Тапшылықтың бәрі жоқшылықтан емес
2023 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жетіп, 30 пайызға артқан. Ал Бірінші кредиттік бюро хабарлауынша, өткен жылы мемлекеттік бюджет шығыстары бір жыл ішінде төрттен бір есе өскен. Оны Қаржы министрлігінің деректері де растап отыр.
Былтыр жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жетті. Қаржы министрлігінің дерегіне қарасақ, тапшылық 30 пайызға артқан.
Жалпы, кірісімізден шығысымыз көп екені – талайдан бергі өзекті мәселе. Жақында Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін көтерген болатын.
Оңды-солды шашуға болмайды
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бюджет қаржысын оңды-солды шашпай, ең қажет деген жобалар мен маңызды мәселелерді шешуге ғана жұмсалуға тиіс екенін нақты айтты.
– Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, – деді Президент.
Иә, қазір бюджеттің кіріс-шығысы қаралып, қайта сараланып жатыр. Үкімет Президенттің тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірледі. Құжатты 10 қазан күні Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Парламентке таныстырды. Ал Мәжілістің былтырғы 27 желтоқсан күнгі жалпы отырысында «Бюджет кодексі туралы» заң жобасы екінші оқылымға өткен болатын.
Жаңа Бюджет кодексінің жобасы бұрын қабылданған 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына негізделген. Үкіметтің ақпаратына сүйенсек, жаңа Бюджет кодексінің жобасымен жұмыс істеу оңайға соқпаған, әрі көп уақытты қажет етіпті, өйткені ол үшін жан-жақты талдау, озық әлемдік тәжірибелерді зерттеу керек болғаны айтылды. Халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және бюджеттік процестерді модельдеу мақсатында ХВҚ сарапшылары шақырылыпты. Новеллалар жұртшылықпен және бюджеттік процеске қатысушылардың өздерімен бірнеше рет талқыланған. Жалпы, құжатта негізінен оңтайландыру, үнемдеу, жауапкершілік, жеделдік сияқты мәселелер қарастырылған.
Дегенмен сол кезде бірқатар депутат жаңа кодекстің негізгі мәселелерді шешпейтінін айтып, сынға да алды. Кем-кетігіне тоқталды. Алайда айтылған сын мен ескертпелер назарға алынса, бұл құжат әуелгі мақсатқа жеткізетіндей құқықтық-реттеуші негіз болатынына сенім бар.
Ал даңғазалық пен малшашпақтықтан қашып, бюджет қаржысын үнемді әрі жүйелі жұмсауға дағдылану – сол негізді берік қалыптастырудың алғышарты.
5 жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқан
Бюджет тапшылығы мәселесін Президент былтыр жыл аяғына қарай өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтеріп еді. Сол кезде 5 жылдағы тапшылық 11 триллион теңгеден асып кеткенін айтқан.
– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді, – деген еді Мемлекет басшысы.
Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Президенттің сол кезде айтқанын негізге алсақ, қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады.
Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатқанын айтты.
– Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды, – деген еді.
Осылайша, кейіннен Премьер-Министр қосылған құн салығының мөлшерін өсіру туралы бастамадан бас тартатынымызды мәлімдеген еді. Бұған дейін Үкімет ҚҚС-ның түсімдерін бюджетті толтыратын маңызды көзге балап отырғанын жазған болатынбыз. Былтырғы 7 айдың қорытындысы бойынша салық түсімдерінің ішінде ең үлкен өсім осы ҚҚС-да байқалған еді. 2022 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда ҚҚС түсімдері 822,1 миллиард теңгеге, 39 пайызға өскен. Жалпы, былтыр жыл қорытындысы бойынша бюджетке түскен 24,9 триллион теңгенің төрттен үш бөлігін – 18,9 триллион теңгесін салық түсімдері құраған. Соның ішінде, КТС-дан – 5 триллион теңге және ҚҚС-дан – 5,7 триллион теңге түскен. Ал Ұлттық қордан алынған трансферт үлесі – 16 пайыз (4 триллион теңге).
Негізінен, тапшылықтың ұлғаюы бюджет шығысының едәуір өсуіне, ал кірістің айтарлықтай артпағанына байланысты деп тұжырымдауға болады.
Сөз басында айтқанымыздай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жетіп, 30 пайызға артқан. Ал Бірінші кредиттік бюро хабарлауынша, өткен жылы мемлекеттік бюджет шығыстары бір жыл ішінде төрттен бір есе өскен. Оны Қаржы министрлігінің деректері де растап отыр.
Қай салаға көп қаражат жұмсалады, қай салаға – аз?
Жалпы, шығыстардың негізгі бөлігі білім беру саласына жұмсалыпты. 2023 жылы бұл салаға 5,8 триллион теңге бөлінген. Ал әлеуметтік көмекке 5,3 триллион теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ білім саласына әлеуметтік көмекке қарағанда өткен жылы көбірек қаражат бөлінген. Біріншісінің көрсеткіші 28,4 пайыз болса, екіншісі – 17,5 пайыз.
Үшінші орында – Денсаулық сақтау саласы, салаға былтыр 2,5 триллион теңге бөлінген. Одан кейін 1,92 триллион теңгемен ТКШ саласы тұр, бұл саланың көрсеткіші бір жылдағы шығыстың 47 пайызға өскенін көрсетеді.
Шығысы ең жылдам көбейіп келе жатқан салалар қатарында «Борышқа қызмет көрсету» бағыты бар – 1,87 триллион теңге. Өсу қарқыны – 37 пайыз. Бір қарағанда түсініксіз көрінетін термин белгілі бір уақыт аралығындағы сыйақының, комиссия, айыппұл және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдер жиынтығының ортақ атауы.
Мемлекет қорғаныс шығындарын ең аз өсірген. Бір жыл ішінде сала шығысы тек 5,1 пайызға, 1,2 триллион теңгеге дейін өскен.
Мемлекет өнеркәсіп және құрылыс салаларына, отын-энергетика кешені мен жер қойнауын пайдалануға, сондай-ақ мәдениет, спорт және туризм салаларына ең аз қаражат жұмсайды. Бірақ «отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану» шығындары аз болғанына (343,6 миллиард теңге) қарамастан, 2022 жылғымен салыстырғанда бір жарым есе өскенін айтып өткен жөн.
Қазынамызды қалай толтырамыз?
Депутат Мархабат Жайымбетов биыл елімізде тағы да бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Депутат қазынаны толтыруға байланысты өзінің нақты ұсынысын жеткізді. Ол қосылған құн салығын өсіру емес, салық жеңілдіктерін оңды-солды бере беруге болмайтынын алға тартып отыр. Бұл мәселені шешу үшін ол квазисектордың таза пайдасын бюджетке беруді және салық жеңілдіктерін 30-50 пайызға дейін қысқартуды ұсынды.
Ал экономист Мақсат Сералы көлеңкелі бизнесті жарыққа шығаруға күш салуға тырысу керек екенін айтады. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті ынталандыруға ден қою керек деген пікірін жеткізді.
Мархабат Жайымбетов,
Мәжіліс депутаты,
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі:
Кейбір салық жеңілдіктері тиімділігін көрсетпей жатыр
– Қазынамызды қалай толтырамыз? Осы сұрақ төңірегінде Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауалымды жолдаған болатынмын. Айтқанымдай, биыл да елімізде бюджет тапшылығы болу қаупі жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны – 24 триллион теңге. Оның 16,5 триллион теңгесі – табысымыз, 3,6 триллион теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 триллион теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни, тапшылық 7,5 триллион теңге болып отыр. Өкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз.
Алдымен, квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға ең кемі 3 триллион теңге түсіруге болады.
Екіншіден, квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Мәселен, ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер не үшін қажет?
Келесі мәселе – салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында «Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет», – деген болатын. Мемлекеттік кірістер Комитетінің дерегіне сүйенсек, қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 триллион теңге болған. Бұл – бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік –жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген. Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл – айтарлықтай көп. Біз алдымен 30 пайызға қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 триллион теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50 пайызға жеткізуге болады деп ойлаймын. Расымен, кейбір салық жеңілдіктері тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр. Көбіне, жеңілдіктерді алатын – ірі компаниялар.
Яғни, қорыта айтқанда, салық жеңілдіктеріне толық ревизия жасап, шетелдік тәжірибені қарап, алдымен 30 пайыздан астамын қысқарту қажет. Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту керек. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын 100 пайыз бюджетке беру қажет. Ұлттық компаниялардың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етіп, шығындарды болжап, кірісті көбейте аламыз.
Мақсат Сералы,
экономист:
Мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты жемісті екенін саралау керек
– Бюджет тапшылығын реттеу, бюджетке түсетін түсімдерді көбейту үшін бірқатар жұмысты қолға алу қажет. Мәселен, көлеңкелі экономикадағы бизнесті жарыққа шығарып, заңдастыруға тырысу қажет. Бұл нені білдіреді? Біз олардың салық төлеуіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Еліміздегі көлеңкелі бизнестің үлесі өте жоғары. Шамамен экономикадағы бизнестің үштен бірі – көлеңкелі экономика десек, жаңылыспаған болар едік.
Содан соң осы уақытқа дейін ұрлаған, тонаған шетелге капитал шығарған, салықтан жалтарған байлар бар, кәсіпорындар бар. Қаншама миллиардтаған қаражат шетелге кетті. Қазір жұмыс жүріп жатыр, дегенмен біз осы бағыттағы да жұмысты күшейтуіміз керек.
Сондай-ақ қазір елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Дегенмен де, олардың тек қана 1 миллион 400 мыңға жуығы ғана нақты жұмыс істеп тұр. Яғни, аты бар, заты жоқ. Олардың жұмысы неліктен тоқтап тұр? Неліктен олар жабылып қалып жатыр? Соның себебін анықтап, оларды да жұмыс істеуге ынталандыруымыз керек. Олар да – біздің салық төлеушілеріміз. Салық төлеу мәдениетін, тәртібін қалыптастыруымыз керек.
Одан бөлек, бюджет бағдарламалары бар, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат бар, соның барлығы жан-жақты саралануы керек. Соның ішінде, нақты бағдарламалар қаншалықты мақсатты түрде жүргізіліп жатыр, қайтарымы қандай болып жатыр, оны да қарауымыз керек. Яғни, бұл қадамдар мен бастамалар Үкіметке қаншалықты қажет деген сұраққа жауап іздеу керек. Себебі қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың біразын алып қарайтын болсақ, көптеген сұрақ туындайтын мәселе бар. Барлығын саралап, экономикалық талдау жүргізу аса маңызды.
Қорыта айтқанда, жаңа құжат жалпы бюджет тапшылығын ғана емес, бюджет төңірегіндегі өзекті мәселелерді реттеуі қажет. Одан бөлек, жанама құралдарды, әдіс-тәсілдерді ойластыру да аса маңызды. Үнемдеу мен ұқсата білу, қаржыны өз мақсатына жұмсау қай жағынан алып қарағанда да қажет болып тұр, себебі біздегі бюджет тапшылығы анық жоқшылықтан емес.