­ман адам шықпайды. 
Тағы бір айтарым, халқымыздың эпос­тық жырлары мультфильм болуға сұранып тұр. Қобыланды, Алпамыс батырларды неге шығармасқа? Балаларға арнап заманауи етіп шығарса қандай керемет! Қазір бала­лар­дың ойлау жүйесі өзгеше. Динамиканы жақ­сы көреді. Оқиғаның тез-тез өткенін, әзіл­дері көп болғанын қалайды. Балалар­дың талабын орындай алсақ, қазақ анима­ция­сы дамитыны анық. 

– YouTube платформасында қазақ­тіл­ді балаларға арналған контент бос тұр десек те болады. Оны толтыру тек қа­ра­жат мәселесіне байланысты ма?

– YouTube-та контент дамыту үшін ыл­ғи да жаңа материалдармен толықтырып, қамтамасыз етіп отыру керек.  Яғни, әр 3 ми­нуттық, 5 минуттық түрлі мульт­фи­льм­дерді салып отыру керек жаңартып. Жүйелі түрде жүктеу қаражатты қажет етеді. Қыр­ғыздар осыны мықтап қолға алды, му­льт­фильм­дерді, оның үзінділерін YouTube-та жиі жариялайды. Бүгінде олар қатты дамып кетті. Ал бізде бұл жағы әлсіз. Студиялардың өзі әлі айналымға келе алмай жатыр. Бұл тү­сінікті де, өйткені олардың дені мемле­кет­ке алақан жайып отыр. Ал жалғыз Bala­pan арнасы балалардың сұранысын қа­на­ғат­тандыра алмайды, шамасы жетпейді.  Ба­лаларды тәрбиелеуге бағытталған тағы 2-3 телеарна болса, сапалы туындылар кө­бейер еді. Нарықтың заңы солай, бәсе­ке­лестік болмаса даму да болмайды.  

– Бүгінде тілі шықпаған баланың өзі YouTube-тан «Синий трактор», «Ма­ша мен аю», «Чики, Ча-Ча, Ля-Ля және Бум-Бум» сынды мультфильмдерді жаңыл­май тауып алып көреді. Ал қазақ­ша анимациялық туындыларды қойсаң тез ауыстырып тастайды. Мұ­ның себебі мультфильмдегі динамика, жыл­дамдық, қозғалыс, диалог, музы­каға байланысты емес пе?

– Біздің елімізде балалар тақырыбында жа­затын ақын-жазушылар, сценаристер аз. Өйткені олар мемлекет тарапынан қолдау көрмейді. Мен сұхбаттарымда ылғи да Жаңа Қазақстанды жасайтын – жас өсіп келетін жасөспірімдер деп айтып жүремін. Санасы уланбаған, жемқорлық дегенді білмейтін жасөспірімдердің бойына кино мен анимация арқылы ұлтымыздың тілін, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін сіңіріп өсіру­ге болады. Қазақ мультфильмі – ұлт­тық идеология құралы. Негізі, тек қана ани­­­мация емес, балаларға арналған фи­льм­дерді де дамыту керек. Бізге елін, жерін сүйе­тін, еңбекқор, білімді, алғыр ұрпақ керек болса, балалар фильміне баса назар аударылуы керек.  
Негізі, отандық анимация қаржының аз бөлінетіндігінен дамымай отыр­ғаны бәріне белгілі. Сапалы дүние көп ақ­шаны талап етеді. Ұлттық киноны қолдау мем­­­лекеттік орталығы былтыр бізге «Алан ту­ралы аңыз» деген толықметражды му­льт­фильм түсіруге қаржы бөлді. Тәуел­сіз­дігі­міз­дің, Алматының символы саналатын ба­рыстың күшігі алан туралы «Кунг-фу Пан­да» секілді қызықты, әлемге таралатын туын­ды жасағымыз келді. Конкурсқа смета дайындағанда 360 млн теңге қаржы керек деп көр­сеттік, алайда бізге 200 млн бөлді. Қал­ға­нын кесіп тастаған. Осы қаражат жет­кі­лікті деп ойлаған болар. 
Баяғыда бір адам шеберге тері әкеліп,  бас киім тігіп беруін сұрайды. Екеуі ке­ліс­­кен соң әлгі кісі қайтадан бұрылып ше­­­­берден: «Мына теріден 2 бас киім тігуге бола ма?» дейді. Шебер иә деп жауап береді. «Үшеу ше?». – Болады. «Төртеу, бесеу тігуге бо­ла ма?». – Әрине, болады. «Онда маған же­теу тігіп беріңізші», – дейді. Ертеңіне кел­се шебер кішкентай-кішкентай 7 қал­пақ тігіп қойыпты. Орыстың осы ертегісінің ас­тарында шындық бар. Қай салада бол­ма­сын тұтас, толыққанды дүние жасау үшін қар­жыландыру жақсы болуы керек. Сұра­ған қаржыңды екі есе азайтып тастаса, қалған қаржыны қайда жеткізесің? Біздің орта­лықта 25 адам жұмыс істейді. Олардың жа­лақысын төлеуіміз керек, одан кейін ани­мация деген инемен құдық қазғандай жұ­мыс. Мультфильмнің әр секундына 24 су­рет салыну керек. Ол жерде қаншама кейіп­кер болады. 
Мәселен, «Кунг-фу Панда-4» мульт­филь­мін жасауға 85 млн доллар жұм­салған. Нә­тижесінде, 346 084 265 млн доллар пайда тап­ты. Жұмсалған шығын бір­неше есе қайт­ты. Біз әлемге ұялмай көр­сететін му­льт­фильмдер жасай аламыз. Тек қаржылық қол­дау болса болғаны. 
Креативті индустрия саласын қолдау ту­ралы Мемлекет басшысы да айтып жүр. Был­тырғы Жолдауында: «Қазір креативті ин­дустрия орталықтары үш ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған. Өңірлер бұл тұрғыда назардан тыс қалып отыр. Мұны түзету керек. Таланттарды тартатын шығармашылық индустрияның ор­талықтары әрбір облыс орталығында, әр­бір ірі қалада болуға тиіс. Ол орталықтар қа­тысушыларға өз өнімдерін ком­мер­ция­лан­дыру мәселелеріне көмектесу керек»,  – деген болатын. Президентіміздің ұрпақ тәрбиесіне басымдық беріп, бүлдіршіндерді тәр­биелеуде кино мен анимациялық фи­льм­­дерге көңіл бөлуі қуантады. 
Бүгінгідей цифрлық технологиялар дәуі­рінде кино мен анимация балалар мен жасөспірімдердің санасының қалып­тасуы­на әсер ететін негізгі идеологиялық құрал еке­нін ескерсек, саладағы қордаланған мә­селелерді шешуге күш салуымыз керек. Осы орайда Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаеваға хат жолдап, ани­мация мамандарын қабылдауды сұрадық. Әзір­ге жауап жоқ. Министр білікті маман­дардың пікіріне, ұсыныстарына құлақ асса, қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар. 

– Әңгімеңізге рахмет!
 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары