Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздегі ақылды қалалардың рейтингісін жариялады. Көш басында – Астана, соңғы орында – Ақтау. Кейінгі кезде «ақылды қала» деген тіркесті жиі еститін болдық. Жаңадан сондай қала салу туралы да жоспарлар да бар. Дегенмен жалпы бұл ұғым нені білдіреді, қаланы ақылды деу үшін ол қала қандай болуы керек?
Ілгерілеу байқалады – министрлік
Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ақылды қалаларының тізімін жасапты. Министрлік сарапшыларының талдауына сүйенсек, елімізде жоғары технологиялық шешімдерді қолдану көрсеткіші өсіп келеді. Бұл ең алдымен Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай және Өскемен қалаларының тәжірибесінде айқын көрінеді екен. Олар смарт жүйелерді енгізу бойынша үздік бестікке енсе, Ақтау биыл 20-орынға түсіп, Көкшетау, Тараз, Семей және Жезқазғаннан артта қалған.
Министрлік бағалауында қала қызметтерінің цифрландырылуы, жасанды интеллектті енгізу деңгейі мен тұрғындармен кері байланыстың сапасы ескерілген. Қазір еліміздегі қалаларда оқушылар үлгерімін бақылау жүйелері, қоғамдық көліктегі электронды төлем және нақты уақыт режимінде көлік қозғалысын көрсететін қосымшалар, емханаға онлайн жазылу сияқты қызметтер кең таралғаны айтылған. Сонымен қатар IKOMEK 109 сияқты байланыс орталықтары коммуналдық мәселелер туралы тұрғындар өтінішін қабылдап, жедел жауап беруге септігін тигізіп отырғаны жазылған. Қалалардағы бейнебақылау камераларының саны көбейіп, қоғамдық қауіпсіздік те жаңа деңгейге көтеріле бастапты.
Бұдан бөлек, Абай, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін медициналық деректерді жасанды интеллект арқылы өңдейтін жүйелер іске қосылған. Қарағанды мен Алматыда автожол сапасын бағалау үшін де AI құралдары пайдаланыла бастады.
– Бұл тек цифрландыру ғана емес, нақты әлеуметтік-экономикалық әсер беретін жүйелі өзгерістерге жол ашатын үрдіс, – дейді министрлік өкілдері.
Алайда республикадағы 90 қаланың барлығы бірдей мұндай көрсеткішке жете қойған жоқ. Кейбір өңірлерде инфрақұрылым жеткілікті болғанымен, деректермен жұмыс істейтін тұтас экожүйе қалыптаспаған. Бұл, әсіресе мегаполис емес қалаларда қатты байқалады. Кей жерде технология бар, бірақ шешім қабылдауға ықпал ететін нақты механизмдер жоқ. Бұл – цифрлық шешімдер орнатылғанымен, қаланы шын мәнінде «ақылды» етуге жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бірақ министрлік рейтингіні қандай әдістеме арқылы, қандай нақты деректерге сүйене отырып жасағаны туралы мәлімет бермеген.
Азия алға озып келеді
Әлем бойынша бұл үрдіс тіптен қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылғы Smart City Index деректері әлемдік урбанистика мен цифрландыру саласындағы өзгерістерді айқын көрсетті: «ақылды қалалар» дамуының жаңа эпицентрі Еуропа мен Азияға қарай ойыса бастаған. Биылғы зерттеуде үздік ондыққа енген он қаланың жетеуі Еуропадан, ал Азия қалалары да бұрын-соңды болмаған қарқынмен алға шығып отыр. Солтүстік Америка қалалары, керісінше, өз позицияларынан айрылып, тарихында алғаш рет үздік жиырмалыққа кірмей қалды.
Рейтинг Швейцарияның Цюрих, Женева және Лозанна қалаларын, Норвегияның Осло, Ұлыбританияның Лондон, Финляндияның Хельсинки және Данияның Копенгаген қалаларын алға шығарды. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Канберра, Сингапур және Абу-Даби енген. Зерттеуді IMD Бәсекеге қабілеттілік орталығы мен Сеулдегі WeGO ұйымы бірлесіп жүргізген. Онда тек зерттеушілер мен мамандардың бағалауы емес, әр қалада сауалнамаға қатысқан 120 тұрғынның пікірі де ескерілген. Бұл тәсіл қаланың технологиялық деңгейі мен инфрақұрылымының адамдар өміріне шынайы ықпалын көрсетуге бағытталған.
Smart City Index авторларының айтуынша, ақылды қала дегеніміз –технологияны тек сән үшін қолданатын емес, урбанизацияның артықшылығын барынша пайдаланып, кемшілігін азайта алатын орта. Мұндай қалаларда цифрлық инфрақұрылыммен қатар, жасыл аймақтарды көбейту, мәдени өмірді дамыту, азаматтардың әлеуметтік байланысын нығайту, инклюзия мен теңдікке басымдық беру маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар бұл қалаларда адами капиталды тарту, инвестицияны ақылмен ынталандыру, аумақтық теңсіздікпен күрес сияқты ұзақмерзімді саясат жүргізіледі.
Бұл ретте, АҚШ қалалары позициясынан айырылғаны байқалады. Нью-Йорк – 34-орында, Бостон – 36-орында, ал
Вашингтон 50-орынға дейін сырғыған. Сан-Франциско, Лос-Анджелес пен Денвер сынды қалалар да бірнеше сатыға құлдыраған. Бұл технологияның болуы ғана емес, оның адамдар өміріне шынайы әсер етуі басты критерий екенін дәлелдейді.
Ал Азия қалаларының серпіні – бөлек әңгіме. Сингапур жыл сайын үздік ондық қатарында және биыл бесінші орынға көтерілді. Тайбэй бір жылдың ішінде 13 сатыға жоғарылап, 29-орыннан 16-орынға шыққан. Сондай-ақ Пекин, Сеул, Шанхай қалалары да үздік жиырмалыққа енген. Бұл қалалар технологияны әкімшілік функциялар үшін ғана емес, сонымен қатар азаматтық белсенділікті арттыру, деректерге негізделген шешім қабылдау және әлеуметтік сенімді нығайту құралы ретінде пайдаланып келеді.
Smart City Observatory президенті Бруно Ланвин бұл үрдістерді саралай келе, қалаларға болашақтағы белгісіздікке төтеп бере алатын стратегиялар қажет екенін айтады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау мәселесі өзектілігін жоймай тұрса, климаттық қауіптер бұрынғыдан да өткір бола түсті. Ал халықаралық шиеленістер жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Сондықтан қалаларды тиімді басқару шешуші маңызға ие. Оның пікірінше, жасанды интеллект осы процестерді жаңа деңгейге көтере алады.
– Парадокс сияқты көрінгенімен, жасанды интеллект қалаларды адамға жақындата түсетін құрал бола алады, – дейді ол.
Яғни, ақылды қала болу – құрылғылар мен қосымшалар орнату ғана емес. Бұл қаладағы әрбір шешім, әрбір цифрлық құрал халықтың өмірін жеңілдетуге, сенім орнатуға, және адам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге әсер етуі керек. Жаһандық рейтингтердегі өзгерістер дәл осы фактордың маңызын айқындап отыр.
Медет Искаков,
тәуелсіз сарапшы,
Qaznex IT компанияның бас директоры:
Технология нақты нәтиже беруі керек
– «Ақылды қала» түсінігі тек заманауи құрылғылар мен цифрлық жүйелерді орнатумен шектелмейді. Бұл – ең алдымен, қаланы басқарудың тиімділігін арттыру мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шешімдер жүйесі. Мұндай қалаларда деректерге сүйенетін, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін механизмдер болуға тиіс. «Ақылды» қаланың басты көрсеткіштері мыналар: тұрғындар өтініштерінің қаншалықты жедел әрі сапалы өңделетіні, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерінің автоматтандырылу деңгейі; әкімшілік шешімдер қабылдауда нақты деректерді пайдалану; қоғамдық қауіпсіздік пен бейнебақылау жүйесінің тиімділігі. Демек, қаланың «ақылды» болуы – технологияны орнату емес, оны нақты нәтиже беретін құралға айналдыру.
Ақылды қалалар әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей әсер етеді. Процестер автоматтандырылған сайын әкімшілік шығындар қысқарады, қызмет сапасы жақсарып, басқару ашық әрі тиімді бола түседі. Мысалы, электронды мемлекеттік қызметтер азаматтарға уақыт үнемдейді, ал цифрлық бақылау тетіктері жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Цифрлық шешімдер сонымен бірге жаңа экономикалық бағыттарды дамытады – IT саласы, қалалық аналитика, стартаптар мен урбанистика жанданады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындары мен жергілікті экономиканың серпінді дамуына жол ашады.
Тағы бір маңызды тұс – тұрғындардың белсенділігі. Смарт қалаларда азаматтар цифрлық кері байланыс арқылы қаланың дамуына тікелей қатыса алады. Бұл – орнықты дамудың іргетасы. Қазақстан бұл бағытта алға жылжып келеді, бірақ өңірлер арасында даму қарқыны әркелкі. Мәселен, Астанада IKOMEK 109 және «Сергек» жүйелері арқылы қаланы басқару процестері едәуір цифрландырылды. Алматыда бірқатар цифрлық бастамалар жүзеге асып жатыр. Шымкентте тұрғын үй-коммуналдық салада «ақылды» жобалар қолға алынған.
Алайда барлық өңірде жағдай бірдей емес: бір жерде инфрақұрылым болғанымен, дерекке сүйенетін басқару жүйесі жоқ, енді бір өңірде технология орнатылғанмен, оны біріктіретін цифрлық экожүйе қалыптаспаған.
Алдағы кезеңде бізге керегі – жай технология енгізу емес, толыққанды цифрлық архитектура қалыптастыру. Бұл архитектура нақты көрсеткіштерге негізделіп, азаматтың сұранысы мен тәжірибесін басшылыққа алуы тиіс. Тек сонда ғана «ақылды қала» шын мәнінде өмір сапасын арттыратын, болашаққа бағытталған урбанистикалық модельге айналады.
Ақылды қалалар – сән емес, қажеттілік үшін қолға алынатын стратегиялық бағыт. Қазақстан да бұл үдеріске біртіндеп бейімделіп келеді. Кей қалаларда цифрлық шешімдер өмір сапасын жақсартуға нақты әсер етіп жатса, кейбір өңірлер енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Бұл бағытта кей қалаларға ерекше назар аударып, қолдау көрсету керек. Ең бастысы – технология орнату емес, сол технологияның адамға қызмет етуін қамтамасыз ететін жүйе құру. Бұл – сенімді басқару, ашықтық, деректерге негізделген шешім мен азаматпен тікелей диалог орната алатын цифрлық экожүйе қалыптастыру деген сөз. Жасанды интеллект, урбанистикалық аналитика, интерактивті басқару – мұның бәрі тек «ақылды қала» концепциясының компоненттері ғана. Ал оның өзегі – тұрғынның дауысы естілетін, уақыты үнемделетін, сенімі нығайтылатын орта қалыптастыру.